Жаңалықтар

Көк Мойнақтың үйірін баққан қыз

- Нәті нәзік қыз бала ғой, - деп әкесі Сәметті жылқыға жақындатқысы келмеп еді. Қағылез қыз атқа міне шауып, дегеніне қоймады. Жылқыны жосылтып жауша қайырды. Малсақтығын қайтерсің, қай үйірде қандай бие, қандай қысырақ барын жатып өргізді. Ағалары аударыспақ ойнаса, аударыспақ ойнады. Жігіттер жамбы атса, жебесін дайындап, садағын керіп көздеп атты. Тай үйретті, бесті асауға ер салды.
18.02.2014 05:28 5337

Ескелді Жұлдызбайдың жылқысы - кілең қаба құйрық, көк мойын. Жылқысын өз балалары бағады. Енді, міне жалғыз қызы Сәмет те ағаларынан қалыспай жылқы шетінде жүр.

- Нәті нәзік қыз бала ғой, - деп әкесі Сәметті жылқыға жақындатқысы келмеп еді. Қағылез қыз атқа міне шауып, дегеніне қоймады. Жылқыны жосылтып жауша қайырды. Малсақтығын қайтерсің, қай үйірде қандай бие, қандай қысырақ барын жатып өргізді. Ағалары аударыспақ ойнаса, аударыспақ ойнады. Жігіттер жамбы атса, жебесін дайындап, садағын керіп көздеп атты. Тай үйретті, бесті асауға ер салды.

- Әрі-бері шапқылап көрсін, қыз бала ғой, ертең біреудің етегін ұстап, басына құрық түскесін асаулығы басылар! Жұлдызбай осылай деді де қойды.

Қызының бір жігітке татырлық жігерін қызықтап жүрген. Сөйтсе, білмей қалыпты. Сәмет бойжетіп, жұрттың көзіне түсе бастапты. Ауылдың сыртына ат байлап, маңдай тіреп құда түсіп келушілер көбейді. Жасы жетіп қалған қыз баланы ұстап отыруға бола ма, «қыз мұраты - кету» деп көңілі құлаған біріне разылығын берді. Бір тоға дәулеті бар шаруа баққан адамдар. Күйеу бала да  біреудің үлпершектей ұлы.

- Ана Сәметжанға айт, енді атқа мініп алып жылқыға тарта беруін доғарсын. Ақылыңды бер. Несін айтасың, ұлға бергісіз бала. Құдекең нашар қылып жаратқасын амал бар ма?

 Байдың бұл ескертуін бәйбіше қызына шет жағалап отырып жеткізген. Қызы  құрғыр, асауша тулады.

- Мен анау бозымға бармаймын. Әкеме айт, қалың малын алмасын. Менің өз қалағаным бар.

- Қарғам-ау, бозым деп, ол да біреудің әлпештеген баласы, көзінің соқыры, аяғының ақсағы жоқ. Не мін таптың? Сонда қалағаның кім?

Қыз тіл қатпады. Содан киініп алып, жылқыдағы қосқа кетіп, ай бойы жатып алды. Жұлдызбайдың жылқылары Жылыой төңірегінде. Бұл жерден Адайдың тағы бір жылқылы байы - Жұбанның ауылы алыс емес. Сәмет әрі ойлап, бері ойлап, Шамның қызы Тілегенге бармақшы болды.

-  Тілеген құрбыма барып келсем  деп едім.

- Барсаң барып кел. Қоста жатып алғаныңа ай болды. Қыдырып ауылға барып сергіп қайт. Ағалары бірден келісті. Сәметтің Жұбанның аулына бұл келісі тегін емес-ті. Қуанып қарсы алған құрбысына сырын айтты.

        - Мені айттырып келді. Ол адамға барғым келмейді. Көңілім қалаған адам басқа!

-  Ол кім?

- Әнеу күнгі тойда Әли Аймақ палуанды күресіп жеңіп,  бәйгі алып, кілем жабылған қызыл нардың бұйдасын ұстап тұрған Есетке көңілім кетіп қалды.

- Не дейсің, оның әйелі бар ғой!

- Бәрін де білем. Сені құрбым деп келіп отырмын, Есетке айт. Жемдегі ақтоғытқа келсін, мені көрсін, аударыспақ ойнаймыз, егер, мені жеңсе тоқалдыққа баруға қайылмын.

Тілеген әрі ойланып, бері ойланып, құрбысының тілегін жиен ағасы Есетке жеткізді. Жұлдызбайдың жылқысының жайын білетін Есет мына хабарды естігенде «іздегенге - сұраған», иншалла, ол ауылға күйеу болсақ, қалаған жүйрікке құрық салармыз» деді.

Уәделі күні тоғытқа барды. Өткір қылыштың жүзіндей лыпылдап тұрған жас сұлуды көрді. Көңілі толды. Арада аз күн өтпей  қызды алып қашып, нағашысы Жұбанның ауылына алып келді. Бұл хабар Бибі-Мәриямның төркіні Әли ауылына да жетті.

- Апамыздан рұқсат сұрамай, Есет жездеміздің бұл қай басынғаны?..

Әли ауылының жігіттері атқа қонып, Көпберген байдың ауылына жетті.

Бибі-Мәриям жиырма бес жасқа енді толған келіншек, жас бәйбіше, сойылдарын сүйрете келген інілеріне басу айтып тоқтатып, «өзім рұқсат беріп едім» деп, қонақасы беріп, көңілдерін жайландырып, ауылдарына қайтарды. Сосын өзінің алты қанат ақбоз үйінің жанына жұмыртқадай ақ отау тіктірді.

- Бұл үйге Мырза мен Сәмет сіңлім кірсін.

Жұбан байдың ауылына қайнысы Сырымды жіберді.

- Мырзаға сәлем де, ауыл тойға дайын, күтіп отырмыз.

Сәмет сұлуды ертіп келе жатқан ерінің алдынан Бибі-Мәриям ауылдың әйелдерін өзі бастап шашу шашып қарсылап шықты.

- Сіңлім, бағың ашылсын!

Шымылдықтың ішінде қызыл шарқат жамылып отырған Сәмет сұлу бәйбішенің мұндай кең пейіліне аң-таң.

«Есеттің бәйбішесі шынымен де көрікті, жап-жас, әрі парасатты екен...» деп таңырқады.

Сәмет сұлу Олжашы ауылына келін түскен күні тағы бір дау тұтанып кетпес үшін Айдарбай би бастаған ауыл үлкендері Жұлдызбайдың ауылына аттанып бара жатты...

Сәмет келін болдым деп өзгере қоймады. Есет ас пен тойға жүрер болса, атын ерттеп мініп, еріп кетіп бара жатады. Қанша дегенмен еркектей қайдан болсын, ұзақ жүріс пен сүргінге шыдамай  жас келіншек алты айлық баланы шала туды. Жаны қиналып, екі күн толғатып әзер босанды. Сәби жетіле қоймаған. Шынжау.

- Апа, бұл  адам болып жарытпас,  емізбеймін.

- Сәмет-ау, не деп отырсың. Саған керек болмаса да, бұл бала маған керек. Ығылманыма жал-құйрық болады, - деді Бибі-Мәриям бәйбіше.

Сәмет балаға қайырылып қараған жоқ. Бибі-Мәриям тағы да үй тіктіріп, шарананы қырық күн бойы керегенің қырық басына аударып іліп отырды. Баланы өзі емізіп бағып, атын Күмісбай қойды.

Сәмет сұлу ғұмырының қысқа боларын сезді ме екен? Балаға қайырылмаған күйінде, белін буып алып, сүйген азаматын айт пен тойға жалғыз жібермей еріп кетті де отырды. Сондай сапарының бірінен ұшынып ауырып қайтты.

- Апеке, разымын, менің күнім біткен сияқты, бақыл бол! - деп өмірден өтті де кетті.

Бұл шаңыраққа келген қиындықтың басы екен. Домбыра тартса саусағы саусағына жұқпайтын Есеттің өзіне тете інісі Сүгір де қаза болды. Оның артында айттырулы қалыңдығы қалды. Сүйек жаңғырту салты бойынша Тіней Шамның қызы Моншақпен атастырылып қойған. Сүгірдің жылы өткесін «аға өлсе - іні мұра» деп жас Моншақты Есетке үшінші әйелі етіп атастырды. Моншақ сұлу бір жыл өткен соң шекесі торсықтай ұл тапты. Бала дүйсенбі күні жарық дүние есігін ашты деп атын Дүйсенбі қойды. Бала екі жасқа толған шағында Сүгірдің артынан Моншақ сұлу да өмірден өтті. Бұл кезде күн санап заманның тарыла бастағаны сезіле түскен еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға