Жер сағыз
1
Есігі енді жабыла берген лифтіге кіріп үлгермейтін болғандықтан қолымдағы қара былғары сөмкемді көлденеңінен аузына қыстыра қойдым. Роликтерімен жәй ғана сырғи жабылып келе жатқан есік менің сөмкеме тірелді де кері қарай серпілді. Үһ, кіріп үлгердім-ау, әйтеуір. Өзі жетімдер үйінде өскендіктен бе, әлде жалтыр бас атамның құрған мемлекетінің кезіндегі шолақбелсендісі болғандықтан ба, аудиторияға кіре сала сабағын «құдай жоқ, оны бар деп менің басымды қатырмай-ақ қойыңдар. Ал егер ол бар болса неге шешендерге тәуелсіздік алып бермейді? Шешендер де мұсыламандар ғой...» деп бастайтын атеис философтың кезекті мылжыңын тыңдағым келмей қашып шыққам. Енді артымнан қуып шықса да таба алмайды.
Жанымдағы қыз маған қарайды. Мен артыма қарадым. Лифт ішінде екеуміз ғана. А, енді түсіндім, бұл қыз маған сізге қай қабат керек деп тұр екен ғой. Дөңгелек түймешенің ішіндегі «1» деген саны бар өзіме керекті қабаттың белгісін бастым. Өзім сияқты инженерлердің қолынан жасалған тіл алғыш көлік орнынан қозғалды. Тоғызыншы қабаттан төмен қарай құлдилаған тасымал көлігі жетіншге келгенде кілт тоқтады. Айтпақшы, біздің университетегі оң жақта орналасқан лифтілер тақ санға, сол жақтағылары жұп санды қабаттарға қызмет көрсетеді. Мен оң жақтағы лифтімен төменге түсіп келе жатқам. Сондықтан ғой жетіншіге келіп тоқтап тұрғанымыз. Бұл жерден Нью-Иорк ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, мен осымен тоқтай қояйын, әйтпесе, бұл кісінің атақ-дәрежесі бір парақты толтыруға жетеді, өзіме екінші курста «теориялық механикадан» дәріс берген Абибулла Төреқожа ағам кірді. Жаным қалмай елпілдеп амандастым. «Өй, қырғыз жағдай қалай?», − деді ағам ұсынған қолымды аса бір үлкен ыждаһаттылықпен қысып. «Жақсы аға, шүкір», − дедім. Күнде көріп жүрген оқымысты адамдардың ішіндегі болмысы мен бітімі бөлек ерекше жан еді. Әрине, мен үшін. Мен бағалайтын бұл кісінің бойындағы адамгершілік қасиеті. Және де мен бұл кісінің «төрені» және «қожаны» біріктірген тегіне таң қалатынмын. Жаны тым нәзік. «Қазақ қашан да сұлулыққа құмар келеді. Өздерін қоршаған тірі табиғаттың сұлулығынан нәр алып өскен халықтың жаны әрдайым таза болады. Ал жанның тазалығы − бұл кез-келген нәрсенің сұлулығын қалап тұрады» деген сөзі әлі есімде. Сіз білмейсіз ғой, менің бұл кісімен таныстығым да және «қырғыз» аталуым да өте қызықты басталған. Айтпақшы жейдесінің жеңінде түйме орнына әдемі ғана келген темір қыстырғыш жүретін де осы Абибулла ағай болатын.
...Бірінші курсты бітіріп, «перваш» деген аттан құтылып, ауылдағы әке-шешенің сары майдай сақтап отырған бар тәттісін таңдап жеп, күздегі басталған сабаққа қайта оралған кезіміз. Осыдан дәл бір жыл бұрын ғана өзіміздің аудиторияны таппай, оқу ғимараттарын шатастырып жүргеніміз есімізден шығып, тарс ұмыт болған. Бізден жөн сұрап, жан-жақтарына жалтақтай қарап, бір қорадан өрген қозыдай болып адасып, іркес-тіркес жүрген бірінші курстың студенттеріне қарап ой күлеміз-ау. Оның үстіне бір-бірімізді көрмегенімізге үш айдай ғана болса да кәдімгідей сағынысып қалыппыз. Группаластарымызбен шұрқырасып табысып жатырмыз. «Сабақ кестесін алдыңдар ма?», − дейміз сағынышты мауқымыз басылғасын, дәп бір айта қойса, жапырып оқып тастайтындай. «Термех» деген сабақ болады екен деп жауап береді старостамыз талдықорғандық Әсел. «Е, староста, тышқан ұста, қалың қалай, мен сені көрмей қалыппын ғой», − дейді осы кезде арт жақта екі қолды сермеп қойып, өзінің ала жаздай Қоңырөлең тауларында мал баққанын, жатып алып сапыра қымыз ішкенін басқаларға ертегідей баяндап тұрған Нұрқанат. Қойшы сонымен, не керек, оныншы қабаттағы жаңа сабақ өтетін аудиторияға бардық. Сабақтың басталуына әлі бірталай уақыт бар. Біздің қыздар, қыздар дегенге көп екен деп қалмаңыз, группада жиырма жігіт болса, маңдайға бұйырған екі тал ғана қызымыз бар. «Тұқымдыққа сақтап жүрміз», − деп қалжыңдаймыз оларға. Сол екеуі бірге отырып алып, қызықтарын айтып тауыса алмауда. Гауһар да қарапайым ғой, Әселге осы жазда бір жігітпен танысқанын, оның сондай әдемі екендігін, көрсе көз қызығарлық екенін анасы ұл тапқандай қуанышты сезіммен жеткізуде. Қол күрестіруден тобымыздың чемпионы болған Рауан мен Рустамбек бір-бірін сынап көрмекке тағы да жекпе-жек ұйымдастыруда. Бұндай бәсекені көрсе қаны шыдап тұра алмайтын мақаншылық Дәурен менің тетелес бауырым Думанды шақырады. Ал, сосын, у-шу басталады. «Давай Рауан! Рустам берілме! Думан бас! Дәурен кистың майысып кетті!», − деген қолдаулар мен қолпаштаулар тар бөлменің ішін жаңғыртып алып кетеді. «Сәлеметсіздер ме балалар!», − деген профессордың сөзін елейтін ешкім жоқ. Бәрі қызу. Дауыс естілген жаққа бір жалт етіп қарап алады да қайтадан шуға басады. Бейне ол жақтан адам емес, тек дауыстың өзі ғана шықан сияқты. Оның қашан кіріп келгенін де ешкім байқамаған. Сосын Абибулла аға қолындағы бормен үстелдің үстін ақырын ғана тықылдатады. «Балалар орындарыңа отырыңдар, сабақты бастаймыз», − дейді. Біздің жігіттер сонда ғана барып, «а, сабақ беретін оқытушы сіз бе едіңіз?» дегендей орындарына барып жайғаса бастайды. Бір-бірін ала алмай, қолдарының сіңірі тартылып қалған төртеуі «кейін күрестіреміз» деп тарқасады.
Өзін толықтай таныстырып болған профессор енді бізді түгендей бастайды. Әр фамилияны атаған сайын оның қай жақтан екенін, аты-жөнінің дұрыс, дұрыс еместігін мұқият қадағалап отырады екен. Кезек Олжасқа келген. «Джуматаев», − деді. «Мен!», − деп Олжас орнынан атып тұрды. «Неге фамилияңды дұрыстамағансың? Кеңестік кезеңнің келмеске кеткеніне қанша уақыт болды, сен әлі тегіңді дұрыстай алмай жүрсің! Масқара емес пе!», − дейді Абибулла ағамыз. Менің ішім қылп ете түсті. «Мәссаған, мен не айтам?» Себебі, менің фамилиям «Эрбекеев» қой. Сол құрып кеткір келмеске кеткен кезеңіңіздің салқыны бізге де тиген. Құжат жөндеу дегенге жоқ менің ата-анам кезінде оған аса мән бере қоймаған ғой, шамасы, менің туылғаныма қуанып жүріп. Орыстар өз білгенімен жаза салған. Ес білген кезде төлқұжатты өзім жүгіріп жүріп жасатқам. Бірақ «туу туралы куәлікте» «Эрбекеев» болып кеткесін оны түзету қиынның қиыны екен. Төлқұжат беретін мекемедегілер өздерінің де жұмыстарының көбейіп кететіндігін ойлаған болуы керек, менің басымнан сипап, «әзірге осы фамилиямен жүре бер. Кейін 25-ке толғанда екінші мәрте құжат аласың, мүмкіндігін болса сол кезде ауыстырарсың», − деп шығарып салып еді. Кейде өзім дұрыстағым келіп «Ер БЕКЕ» деп жазып алам дәптерлеріме. Бірақ құжаттың аты құжат. Кезек ең соңында маған да келді. «Эрбекеев!». Мәнерлеп оқыды. Орнымнан сылбыр көтерілдім. «Мен». Шамасы дауысым да ақырын шықты-ау деймін. Өзімнен басқа ешкім естімеген сияқты. «Енді бұған не деп жауап берем? Маған да Олжас сияқты лекция оқитын болды ғой». «Сен өзі қазақсың ба?». Тосын сұрақ. Қуанып кеттім. Міне жауап! Санамды сансыратқан сұрақтың жауабы өзі келді алдыма. «Жоқ, ағай, қазақ емеспін», − дедім сөзді көбейтпейінші деген ниетпен. Дауысым жарқын. Ары қарай қазбалай түсетінін қайдан білейін. Орыныма отыра бергенімде: «Мынау көрші отырған қырғыз ағайындарда «э» деген әріпті көп қолданады. Сен қырғызсың емессің бе?», − десін ағайым. «Қырғызбын ба, әлде ұйғырмын ба, мүмкін дүнген, болмаса өзбек? Қайсысы жақын еді қанымызға?». Санаулы секундта қалпымды бірнеше ұлтқа теліп көрдім. «Иә, ағай, қырғызбын», − дедім амалсыз. «Қырғ-ы-ы-з-з!», − деп жалт қарасты маған бүкіл группаластарым. «Бір жыл бойы қазақ еместігіңді неге жасырып жүргенсің?», − деген айыптаулы жазуларды да кейбір көздерден оқып қалдым. «Жоқ, мен қырғыз емеспін, Суанның Солтанғұлымын», − десем енді ешкім сенбестей еді. «Мен Бішкектегі Ысқақ Разақов атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің құрметті профессорымын. Онда жақсы араласатын таныстарым да бар. Сен де Бішкектен шығарсың?». Айналатын жер қалмады. «Иә, Бішкектенмін», − дедім. Ішімнен «Жаркенттің Бішкекке жақындығы рас қой, кезінде бабаларымыз Ыстық көлдің жағасына дейін жайлап жатады деуші еді. Сонда Пішпектің де жерін басып өткен шығар», − деп өз-өзімді ақтап жатырмын. «Жақсы отыра ғой, қазақша таза сөйлейді екенсің. Әдетте қырғыздар біздің сөздерді сақауланып айтушы еді», − деді ағайым. Үһ, терім шығып кетті ғой бір фамилияның төркінін сөз қылам деп. «Жаңа атыңмен құттықтаймын!», − деді отыра бергенде жанымдағы Мәди. «Құрышы қалпақ!», − деп қолын қағып жібердім. Ол расымен-ақ Кербұлақтағы Шоқан ауылының қарақалпағы еді. Сондықтан оны «Қалпақ», өскеменнің таза найманы − Әнуарды «Қалмақ», тараздың тарланбозы − қара Дәуренді «Моңғол» деп атап кеткенбіз. «Қатарымызға қосылуыңмен! Сенің жаңа есіміңді жуу керек», − деді алдымда отырған Әнуар қыпша белін майыстыра бұрылып. «Жоғал ей, қалмақ!». Жұдырығыммен арқасынан түйіп кеп жібердім. «Ей, қырғыз!», − деді моңғол Дәурен. Жалт қарадым. «Қырғыз десем қарайды. Кличкаңа құлағың да үйренейін депті ғой», − деді. Группадағылар ду ете түсті. Қойшы, сонымен, осы Абибулла ағамның арқасында жаңа лақап атқа ие болып, бір «жетісіп» қалғандығым бар еді.
− Үй-ішің аман ба?, − деді ол кісі есік жабылып, лифт жетіншіден қозғала бергенде.
− Аман-есен аға.
− Өзің қалайсың?
− Қалай дейтін несі бар аға, шайтан шиырып берген ойымды санамның сүзгісінен өткізе алмай сандалып жүр емеспін бе, − дедім.
− Өй, сен өзі таза қазақша сөйлейтін болыпсың ғой.
− (Енді таза қазақ болсам қазақша сөйлемей қайтем! Қырғыздың «айылы» мен «чоңынан» басқа сөз де білмеймін.)
− Қай курс болдыңдар?
− Төртіншідеміз ғой, аға.
− А-а-а, осы сенің фамилияң қандай еді?, − деді ол кісі көзіндегі жарасымды тұрған әдемі көзілдірігін түзеп қойып.
− Сіз сабақ бергенде Эрбекеев болатын, қазір әкемнің атына өзгеріп кетті.
− Е, неге? Әп-әдемі фамилияң бар емес пе еді...
− Сол фамилия менің қырғыздығымды әйгілеп тұратын сияқты. Ал «Бейсенбекұлы» болсам қырғыздығымнан алшақтай түсетін сияқтымын.
− Қырғыздығыңнан неге қашып жүрсің? Әнеубір көтеріліске бола ма?
− Жоғ-а, аға, қызықсыз ғой, мен таза қазақ болсам ба деп жүрмін. − Өтірік бұртия қалдым.
Абибулла ағам мұнымды қалжың деп түсінсе керек.
− Әй, Эрбекеев, әлі қылжағыңды қоймапсың ғой, − деді. Сол баяғыдай фамилиямды атаған тұста дауысы ерекше бір тонға ауысады. Құлаққа жағымды естіледі екен. − Бірақ, − деді ол кісі, − осы менің түйсігім алдамаса сен түптің-түбі бір жерді тесіп шығатын азамат болатын сияқтысың.
− Ия, дұрыс айтасыз аға, осы «машфакты» бітіргенше мұғалімдердің миын езіп, төзімін тесіп шығармын, сірә.
− Әй, Эрбекеев-ай. − Ол кісі менің басымнан ақырын ғана сипады. Мейірімі төгіліп тұратын иман жүзі тым нұрлы екен. Он ақылдыдан бір мейірімді артық деген рас екен-ау деп ойлап қоям ішімнен. − Жақында Бішкекке барам. Сонда бір жігіт докторлық қорғайтын еді. Мен соның жетекшісімін. Бармайсың ба сен?
− Жоқ, аға, сабақтамын ғой.
Лифт бесінші қабатқа тоқтағанда Абибулла ағам:
− Ал, жақсы, сау бола ғой, − деді. − Балаларға айт, сабақтарын жақсы оқысын. Ертеңгі күні өндіріске барғанда біздің берген білімімізге шек келтіріп жүрмесін. Өздерімен қоса біздің де абыройды ойласын.
− Жақсы аға, жеткізейін сәлеміңізді.
Ол кісі менің қолымды тағы да аса үлкен ыждаһаттылықпен қысты. Ол кісінің бұл әрекетін үлкен ғалымның өзіме көрсеткен ерекше құрметі деп түсінген мен оның да қолын қысып-қысып қойдым. Ол кісі менің бетіме мейірлене бір қарап қойды да сыртқа қарай беттеді...
2
Абибулла ағам сыртқа шығып кеткесін бесінші қабатта лифт күтіп тұрған талдырмаш келген ақ-сары өңді қыз ішке енді. Мен оған арқамды беріп тұрғам. Бірақ қабырғадағы үлкен айнадан бәрін көріп тұрмын. Көріп қана тұрғам жоқ, ашқарақ көзімнің жанарымен ішіп-жеп барам. «Түу, көзде де ұят жоқ». Ішкі ойым болса да көзімнің онымен санасатын түрі көрінбейді. Қасын әдемлеп қана сүрмелеп қиыпты. Қап-қара қой көздерінің магниті бар сияқты, өзіне еріксіз тартып тұратын түпсіз тұңғиық. Кірпіктері ұзын екен. Оны жақсылап тұрып тәртіпке келтіре екі жаққа қайқайтып, қайырып қойыпты. Аяғындағы қызыл етікке сәйкестендіріп алған-ау деп ойладым, қолынағы сөмкесі етігімен түстес болып, өзінше бір жарасым тауып тұр. Тізесінен сәл төменге барып тұйықтала тоқтаған қара джинсы шалбар, үстінде шолақ жеңді кофта. Шамасы, бәрін түгендеп болдым ғой деймін. Бет-бейнесіне тағы да тоқтала қарадым. Әдемілеп боялған астыңғы ернінің сол жақ езуінде қалы бар екен. Дөңгелек жүзді.
Өмірімде қал көрмегендей әлгі қыздың астыңғы ерніндегі қалға қайта қадала қарадым. Айнадан әрине. Үңіле қарағаным соншалық, тіпті көзілдірігім де айнамен екі-үш мәрте «сүйісіп» қалды.
Ұқсаттым. Ұқсатқам жоқ, таныдым. Сол астыңғы еріннен орын тепкен қал арқылы. Егер де құдай тағала сол қыздың екінші көшірмесін ксерокс аппаратынан бастырып шығармаса (ондай құдірет Аллада ғана бар-ау шамасы) мынау сол қыз. Білдім. Білдім де дегбірсізденіп кеттім. «Сөйлеу керек. Сөйлеу емес, ақымақ, сұрау керек». Өзімді іштей қамшылап қойдым да тамағымды қырнап:
− Сіз, Шырын емессіз бе?, − дедім.
Жанымдағы тоғызыншы қабаттан мінген қыз күліп жіберді. Ал бесінші қабаттан отырған талдырмаш қызым маған қарап, кешіріңіздер маған емес, мен үңіліп тұрған айнаға қарап:
− Иә, мен Шырынмын, − деді.
Масқара. Ұяттан өртеніп кете жаздадым. Әлгі қыз әлі сықылықтап күліп тұр. Кенет лифт есігінің жоғарғы жағында орналасқан көп сандардың ішіндегі «3»-нөмірді иеленген түймешенің жарығы жанды да есік ашылды. Әлгі күлегеш қыз ішін басқан күйі сыртқа қарай атылды.
− Сіз менің атымды қайдан білесіз?
Мен әлі айнаға қарап тұрғам. Енді кері бұрылып қыздың жүзіне тіктеп қарадым. Өзгермепті. Сол баяғы қалпы. Көзінен іңкәрліктің самал лебі есіп тұратын баяғы Шырын. Оның адамды баурап әкететін дидарына қарап тұрып, сұрағына жауап беруді артық деп таптым. Осы шешімге келдім де дереу кастюмімнің төс қалтасынан «Орбит» сағызын алдым.
− Алақаныңызды ашыңыз.
Шырын оң қолын көтерді де алақанын жайды. Бірақ түсінбей тұрғандығын жүзінен аңғардым. «Мынауың жарым ба?», − деп ойлағаны кәдік. Сүйрік саусақтарды біріктіріп тұрған аппақ алақанға жастық тәрізді сағыздың бір данасын салдым да, сыртынан өзімнің қолыммен бүктіре қыстым. Шырын маған әлі де үркектей қарап тұр.
− Қазір қалтамда жер сағызы жоқ. Әзірше осыны ала ғой, − дедім.
Ол күліп жіберді. Әлемдегі барлық мөлдір тамшылардың сылдырлы тұнық үнін өзінің сыңғырлы қауызына сыйғызған әдемі күлкісімен...
3
Сіздерді қайдам, өз басым ең алғаш зауыттың жасап шығарған емес, далада өсетін жер сағызын шайнап едім. Бейқам жатқан Бұрхан даласын кесіп өтіп, ауылымыздың дәл іргесінен ағатын Арданың жағасында, одан сәл әрірек көктем мезгіліде тентек баладай долданып, жаз бен күзді моп-момақан ғана кейіппен өткізетін суы мөлдір Өссек өзенінің маңайында да мен айтып отырған жер сағызы қаптап өсуші еді. Бұл өсімдіктің атауы қандай екенін мен білмеймін. Білетінім, біздің ауылдың барлық баласының оны «жер сағыз» деп атайтындығы. Үйіміздегі үш-төрт Зеңгі бабаның ұрпағы қосылған паданы ауылдың басынан ғана күтіп алмай, Арданы жағалап, әкемнің әскерде бірге болған досы − Баратбай нағашымның үйіне дейінгі аралықта жер сағыз теретінмін. Өзі шөптесін өсімдік болғанымен кейбірі жұлынбай, адамды кәдімгідей әуреге салатын. Егер де оның собығын немесе бұталарын сындырып тастасаң да ертесі сол жерге қоп-қоңыр болып оның сүті ұйып қалатын еді. Бірақ оның қайсыбірін сындырып, ертеңге дейін күтіп отырасың. Ал тамырынан алынатын сағыз топырақпен араласқан, қиқым тастармен көмкерілген кейіпте шығатын. Оны өзен суына жуған болып аузымызға тықпыштайтынбыз. Топырақ пен тас қиқымын шайнай-шайнай сағыздың құрамынан «қуып» шыққасын ғана жер сағызымыз жөнге келетін. Кейде жер сағыздың қызығына түсіп алып жанымнан қаптап өткен сиырларды да байқамай қалушы едім. Негізі менікі сылтау. Біздің сиырлар алдынан күтіп алуды да қажет етпейтін. Өзінің күнде жүгері үгіндісінен жем жеп жүрген үйін сиырлардың ішіндегі ақымағының ақымағы да ұмытпайды. Падаға жаңадан қосылған тана-торпақтар ғана адасып кетеді демесең, мен ес білгелі падаға әкемнің айдауымен баратын үш сиырымыз кешке өздері-ақ өңкілдеп жетіп келетін.
Бірде сиырдың өрістен қайтуына әлі де біраз уақыт бар болғандықтан аңсарым ауып, бір шетінен үйдегі әпкелерімді қуантайын деген оймен Баратбай нағашымның үйін жағалап жүргем. Оның үстіне өзімнің де шайнай қоятын жер сағызым жоқ болғандықтан, есік алдында өсіп тұрған ерте пісетін шиенің түбіндегі кім әкеліп тастағаны белгісіз қара смоланы шайнай-шайнай тістерім қарайып кеткен-тұғын. Соның ызасынан жалпия өскен жер сағызын бырт-бырт жұлып жатырмын. Өсімдіктің тамырына жабыса біткен сағыздарды тазаламай қалтама тоғыта саламын. Егер де шайнағылары келсе өздері тазалап алар деген ой. Әпкелерімнің. Үшеуміз қосылып алып қара смоланы шықырлата шайнағанда анам сыпыртқысын ала жүгіруші еді. Біз тым-тырақай қашатынбыз. Қара да тұр, осыдан екі қалта қылып жер сағыз апарып, анама да бермесем... деген ой кейін мен смоланы шайнап жүргенде ұрыспайтын шығар деген есек дәмемнің төбесін көтеріп қояды. Осы ойым шабытыма шабыт қосып, жер сағызын жапырып келем. Бырт-бырт үзіледі.
Шұқшия үңіліп, жер сағызын теріп жатқам. Бірінші қалтам толды. Енді екіншісінің қарының қампайтсам, үш сиырды алдыға салып алып, ән айтып қайтуға болады үйге. Кенет дәл көзімнің алдына екі қызыл төпли келе қалды. Мен жерде отырған едім. Өзім солай ойлаймын, әсілінде жерде етпетінен жатқанмен бірдей еді. Өйткені кейбір сағыздар тамырмен бірге алынбайды. Түбінде қалып қояды. Енді топырақтың астында қалып қойған сағызды түрегеп тұрып шұқыламайсыз ғой. Тек отырып алып, егер де мен сияқты жанарыңыз нашар болса, онда тіпті жата түсесіз. Сөйтіп шыққысы келмеген жер сағызының желкесінен «суырып» алып отырғам. Екі қып-қызыл төпли көзіме оттай басылды. Ақырын басымды көтеріп қарадым. Мұнтаздай таза киініп алған сүйкімді қыз. Менің үстімдегі киімнің ұсқынын айтпай-ақ қояйын. Сізге де белгілі ғой, жерде аунап жатқан баланың киімінде қандай тазалықтың болатыны. Қарғып тұрдым да үсті-басымды қаққыштай бастадым. Дәп бір алдыма қалыңдығым келіп тұрғандай.
− Сен не істеп отырсың?, − деді қыз.
− Мен бе.., мен шұқылап.., ой, сағызды нетіп..., теріп. Жер сағыз. Ия, кәдімгі жер сағызын...
Мұғалімнің алдында бүйтіп қысылмайтын қасқаң, қыз алдында абдырап қалдым. Өзіміздің ауылдың қыздары болса ештеңе емес қой, бөтен қыз. Басқа ауылдікі болуы керек. Ұят-ай… Ұсқыныма қарап күлетін болды ғой...
− Маған да жер сағызын теріп берші, мен саған басқа сағыз беремін?, − деді осы кезде мені жаратқандай болып маңғаз тұрған қызыл төплилі қыз. Қызыл төплиін айта берді ғой демеңіз, мен байқұс сабаққа дайындалып келмеген баладай оның алдында белгісізден сүмірейіп қалғандықтан маған оның төплиі ғана көрініп тұр еді.
− Қандай сағыз?, − дедім мен оған. Басымды аздап көтере бастадым. Сірә, төмен қарап тұрғандығым киімімнің таза еместігіне ұялғандығым болса керек. Астыңғы ерінінің қалы көзіме оттай басылды.
− «Дональд».
− Ол қандай сағыз?
− Сен «Дональдті» білмейсің бе? − Ол маған қарсы сұрақ қойды.
− Білемін ғой, бірақ білгенде... не... сағыз.... − Өтірікті соғып жібергем. Басында айттым ғой, мен жер сағыздан басқаны көрмегем деп. А-а, тағы да қара смола бар екен ғой. Сағыз емес дейсіз бе? Сізге сағыз болмаса да маған сағыз болған бір кездері.
− Егер де сен маған жер сағызын теріп берсең, мен саған мына «Дональдті» берем. − Берем десе де ол маған сол сәтте «Дональдін» беріп тастаған еді. Әлде мен тағы да жабайылығыма басып, оның қолынан көз ілеспес жылдамдықпен жұлып алдым ба? Солай ғой деймін жобасы.
Сол күні мен үйге көңілді кірген едім. Бірақ екі әпкем мен анама сағыз таратып қуантамын деген ішкі уәдем ұмыт болған. Қалтамдағы бар жер сағызын беріп, оның маған берген «Дональдін» шайнап қайтқам.
− Балам-ау күні бойы қайда қаңғырып жүрсің? − Анам менен тамақ үстінде сұрады.
− Түстен кейін балалармен Өстенге шомылуға барғам.
− Осы түннің қараңғысына дейін суға түсіп жүрсіңдер ме? Жаныңда кім болды? Асхат екеуің бе?
− Ия, Асхат екеуміз шомылдық. Сосын қайтарда паданың алдынан тостым.
− Соқ өтірікті, Асхат бағана түстен кейін шешесі екеуі Көкталдағы туысқандарына кеткен.
«Мә, расыменен, бағана Асхат Нұрлан ағамның үйіне кетем жатыр еді ғой. Неге өтірік айттым?»
Мен анам сөйлеп жатқан кезде Шырынды ойлап отыр едім, сосын анамның не сұрағанына мән бермеппін. Өтірік айтайын деген ойымда болмаған, тек Шырын туралы тәтті қиялыма кедергі болмасыншы деп жауап бере салғам ғой.
− Сиылар сенің алдыңда бір сағат бұрын келіп алған, − деді анам табақтағы тамақты менің алдыма қарай қасығымен ысырып қойып.
− Бір сағат бұрын, қалай? Мен паданың алдынан шықтым ғой. Байтас ағаны да көрдім. Бүгін баласы Қуандық пада бағам деп сабаққа келмей қалып еді, өтірік екен, әкесі ғана бағып келіпті.
− Болды тамағыңды іше ғой. Тамақ ішіп жатқан кезде көп сөйлеме.
− Адамды көп сөйлетпес үшін көп сұрақты қоймау керек қой, − дедім ренжігендей болып.
− Сені бірдеңеге арандап қала ма деп қауіптенгем ғой, жаным. Байқап жүрші әйтеуір.
− Өзіміздің мүйізі жоқ тоқал сиырды да, сары дөнежінді де, қара құнажынды да көрдім ғой...
Анам мырс етіп күлді.
− Көрсең бопты енді. Тамақ суып қалатын болды тезірек ыстықтай жеп ал. Әкең де кешігіп кетті.
− Жоқ, енді неге сиырлар менен бір сағат бұрын ерте келді деп айтасыз?
Тілімді тістей қойдым. Анам естімегендей болып орнынан тұрып кетті. Мен бағана Шырынның жүгері көрсе шыдап тұра алмайтын қашаған сиырын айдап апарысқан екем ғой. Түу, ақымақ басым-ай, анамды босқа ренжітіп алыппын ғой. «Өзіңнің сиырыңды апарсаңшы», − деген Шырынға, «менің сиырларым ақылды, үйге өздері-ақ барады», − деп мақтанғаным енді есіме түсті. Мен оның сиырын айдап апарысып, ауылдың аяғында тұратын жолдасы соғыста қаза болған, қыздары мен ұлдары қарамай кеткен, кезінде Алматыдағы апарып тастаған қарттар үйінен қайтып келіп алған, содан бері жалғызбасты болып отырған Мүслімхан апаның үйіне келген қалалық қонақ қыз екенін біліп алғам. Айтпақшы қала болғанда, мынау іргедегі тиіп тұрған Жаркенттің емес, Алматының қызы.
Содан Шырын біздің ауылда бір жарым айдай болды. Осы уақыттың ішінде екеуміз бірге ойнайтынбыз. Мен оны ертіп алып Өстеннің суы таяздау жерлеріне апарып шомылдырам. Екеуміз бір-бірімізге су шашысамыз. Бұрынғы достарыммен көп араласа бермеймін. Шырынды да араластырмаймын. Мүмкін олардан қызғанатын шығармын. Ия, сөйтем. Кеш бата Баратбай нағашымның үйінің жанынан, Арданы жағалай жүріп жер сағыз тереміз. Мен жұлып алам, ол тамырдағы сағыздарды тереді. Қалтамызды сықтап алғасын сиырларды үйге айдап апарамыз. Мен көпше тұрде айтып жіберіппін ғой, дұрысы оның апасының жалғыз сиырын. Бір жарым ай көзді ашып-жұмғанша өтті де кетті. Сабақтың басталуына бір апта қалғанда Шырын маған ертең мамасының келетінін, сосын өзінің қалаға қайтатынын айтқан. Көңіл-күйім түсіп кетті. Тіпті сол сәт оны алып кетуге келетін анасын да жеккөріп кеттім. Бірақ амал жоқ. Сол күні мен үйге келіп, тамақ ішпеген бойда төсекке құлай кеткем.
Ертесі Мүслімхан апаның үйінің алдында шетелдің аппақ мәшинесі жарқырап тұрды. Мен сол үйді маңайлап жүргем. Шырын сыртқа шығып қалады ма деген дәме. Үстімдегі киімдерім тап-таза. Айтпақшы, Шырын келгелі бері мен таза киінетін болғам. Бір киген киімімді кешке әпкелеріме жуғызып алатынмын. Жоқ, болжамым алдамапты, бір уақытта Шырын әп-әдемі болып киініп, сыртқа шықты. Қуанып кеттім. Салып ұрып жанына жетіп бардым.
− Сен мені жақсы көресің бе?, − дедім салған жерден. Енді түні бойы дайындалып, бірнеше мәрте қайталап, әбден пысықтап алғам ғой. Сұрақты.
− Сен ше?, − деді ол. Менің құрған жоспарым бойынша ол маған сұрақ қоймауы керек еді.
− Мен... әрине.., мен... мен сені жақсы көрем.., − дедім.
− Мен де сені жақсы көрем.
− Мені ұмытып кетпейсің бе? − Түндегі дайындалған екінші сұрағым.
− Жоқ, ұмытпаймын. Келесі жазда тағы да келемін. Сен маған көп жер сағыз теріп қоясың ба?
− Терем, − дедім мен, − екі дорба қылып теріп қоям.
Ол тотыққан жүзімен күлімсірей қарады. Қаладан келгенде аппақ еді. Менімен бір жарым айы бойына суға шомылып, жер сағыз теріп, кәдімгі ауылдың қара қызы болып шыға келген.
− Қазірге менде «Дональд» жоқ. Әзірше осыны ала ғой, − деп оған бір дорба жер сағызын бердім. − Алматыға барғасын тазалап аларсың.
− Менің енді «Дональдті» шайнағым келмейді.
Мен оған жалт қарадым. Мына сөз маған «мен сені сүйемін» дегендей әсер етіп еді. Оны бас салып құшақтай алдым. Осы кезде үйдегілер сыртқа шығып келеді екен. Мен Шырынды құшағымнан босатып қоя бердім де ұялғанымнан қаша жөнелдім.
Содан қайтып Шырын біздің ауылға келген жоқ. Апасы сол қыста қайтыс болып кеткен. Ол кезде үлкен кісілер ғана келді. Мен олардың ішінен қанша шарқ ұрып іздесем де Шырынды көре алған жоқ едім. Бірақ та сол алтыншы сыныпқа баратын кездегі алғашқы сезімге деген сағынышым әлі күнге дейін көңілімнің түпкірінде сақтаулы. Талай мәрте ең құрығанда бір рет қана көрсем ғой деген тәтті қиялмен жастыққа бас қойғам.
4
Ол менің мойыныма асыла кетті. Мен де қуаныштан жарылып кетейін деп тұрғам. Қапсыра құшақтадым. Оның маған деген сағынышы мен сәруар сезімін көздерінен тамып жатқан жанарының жастары әйгілеп жатыр. Менің де көзіме жас келді. Сағыныштың, қуаныштың жасы.
− Сенсің бе?, − деді, − шыныменен сенсің бе? − Үнінде қуаныш пен шексіз бір бақыттың тынысы бар еді.
− Иә, менмін, Шырын, менмін...
Екеуміз қайтадан құшақтаса кеттік. Кеудеміздегі қос жүрек бірге соғып, асыл сезімдер кеңістікте тоғысып жатқандай.
Лифт тоқтады. Есіктің жоғарғы жағындағы «1» санындағы түймеше жанып, есік ашылды. Адамдар біздің шығуымызды күтіп тұр. Ал біздің құшағымыз жазылмайды...
...Мен расыменен-ақ жер сағызын сағындым. Сіз ше?..
Дархан Бейсенбекұлы