Жаңалықтар

Сәби тілегі

Қасен әдеттегісіндей бүгін де үйіне ішіп келген. Үйге кіре сала ұрынарға қара таппай көзімен айналаны шола қарап шықты. Әйелі теледидардан көзін алмаған күйі телміріп отыр. Күйеуінің келгенін елемегендей. Осы сәтте бұның арқасы қозып, жыны ұстай қалды. 
18.02.2014 11:25 5285

(әңгіме) 
Қасен әдеттегісіндей бүгін де үйіне ішіп келген. Үйге кіре сала ұрынарға қара таппай көзімен айналаны шола қарап шықты. Әйелі теледидардан көзін алмаған күйі телміріп отыр. Күйеуінің келгенін елемегендей. Осы сәтте бұның арқасы қозып, жыны ұстай қалды. 
– Ей, қатын, неменеге ғашығыңды көргендей телебизірге жабысып қалдың! 
Ол үндемеді. «Сөйлесем тағы да бір бәлеге қалармын», – деп ойлаған болуы керек, әншейінде ауыз жаппайтын әйелі бұл жолы ләм-мим демеді. Бұрындары «ә» десе «мә» деп тұратын әйелін ұрудың мүмкіндігі мол болушы еді. «Маған тіл қайтаруды қайдан шығардың!» деп немесе «Сен қатынға тіл шығайын деген екен, көрсетейін мен саған!» деген сылтаулармен байқұсты көкала қойдай сабап салатын. Сосын айызы қанғандай бір масаттанып қалатын. 
– Қасен, қойсаңшы, қатынды ұрып абырой таппайсың ғой, – деген жолдастарына, – менің шаңырағымда шаруаларың болмасын, – деп жауап қайыратын. Тағы бірде Мәдинаны жұдырықтың астына алып жатқан сәтінде үйге бір жолдасы кіріп келсін. 
– Қасеке, – деген ол сыртқа бұны шығарып алып, – әйелді ұрғаннан ақыл кірмейді, мүйіз де шықпайды. Ақыл кірсе сен осы уақытта данышпан, мүйіз өссе бұғыдан кем болмас едің. Ең құрығанда балаларыңды аясаңшы. 
– Дұрыс қой, мен оны себепсіз ұрмаймын. Өзі тілінен авария болады. Сосын придется ұруға. «Баланы жастан, қатынды бастан» деп бекер айтпаған. Солай жағдай, – деген сонда Қасекең. 
Ал қазір жағдайы мүлдем басқаша. Әйелі тілін жұтып қойғандай. Бұл тәлтіректей басып Мәдинаның қасына келді. Жынын ұстатып тағы да қарамады. Қасен оның иегінен ұстап өзіне қарай бұрды. 
– Сен не, байыма сөйлемеймін деп бақаға уәде беріп қойып па едің?! 
– Мазамды алмашы, көріп тұрсың ғой, кино қарап отырмын. 
– Өй, киноңды сенің. Қазір телебизіріңмен қосып ана дүниеге аттандырып жіберемін!. – Адамдардың жанын алатын жебірейіл періштенің қызметін Жаратушы бұнын қолына тапсырып қойғандай өзінше қоразданып қойды. 
Алақаны қышып-ақ тұр. Бірақ Мәдинаның тілі «қышымай» тұрған сияқты. Қасен тәлтіректей басып төргі бөлмеге өтті. Бұнда қызы мен ұлы бір кереуетте құшақтасып жатып ұйықтап қалған екен. Қызықтап қарап тұрды. Кенет көзі үстел үстіндегі ақ қағазға түсті. Үңіле қараған. Маржандай тізілген қызының жазуы. Ол қағазды қолына алды да жерге малдас құрып отыра кетті. 
«Құрметті, Аяз ата! Сәлемет боларсыз. Менің атым Тұмар болады, – деп бастапты қызы Аяз атаға жазған хатын. Қасен жазуды одан ары оқи түсті, – Мен сізге бұл хатты Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданынан жазып отырмын. Өзім үшінші сыныпта оқимын. Сабағымның бәрі бес. 
Бүгін бізге сабақ үстінде апай «Аяз аталарыңа өздеріңнің тілектеріңді хат арқылы жазып жіберсеңдер орындайды» деп айтқан болатын. Сондықтан мен сізге хат жазуды ұйғардым. Менің өтінішімді орындаңызшы. 
Аяз ата, негізінде мен папамды өте қатты жақсы көремін. Бірақ соңғы кездері папам үйге арақ ішіп келетін болып жүр. Құдайдың құтты күні. Енді оны жек көріп кеттім. Інім Атилла да ол ішіп келсе бақырып жылай береді. Қатты қорқып қалған тәрізді. Папам арақ ішпесе сондай әйбәт. Ал ішіп келсе үнемі мамамды ұра береді. Мамама жаным ашып кетеді. Тіпті бірде мамамды ішінен теуіп жіберіп, менің дүниеге келейін деп жатқан бөпемді өлтіріп тастаған. Сонда мамам жылап отырып папамның тезірек өлуін тілеп еді. Мен мамамның да папамның да өліп қалғанын қаламаймын. Екеуі де маған ыстық. Бірақ екеуінің ұрсыса беретіні маған ұнамайды. 
Апайдың айтуы бойынша, ата, сіз өте мейірімді адам екенсіз. Айыбыңыз тек суықта ғана жүресіз. Кейбір адамдар сізді сол суықтығыңыз үшін жақтырмайды. Менің түсінігімде сіз жетімдер мен кембағалдарға қол ұшын беретін қайырымды адамсыз. Аяз ата егер сіз осы жаңа жылда Қазақстанға келетін болсаңыз міндетті түрде біздің үйімізге кіре кетіңізші. Мен сонда сізге осы хатты ұсынамын. Маған басқа балаларға таратып жүрген ойыншықтарыңыздың керегі жоқ. Өйткені мен үлкен қызбын. Маған тек өтінішімді орындасаңыз болғаны. 
Аяз ата менің сізден өтінерім, папамның арақ ішкенін қойдырыңызшы. Папамның ақылы көп, сіз дұрыстап айтсаңыз түсінеді. Мен айтайын десем кішкентайсың деп тыңдамайды. Мен келесі жаңа жылда мамамның жылап жүргенін қаламаймын. 
Ал, ата сау болыңыз...» 
Қасен көзінен ыстық жастың қалай ытқып шыққанын сезбей қалды. Жас бетін жуып кетіпті. Бір сәтке осы уақытқа дейін ішіп алып жан жарына көрсеткен қорлықтары көз алдына көлбеңдеп келе қалды. Тұла бойы түршігіп кеткен ол мына хаттан кейін есін толық жинап алғандай. Сосын осыншама азапқа шыдап жүрген әйеліне жаны ашыды. Аяды. Алғаш үйленген кездегідей қатты-қатты қысып, бауырына басқысы келген. Маңдайынан иіскеп, тәтті-тәтті сөздерді айтқысы келді. 
Басын көтеріп жанындағы кереуетке қараған. Қызы екі жасар інісін құшақтаған күйі бұйыға ұйықтап жатыр. 
Бағана бұның мас болып келгенінен қорқып, жылай берген соң Тұмар Атилланы кереуетке жатқызып, ұйықтатып тастамақ болған. Әкесінің арақты тастауын құдайдан тілеп, ішінен қайталай берді. Қайталай берді. Сөйтіп жатып өзі де ұйықтап кеткен еді. 
Қасен қызының шашынан сипады. Шекесі торсықтай ұлының маңдайынан сүйді. «Қызым, – деді сосын, – мен енді ешқашан ішпеймін. Сен үшін және Атилла үшін. Сендердің бақыттарың үшін. Қаршадай бастарыңмен сендерді үлкендердің әділетсіз ойынына араласатырып жібергенім үшін кешірім сұраймын. Өзім бақытты өмір сүрмесем де, сендер бақытты болыңдарыңшы. Мен енді тек сендер үшін ғана өмір сүремін. Қолымнан келгенінше сендерді де мамаларыңды да жылатпауға тырысамын. Қос балапаным менің». 
...Ол қыстығып отырған. Сосын шындап егілді. Азаттықты аңсаған асыл рухы көзінен жас боп ағып, жүрегінің жұлым-жұлымын шығарды. 

*** 
«Сәлеметсіз бе, Аяз ата. Ден-саулығыныз жақсы ма? Мамам сізді ауырып қалып, биыл бізге келе алмауы мүмкін дейді. Ол мүмкін емес қой, иә? Өйткені сіз өзіңіз суық жақтан келесіз ғой. Мен бүгін сыныптағы барлық балаларға сіз туралы ертегі айтып бердім. Ертегімді мұғалім де ұнатты. 
Айтпақшы, Аяз ата, мен сізге былтырғы жылы жазған өтінішімді орындағаныз үшін үлкен алғысымды айтайын деп отырмын. Папам содан кейін арақ ішуді мүлдем қойды. Мамаммен де ұрыспайды. Үш жастағы інім Атилла да бұрынғыдай жыламайды. Үйімізге береке орнағандай. 
Аяз ата, биыл сізге тағы да өтініш жазсам болады ма? Өтінішім, Нұрсұлтан атамызға ұзақ өмір сыйлап, елімізге тыныштық әкеліңізші. Ешкім ауырмасыншы. 
Ата, менің сізге көп сұрақ қойғым келеді. Мәселен, сіздің Ақшақар деген қызыңыздан басқа да балаларыңыз бар ма, болса олар неге бізге көрінбейді? Және де біздегі наурыз мейрамында келетін Қыдыр атаны сіз танисыз ба? 
Содан кейін, Аяз ата біздің ауылдағы Жаббар деген сұмырай үш жылдан бері сіздің киіміңізді киіп алып, балаларды алдап жүр. Оған қой деңізші. Балаларды алдамасын. Болмаса өзіңіз жазасын беріңізші. 
Сыйлығыңызды тағы да күтемін. Сіз неге маған және Атиллаға ғана сыйлық бересіз? Мамам мен папама да беріңізші. Олар да қуанып қалсын. 
Ал, ата, сау болып тұрыңыз. Менің...» 
Тұмардың қолынан сырғып түскен қаламсап үстел үстінде жатқан ақ парақты бойлай құлады. Сәлден кейін-ақ оң жақ білегін жастана өзі де отырған орнында ұйқы құшағына еніп кетті. Далада жаңа жауған қармен атқыласып ойнап жүрген балалардың айқай-шуы ауыл аяғынан еміс-еміс естіледі. Күмістей сыңғырлаған күлкілері көңілдерінің көтереңкі екендігін білдіріп тұр. Тұмар да сол балалардың дуылды додасына бармақшы болған. «Әуелі Аяз атаға хат жазып тастайын, сосын барармын», - деп ойлаған. Бірақ оған шамасы жетпеді. Қос танауы сәл-пәл көтеріле ешнәрседен бейхабар күйде пысылдап жатыр... 

Дархан Бейсенбекұлы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға