Жаңалықтар

Астаналық түріктер Тәуелсіздік мерекесін тойлады

Кеше Астана қаласының Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығында Қазақстанның Тәуелсіздік күні тойланды. Қазақ елінің Тәуелсіздігін тұңғыш таныған түрік ағайындар Астана төрінде де алғашқылардың бірі болып қастерлі мерекені тойлауға кірісті.
18.02.2014 07:32 4174

Кеше Астана қаласының Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығында Қазақстанның Тәуелсіздік күні тойланды. Қазақ елінің Тәуелсіздігін тұңғыш таныған түрік ағайындар Астана төрінде де алғашқылардың бірі болып қастерлі мерекені тойлауға кірісті. Бұл туралы Baq.kz тілшісі хабарлайды.  

22 жыл бұрын тәуелсіздік қолға тиген 15-минутта қазақтың қуанышымен бөліскен түркиялық туысқан ұлт Қазақ еліне деген құрметін әр уақыт әйгілеуден жалыққан емес. Әнмен әдіптеліп, бимен безенген мерекелік кештің шымылдығын Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығы директорының өкілі Локман Баран ашты.

Туысқан екі елдің жарасқан ынтымағы мен дамыған дипломатиялық қарым-қатынасына тоқталған орталықтың ұстазы Л.Баран жиналған жұртты Қазақстан Тәуелсіздігінің 22 жылдығымен құттықтады.


Қазақ тілін мүлтіксіз меңгерген мұғалім Хасан Налбант «Тәуелсіздік таңы қазақтың қанына біткен қайсарлығымен, табандылығымен атты. Желтоқсан оқиғасындағы жастардың мұзға жаққан алауы бүкіл қазақ жерімен қатар көршілес елдерді де шарпығанын сол кездегі көз көрегендердің аузынан естиміз. Ұлттық тілін, діні мен ділін қызғыштай қоритын қазақ қай қиырда жүрсе де ұлттық құндылығын жаныштайтындарға қарсылық білдіретінін сол кезде-ақ дәлелдеген» деп түйді.


Осылайша, түрік мәдениеті мен тілін әлемге таныту жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан Астанадағы Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығында білім алып жатқан жүздеген жас пен ұстаздар азаттықтың абыройын асқақтатқан көңілді кештің куәсі болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға