Жиынға жүйрік жаратқан Зәкәрия
Жиынға жүйрік жаратып,
Басын көкке қаратып.
Талай қостық алқаға,
Қаншырдай тұрқын таралтып...
Осылайша жырлаған ақын атбегілігімен танылды, жүйрік аттарының атауы елдің жадында қалды.
Кезінде ақынның өзге қылқұйрықтыға бәйге бермеген «Көксеңгір» арғымағы болыпты. Бұл аттың Зәкәрияның қолына қалай түскендігі жөнінде әкем Ығылман мынадай әңгіме айтып берген. Зәкәрияның Хамит, Жазит атты екі ұлы болғанын білеміз. Кіші ұлы Жазиттің қайынатасы құдасына көк құнанды сыйға тартады. Зәкәрияның атсейіске тән қырағы да сыншыл көзі бұл құнанның бәйге бермес жүйрік болғалы тұрғанын қапы жібермей танып, құдасына деген разылықпен өңшең боздан жүз қой айдатып, апартып тастайды. Көк құнанды жаратып Жем саласы, Елек, Қобда бойы кіші жүздің айт пен тойына бәйгеге қосып жүлде алады. Осы жүйрік көк жоғарыда айтып өткенАдайдың Көкмойнақ жылқысының тұқымы саналған.
Осы «Көксеңгір» арғымақтың ақыры не болды? Енді сол туралы тоқталайын.
Адай қонысына қарап төменгі Адай, жоғарғы Адай болып аталатыны бар. Ат бәйгесіне келгенде басқа тұрғай бір Адайдың арасында өз ара өнер бәсекесі қызады. Қырықмылтық Қосжан байға берілген асқа жоғарғысы бар, төменгісі бар мен Адай түгел жиылған. Айтулы жүйріктерден тіней Зәкәрияның Көксеңгірі, Жетімек Жұмағазының Қарақұс аты келеді. Бәйге аттарын қанша шақырымнан жіберуді ауыл ақсақалдары қарсылас жақтың осы озады-ау деп, қауіп еткен аттарының жайына қарап шешетін әдеті. Сол дағдымен қырықмылтықтың шалдары кеңес құрып, қолдан келсе бас бәйге мереке жасаған ауылдың ошақ басында қалуы керектігін қарастырады. Ошақ басына қалдыру - бұл да қыр қазағының бір мерейі, үлкендер ұстанған ырым жоралғы, ата жолы. Қайткенде де байрақты қолдан шығармаудың жайын әрі-бері ойласып, төменгі Адайдың аттарын көріп келу үшін қырықмылтық Спанның сыншы баласы Берікбайды жұмсайды. Мұндайда сейіс біткен сырт көзден сақтанып аттарын тұмшалап, жабулап тастайды екен. Берікбай аттарды жабу астынан ғана барлай алды.
-Төменгі Адайдың екі атын көрдім. Жабу астынан көтеріңкі көрінді, қызылды болуы керек. Алысқа қырып айдамасаңдар сендерге бәйге жоқ.
Оның сөзін естіген қырықмылтықтың ақсақалдары аттарды алысқа айдатуға қаулы алды...
...Межелі уақытта алыстан үш ат көрінеді. Алдыңғы екеуі қапталдасып, бірінен-бірі озып кезектесіп келеді. Бұл қатар келе жатқан қос жүйрік Зәкәрияның Көксеңгірі мен Қосжанның Торшолағы, олардан сәл кейінірек Жетімек Жұмағазының Қарақұсы келеді екен. Екі бет қиқуға басты. Бірінен бірі кезек-кезек оза түскен аттар түп көтермеге жақындап қалғанда көк ат шыңғырып кісінеп омақасып құлайды.
Жетімек Жұмағазының «Қарақұсы» жығылып қалды. Берікбай сыншы білген екен. Төменгі Адайдың екі аты қызылды семіз болғандықтан зорығып кеткен. Сөйтіп Қырықмылтық Қосжанның Торшолағы бас бәйге алыпты. Закарияның Жүйрік Көксеңгірінің тағдыры осылайша аяқталыпты.
Енді Зәкәрияның «Шұбары» туралы тоқталайық. Шұбар туралы біраз адамдардың естелігі бар. Ақын бұл арғымақты нағашысы Бекше деген кісіден қалап алады. Алғашында жүйрік атын қанша жиен болса да бергісі келмеген нағашы ақысына төрт жүз ісек бересің, оның екі жүзі шым ақ, екі жүзі бір өңкей қоңыр болсын, - деп шарт қояды. Бірақ Зәкәрияның қойларының ішінде мұншама ісек қой болмаған. Ақын жағдайын айтып, Шам тумасына хабарласады. Ол Зәкәрияның бұл тілегін орындап дәл айтылғандай бір өңкей төрт жүз ісекті айдатып жібереді. Шартын орындай қояды деп ойламаған, бірдей ісекті қайдан тапсын деп жүрген нағашысы амалсыз айтқан сөзінде тұрып Шұбар атты Зәкәрияға береді.
Баласы Тұрнияздың сағыр қаққан,
Айырылып, бір мың қойдан шұбар баққан,- деген өлең осы жайтқа қатысты шыққан көрінеді. Негізінде Шұбардың төлемі мың қой емес, мың қойға татырлық іріктелген сұрыпталған төрт жүз ісек болған екен.
Енді «Ойрандалған Адай даласы» кітабындағы деректі келтіре кетейік.
«Жұбанның баласы Шамға, оның балалары мен ағасы Талпақ Қоңыраулы да 1922 жылы ас бергенде 600 үй тігіліп, бас бәйгеге елу жылқы тіккен. Сол бәйгеде бірінші болып Зәкәрияның Шұбары келген. Ел дәстүрі бойынша ас өз туысқанының асы болғандықтан бәйгені өзіне алмай, ошақ басына тастаған» («Атамұра». Алматы, 1995 ж. 82-83 бет) Шұбар аттың соңғы тағдыры жайлы атасы туралы қалам тербеп жүрген Райгүл Серғалиева да жазған болатын.