Жаңалықтар

Саналы сатқын

Күйеуі орнынан көтеріліп, киімдерін шабаданға сала бастады. Селсоқ қимылмен.  − Талқаның таусылмай табытқа түспейсің.  − Түсінігі тарлар топас тұжырым тудырады.  Бір-бірін сөзбен шарпып өткеннен кейін екеуі де үндемей қалды. 
18.02.2014 11:22 6438

(әңгіме) 
Күйеуі орнынан көтеріліп, киімдерін шабаданға сала бастады. Селсоқ қимылмен. 
− Талқаның таусылмай табытқа түспейсің. 
− Түсінігі тарлар топас тұжырым тудырады. 
Бір-бірін сөзбен шарпып өткеннен кейін екеуі де үндемей қалды. 
− Жаным, тағы да ойланып көрші, мүмкін райыңнан қайтарсың, − деді күйеуі әйеліне қиыла өтінген жалынышты үнмен. 
− Жоқ, все, мен он ойланып, он толғанып осылай шештім. Егер сен мені шын сүйсең қаласың, ал егер сүймеген болсаң, пожалуйста, жолың ашық. Тәубама келтірген тәңірім үшін мен бәріне де дайынмын. Басыма салғанды көтеріп алдым. Қаламын дедім қа-ла-мын. 
Әйелі сазарып қалған. Бетінде қан-сөл жоқ. 
− Салтанатжан, − деді күйеуі қолына түскен киімдерін бумаждаған күйі шабаданға салып жатып, − Салтанатжан, сен өзің әулиелердің мекені − қасиетті Түркістанның қызы емессің бе?! Әкең ауылдың имамы. Молда... 
− Қайын жұртыңның қай жақтан екенін есіңе алып қайтесің? 
− Жоқ, Салтанатжан, сен мені түсінші. Сен маған қарағанда жүрегіне иман ұялатқан, Алланың нұры түскен өлкеден нәр алып өстің ғой. Өз дінің бола тұра қалайша өзге дінге өтіп кеттің? 
− Шоқан Уәлиханов па, әлде Ыбырай Алтынсарин ба есімде жоқ, әйтеуір солардың біреуі айтқан екен: «маған қазақтың оқымаған, сауатсыз құдайынан гөрі орыстың көзі ашық құдайы артық» деп. Вот, міне, нағыз данышпандық!, − деп әйелі сұқ саусағын көтерді. 
− Ыбырай ондай сөзді айтса, «Бір Аллаға сиынып, кел балалар оқылық!» деп өлең жазбас еді ғой. 
− Онда, Чокан Валиханович айтқан болар. Мен саған басында сказал, кімнің айтқаны есімде жоқ деп. Дело ни в этом. Дело в том что, осындай сөздің айтылғанында. Кімнің аузымен болса да. Және де осы сөздің ақиқаттығында. 
− Қайдағы ақиқат! Ақиқатты өз дініңнен, ата-бабаң сиынған сенімнен іздесеңші. 
− Ал егер де сол ата-бабаларымның өзі адасушылар болса ше? − Әйелі бұрын-соңды естімеген сайқал күлкімен табалағандай сықылықтап күлген. Амалы таусылған күйеуінің әйеліне қарағысы келген жоқ. 
− Олар емес, тап мына сен адасушысың. Олардың сенімін қорлама. 
− Онда сен де менің сенімімді қорлама, − деді әйелі қырлы стақанның түбіндегі арақты қылғытып салып. 
− Ольга Матвеевна сені арақ ішуге де үйретті ме? Жетіскен екенсің, − деді күйеуі тәрелкеге жұқалай тілініп тасталған шошқа майының бір тілімін аузына сала берген жарына жирене қарап. 
− Марик, мен сені әлі күге дейін түсінбеймін. Талай күн үйге домаланып, ит болып жеткеніңде бір рет алдыңнан шығып, «неге ішіп келдің?» деп сұрадым ба? Құдайшылығыңды айтшы. − Әйелі оң қолында тұрып қалған саланы асап жіберді. 
− Құдайы шыным, сен бір мәрте болса да олай сұраған емессің. Бірақ, әңгіме бұл емес қой. − Күйеуі қолына ілінген қызғылт түсті жейдесін бетіне басқан бойы еңкілдеп жылап жіберді. − Қайдан ғана өлгеніңше бағып-қағам деп жалғызбасты кемпірге келісім бере қойып ем. Қайран қу дүние-ай! Бір үйге бола басымдағы бақыттан айырылдым-ау. 
− Марик, Маратик, қойшы, қатын құсап сыңсымашы. Егер қолыңды шекең мен екі иығыңа тигізе салсаң, құда да тыныш, құдағи да тыныш, құдай да тыныш болмай ма. Қатының да қойныңда. Басыңда баспанаң болады. Көрінгеннің тауық күркесінде күніңді көре алмай күнелтіп жүргенше, осы жерде өле қалғанның өзі бақыт емес пе. 
− Қалжыңдасатын құдай сенің құрдасың емес. Абайлап сөйле! − Күйеуі бұл сөзді зілсіз айтқан. − Қолымды шекеме тигізіп шоқынды бола алмаймын. 
− Марик, сонша шошып не болды. Сені де жетімдер үйінде жүргеніңде шіркеуге алып барған шығар? 
− Қанша алып барса да мен өзімнің жалғыз ғана құдайыма жалбарынып, оның бізге жіберген соңғы пайғамбарына салауат айтқам. Сол шіркеуіңнің ішінде тұрып. 
− Пәлі, сенің бірталай діни сауатың бар екен ғой. Осы уақытқа дейін қалай байқамай келгем. − Әйелі таңқалғандай сыңай танытты. − Алдындағы арақ пен стақаннан өзгені ажытата алмайды деп ойласам, менің шалым да тәп-тәуір білімдар екен ғой, − деп өтірік еркелегенсіп күйеуінің тізесіне отырды. − Маратик, сен әбден ойланшы, сол дінде тұрған не бар дейсің? Баршамыздың сиынарымыз бір жаратушы ғой, әйтеуір. Кстати, сен осы қазақтардың неге жаратушыны «Алла Тағала» деп атағанын білесің бе? 
Күйеуі үнсіз басын шайқаған. 
− Ендеше мен саған айтып берейін. «Алла» − бұл баршамызды жаратушы. Ал «Тағала» сөзі Құдайдың ұлы Исусқа қатысты айтылған. Оны кресть ағашына тағалап тастаған жоқ па. Екі қолынан шегелеп. 
− «Алла Тағала» емес «Исус Тағала» шығар бәлкім? Мүмкін «Тағаланған Исус?». 
− Жоқ, кеше маған осылай түсіндіріп берді ғой. 
− Кім? 
− Сол шіркеуге барып жүрген қазақтар. 
− Шіркеуге барып жүрген қазақтар?! Ол жерге сенен басқа да қазақтар барады ма екен? 
− Бармағанда ше. Кеше мен санап шыққанда ұзын саны отыз жеті болды ғой деймін солардың. Менімен отыз сегіз, ал сені қоссақ отыз тоғыз. 
− Ол туралы ойламай-ақ қой. Құдай-ау, бұл қазақтарға не болған? 
− Мара, сен не мені сүймейсің бе? 
− Сүйіспеншілік сезімінің мұнда еш қатысы жоқ. Сен сияқты саналы сатқынға жар болғаныма өкінемін. 
− Қойшы Мара, қайдағы жоқты айтпай. − Әйелі біраз уақыт томсарып отырды. Кенет жымың ете қалды. − Айтпақшы, сен осы киіз үйдің шаңырағын білесің бе? Егер де білсең сол шаңыраққа қатысты не айта аласың? 
− Тағы қандай жаңалық ойлап таптың? Оны да христиандарға телиін деп тұрсың ба? 
− Кекетпеші мені. Менің көзім енді ашылып келе жатыр. Бұйыртса сенің де сауатыңды ашып, көкірек көзіңді оятамын. Исус бізге жәрдем берсін. Амин!, − деді әйелі үйдің қабырғасында ілулі тұрған Иса пайғамбардың суретіне қарап шоқынып тұрып. Сосын кері бұрылды. − Христиан дінін ең әуелі біздің ата-бабаларымыз қабылдаған. Тіпті Европаға да осы дінді таратқан біздер болғанбыз. Сондықтан біз өзімізді мұсылман санағанымызбен, ішкі дүниемізде христиандыққа деген бір жақындық бар. Мысалы, біздердің киіз үйіміздегі шаңырақты алайықшы. Сол шаңырақтағы бір-біріне көлденең жатқан төрт таяқты көреміз. Ал бұл төрт таяқша түсіне білген адамға − толып тұрған крестиктер ғой. Марик, өзің көзіңе елестетіп көрші. Қаншама крестиктер бар. Так, сегіз, он алты ғой деймін шамасы. Әлде, отыз екі? Ұмыттым, кеше жақсылап түсіндіріп еді. Егер толық білгің келсе шіркеуге апарайын. 
− Құрышы, шіркеуіңмен бірге кетші. Саған ата-анаң тәрбие бермеген екен. Тәрбиесіз! 
− Ал саған детдом қандай тәрбие берді? 
− Детдомда өссем де, тастанды болсам да мен өз дінімде өлемін. Қазақ боп туылдым, қазақ боп өлуім міндет! 
− Христиан дінін қабылдасаң орыс болып кетесің деп саған біреу айтты ма? Қазақ күйіңде қала бересің. 
− Қаның қазақ боп қалғанымен, жаның қазақ бола алмайды. Өзгересің! Сен соны түсінесің бе?! 
− Қазақтығың шамалы ғой сенің де. 
− Саған қарағанда тәуірлеу. 
− Марик, қойшы болды. 
− Қоятын түгі де жоқ. Басың аман болса бір үйге ие боларсың. Салтанат, сенен соңғы мәрте өтінемін, жүрші менімен. Кетейікші қарғыс атқан бұл жерден. − Күйеуі әйелінің бөксесіне түскен мақпал қара шашын ақырын сипалады. − Жаным, кетейікші, бәрі жақсы болады. Мен саған уәде берем. Өкімет өлтіре қоймас, қазір жастарды қолдап жатыр ғой. 
− Марик, сен де қырсықпашы. Шоқынды болам екен деп шошымашы. 
− Сенің соңғы сөзің осы ма? 
− Иә. 
− Ендеше сау бола ғой. Тапқан құдайың жүрегіңе нұр сыйласын. 
Әйелінің сәл көтеріле бұлтиып тұрған томпақ бетінен өпті. Көзінен ыршып шыққан жасты көрсеткісі келмегендей кері бұрылды. Көкейінде жалғыз тілек: «Жаратқан өзің жар бола гөр!» 
Күйеуі орнынан көтеріліп, киімдері салынған шабаданды қолына алды. Селсоқ қимылмен. 

Дархан Бейсенбекұлы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға