Жаңалықтар

Айдың нұры

— Бұл көктем өзгеше-ә?  — Өйткені, сіз барсыз...  — Қысы да өзгеше болыпты-ау, ызғарсыз...  Күліп жібердік. Шылым тұтаттым. 
03.03.2015 10:14 5200

— Бұл көктем өзгеше-ә? 
— Өйткені, сіз барсыз... 
— Қысы да өзгеше болыпты-ау, ызғарсыз... 
Күліп жібердік. Шылым тұтаттым. 
— Тағдыр бізді шылым етіп шегіп тастай салады деген мәтіндегі өлең кімдікі еді? 
Иығымды қоқаң еткіздім. «Білмеймін.» 
Түннің құшағында тек екеуміз ғана бармыз. Мейрамыңа тарту еткен ал қызыл гүлдер жатақхана есігіндегі вахташы апайдың қолында қалған еді. 
— Апай мынау сізге, — деп ал қызыл розаны бере салғаныңда, мен сені әлдекімге сыйлап жібергендей күй кештім. «Неге ол шоқ гүлді өз бөлмесіне алып кетпейді?» деп ойладым. 
Түннің құшағында тек екеуміз ғана бармыз. Күллі ғалам осы түнді екі адам үшін жаратқан секілді. Сен. Мен. Танауымды қараңғылыққа тығып алып, сенің қап-қара шашыңнан иіскегім келді. 
— Ұят болады. 
— Кімнен? 
— Түннен... 
Қою қараңғылыққа құмартқаным соншалық жарықты да жаққан жоқпын. Ақырын ғана қолыңнан сипадым. Аз кідірістен соң, алақанымнан қолыңды жұлып алдың. 
— Қорқып қалдың ба, айым? 
— Күнім, мен қараңғылықтан жүрексінем. 
Түннің қою қара шашының ішінде тек екеуміз ғана би-билеп жүрміз. Көктемгі құстар әні махаббат вальсін тамылжыта орындап жатыр. 
— Мен Күнді жақсы көремін, — деп жымыйды. Езуі тартылғанда, манағы ал қызыл күннің қауызының бір жапырағы көз алдыма келді. Ұқсастық. 
— Мен тұнжыраған Түнді... 
Ол бұл жолы жымыйған жоқ. Дауысын сыңғырлата ұзақ күлді. Мен де күлген болдым. 
— Сізбен кездескелі айналам жап-жарық болып кеткен сияқты. 
«Мен сенімен танысқалы мұң арқаладым, ғашықтықтың мұңын» деп айта алмадым. Мұны тек өзімнің ішкі сырым деп ойласам керек. Екі жанның білетіні жалғанда сыр болмақ емес. Тек сырды адам іштей сезе білу керек деген тұжырымға келіп үлгердім. 
— Неге үнсіз қалдыңыз? 
Баяу ғана жылжып келіп, жүзінен өптім. 
«Айға барып күннің нұры жабысқан 
Нұр болайын қара түнде табысқан. 
Жарқыратты десін елдер түнімді 
Бір ай болып, көрінейік алыстан!» 
Сазды әуеннің ырғағымен ырғала қозғалып келеміз. Түн. Тек екеуміз. Вальс. Құстардың тіліндегі бір шумақ өлеңді мен осылай түсіндім. 
— Сен ше? — деп айғайладым. 
Ол валконға шығып тұр екен. 
— Әли, маған бірдеңе дедің бе? Сасып қалған мен: 
— Сен ше... Манағы гүлді апайға бере салғанда мені өкпелейді деп ойлаған жоқсың ба? 
Ол күліп жіберді де, өз бөлмесіне кіріп кетті. Мен одан ары қиялдай алмай қалдым. Қолымдағы темекінің тұқылы ғана қалыпты. Лақтырып жіберіп, аспандағы айға қарадым. Ғалам алақанымда тұрған сияқты. Сүйіспеншілік қара түнді жап-жарық қылып жібергендей. Жұлдыздар жамырап жайылып кетіпті. Жұлдыздар секілді жамыраған қиялым «Түннің құшағында тек екеуміз ғана бармыз» — деді. Тек екеуміз... 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға