Жылап аққан тамшылар
Ол сүзіле қарайды, мен оған сүзе қараймын...
Айдай жүзi албырап, наздана күлiмсiрейдi. Көзiн жыпылықтатып, кiрпiгiн қағып-қағып қояды.
— Есiмiң Елана ма, жоқ әлде, Елена ма? — деймiн аузыма қапелiмде жiбi түзу сөз түспей.
— Елана,- дейдi сызылып.
— Ел... ана...
— Иә, Елана.... Неге бұлай қойғанын айтсам, күлмейсiз бе?..
— О, не дегенiң!..
— Әкем марқұм ырымдап қойған екен! «Ел анасы болсын!» деп.
Көзi күлiмдеп , сыпайы жымияды. Айтуын айтып алғанмен , соған өзi ыңғайсызданып қалған сыңайлы. Бетiнiң ұшы қызарып , жүзi алабұртып шыға келдi. «Бекер айттым-ау!.. Түсiнсе жақсы...» дейтiндей, сұраулы жүзбен оқшырая қарайды.
— Қазақ өзi ырымшыл халық қой. Ырым... Ырымдаған дұрыс қой... — деймiн өзiмше маңғаздана.
Ол көңiлiн күптi еткен ойларын ысырып тастады , бiлем , езуiн сәл жиырып:
- Сізді сыртыңыздан егде тартқан адам шығар деп ойлаушы едiм. Жап-жас екенсiз ғой!.. — дедi көзiн төңкере тастап.
— Қайдағы жас, жаным-ау! Мұқағали ағамыз айтпақшы, «Солай да солай, қарағым, отыздан асып барамын!» — дедiм әндетiп.
— Ту, тым қартайып кетiпсiз ғой! — Мырс етiп , күлiп жiбердi.
— Сiздi елдiң бәрi бiледi. Мен де шығармаларыңызды қызыға оқимын. Сiздiң қаламыңыздың ұшында керемет бiр құдiрет-күш бар. Адамның жан-дүниесiн баурап алатын. Сезiммен ойнай аласыз!.. Әсiресе, «Жансезiм» деген әңгiмеңiздегi ана бiр қыздың бейнесi көз алдымнан кетпейдi... Кере...ме...ет,- дедi даусын созып,- Тағдыры маған өте ұқсас...
— Шын айтасыз ба?
— Шын айтам. Не, сенбейсiз бе, маған...
— Жоқ, айналайын, әшейiн әзiлдегенiм ғой.
Ол қайыра тiл қатпады. Салы суға кеткендей, қабағы салыңқы тартып, өңi лезде өзгерiп сала бердi. Не жазғанымды түсiне алмай, меңiреу адамша мелшиiп отырып қалдым. Тiлiм байланып қалғандай, аузымнан сөз шығар емес.
— Мен қайтайын!- дедi ол орнынан көтерiлiп,- Ұмытып барады екем... Бiтпейтiн бiр шаруамен бiр жерге баруым керек едi!..
«Бiтпейтiн ол не шаруа?...» деп сұрағым келiп, оқтала бердiм де, тықақтағандай болмайын, ренжiп қалар деген оймен тiлiмдi тiстей алдым.
— Көрiскенше күн жақсы, аға. Сау боп тұрыңыз!
— Жақсы, жаным!
Ол бұрылып, жүре бердi. Мен артынан көз сұғымды қадаймын. Аяғын асыға басып, қарасы көрiнбей кетсе де, басып кеткен табанының iзiне телмiре қарап мiз бақпастан отырмын. Көңiлiм астан-кестең, ойым алай-дүлей: «Көк дөнендей жүйткiген қайран көңiл-ай!..- деп қоям қиял құсымды қияға ұшырып,- Шама-шарқыңды шамалай тұра, аспандағы айға қол созатының-ай!..
Неткен ғажап жан!.. Күннен жаралған сияқты... сәулесiн шашып... күлiмдеп тұрады. Көрiк қандай... көз тояды... Сымбат қандай... сылаң қаққан... Айдын көлдей мөлдiреген қарақат көзiн айтсаңшы!.. Тұп-тұнық-ау, тұп-тұнық...
Мұрнындағы меңi... Ақ тамағындағы қос қалы... Әй... әй...Тұла бойына тұнған ерекше бiр сиқырлы сұлулық бар-ау!..Сұлулық...
Жымиысы... Сыңғырлаған күмiс күлкiсi... Қимыл-қозғалысы... Қылығы... Киген киiмiне дейiн... Өзiне жараса қалғанын қарашы!.. Шiркiн-ай, десеңшi!..»
х х х
Ол менiң жұмысыма әрненi бiр сылтауратып жиi келетiн болды. Мен де оның келуiн тағатсыздана күтiп отырамын. Именшектей басып келедi. Көп сөйлемейдi. Жай ғана езу тартып, жымия бередi.
Келген сайын қысылып-қымтырылатынын байқаймын. Бәрi түр-түсiнен анық сезiлiп тұрады. Бiрақ, өзi ештеңе бiлдiргiсi, ештеңе сездiргiсi келмейдi. Тым тәкаппар. Кеудесiн тiктеп, өзiн асқақ ұстайды.
Мен оны есiк алдына дейiн ғана шығарып саламын. Одан әрi баруға жүрексiнемiн, артық ауыз сөз айтуға батылым жетер емес. Жүрiс-тұрысынан ешқандай секем алмасам да, басым бiр пәлеге ұшырап қала ма деген қауiппен жақындай түсуге бiртүрлi жүрегiм дауаламайды.
— Көрiп жiбермейсiң бе...- дейдi қызметтес досым Қуат
қутың қағып ,- Әй, ынжықсың ғой. Мен болсам, баяғыда-ақ...
— Ой, сен де айтасың-ау!- деймiн жақтырмағансып.
- Қазiр қай бiр таза қыз бар дейсiң!- дейдi ол өзеурей түсiп,- Мектептен-ақ бүлiнiп шығады. Сенбесең, давай, бәс тiгелiк. Мына қыз саған қайта-қайта неге келiп жүр дейсiң!? Бала - шағаң бар екенiн бiледi. Яғни, бiрдеңе дәметiп жүр ғой!..
Қара қарға сияқты қарқ - қарқ етiп, қарқылдап күледi. Не дейiн оған. Мүмкiн ол бiрдеңенi бiлiп айтатын шығар!.. Әйтпесе, расында да, алты аласы, бес бересi жоқ бейтаныс қыз неге келе бередi?!.
Шым - шытырық шырықсыз ойлар шақшадай басты шарадай етiп, шырмауықша шырмайды. Қанша ойланып - толғансам да, шешiмiн таба алмай, дал боламын. Сең соққандай сергелдең күй кешемiн: «Мүмкiн ол расында да бiрдеңе дәметiп келiп жүрген шығар. Қуат айтпақшы, мен обалды ойлап, қиянат жасап жүрген жоқпын ба, өзi?!. Жо... жоқ... Не ойлап кеттiм... Елана... желпiетек қыз емес... Атама...»
х х х
Күн артынан күн сырғып, ай артынан ай жылжып өтiп жатты. Жаздың жаймашуақ күндерiнiң бiрiнде жұмыс бөлмемде қаннен-қаперсiз жазу жазып отырғам.
— Сәлеметсiз бе, ағай!- деген дауыстан селк ете түсiп, жалт қарасам, Елана екен. Қаракөк костюм, қысқа юбка киiп алыпты. Аяғы оқтай түзу. Жұп-жұмыр балтыры ақ сазандай жалтырап көз тарта бередi.
— Бүгiн менiң туған күнiм,- дейдi күлiмсiреп.
— О... оо... Құтты болсын!
— Рахмет!
— Нешеге толдың?
— Қыздың жасын сұраушы ма едi!..
— Е, солай екен ғой!..- деймiн түк бiлмегенсiп,- Тойламаймыз ба?..
— Ендi , қалай!..- дейдi күмiлжи тiл қатып ,- Жатақханаға жүрiңiз!..
Бұндай сөз күтпегендiктен болар, қапелiмде не айтарымды бiлмей, сасыңқырап қалсам да, ойымды тез жиып:
— Туған күн адам өмiрiндегi ең бiр қасиеттi күн ғой. Жақсы жаным...- дедiм көп ойланып жатпастан.
Екеумiз сыртқа шығып, такси ұстадық. Жол бойы ләм-мим деп тiл қатыспасақ та, бiр-бiрiмiздi қас-қабағымыздан ұғысып келемiз. Жатақхананың жанына тақап келiп, түсiп қалдық та, iшке ендiк. Екiншi қабаттағы аядай ғана бiр бөлменiң есiгiн ашып:
— Кiрiңiз!- дедi.
Табалдырықтан аттай бере «Бұнда не iздеп келдiң?» деген сауалдар жан алқымнан ала түскендей болды. «Қыздың өзi қиылып тұрса, бас тартып жын қағып па?!- деймiн жiгерiмдi жанып,- Неде болса, бүгiн...»
Бөлме iшiн көзбен шолып шықтым. Қол кiлемi iлiнген оң жақ қабырға жақта бояуы оңа бастаған ескi темiр төсек тұр. Оған жалғас үлкен қоңыр шкаф қойылған. Еденге жыланның қабығындай алаша төселген. Бәрi тап-таза, жып-жинақы, тап-тұйнақтай. Қыздың жиғаны көрiнiп-ақ тұр. Шашау шыққан, шашылып жатқан ештеңе көрiнбейдi. Терезе жақта iлулi тұрған айнаға тақай бере, сопаң еткен өз бейнеме көзiмдi қысып қалдым. Неге, не үшiн қыстым, оны өзiм де анық ажырата алмаймын. Әйтеуiр, iшiм бiрдеңе сезетiн сияқты...
Өз қылығымнан өзiм ыңғайсызданып, Еланаға көз киығымды саламын. Ол ештеңе байқамаған сықылды, ыңылдай әндетiп, дастарқан жасап жүр. Көңiлдi. Қимыл-қозғалысы да ширақ. Ары қарап тұрса да, сұлу мүсiндi сымбатына сұқтана қалғанымды сезе қойды, бiлем, әндетуiн тас тиып:
— Осы бөлмеде тұрып келе жатқаныма бес жылдан асты. Жападан жалғыз...- дедi тұрған орнынан қозғалмастан.- Қиын екен!..
— Иә...- дедiм сөзiн қостаған болып.
— Дастарқанға келiңiз.- Ол үстелге «Бибiгүл» шарабын әкелiп қойды.- Мынаны ашып құя берiңiз!
— Қасқалдақтың қаны ғой бұл...
— Бiлмеймiн, әйтеуiр, қан толтырады дейдi ғой...
Қызметтен шаршаңқырап шыққандықтан ба, қарным ашыңқырап қалыпты. Өзiмше қыз алдында әдеп сақтағансып, кеседегi күрең шайды жай ғана ұрттап қойып, iшiм-жемдi шымшып алып отырмын.
— Бұл тосты сен үшiн, сенiң бақытың үшiн алайық!- деп қоям стақан соғыстырып.
Ол көп сөйлемейдi. Үнсiз жымияды.
— Мынаны сенiң әдемiлiгiң үшiн аламын!- деймiн де, оның алған-алмағанына қарамастан, стақан тола шарапты аузыма төңкере саламын.
Аздан соң бойымның құрыс-тырысы жазылып, денем жiпсiп, өзiмдi еркiн сезiне бастадым. Байқаймын, қызыңқырап қалған сияқтымын.
— Сен маған қатты ұнайсың!..
— Сiз де...
Бөлісу: