Жаңалықтар

Құл базар

Шиқылдай келіп тоқтаған шетелдік мәшиненің есігіне Сейфуллин көшесінде тұратын бір топ жұмыссыз жандар ентелей келіп, қарай қалысты. Бәрінің көкейінде жалғыз сауал. Ол: «Қандай жұмыс екен?» деген сұраулы сөйлем еді. 
18.02.2014 11:26 4923

(әңгіме) 
Шиқылдай келіп тоқтаған шетелдік мәшиненің есігіне Сейфуллин көшесінде тұратын бір топ жұмыссыз жандар ентелей келіп, қарай қалысты. Бәрінің көкейінде жалғыз сауал. Ол: «Қандай жұмыс екен?» деген сұраулы сөйлем еді. 
Бұл жерде тұратындар үшін жұмыстың еш ауырлығы жоқ. Тек ақшасын дұрыс төлесе болғаны. Мейлі. Вагон-вагон көмір, тонна-тонна цемент болса да көрсеткен жеріне жеткізіп береді. Оныншы қабатқа мөшек көтеріп шығару да бұларға түк емес. Бірақ үйіне апарып жұмысын істетіп алып, келіскен ақшасын төлемей қоятын қаныпезерлер де жетіп артылады. Әсіресе атақты, дүйім елге танылған, әнші, өнер адамдары осылай қорлағанда бұл байғұстар күйініп кетеді. 
Бірде Бақыт осы жерден атағы шыққан бір әншінің үйіне жұмыс істеуге барды. Ол даңғарадай үйіне еурожөндеу жасамақшы екен. Әрине, ақшасы бар болғаннан кейін жаңа стильде. Бақыт теледидардан көріп, өнеріне тәнті болып жүрген өзінің сүйікті әншісімен қол алысып тұрып келісті. Үш күнге алты мың теңге беремін деді. Бақыт ақшасын емес, оның ел ішіндегі беделін сыйлап қиын болса да уағдаласты. Содан ол су жаңа немістің мәшинесіне мұны салып алды да қаланың шетіне қарай тартып отырды. 
Әнші қаланың сыртынан жер алыпты. Енді сонда котедж салмақшы. Келе сала Бақыт киімін ауыстырып, жұмысқа қойып кетті. Мұнда да бірнеше жұмысшы қара жұмыс істеп жүр екен. Бәрі жамырай келіп, «сен қаншаға келістің?», «қанша күнге келдің?» деп сұрақтың астына алысты. Бұл пақыр шынын айтты. Ішінде егде тартқан, шамасы елулерден асқан, шоқша сақал, жалпақ бет қара-сұр адам бұған қарап: 
― Әй, балам, бекер келістің. Бұл күн сайын Сейфуллинадан немесе Рысқұловадан бір жұмысшыдан әкеліп тұрады. Біз Мақсат екеуіміз келгенде мұнда бес жұмысшы бар екен. Біз қосылып жетеу болдық. Сол аралықтан бері он күн өтті, санымыз он жетіге жетті. Сені қосқанда, ― деп сұқ саусағымен Бақытқа қарай ұмсына түсіп, артына бұрылды. Бәрінің жүзінде шаршағандық, қажығандық табы бар. Әлгі егде кісі қайтадан айқайлап сөйлеп кетті: 
― Қане, келгелі бері кім ақшасын алды?! Бәрімізді мұнда алдап алып келді ғой арамтамақ, әнші болмақ түгілі, одан зорғысы болсаңда қалада қолыма бір түссең танытар ем әкеңді! 
Өзі қара-сұр еді, енді тіпті қанын ішіне тартып кетті. Бақыт ішінен «Тү-у, әбден қорланыпты-ау» деп ойлады. 
― Қайдағы ақша алған, ақша түгілі үйімізге қайта алмай жүрміз ғой, - деп арық сары жігіт жыламсырады. – Қалаға жеткізіп тастаса болғаны, он күнімнің ақшасын алмай-ақ қойдым осыдан. 
― Қайтқың келсе жолға шығып, қалаға қарай ағылып жатқан көп мәшиненің біріне отыр да жүре бер, ― деді түкке түсінбей аңтарылып тұрған Бақыт. 
― Көкем-ау, бізге салса бір минуқа да кідірейін деп тұрғанымыз жоқ. Тек «сүйікті» әншіміз жіберткізбей отыр ғой. 
Бұл сөзді айтқан отыздарға тақаған бұлшық етті жігіт ағасы. 
― Сонда кетуге не кедергі? – деді Бақыт екі алақанын ашып, бәріне барлай қарап. 
― Сен өз еркім өзімде, қаласам істеймін, қаламасам кетіп қаламын деп ойлап тұрған шығарсың. Олай ойласаң қателесесің. Сенің еркің анау жүрген қожайындарға өтеді, ― деп тапал бойлы, күлім көз жігіт қақпа жақта автомат асынып тұрған екі дәу шойын қараларды қолымен нұсқап көрсетті. 
Осы кезде бұлардың жиналып қалғанын көрген екі күзетшінің бірі қаруын асынған күйі жетіп келіп: 
― Не, адам көрмедіңдер ме, әлде тағы да қашайын деп операция ұйымдастырып жатырсыңдар ма?! Осыдан қашып көріңдер, сирақтарыңды бір-бірлеп шағамын. Үлкен кісі айтқан: «Тіпті болмаса атып таста» деп, так что, атып тастасаң да сұраусыз кетейін деп тұрсыңдар, ― деді. 
Өзінен қорықпаса да иығына асынған ауыр салмақты автоматтан сескеніп, жұмысшылар өз жұмыстарына қарай тарай бастады. Бір мезетте әлгі жерде қаруына мақтанған баладай қайта-қайта автоматын сипағыштай берген күзетші мен Бақыт қана қалды. 
― Ал, брәтішке, өзіңе тапсырылған міндетті білесің бе? – деді анау арадағы сәл үнсіздікті бірінші болып бұзып. 
― Маған екі дуалдың арасына ені – 40, тереңдігі – 60 сантиметр болатын арық қазасың деді үш күннің ішінде, ― деп Бақыт оған тіке қарады. Қорқақ адам ешқашан өткір көзге тура қарай алмайды. Күзетші жанарын тайдырып әкетті. 
― Ендеше ана күректі ал да жұмысыңа кіріс. Ешкіммен сөйлесуші болма! – деді өзінше зіл тастап. 
Арада үш күн өтті. Бақыт өзіне жүктелген жұмысты уақытында бітірді. Басқалардың түңілген түріне қарап, атақты әншіні «жауыз», «зұлым» деген атқа қимаған. «Қой, жігітше келістік алдамас» деген өз ішінде бір жаманатқа қимайтын сезім басым. Оның үстіне екеуін жол бойы танысып, бұл оны өте жақсы құрметтейтінін, оның ауыл ішіндегі бедел салмағын айтып келген-ді. Кішкентай кезінде әнші боламын деп өзіне еліктеп, сахнаға талай мәрте қара домбырасын құшақтап шыққанын естігенде әнші отырған орнында бір қозғалақтап, «молодец» деп бұны арқаға бір қаққан-ды. 
Төртінші күннің таңында құдай айдап әншінің келе қалмасы бар ма! «Мұңдас қатын – сырлас» дегендей Бақыт бастап, басқалары қоштап, әншіге «ақшамызды бер, біз қайтамыз!» ― десті. Әнші бұларды мазақ еткендей басын төменге салып мырс етіп күлді. Сосын екі күзетшіге қарап: 
― Мына құл базардан келгендерді «газельмен» «құтты мекендеріне» апарып тастаңдар. Содан кейін ақшаларын таратып беріңдер, - деді де мәшинесімен қалаға қарай тайып тұрды. 
Барлығын «газельге» тиеп алған екеу қалаға қарай емес, Алматыға кері бағытқа салды. Ағашы қалыңдау өскен тоғайсымаққа бұрылып, бұларды мәшинеден түсірді. 
― Кім қанша ақша қалайды? – деді ауызын буған өгіздей сөйлемейтін мылқау күзетші. 
― Әркім өзі келіскен ақшасын алғысы келеді, ― деді бәрі бірауыздан. 
― Әркім өзі келіскен... мә, сендерге ендеше ақша, ― деп қояншықтау келген шойын қара күзетші бұлардың басынан асыра автоматтан оқ жаудырды. Тым-тырақай қашқан адамдар ағаш пен бұта арасына сіңіп жоқ болды. Тек Бақыт екі әумесерден қадаған көзін алмаған күйі қатты да қалды. 
― Ей, ақшаларыңды алыңдар, қане кімге ақша керек? – деп айқайлайды қос күзетшінің бірі. 
― Маған керек, ― деді Бақыт еш саспастан. Бұл кезде он алты жұмысшы жан сауғалап қашып кеткен. 
― Мә, келіскен алты мыңың! Аналарға да ақшаларын беретін едік, өздері қашып кетті. Енді ақшалары бізде қалатын болды, ― деп екеуі зорлана күлді. Сөйтті де мәшинелерімен сызып отырды. Жерде жатқан ақшасын алып, Бақыт басқаларын дауыстап, аттарын атап шақырып алды. 
Одан кейін барлығы үндемеген күйі тас жолдың бойына келіп тұрды. Жалғыз Бақытта ғана ақша бар. Бақыт қатарынан төрт такси ұстап, он алты адамды төрттен бөліп, әр таксиге мың теңгеден төлеп, бәрін Алматыға қарай салып жіберді. Ең соңынан жалғыз өзі бір таксиге мініп, қаладағы пәтеріне келді. Көз алдынан бағанағы көріністер кетер емес. Кенет өзінің сүйікті әншісін жаман жек көріп кетті. Өз ойын аралап, «е, әншілерді тек сахнадан, теледидардан ғана көрген жақсы екен ғой» деген тұжырым жасады... 

Дархан Бейсенбекұлы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға