Жаңалықтар

Қиянат

− Әй, қыз, тез жинал, үйге кетеміз, мұндай жетімге қызымды тегін  бергенше байсыз ұстап отырғанымның өзі артық. Ел-жұрттың өсек сөзі мені  өлтіріп болды, − деп, қара кемпір қызына бағанадан бергі айтып отырған  әңгіменің соңғы түйінін зіл тастап, бұйрықпен айтты.
18.02.2014 11:30 5732

− Әй, қыз, тез жинал, үйге кетеміз, мұндай жетімге қызымды тегін 
бергенше байсыз ұстап отырғанымның өзі артық. Ел-жұрттың өсек сөзі мені 
өлтіріп болды, − деп, қара кемпір қызына бағанадан бергі айтып отырған 
әңгіменің соңғы түйінін зіл тастап, бұйрықпен айтты. Бұның әңгімесін 
елемегендей Нағима да бір нүктеге қадала қарап, ойланып отырған. Енді 
шешесінің шындап кетіп бара жатқан сыңайы бар. Тамағын қырнап, 
шешесінің бетіне тіктеп қарады да: 
− Мама, мен ешқайда да кетпеймін, осында қаламын, − деді. − Сол 
қоржын, төсек-орын дегендеріңді қоя салыңдаршы, сендерге біздің бақытты 
болып кеткеніміз жетпей ме? 
− Сен албасты, не оттап отырсың, мен сені қайдағы бір жетімекке 
қатын болсын деп туғам жоқ! − Қара кемпір енді қатуланып, сұрлана түсті. 
− Мама, мені де түсінші, мен бәрібір бара алмаймын, кішкентай 
баламмен қайда барып сиямын? Одан да осы жерде өлгенім артық. 
− Болды, көп былжырама, бұл − бір жағы ғана, екіншіден: мені әкеңнің 
өзі жеберіп отыр. Кешеден бері қатты науқастанып, төсек тартып жатып 
қалды. Мана таңертең маған сені ертіп келші, сені көргім келіп тұр деген, − 
деп, қара кемпір қызын алдауға көшті. Бағанадан бері қызына сөзін өткізе 
алмай қорланып отырған кара кемпір бұл сөзді тауып айтып, қызының 
жүрегіне жететін жалғыз сөз осы екенін білгенде, ішінен өзінше мәз болып 
сүйсініп, сайқалдана күлді. 
Расымен-ақ мына сөзді естігеннен кейін қызы босаңси бастады. Бір уақытта Нағима отырған күйі еңіреп жылап жіберді. 
− Әкеңнің хәлі сондай қиын, жүр, қызым, тезірек жетейік! − деп, қара 
кемпір қызын өтірік жұбатқансып, арқасына құлай өрілген қос бұрымын 
сипалады. 
− Қадырды қайтеміз? Ол жұмыстан кешке келеді ғой. Соны күтіп бәріміз бірге барайық, − деген Нағиманың сөзіне шешесі іле жауап берді: 
− Қой, қызым, ауру әкеңнің жағдайын тезірек барып сұрағаның абзал. 
Қадырға "тез жет" деп мен хат жазып кетейін. 
Аяғын сылти басқан қара кемпір қара тоны мен пимасын киіп, қызын тезірек шығуға асықтырды. Кішкене Шәмілін қалың көрпеге орап жатқан Нағима: "Мынандай суықта балаға суық тигізіп алмаймын ба?" − деп ойлап қойды. 
− Бір қолына үлкен қара құлыпты ұстаған қара кемпір сықырлаған есікті ашып, бөбегін көтерген қызын сыртқа шығарып жіберді де, жалма-жан үйден өзі жазып алып келген алақандай қағазды қалтасынан суырып, есікке 
мұқияттап қыстырып қойды. Енді өзі ҚЫЗЫНЫҢ алдына түсіп, ауылдан ұзап 
шыққанша асықты. 
* * * 
Аппақ көрпе жамылған мидай жазық кең дала. Меңіреу тыныштық. Оң жақ қапталда сәл ғана биіктеу қырат жоталар қарауытады. Бүгінгі күннің ызғары да басқа күндерден асып түсті. Шытырлаған сары аяздың адам түгілі темірді де қарып жіберетін түрі бар. Мынандай сары шұнақ аязда бұл далада еш тіршілік белгісі байқалмайды. 
Тек бұл суықты елемей үш тіршілік иесі баяу қозғалып келеді. Бірақ аяғымен жер басып келе жатқандар екеу. Олардың бірі − көрпеге оранған жас сәбиін көтеріп келе жатқан Нағима, ал екіншісі − түндегі ішкен арағынан басы зеңіп, аяғын әзер басып келе жатқан Нағиманың шешесі − қара кемпір. Бұл кемпірдің қызын үйіне қарай алып бара жатқанының да үлкен сыры бар. Кеше бұны ауылдың басында тұратын Шәйім кемпір құдалыққа шақырған. Бар пәле сол құдалықтың құдалар кетіп, бұлар өздері жеке дастархан басында отырған кезде басталды. Құдалықты ың-шыңсыз өткізіп, құдаларын аман-есен шығарып салған Шәйім кемпір арқасынан бір жүгінің түскенін сезініп "уһ" деп жеңілейіп алды да: 
− Әкел жынды суларыңды, барлық кемпірлерге құйыңдар! − деп бұйрық беріп тастады. Мас болған кәрі атаулы улап-шулап өлең айтты. Одан да шаршады. Кезек ауылдың "пыш-пыш" өсегіне тигенде, ең бірінші нысанаға ілінген осы қара кемпір болды. 
− Әй, қара кемпір, сенің ана жалғыз қызың әлгі көрші ауылдағы жетім жігітке байға тиіпті деп есіттік. Содан бері алдыңа өздері ғана сопайып келіп кетті дейді. Сонда сенің құдаң да, құдағиың да, күйеу балаң да сол жетімек пе? − деп, шағыр көз, бүкір бел Ғайша бұған тесіле қарады. Ішкен арағының буы бойына тарап, мына сөзді естігеннен кейін "бұрқ" еткен ашуы бетіне білініп, түксие қалған қара кемпір: 
− Е, заман өзгерген сайын сол қыздарың бізді тыңдаудан да қалған жоқ па? − деп ақталғандай болды. 
− Өз қызы өз шешесін тыңдамау деген не масқара, ондай албастының шашын уыстап жүлу керек қой! Неге байынан ажыратып алмайсың, жетім күйеу балаң болғанша, оның байсыз отырғаны он есе артық емес пе? − деп, қалың кемпір бүған дүрсе қоя берді. 
− Ертең сол сайқалды байынан бөліп әкелмесем, шешесі болмай кетейін, − деп, ашуланған қара кемпірге олар басу айтудың орнына: 
− Сөйт, сөйт, сенің қызың сұраусыз жатқан зат емес қой, − деп, өрттің үстіне одан ары май құйды. 
Әңгіме одан ары басқа тақырыпқа ауып кете барды. Бірақ қара кемпір өзінің қызына қатысты әңгімеге араласқан Ғайшаның ішінде бір есеп жатқанын сезген жоқ. 
Ғайшаның кіші қызы қара кемпірдің күйеу баласы Қадырды сыртынан көріп ұнатып қалады. Жастайынан шешесінен еш сыр жасырмай айта беретін қызы Ғайшаға өзінің жағдайын мәлім еткен. Ал Қадыр болса Нағимаға сөз салып, ақыры соны алып тынды. Бұның кіші қызына көз қырын да салмады. Қызының талай түндерді ұйықтамай жылаумен өткізгенін көргенде, Ғайша Қадырға деген ызадан жарылып өле жаздайтын. Содан бастап ішінде бір кек пайда болды. Шәйім кемпірдің құдалығында қара кемпірдің қызы мен жетім күйеу баласына қатысты әңгіме болғанда да осы Ғайша шоқтың көрігін одан әрі үрлей түскен еді. 
...Ызғырық жел күшейіп, бойының суына бастағанын сезінген қара кемпір үйге тез жетудің қамын ойлап, қызына: 
− Жотаны айналып, үш қырқадан асып түссек, екі сағаттың айналасында жетіп барамыз, сен қалай қарайсың? − деді. 
− Маған бәрібір, өзіңіз біліңіз. − Бар есіл-дерті баласын үсітіп алмау болып келе жатқан Нағима шешесіне құлықсыздау жауап берді. 
Қыстың күні көрші жатқан екі ауылдың арасындағы байланыстар үзіледі. Бірен саран адамдар атпен қатынағаны болмаса, көлік атаулы мүлде тоқтайды. Жаяу-жалпы жүрген адамдардың өзі қара жолды жағалап әрең жететін. Екі ауылдың ортасын бөліп жатқан үш жотаны асып келе салуға да болады. Онда жолға тіпті аз уақыт жұмсалады. Бірақ жоталардың арасында қасқыр өріп жүретіндіктен, аса қауіпті. Топ аттылар ғана осы жоталарды кесіп өтіп қатынайды. Ал жалғыз әрі жаяу-жалпы адамдар өліп кетсе де тобылғысы мен тораңғысы қалың сай-жыралардан өтуге бел буған емес. 
Қара кемпір осының бәрін ойлап келе жатса да, әлі бойынан арыла қоймаған түндегі тентек судың буынан өзіне-өзі "тәуекел" деп қойды. Бар жан-тәнімен сәбиіне езіле қарап, қайғысы сәбиін аман-есен жылы үйге жеткізу болып бұның соңынан ентіге басып келе жатқан Нағимаға бұрылып та қарамай, сылти басып кетіп барады. 
Екі жотаның калың тобылғысы мен тораңғысын, әр жерге топтаса өскен шиі мен кендір қурайын басып өтіп, енді соңғы жотаға іліне бергенде, ұлыған қасқыр дауысы екеуін еріксіз арт жаққа жалт қаратты. Аяқ-қолы дір етіп, артына шошына қараған қара кемпір екінші жотаның басында шоңқайып отырған қасқырға көзі түсті. "А, Құдай, сақтай гөр!" − деп, қара кемпір енді шынымен-ақ қорқа бастады. Артына карап мелшиіп, үнсіз қалған қызының қолынан жұлқа тартып, ақырғы жотаның төбесіне қарай жүгіре жөнелді. Төбенің басына зорыға шығып, қызына байқатпай төменге көз тастап үлгерген қара кемпір қасқырдың етекке ілінгенін көрді. Нағимада ес жоқ. Құп-қу болып бозарып кеткен түрінен адам шошырлық. 
Бұлар етекке ентіге жеткенде, алдарынан ауылдың ағаш басқан қарасы да көрінді. Бірақ бұл кезде қасқыр да тым таяу қалған. Өмір мен өлім, ар мен ажал бетпе-бет кездесе кеткендей. Енді үшеуінің біреуі мына қасқырға жем болуы керектігін сұм дүние аңғартып-ақ тұр. Қасқыр жақындаған сайын етектеріне сүріне-қабына, аяқтарының тиген жеріндегі қарларды жан-жаққа шашырата, арт жақтарына әлсін-өлсін қарап қойып жанұшыра жүгіріп келе жатқан екеуі қайта-қайта қалың қарға құлай берді. 
Қасқырдың біреуін жемтік етпей тынбайтынын жан дүниесімен түйсінген қара кемпір енді кім қалу керектігін саралай бастады. "Өзім қалайын ба?" − деген ойға ішінен біреу, "жо-жоқ, атай көрме!" − деп жауап берді. Әлде Нағима ма? Әлде... әлде... 
* * * 
Бұлардың соңынан қалмай келе жатқан бүкіл қойшы атаулы "Зуыл" деп атап кеткен қаншық қасқыр еді. Ауылдың малына қырғидай тиетін жеті қасқырдың басшысы − осы Зуыл. Жетеуі бас қосса бұлар алмайтын қамал жоқ. Екі ауылдың ортасындағы үш төбені осы жетеуі билейді. Жорыққа аттанар алдында бәрі ортаңғы төбенің басына жиналып, дөңгелектене отырып, аспанға қарап ұзақ-ұзақ ұлитын. Содан кейін бәрі "кезекті жорықта қай бағытқа аттанамыз?" дегендей Зуылға қарайтын. 
Әдетте қасқыр екештердің жазылмаған заңында өз қарамағындағы жерлердің малына тиісу деген жоқ еді. Бірақ сол түні Зуыл алтауын ертіп тіке ауылға қарай тартты. Топ қасқырды көрген ауыл иттері үйшіктеріне тығылып, қыңсылай "жан сауға" тіледі. Талай қорадағы малға қыран құстай түйілген, "жеті қарақшы" деп аталған жеті қасқыр сол түні от ала жүгірген адамдардан қаймығып, ауылдан жылыстап шыға берді. Ит қосып айтақтап жүгірген жаяу жалпы, аттысы бар адамдар да бұлардан қалмайды. Әсіресе астына қара бесті мінген, қолында қайың шоқпар, жетегінде бойы бұлардан әлдеқайда биік "Сұңқар" деген қазанбас төбеті бар жігіттің жасындай жарқылдауы бұларға қатты тиді. 
Барлық қасқырды алдыға жіберіп, өзі ең соңынан жүгіріп келе жатқан арлан қасқыр өзінің құрбандыққа ұшырайтынын білген жоқ. Қапталдаса келіп, тамағынан "кірш" еткізіп тісін қадаған Сұңқар арланды өзіне қарай тартып қалды да, бойынан асыра жерге алып ұрды. Төрт аяғы көкке қараған арланның тамағын екі-үш рет күтірлетіп шайнап қоя берді де, қалған қасқырлардың соңына түсті. Тамағы қырылдап, орнынан тәлтіректей тұрған арлан қара бестіге мінген шомбал қара жігіттің қайың шоқпарына тап болды. Құлаштай ұрған шоқпар арланның бас сүйегін сындырып жіберді. Ыр етіп даусы шыққан арлан тұрған орнына қайта құлады. 
Қалған қасқырлардың тура соңынан түспей, сол жақтағы жотаға қарай бұрылатындарын білген Сұңқар бұларға қапталдаса жүгіріп келеді. Енді жотаға қарай бұрылып қашып құтылмаса, кең жазықта бәрінің де терісі сыпырылатынын түйсінген топ алдындағы Зуыл солға қарай бұрыла берем дегенше, Сұңқар бұның артқы санын қауып түсті. Қиралаң етіп, артқа қарап Сұңқардың құлақ шекесіне азу тістерін қадамақшы болған Зуылдың "сақ" еткен тістері ауа қармады. Бірақ арт жақта жүгіріп келе жатқан бес бала арланның бірі Сұңқармен алыса кетті. Сол сәтті пайдаланып Зуыл зытып отырды. 
Өзінің апанына зорға жеткен Зуыл көп уақыт бойы қалған қасқырларды тосты. Бірақ бірде-біреуі келген жоқ. Сұңқардың бір өзі үлкен арлан мен екі балаң арланды жайратқан. Қалған үшеуі қатарласа атылған бес мылтықтың оғынан ұшты. 
Жұлынып түскен сан етінен аққан қанды жалай-жалай Зуыл таңды көзбен атырды. Алтауының да енді келмесін сезген қаншық апан ішінен күні бойы шықпай жатты. Тек бүгін ғана шұрқыраған қарнына тіске басарлық бірдеме іздеп шыққан ол өздерінің қас жауы − мына екі адам баласын көрді... 
* * * 
Қаншық қасқыр енді бұларға тым тақай түсті. Үшеуінен басқа бейнебір төртінші жан иесі бар сияқты қара кемпір де жан-жағына алақ-жүлақ етіп қарай береді. Анда-санда ұйытқи соққан сар шұнақ аяқ да кемпірдің құлағына "Төріңнен көрің жуық. Қал, қал!" − деп сыбырлап жатқан сияқты. Бірақ кара кемпірдің бұған тәуекелі жетпеді. Тақап қалған қасқырға кімнің жем болғысы келсін. Дереу үстіндегі қара тонын шешіп артқа қарай лақтырған қара кемпір аз уақытта тонының дырт-дырт етіп айырылғанын естіді. Бұл кезде әбден әлсіреген байқұс Нағиманың есі кіресілі-шығасылы еді. Кішкене Шәмілін кеудесіне тас қып қысқан күйі шешесінің қолынан ұстап жүруге ғана жарап тұр. Қос құлағы тарс бітіп, көзінің алды тұманданып кеткен. Сол тұманның ішінде Қадыр екеуі бірін-бірі таппай адасып жүрген сияқты ма, қалай өзі? 
Екеуінің де дүрсілдей соққан жүректері алқымдарына тірелді. Тек қамсыз ұйықтап жатқан Шәміл ғана еш жамандықты сезінбей бейкүнә жатыр. Қара тонды қақ айырған қаншық бұлардың соңынан ызалана ұмтылды. Енді қашып құтылмасына анық көзі жеткен қара кемпір шапшаң қимылдап, Нағиманың қолындағы Шәмілді жұлып алып, шоқ шидің түбіне тастай салды... 
Тілі байланып, өн бойын билеген қорқыныштан дір-дір етіп, баласына деген мейірім мен аналық махаббаттан арыла алмай, екі көзге ерік берген Нағиманың қолынан жұлқылап: "Жүр, жүр, басың аман болса әлі талайын туып аларсың, тағдырдың маңдайыңа жазғаны осы шығар", − деп, сүйрелей айтқан шешесінің сөздерін қызы естімеді. 
Алға қарай ентіге басып біраз жер жүрген кезде, қара кемпірдің құлағына Шәмілдің ақырғы мәрте "шыр" етіп шыңғырған даусы шалынды. Баласының соңғы даусын естіген Нағиманың ішкі жан дүниесі астаң-кестең болды. Жауыз қасқырдың баласын ары-бері жұлмалап, қызыл қанын ақ көбік қарға атқылатып жатқанын көрді. Бұл сәтте Нағима шешесінің қатты сүйрелеп келе жатқанына қарамастан, артына қарап үлгірген еді. 
Ішкі дүниесі мен санасының сан түпкірін шарлаған даладағы ызғырық желден әлдеқайда артық дүлей дауыл кенет кілт тоқтады. Ештеңе болмағандай, бәрі тыныштық күйге ауысты. Кенеттен қарқылдап күліп жіберген қызына қара кемпір жалт қарады. Даладағы дүрбелеңді көзімен көрген жас келіншек жынданып кетті...
Етектеріне сүріне-қабына, алқынып жеткен қызы мен кемпірін көрген Дүтбай ақсақал ештеңе түсінген жоқ. 
− Оу, мына жүрістерің не? Сен неге аязды күні қызыңды жас қозыдай жетелеп жүрсің? − Енді ақсақал жүзін көздері шарасынан шыға жаздап бақырайып, түк естімей меңіреу болып түрған қызына бұрды да: 
− Сендерге не жын көрінді, айтсаңдаршы?! Қадыр қайда? Шәміл қайда?, − деді. 
− Шәмілді... Шәмілді... ана жақта... қасқыр... 
− Не, не дейсің көк соққан неме?! − деп Дүтбай қолындағы өрім қамшымен кемпірін бастап бір тартты да, атына қарай жүгірді. Қара кемпірдің бетінен бұрқ ете түскен қызыл қан төмен қарай жылжып түсе берді. Өзінің не істегенін енді түсінгендей, қара кемпір де мәңгіріп тұрып қалды. 
Әкесінің мылтығын ала сала ерттеулі тұрған қара айғырға қарғып мініп, сыртқа қарай шаба жөнелгеніне алғашқыда түсінбей қалған Сәлім бір сұмдықтың болғанын сезді. Үйге кіре сала екінші қосауызды алып, қорада тұрған байталға жайдақ мінген Сәлім әкесінің артынан ілесе шапты. Ауылдан жарты шақырым ұзап шыға бергенде, қарауытқан қасқырдың сұлбасы да көрінді. Бұл кезде аттың дүбірінен жалт етіп басын көтерген қаншық Зуыл екі аттының өзіне қарай шауып келе жатқанын көрді. Асын тастап, жотаға қарай тікесінен тартты. Сәлім мен Дүтбай қаншық қасқырды бір сәтте нысанаға алды. Гүрс етіп атылған қос мылтықтың үні тып-тыныш тұрған кең даланы жаңғырта естілді. Әкелі-балалы болып қосарланып атқан екі оқтың бірі ғана қаншық қасқыр Зуылдың алдыңғы аяғына тиді. Сай сүйегін сырқыратып жіберген оқтың алдыңғы аяғын жарамсыз етіп тастағанын сезінген Зуыл: "Енді қашқаннан пайда жоқ, одан да алысып өлейін" дегендей, артына бұрылып, өзіне қарай шауып келе жатқан шомбал қара жігітке қарсы қиралаңдай ұмтылды. Қосауызын қайта оқтап үлгерген Сәлім өзіне қарсы ұмтыла жүгірген қаншықты дәл бастан көздеп басып қалды. Еш оғын шығын қылмайтын Сәлім қасқырдың басының күлпаршасын шығарды. Қаншықтың денесінің жансыз қалғанын көргенде барып, атының басын кері бұрды. Өзімен қатарласа, шауып келе жатқан әкесінің аттан аударылып түсіп қалғанын, бірдей атылған қос мылтықтың көк түтінінен байқамаған екен. Артына бұрылғаңда барып, әкесінің жерде сұлап жатқанын көрді. 
Баласы екеуі қасқырды бірдей нысанаға алып ата берген кезінде Дүтбайдың көзі қызыл қанға боялып жатқан ақ көрпеге түсті де, жүрегі шымыр ете қалды. Қолы сәл қозғалып кетті де, шүріппені басып жіберді. Оғының дәл тимегенін білген Дүтбай мылтығын қайтадан оқтай бергенде, топ боп өскен ши түбінде жатқан немересі Шәмілдің басын көрді. Зырқ еткен жүрегі бұлқынып барып тынышталды... Жансыз дене аттан аударылып түсе берді... 
* * * 
Әкесінің өлі денесін атына артып, жиені Шәмілдің бассыз сүйегін ақ көрпесіне орап көтеріп, дауыс салып жылап келген Сәлім Нағиманың жылы 
пеш түбінде әр нәрсеге бір қарап сықылықтай күліп отырғанын көргенде есінен ауа жаздады. 
Әкесінің не себепті жан тапсырғанын Сәлім біле алмай дал болды. Өйткені, бұл кері бұрылып келгенше, қара айғыр шегіншектеп жүріп, жерде жатқан Шәмілдің басын ши түбіне қарай теуіп жіберген. 
Қайын атасының дүние салғанын естіртпек болып Қадырдың үйіне барған Сәлімнің көршісі, Нағимамен он бір жыл бірге оқыған Жаныс ол жақтан да «қаралы хабар» әкелді. Үйінің есігінде қара құлып тұрғанын көріп, атын қораға кіргізіп байлап, көршілердің біріне айтып шықпақшы болған Жаныс қораның есігін ашқаны сол еді, аты үріккендей сыңай танытып, бұның қолындағы жүгенді жұлқи жөнелді. Денесі селк ете түскен Жаныс алдында бойы ұзарып кеткен өлі денені көрді. Асылып тұрған өліктің аяғының астында алақандай қағаз жатыр. Қағазда: "Сен сияқты жетімге қызымды бергенше оны байсыз ұстап отырғаным артық. Мен қызымды әкесінің шақыртуымен алып кеттім. Артынан іздеп келмей-ақ қой. Зағипа", − деген жазулар бар болатын. Сол жазулар жас жігіттің өліміне тікелей себепкер және жалғыз куәгер еді. 
Дүтбай қайтыс болған күннің ертесі жоғалған Нағиманы іздеп кеткен бір топ атты адам оны баяғы ши түбінен тауып алды. Аязда сіресіп қатып қалған өлі мәйіт жас нәрестенің басын құшақтаған күйі құлапты. 
"Шәмілім, Шәмілім!" − деп, түсінен шошып оянған Нағима ешкімге байқатпай үйден жалаң киіммен түнде шығып кеткен. Содан қатыгез шешесінің баласын қолынан жұлып алып, ши түбіне тастап кеткені есіне түсіп: "Шәмілім үсіп қалатын болды-ау" − деп, жанұшыра солай қарай жүгірген. Қан-қан болған қарды көріп, өзінің шашын жұлып, бетін тырнаған Нағима ши түбінде жатқан Шәмілдің басын құшақтап өкіре құлады... 
Үйіне үшінші өлікті алып кіргенде, қара кемпір әзәзіл ұсынған харам судың әсерінен өсек сөзге еріп, қиянатқа барғанын түсінді. Елден жырақталып, төргі үйдегі сандықтан жарамсыз болып қалған екі-үш домалақ дәріні, оның артынан тағы да уақыты баяғыда өтіп кеткен екі сүйық дәріні ішіп алды. Орнынан тәлтіректей көтеріліп, ыдыс-аяқ тұратын серванттағы сірке қышқылын түгелдей жұтты. Ішінің күйіп бара жатқанын ғана сезген қара кемпір жанындағы кереуетке етбетінен құлай кетті. Содан кейін қайтып тұрған жоқ. 
Қызғанышпен айтылған бір ауыз сөзден үйлі жандардың тегістей о дүниелік болатынын шағыр көз Ғайша білді ме? 
...Айналаны нұрға бөлеп тұрған ақ күнді қара пиғылды қиянат түні жеңіп келе жатқандай... 

Дархан Бейсенбекұлы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға