Жаңалықтар

Ақырғы шешім

Қарындасым! Бармысың? 
03.03.2015 10:14 4024

Ар алдындағы сұрақтан ғана қорқамын. 

Қарындасым! Бармысың? 
Бүгін ағаң Әлім ағаң басқа қырынан танылады. Сенің ағаңа деген көзқарасың жүз пайызға өзгереді. Ақиқат ашылып, қарындастық махаббатың жиіркенішке ұласады. Ал, бұл қырымнан танылмайын десем, бәрібір де болашақта шындық деген «Құдай» келіп, бет пердемді жұлып алады. Шымылдықтың ар жағына жасырынған Шындықтың кіп-кішкене «Ар» деген жаратылысы шыбын боп көкке өрлейді. Сен сол сәт мені мүсіркеп қарап тұрасың. Жер шұқылап кетер едім. Ол кезде екеуміздің де ұғымымызда «жер» деген жаратылыс болмайды. Рухымыз ғана беттеседі. Ардан айрылған Рухтан не пайда, тәйірі?! 
Қарындасым! Сен шариғаттың немерені де қосатындығын білесің ғой? Бірақ, мен сол шариғат жолынан ата-бабаның жолын жоғары қоямын. Солай бола тұра, «бұл өмірде жоқ» деп дәлелдейтін махаббатым саған келгенде... Ой, сұмдық-ай! Бұлай боларын кім білген. Әрине, бұл арада сені кінәлаудан тым аулақпын. 
Бұл сезім қай кезден бастау алды? Заңды сұрақ. Әне бір жылы, «Рембоның» балаларымен (достықтың аты, біз ауылда 10 шақты бала бірігіп топ құрып, оған айдар тағатынбыз. Айдарлар талданатын. Мысалы: Ренжімесең екеуміз мектепте бірге отырайық. Бас әріптерін қоса, қойыңыз.) ауылыңа бара қалғанмын. Мектептің алдында тұрған бізді елеместен қасымыздан өтіп бара жаттың. Менің алғаш рет қызға көз тоқтата қарағаным осы. Ар алдында ұятты болмайын. Бұған дейін неше рет қарағанмын. Тек, бұл қарау өте ерекше еді. Балалардан атыңды сұрадым. Мекен-жайыңды білдім. Әкеңнің атын естігенде мендегі сезімге су себілгендей әсер етті. Сол сезім әлі күнге бықсып жана алмай жатыр екен. 
Иә, сен менің руласым болып шықтың. Ар алдындағы жауабым ғой. Шынтауайтқа келгенде, екеуміздің арамызда жеті емес, 14 ата бар болуы мүмкін. Сенің әкең мен менің әкем бір рудан болғандықтан біз бір-бірімізді туысқан тұтамыз. Мен егерәки қазақы отбасында өскенде сені жітті таныр едім. Олай болса, мұндай сезімге жол да бермес едім-ау! 
Мектепті (мен қалада, сен ауылда) қатар тәмамдадық. Бір университеттің табалдырығын қатар аттадық. Сен жайындағы жағымды әңгімелерді еміс-еміс еститінмін. Құлақпен сүю деген індетке де шалдықтым-ау деймін. Мен саған жиі барамын. Неге екендігін қайдам, әңгімеміз «Үйлену» тақырыбының аясынан асқан емес. Қаужайтынымыз сол баяғы — «Махаббат». 
Әр заттың өз өлшемі, өзінің шегі болады. Шексіз, шетсіз деген дүниенің өзі, Алла ұғымымен шектелмейді ме? Әрине, бұл араға екеуміздің басымыз жете бермейді. Үш жылға созылған, осынау беймағлұм хиқаяның нүктесін, яки көп нүктесін қоятын уақыт жеткен сияқты. Осы бір ұзақ үнсіздіктің шекарасы бітіп, бет пердемді ашып, басқа бір әлемге жол бастамақпын. Алдымда екі жол. Бірі тақтайдай түзу. Онымен кету, екеуміздің «менікілері» үшін де тіптен оңай. Менің «менім» үшін қиындау. Бұл сезімнен біржола қол үзу жолы. Ал, екіншісінің бұлдыры мен бұралаңы мол — өмір жолы. Ол мәңгілікке бастайды. Бірақ, бірағы өте көп. Сол себепті де, бұлдыр, бұлыңғыр, бұралаң. Қол ұстаспасаң, адасасың? Бұл жайында менен де жақсы білесің. Шекаралансын! 
Сонымен, өткенде ауылға бардым. Шешем маған үйлену мәселесін кішкене кейінге қоя тұруым керектігін айтты. (тіпті бұл мәселеге бас қатырмаппын) «Оқуыңды бітір. Кімді алатындығыңды айт. Құда түсеміз.» 
Иә, осы жолы шешеммен ұзақ сырластым. Ар алдындағы хатым ғой. Ашық айтайын. Сені ұнататындығымды жеткіздім. «Әкең руласыңды алуға қарсы болады» дегеннен ары бармады. Мен күліп: «Алдымен қыз келісе ме?» дедім. 
Тағы да бір шындықтын тас-талқанын шығардым. Кешір! Енді ойланып отырсам, барлығы бекер болыпты-мыс. Сен менің бұл сөздерімсіз де ұнататындығымды білесің. Ол айтып, яки сызып сантиметірленетін, заңға бағынатын, қойыртпағы көп пәлсапа емес. Бір көрген жан, оп-оңай топшылайтын нәзік қана құбылыс. Бұл ағалық ұнату емес, жігіттік пиғыл екендігін ғана аңғармауың мүмкін. Сен маған бірінші курста «Сендей ағам болса...» дегенсің. Ағаң бола білдім. Бірақ, сен «Сендей...» демейсің ғой. Ал, мен «сендей қарындасым емес, сендей қалыңдығым болса...» деуден де арланбайтын едім. Арланбаған соң айтып отырмын. Бірақ, «Ар»-дан ұят екен. 
Бүгін Әлім ағаң басқа қырынан танылды. Сенің ағаңа деген көзқарасың жүз пайызға өзгерді. Ақиқат ашылып, қарындастық махаббатың жиіркенішке ұласты. Ал, бұл қырымнан танылмайын десем, бәрібір де болашақта шындық деген «Құдай» келіп, бет пердемді жұлып алатын еді. Шымылдықтың ар жағына жасырынған Шындықтың кіп-кішкене «Ар» деген жаратылысы шыбын боп көкке өрлейтін еді. Сен сол сәт мені мүсіркеп қарап тұрар ма едің, кім білсін? Жер шұқылап кетер едім. Бірақ, ол кезде екеуміздің де ұғымымызда «жер» деген жаратылыс болмайды. Рухымыз ғана беттеседі. Ардан айрылған Рухтан не пайда, тәйірі?! КЕШІР! Ақырғы шешімім ар алдында ақиқатты айтып ақталу болатын. Қазақ қандасына қыз бермейді. Өкінішті. Бірақ, ол ұлттың қуанышы екен-ау! 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Алдыңғы жаңалық
Періште