Жұтаған жүрек
(әңгіме)
− Сен өзі сүйісе аласың ба? − Өз ойындағыны қашаннан ашық айтатын қалалық жезөкше қыз ауылдың көзінде иман нұры тұнып тұрған қара домалақ жігітінің жүзіне күле қараған. Әжуасы басым келбетпен.
Жігіт үндемеді. Ол арқанды орындықтан айналаға ойлана көз салып отырған еді. Жанындағы қыздың не айтқанын естімеген де сияқты.
− Мен сенен сұрап тұрмын, − деді жезөкше тағы да сөзін нығырлай түсіп, − сүйісе аласың ба? − Көмейі бүлкілдеп, бірнәрсе «дәметіп» тұрған тәрізді.
− Мен бе?, − деді түкке түсінбей, шашырап кеткен ойларына ие бола алмай қалған қара бала.
− Әрине сен, енді мен ғой деп пе едің.
− Оның сізге қатысы қанша?, − деді жігіт қалалық қызға таңырқаулы жүзбен.
− Қатысы болған соң сұрап тұрмын. Сұраққа жауап берсеңші?
− Есі дұрыс адамның қоятын сұрағы емес екен.
Жігіт тағы да айналаға, төмендегі сапта тұрған әскер секілді қатарласа, қапталдаса өскен қалың қарағайларға, жақпарлы жартастарға қарап ойланып кетті.
− Сүйісуді білмесең, сенен басқаны сұраудың қажеті жоқ шығар, тормоз, − деді жезөкше жанындағы жігітке жаратпаған сыңаймен.
Екеуі де ұзақ уақыт томсарып отырды. Арқанды жол Іле Алатауының ақ шағый бұлты еркін жүзген белестерін бойлай жылжып келеді. Жезөкше қыз балаң жігіттің ойын түсіне алмай әлек. Сағатына пәленбай мың ақша төлеп сатып алатын басқа еркектер болса алтын уақытын босқа шығындамай, баяғыда-ақ «шаруаны» бастап кеп жіберуші еді. Бұл жігіт түсініксіздеу болып көрінді. Шындығы керек, осы қалада туып өссе де Шымбұлаққа бірінші мәрте келіп тұр. «Әлде анау қарлы таудың арғы бетінде вилласы немесе котеджі бар шығар. Мүмкін «шаруаны» сонда барып...», − деген сайқал ойдың сәулесі санасында қылаң беріп өткені де рас. Бірақ арқанды жол бұл ойлаған қарлы таудан әрі аспады. Біраз уақыт жүрген соң кері бұрылып, алдыңғы жолға кері бағытқа салды. Жезөкше қол сағатына қарады. Екі сағатқа деп келіскен. Бір сағат уақыты босқа өлді. Енді жарты уақыты ғана қалды.
Төменге келіп тоқтаған. Арқанды арба. Жігіт жерге қарғып түсті де қызға қолын ұсынды. Жезөкшеге. Екеуі үндемеген күйінде қатарласа орналасқан көп кафенің бірінің бос тұрған орындығына келіп жайғасты.
Үнсіздікті жезөкше бұзды:
− Мен осы жақта сенің үйің или котеджің бар шығар деп ойлағам.
− Қайдағы үй, қайдағы котедж?! Мен бар болғаны төртінші курста оқитын бақытсыз, қалтасы тесік студентпін.
− Онда Сайынға кеп нең бар? Общягаңда қыз құрып қалды ма? Әлде бірінші рет болайын деп тұрсың ба?..
Жезөкше қарқылдап күлген. Қыз балаға жараспайтын ерсілікпен. Сосын темекі тұтатты.
− Арақ-шарап дегендей, бірнәрсе ішеміз бе?, − деді жезөкше өздеріне жақындап қалған даяшыға бір қарап қойып, − жоқ әлде, тағы да бір сағат бойы қиялданып отырамыз ба?
− Не ішкің келеді соны алдыр. Және маған да.
Жезөкше қыз даяшыға тапсырыс беріп болысымен қайтадан жігіттің бетіне үңіле қараған. Жігіт әлденені ойлап кеткен тәрізді. Әбден зеріккен болуы керек; қыз ендігі кезек ішке жұтқан темекі түтінін сәл алдыға еңкейе түсіп жігіттің бетіне үрлеп кеп жіберді. Сосын қарқылдап күлген. Кафені басына көтере. Сол баяғы құлаққа түрпідей тиетін жағымсыз дауысымен.
− Сіз қай жақтан келдіңіз?, − деді жігіт қызға.
− Басында біз келіскенбіз, никаких лишных вопросов деп.
− Сізді бұл жолға түсуге не итермеледі?
− Я не хочу ответить.
− Өзіңіз біліңіз.
Бұл кезде даяшы үстел үстіне «Қазақстан» коньягі мен екі стақанды, бірнеше ыдысқа салынған салаттарды қойып жатыр еді.
− Маған бір сусын әкеліп беріңізші, − деді жігіт терісінен тұрған стақанды оңға аудара бере. Даяшы қыз жігітке таңырқай қараған. «Қызы ішіп, өзі ішпейді ме?» деп ойлаған болуы керек.
Жезөкшенің қарны ашып қалған екен. Коньякті тартып жібереді де, артынан салатты қарбытып асай бастайды.
− Сен өзі «жазғышбектердің» бірі емессің бе?, − деді жезөкше аузындағы асын шайнаңдап жатып.
− Неге олай ойладыңыз?
− Олар ақ тер, көк тері шыққаннан кейін сен сияқты «неге бұл жолға түстің?, сені не итермеледі?» деп адамның басын қатыратын сұрақтар қояды.
− Сонда олар кімдер?
− Мен жақсы танымайды екем. Менімен бірге тұратын ауылдың қыздары танып жатады. «Анау пәлен деген жазушы. Мынау атағы дардай түгенбай ақын», − деп атын атап, түсін түстеп беретін. Бірде солардың бірімен болғам. Сонда көзім жеткен, олардың шаруасын бітіргеннен кейін шалжайып жатып тергеуге алатынына.
Жігіт басын шайқады. Өкінгені болса керек. Қабағы сәл түйілген. Тісін шықырлатты. Шындығында қолына қалам алып толғанта жазатындай талант иесі емес еді. Бар болғаны еліміздегі қалалардың болашақтағы сәніне мән қоссам деп армандайтын архитектор болатын.
− Қарындасым, − деді сосын, − ақылың бар ғой.
− Что хочеш сказать с этим?
− Қырық жамау өміріңе өкініш жамап қайтесің дегенім ғой.
− Мен сен сияқты ақылды емеспін. Менің ақылым тек тәнімді қанағаттандырып, ақша табуға ғана жетеді. Басқасымен өздерің айналысарсыңдар. Там, саясат, маясат, общем ол жағы мені қызықтырмайды.
− Мен сізді түсінемін.
− Түсінігіңіздің «мол» екені «байқалып» тұр.
− Рас, қазір ешкім де жетісіп жүрген жоқ. Бәріміз былық пен шылыққа батып, шайтанның шылауында кетіп барамыз. Тіпті қазақтың түсінігіне қайшы келетін жағымсыз әрекеттер де бүгінгі болмысымыздан көрініс тауып жатқаны ақиқат.
− О, боже мой, мына есалаңға қайдан тап қылдың?! − Жезөкше дереу сөмкесіне үстел үстінде жатқан ұялы телефонын сала қойды. Сосын төбесіне қарай ысырып қойған қара көзілдірігін орнына түсірді.
− Барша адамзаттың жүрегі жұтаған ғой. Менің де, сенің де. Емдету керек.
− Бұл былжырағыңды садиктің қыздарына айтарсың. − Жезөкше орнынан тұрды да кете барды.
Жігіт үндемеді. Сол жымиысы жағымды келбетін бұзбаған қалпы отыр. Есіне марқұм атасы түсті. Сталиннің тұсында «ұлтшыл» деп жазаланып, өмірінің он бес жылын ит жеккенде өткізген атасы расыменен-ақ ұлтшыл еді. Басқалар жазықсыз жазаланса, бұның атасы жазықты жазаланған. Марқұм өзі солай айтып отыратын. «Балам, − деген бұл тоғыздың куәлігін алған тұста, − менің саған көптен бері айтайын деп жүрген бір сөзім бар еді. Міне, енді мектебіңді де тауыстың, демек азамат болдың. Енді ойын-сауық, қылтың жүріс дегенді қой. Қазақтың ендігі тағдыры сен секілді жастардың қолында. Мүмкіндігің болса айналаңа бойында «қазақ» деген рухы бар, өзін көкбөрінің ұрпағымын деп сезінетін қатарластарыңды топтастыр. Бәрің жұмыла жұдырық боп, кежегесі кері кетіп бара жатқан еліңді түзеңдер. Бірақ, алдымен түзетуді өзіңнен бастауың керек. Сен шам секілді жарқырамасаң, жан-жағыңа сәулеңді шаша алмайсың. Уһ, − деп күрсінген қария соңында, − мен сенің әкеңді жақсылап тәрбиелей алмадым. Өйткені ол дүниеге келгенде мен айдауға кеткем. Сібірдің ормандарында қарағай қидым. Өмірімнің бір бөлігін сонда өткердім. Қайтып келгенімде әкең бозбала боп, алқаштармен стақан соғыстыруды үйреніп алыпты. − Атасы көзінің жиегіне жиналған жасты бет орамалымен іліп түсірген. Артынша көзілдірігінің шынысын сүртті. − Сатып кетуі мүмкін деп бізді соғысқа да қатыстырған жоқ. Қатыстырмағаны да жақсы болды, қайдағы бір сары орыс үшін, ата-бабамның сүйегін қорлап, қасиетін аяққа басқан көк көздерге бола адамның қанын төгем бе? Е, балам, сен бұны әлі түсіне қоймассың. Кезі келер, тарих ана толғатқанда шындық бала қайта туар. Бар үміт сендерде ендігі. Жастар мықты болса − ұлт мықты болады, ал олар ұсақтаса − қалғанының Абылайдың түсіндегі бақа-шаянға айналып кетері анық. Өз ұлтыңды сүйсең, оны айқайлап айтудың қажеті жоқ. Тек ісіңмен дәлелде. Әйтпесе, даңғойлыққа ұрынасың, балам. Сен тек әрекет ет, берекетін Алла өзі береді. Берем десе Тәңірі сылтауға да сый тартады».
...Жалпақ жаһанда жаураған жүрекке жылу беретін, жұтаған жүректің дертін емдейтін жандардың жоқтығына өкінген ащы өксік өзегіне түсіп, қан тамырларын бойлап келе жатыр еді...
Дархан Бейсенбекұлы