Текетірес
ТЕКЕТІРЕС
(Эссе)
Ес білген бала кезімнен өлеңге құмартып өстім, өсе келе қара өлеңнің құдіретін таныдым.
Өлең менің тағдырым екен. Соны ұқтым.
...Бірнәрсе қинағандай болған. Жүрегім аузыма тығылып, алқынып бара жаттым. Сана, түйсік, саусағымның ұштарына дейін белгісіз бір қимылға елтіп, қағаз бен қаламға қол соз деп тұрғандай болды. «Ә» дегеннен бас тартпақшы болғам. Білмеймін, әйтеуір ақын болғым келмеген. Еңкілдеп ұзақ жыладым. Басымнан сипап жанымда отырған жолдасым жүзіме мейірлене қарап: «өлең жаз» деді жай ғана. Мен бас шайқадым.
«Сен ақынсың ғой» деп тақымдап қояр емес. Долдана айқайлап жібердім: «Мен ақын емес, жай ғана әйелмін»... қайтадан көпшікке бас қойдым. Екі иығы селкілдеп жылап жатыр. Мен емес, менің ішіме қоныс тепкен бөтен біреу.
Ақыры болмады. Төсектен сүлдемді сүйрете тұрдым да, жұмыс үстеліне отырдым. Ашқарақ адамша бірден қағаз бен қаламға жармаса кеткем. Жыр төгіле берді. Мен не жазып отырғанымды білмеймін. Бар анығы – көз жасым шығара алмаған ішімдегі қорғасындай ауыр сезімді жыр жолдары ағыл да тегіл төгіп жатты.
Бұл Құдірет еді!
Жарымжан түн жаялығын төсесе,
Жыр-сәбиді құндақтап.
Менің мұңым ұлғаяды неше есе,
Бақытым да қымбаттап...
Патшасы өліп, иесіз қалған сарайдай,
Отырысым - өзге өлең.
Менің ессіз жанарыма қарайды Ай
Кісі өлтірер көзбенен.
Тірлік – осы. Амалым жоқ көнбеске,
Айға қарап таранам.
Қандай сорлы, һәм бақытты, өлмеске
Сеніп туған шарана...
***
...Сәбилі болдым. Дүниеге адам әкелдім. Бақыттымын ғой. Бірақ денем дел-сал, көңіл-күйім жоқ. Тағы да сол ауырлық. «Жоқ, - дедім өз-өзіме – мен ақын емес, анамын».
Болмайды екен. Жыр жазуым керек. Қаламымды қолыма ала бергенім сол, бесіктегі балам қыңқылдап оянып кетті. «Әлди-әлди» айтып отырмын. Ұлым жұбанып, ұйқыға бас қойды. Қалауын таппаған көңілім ғана жұбату күтетіндей. Төсектің шетіне қисая кеттім. Өлең жайына қалды.
***
...Айлы түн құлағыма сыбырлап кетті. Мен жыр-сәбиімді құндақтауға кірістім.
Неге екенін, айналамның бәрі маған мүсіркей қарайтындай сезілді. Тұрмыс тұтқынына ерте түскенімді бетіме салық қылатындай ма?
Жаным жарқын жақсылықты аңсап бір,
Кірпігімнен үзіледі моншақ құр.
Жалғанымның бетпердесін ашып ем,
Жан-жағымды аш бөрілер қоршап тұр...
Біле алмадым, өңім бе бұл, түсім бе,
Қарманамын қалың тұман ішінде.
Жалғыз жылап, үнсіз келе жатамын,
Сорқұдықтың суатынан ішуге...
Ішімдегі «таныс бейтаныс» бас көтергендей болды. Мен өмірге өзге көзбен қарауды үйрендім.
***
Өлеңге жалынбадым. Соған ерегісті ме, бейуақта келіп мазамды алатынды, алқымымнан қысып, тұншықтыратынды шығарды. Сонда да берілгім келмеген. Жоқ, дұрысы, ешкім оқымайтын, оқығысы келмейтін, себебі оқылмайтын өлең болудан қорыққам. Жанымдағы жыр жазамын деп өрекпіп, қиналып жүрген құрбыларыма ылғи берер кеңесім де осы болатын: «Сен өлеңге жалынба, өлең саған бас ұрсын».
***
Ақыры көндіктім. Жо-жоқ, тіріңде жазылмай қалған жыр көрде кеп қылғындырады екен... деген қауесетке иек артқаннан емес.
Күй-дастан шерткен күнімнің тарап кекілін,
Күнә мен кінә арқалай келді екіндім.
Әппақ жыр ерттеп сағымға сіңген ақбозым,
Түсіме енді. Егілдім.
Сіз сүйген күз де ашпады биыл қабағын,
Сарыарқа сазды самал жел жақтан сарнады үн.
Көзәйнегіме жұғыны тиген жауынның,
Тамшысын жаспен талмадым...
Тағы да еркімнен тыс бір құдірет қолымды қаламға апарды. Енді не болар екен?