Жаңалықтар

Ардан аттау

− Аманхан аға, − деді студент жігіт жалынышты сөйлеп, − «высшматтан» апай зачет қоймай қойды.  − Неге?, − деді көзілдірігінің үстінен тесіле қараған жалпақ бет, қоңқақ мұрынды жігіт ағасы.  − Білмеймін, басқа балалардың бәріне қойып берді де, маған келгенде қырсығып отырып алды.  − Берген тапсырмаларын түгел орындадың ба? 
18.02.2014 11:19 3999

− Аманхан аға, − деді студент жігіт жалынышты сөйлеп, − «высшматтан» апай зачет қоймай қойды. 
− Неге?, − деді көзілдірігінің үстінен тесіле қараған жалпақ бет, қоңқақ мұрынды жігіт ағасы. 
− Білмеймін, басқа балалардың бәріне қойып берді де, маған келгенде қырсығып отырып алды. 
− Берген тапсырмаларын түгел орындадың ба? 
− Жоқ, жұмыстарым болып, сабағына көп қатыса алмап едім. 
− Қалғандары қалай алды?, − деді Аманхан алдында жатқан қағаздардың біріне сүйкете қолын қойып жатып. 
− Олар постоянно сабағына қатысып жүргендер. 
− Сен оған ақша предлагать етіп көрдің бе? 
− Жоқ. 
− Ізнәшіт ол бірнәрсе дәметіп отыр. Сен онда сол оқытушың қанша ақша сұрайды соны беріп құтыл. Проректор басыммен мен оның алдына бара алмаймын ғой. Ыңғайсыз болар. Ызбандап айта салсам да болар еді, бірақ басқалардан ұят. Сөйт, сұрағанын бер. Бізде ақша алмайтын мұғалімдер кем де кем. Тек өздерің қалай подход жасау керек екендігін, сөйлесуді білмейсіңдер. Давай, кейін хабарласарсың, − деді Аманхан туысқан інісіне. 
− Рахмет аға, − деді сыртқы есіктің тұтқасын ұстай берген Айдос артына бұрылып.
Аманхан бұл кезде телефон тұтқасын көтеріп, сандарды тере бастаған; сөйлеуге шамасы жетпей бос қалған оң қолын көтерді. 
Арада жарты сағат өтпей Айдос ағасына қайтып келді. Түрі өрт сөндіргендей. Түтігіп кеткен. Есіктен кіре: 
− Аға, − деді тұтыға сөйлеп, − ана жынды қатын менің зачеткамды жыртып тастады. 
Факс арқылы министрліктен келген жаңа бір құжатты қарап отырған Аманхан әуелде не дерін білмей қалды. 
− Жыртып тастағаны қалай? 
− Кәдімгідей екіге бөліп тастады. 
− Себепсізден себепсіз бе? 
Аманхан мұрнының үстіне қонақтап отырған көзәйнегін жұлып алды. 
− Себепсіз дегенде... − Айдос ұялы телефонын қалтасынан шығарып, қайта салды. − Мен зачеткамның ішіне мың теңге салып, апайға бергем ғой. Сосын ол кісі ақшаны көрді де ашуланып кетті. 
Айдос төмен қараған күйі жіңішке саусақтарымен шашын тарақтап қойды. Артынан алақанымен қайта сипады. 
Екі қолын айқастыра желкесіне қойған Аманхан кресло арқалығына шалқайа жатып, аяқтарын алдыға созып, керілді. Жеңілдеп қалған сияқты. Өзін тың сезінді. 
− Е, солай де, − деді сосын інісіне күле қарап. − Ол өзі әйел адам ба? 
− Иә. Шамасы отыздың үстіндегі әйел. 
− Ол қатын неге сеніп құтырынып жүр, а? Қазір мен оны ызвондап шақырайыншы осында, − деді өз-өзіне сенімді көтеріңкі дауыспен. 
Телефон шалды. Кафедрасына. «Құтырып» жүрген әйелдің. Бірақ ол келе қоймады. Он бес минут. Жиырма. Отыз. Әлі жоқ. Аманхан екінші мәрте телефон соқты. Тағы да жиырма минут. Отыз. Отыз бес... 
Бұдан арғыға Аманханның нервісі шыдамады. 
− Кеттік, − деді туысқан інісіне, − қазір мен оның көкесін көзіне көрсетем. Біліп қойсын кіммен байланысқанын. 
Інісі сүйретіле басып, артынан ерген. Кафедраға жетті. Бірақ оқытушылар бөлмесіне кірмей, кафедра меңгерушісінің кабинетіне қарай тартты. Оқытушының басына қамшының үйірілейін деп тұрғанын сезген Айдос жымың-жымың етеді. «Бәлем, қоймаймын деп керіліп едің ғой, қазір сасық шошқа тәрізді шыңғыратын боласың», − деді өз-өзінен масаттанып. 
Кафедра меңгерушісінің кабинетіне кіре бергенде Аманхан Айдосқа: 
− Бар да ана қатынды осы жерге шақырып кел, − деді. 
Айдос құстай ұшқан. Бірер минуттан кейін ертіп келді. Әлгі «құтырып» жүрген әйелді. 
− Айгүл, қарағым, кел отыра ғой, − деді кафедра меңгерушісі. 
Шаруаның бәрін Аманхан кафедра меңгерушісі Сейітжанға айтып қойған болуы керек, ол әңгімені бірден бастап кетті. 
− Айгүл, мына кісіні танитын боларсың, біздің университеттің проректоры − Аманхан деген ағаңыз болады, − деді маймөңкелеп. 
Аманхан Айгүлге жақтырмаған пішінде шарасынан шығып кетейін деп тұрған бадырақ көзін алайта бір қарады. 
− Мен шақырған кезде неге келмедіңіз?, − деді сосын түлкінің үстіне қонып келе жатқан бүркіт тәрізді төне түсіп. 
Бірақ Айгүлдің бұдан ығар түрі жоқ. 
− А, манағы екі мәрте звондаған сіз бе едіңіз? Телефонда көтерсем біреу «маған келіп кетіңіз!» дейді. Қызық адам екенсіз. Өзіңізге шақырмастан бұрын алдымен кім екеніңізді таныстырып, кабинетіңізді айтпайсыз ба? Мен қайдан білем сіздің кім екеніңізді, − деді Айгүл Аманханның бетіне тіке қарап отырып. 
Соңғы сөз Аманханның ішіндегі тұтанайын деп тұрған қызыл шоқты үрлеп жібергендей болды. Сайтаны да бір жақтан түрткілеп шыдатпай барады. Өзі кінәлі болып тұрса да проректор басымен жәй ғана қатардағы оқытушыға есе жібергісі келмегендей сыңай танытты. 
− Сіз осы университетте пәленбай жыл жұмыс істеп келе жатып проректордың қайда отыратынын білмейсіз бе? − Өзінше таңырқаған болып басын шайқады. Артынан Сейітжанға қарап: 
− Сіздің кафедраңызда осындай да мұғалімдер бар, ә, Секе, − деді селкілдей күліп.
− Кешіріңіз, − деді Айгүл жауапты бірінші беріп, − менің бұл университетке келгеніме бір-ақ семестр болды. 
− Солай ма?, − деді Аманхан күлкісін тыя алмай, − бәсе, құдай-ау, бұл бейбақ неге мені танымай қалды десем. 
− Кешіріңіз, − деді Айгүл асығып тұрғанын білдіріп, − мені не үшін шақырттыңыз? Соны айтыңызшы. Менің сабағым болып жатыр. 
− Айгүл қарағым, сізді шақыртқан себебіміз, − деді Сейітжан сөзге араласып, − анау бірінші курстағы Әлжаппаров деген студентке сіз зачет қоймай қойған екенсіз ғой. Ол бала Аманхан ағаңның інісі еді. 
− Ех, Әлжаппаров, өзі оқымайды. Оқымағанымен қоймай маған көкелерін жібереді, − деді Айгүл әбден шарасы таусылған адамның кейпінде, − мен ол ініңізге дәл қазір қоя алмаймын. Сабаққа мүлде келмеген, тақырыптың бәрінен қалып қойған. Соның бәрін қайталауы керек, сосын маған келіп сынақ тапсырады. Өтсе ғана қойып берем. Шаруаларыңыз осы болса мен жүре берейін. Студенттер жаңа тақырыпты түсінбей қалады. 
Орнынан тұра бергені сол еді: 
− Отырыңыз!, − деді проректор, − мен сізге барыңыз дегенім жоқ. 
Айгүл бірнәрсе айтайын деп оқталып еді, оны Сейітжан тоқтатып тастады. 
− Айгүлжан, сәл кідіре тұра ғойшы, − деді қолымен «отыр» деген ишарат жасап. 
− Сіз неге оның зашетный кніжкасын жыртып тастайсыз?! − Аманханның сөзінің қаһарлы естілгені соншалықты жанында отырған Сейітжанның өзі селк ете қалды. Бойын бір әлсіз діріл билеп алған тәрізді. 
− Неге жыртпаймын, егер де ол бала мені ақшаға сатып алғысы келіп тұрса. Менің арымды таптады ол. Оны сол сәтінде-ақ отчислениеге жіберуге құқым бар еді. 
− Көп сандалмаңыз!, − деді проректор. Артынан тілін тістей қойды. Қайтсін енді, әйелін күнде боқтап, айқайлауға үйреніп қалған ауыз шіркін қысымы күшейген кезде тығынын тарс еткізіп атып жіберетін шампан тәрізді ғой. − Мен тірі тұрғанда ол бала оқудан шықпайды. 
− Сіз қызық сөйлейді екенсіз. Этикамен таныстығыңыз жоқ-ау шамасы. 
Оқуды да інісі сияқты шала-пұла оқып, сессия сайын әкесінің бір малын деканға беріп жүріп институтты әрең бітірген Аманхан мектеп мұғалімдігінен зерігіп, Астанадағы дөкей ағасын араға салып осы орынды сатып алған еді. Одан кейін бір жыл өтер өтпестен кандидаттық атақ, тағы бір жылдан кейін докторлық дисертацияны жазбай-ақ қорғап алды. Шындығы керек, алдында отырған оқытушының «этика» деген сөзін оңтүстіктің баласы түсіне қойған жоқ. Бірақ іші сезіп отыр, мақтау сөз емес екендігін. «Әлде «Этика» деген оның көкесі ме екен?». Аманхан бірнеше секундтың ішінде сенат пен мәжіліс депутаттарының, облыс әкімдерінің, қыл аяғы министрлер мен өздері бағынатын «білім және ғылым» министрлігінде істейтін қызметкерлердің бәрін тізіп шықты. Бірде біреуінің аты «Этикаға» сәйкес келмеді. «Мейлі үйге барғанша ұмытып қалмасам сұрап алармын», − деді ішінен. 
− Мен сіздің «Этикаңызды» танымайды екем, және де қазір оны айтып отыратын уақыт та жоқ. − «Этика» деген сөзі баса айтты. Бейне түсініп отырған тәрізді. 
Сейітжан күліп жібере жаздаған. Бірақ өзін ұстады. 
− Сіз дәл қазір Әлжаппаровқа зачет қойып бересіз! 
− Қоя алмаймын. 
− Егер қоймасаңыз... 
− Ия, егер қоймасам не істейсіз? Көп боса жұмыстан шығарарсыз. Атам қазақта «балық басынан шіриді» деген сөз бар. Аға, проректор басыңызбен сіз бүйтіп жүрсеңіз, басқаларының қоңыз теріп кететін-ақ жөні бар екен ғой. Бұл университет әлі құлдық психологиядан арыла қоймаған. Жемқорлықтың ордасы да осында. Бұнда оқу да мүмкін емес. Кімнің көкесі бар немесе «танкісі» мықты сол оқиды. Оқымаса да алады. Керегі не ондай құр қағаздың, егер де басында бір шайнам ми болмаса. Білім болмаса. Мұғалімдер де сабағын өткізгісі келмейді. Әр сессия сайын бір мәшине мініп отырады дейді. Аманхан аға, әділдікті қайда қоямыз. Бұл балалар грантта оқиды. Демек елдің қаржысына оқып жатыр. Неге олар жауапкершілікті түсінбейді. Әлде ақша өз қалтасынан шықпағаннан кейін бәрібір ме? Қарны тоқ елу елдің қатарына кіргенімізбен рухы биік, ғылымы жетілген елу елдің қатарына кіре алмаймыз ғой. 
Кешіріңіздер, көзге көрініп тұрған нәрсені көзге шұқып айтатын әдетім жоқ еді, − деген Айгүл орнынан тұрып, кабинеттен шығып кетті. Артына жалтақтаған жоқ. Нық басып кете барды. Шайқала басып қозғалуының өзі бұларды табалап, табалап емес-ау, мүсіркеп бара жатқандай еді; «Құлқынының құлы болған бейшаралар-ай», − деп. Сейітжан солай түсінді. Расында солай еді. 
* * * 
Аманханның кешелі бері көңіл-күйі болмай жүр. Кешегі оқиғадан кейін өзін аяғымен сиырдың жаппасын басып алған бала сияқты сезінді. Ештеңеге зауқы соқпады. Інісін қуып жіберген. Байқұсқа қатты-қатты сөздер айтты. Оқудан шығарамын деді. Топассың деді. Мені қайдағы бір мұғалімнің алдында масқара қылдың деді. Қойшы әйтеуір, өз інісі болғасын айтпаған сөзі қалмады. Ол бейшара сүмірейген күйі кабинетінен шығып бара жатқан кезде «Этикамен таныстығың жоқ, малғұн!», − деді. 
«Қойшы, оның бәрі кешегі ашу үстінде айтылған әңгімелер ғой. Енді бүгін қайтпек керек? Битін сығып, күнің әрең көріп жүрген мұғалімді жұмыстан шығарып жіберсем, елдің ішіне өсек деген өрт тиген қоғадай жапырылып жетпей ме? «Бір інісіне бола проректор басымен оқытушыдан сөз естіп қалыпты да оны қызметтен қуыпты. Мынау дегенің ұят қой. Ой, алла-ай, бұл қазақты қойсаңшы, шындықты бетке айтсаң да жақпайсың, айтпасаң да жақпайсың. Ақиқатын айтқан екен, неге жігіт сияқты көтеріп алмайды. Өз бауырымыздан шыққанды өз аузымыздан шыққан жел сөзге құрбан қылатын қасиетімізден арыла алмай-ақ қойдық қой», − деген тәрізді қауесет алақандай университет ішінде желдей гулемесіне кім кепіл? Аралас-құралас, дос-жарандарым түсінер, бірақ айнала толған ашкөз жауды қайтем? Ертең-ақ ректорға мені жамандап бармай ма. Ардан аттады демей ме. Менің орынтағыма қол созып жүргендер де жетерлік емес пе. Қалт-құлт етіп отырғанда бардан жоқ абыройыма нұқсан келтіріп алармын. Алпыстың бел ортасынан ауған бастығымның орнынан дәмелі болып жүргенде жолыма кезіккен қырсықты қара мысық болып жүрмесін. Қой, одан да кафедра меңгерушісіне хабарласып, ана әйелге білдірмей сыртынан зачет қоя сал деп айтайын. Шімірікпей тұрғанына қарағанда оның да түбі осал емес-ау. Анау-мынау дауылға қопарыла қоймайтын сияқты. Әнебіреу «Этика» дегені кім болды екен, а? Кеше үйдегі қатыннан сұраймын деп едім, қап ұмытып кеткенімді қарашы. Ізнәшіт, оның көкесі сол болды ғой, онда. Бәсе, неге соншама көк тіреп тұрғандай шабаланады десем, артындағысы мықты екен ғой». 
Аманхан Сейітжанға хабарласты. Телефон арқылы. 
− Аманхан аға, − деді Сейітжан бұның Айгүлге білдірмей сыртынан зачет қоя сал деген сөзінен кейін, − мен ол мұғалім отпускаға кетпейінше немесе жұмыстан шықпайынша қоя алмаймын. Менің категорический правом жоқ. Ертең ол біліп қойса бәле қылады. Онда маған да сізге де сөз тиіп кетуі мүмкін. 
Аманхан тұтқаны тарс еткізіп қоя салған. Ары сөйлескісі де келмеді. 
«Тәк, енді не істеу керек? Қандай да бір қиындықтың шешуі болу керек қой. Бір мұғалімнің шаруасы бас қатыратын лабиринт емес шығар. Жарайды, ана қатынды жұмыста қалдырып, баланы оқудан шығарып жіберсем ертең ауылдағы ел-жұрт не демейді? Алматыға бара қалған бір інісіне қорған бола алмапты, бәтшағар. Өйтіп істуденттердің бастығы болғаны бар болсын. Артынан ерген бір інішегін оқыта алмаса, одан не қайыр күтеміз? Қолынан дым келмейтін, елге келген сайын көпіріп сөйлеп, «бәріңнің баларыңды оқуға түсірем» деп өтірік уәде беретін бос кеуде біреу болды ғой дері анық. Олай десе үш жылдан кейінгі депутаттық сайлауда бұның кандидатурасының өтпесі бесенеден белгілі. Қарашы, бәрінің бір қырсыққа байланып қалғанын. 
Естіген елден ұят-ай. Мен білетін Айдос өліп-тірілсе де оның алдына екінші қайтыа бармайды. Берген есебін де шығара алмайды ғой. Біздің әулеттен сірә математиктер шыға қоймас. Ертең ауылға барса көкем маған дереу телефон соқпай ма. «Әй, күшік, − демей ме зәрлі дауысымен, − жұлдыз санап, ай қарап жүрсің бе, жоқ әлде Алматының сылаңдаған қатындарынан қолың тимей жүр ме?». Құрысын көкемнен ондай сөз естігенше өле қалғанның өзі артық. Тә-әк, бұлай болмайды. Қысқасы баланы алып қалу керек. Мұғалімді ше? Оның көзін қайтіп жоямыз? Аманхан, басыңды істет, бір жолы бар болу керек». 
Бір шетінен ол қатынның айтып отырғаны да дұрыс-ау. «Қарны тоқ елу елдің қатарына кіргенімізбен рухы биік, ғылымы жетілген елу елдің қатарына кіре алмаймыз ғой», − деді, ә. Сөз тапқыш екен. Бірақ грантта оқитын балаларды елдің ақшасына оқып жүр деп тантығаны несі? Оларға халық емес, өкімет қой төлеп жатқан. Өй, мынауың да былжырайды екен ғой. Қой, оның шындығынан менің өтірігім артық. Оның сөзі шын болса да ескере алмаймын, өз өтірігімді ескерусіз қалдыра алмаймын. Менде бұдан басқа тығырықтан шығатын жол жоқ». 
Кафедра меңгерушісі Сейітжанға телефон соқты. «Тезірек көзін құрт. Аластатып жібер. Қалғанын Секе өзің реттерсің. Інішектің жағдайын айтам да. Мен командировкаға кетіп барамын. Келгесін хабарласармын. Жақсы», − деді. 
Екі қолын айқастыра желкесіне қойған Аманхан кресло арқалығына шалқая жатып, аяқтарын алдыға созып, керілді. Бірақ жеңілдеген жоқ. Керісінше желкесі құрысып қалыпты. Көңілі күпті болып, жүрегі құрғыр бір жамандықты сезгендей атқақтап барады. Өзін тым жайсыз сезінді...

Дархан Бейсенбекұлы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға