Бүгін Алаш Орда үкіметі құрылған күн
Бүгін – Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 96 жыл толып отыр. 1917 жылы 13-желтоқсан күні Алаш Орда үкіметі жарияланды. Осы жылы Орынбор қаласында бүкіл қазақ-қырғыз құрылтайы өткізілді.
Құрылтайдың күн тәртібіне 10 мәселе қойылды. Олардың ішіндегі ең негізгілері: қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, милиция және Ұлт кеңесі құру мәселелері болды.
Құрылтай делегаттары Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қазақтардың өмір сүруінің өзін күрделендіріп жіберген тәртіпсіздік жағдайында елді аман сақтау үшін, «уақытша Ұлт Кеңесі» түріндегі берік билік құру, оған «Алаш Орда» деген атау беру туралы қаулы қабылдады. Бұл туралы 1919 жылы 11-ақпанда Ә. Бөкейханов былай деп мәлімдейді: «Съездің бұл шешімі қазақтар мекендеген территорияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына яғни қазақтар үшін жат-таптық жіктелу жол бермеу мүдделерінен туындады…».
Алаш Орда Үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов сайланды. Одан өзге Ұлт Кеңесі құрамында 25 адам кірді. Солардың ішінде ертеңі үшін тағдырын тәуекелге байлаған А.Байтұрсынов, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер, М.Шоқай, Уәлитхан Танашев, Халел Ғаббасовтар болды.
Алаш зиялыларының бейнесі де, олардың шығармаларының оқылуы бүгінгі ұрпаққа пайдасы көп. Алаш рухын жастарға насихаттау сол зиялылар секілді кез келген нәрсені салмақтауға және оған ұлт мүддесі тұрғысынан баға беруге үйретеді.