Жаңалықтар

Көрші

- Ана самаурынның тогын былай-былай орап, беліне байлап қойса, жақсы болады. Әйтпесе тез бұзылады.  Мен саған айтып тұрмын ғой. Неге тыңдамайсың?  Шелегін қолына қыса ұстаған күйі мал қораға бет алған көрші апа өз-өзімен осылай сөйлесіп бара жататын. Тіпті айтпайтын әңгімесі жоқ. Қашан көрсең мәз, екі езуі екі құлағында. Ен даладағы екі үй сол кісінің айқайлап айтқан әңгімесі мен сақылдаған күлкісіне толып жатушы еді.  Бізге бәрі қызық. Ол кісінің қораға дейін қандай, сиыр сауып отырғанда қандай, мал жайғағанда қандай әңгіме айтатыны. Күнұзын жағы жабылмайды.  Кейде ата-әжеміз әлдеқайда кете қалса, бізді, балаларды, сол үйге аманаттап кететін. Көрші әжей де, оның екі қызы да балажан адамдар. Біз бара қалсақ, асты-үстімізге түсіп бәйек бола қалады. Ондайда әлгі апа сандығын ашып, ішінен ескі домбырасын шығаратын да, қолымызға ұстататын. Сосын біздің айтқан әнімізге риза қалыпта бір бұрышта мәз боп отырар еді. Арасында өз-өзін түртіп, сықылықтап күліп қояды. Сырт қараған жанға қорқынышты, бірақ кішкене кезімізден көріп өскесін бе, бізге әсер етпейтін.  Бәрінен қорқыныштысы – түн. Енді көзің іліне бергенде әлдебір ащы күлкіден селк ете түсесің. Және ол үйдің бір ерекшелігі – қысы-жазы масаханаға ұйықтайды. Таң алдында әлгі күлкі тіпті үдей түседі.  - Уһ, жаным-ай, - деп күрсінген күйі әжей жататын. Білетін сүрелерін қайырып.  Әйтеуір сол үйге бара қалсақ, бір жұмбақ мекенге тап болғандай күй кешетінбіз.  Ол кісі біздің бетімізге қарап сөйлеп көрген жан емес. Тек ер адам көрсе тыжырынып қалатын. Үйіне еркек атаулы бас сұға қалса, безе жөнелетін. Және бір өнері – құрт, ірімшік жасаудың шебері еді. Үйіндегі үшеу де дүкеннен киім сатып алып көрген кісілер емес. Бәрін қолдан тігіп киеді.  - Дүкенде сататын киімдерді машина жасайды дейді ғой. Адам деген өз киімін өзі тігіп кимеуші ме еді,- болатын оның философиясы.  Өзі қараторының әдемісі. Қашан көрсең шашын қос бұрым ғып өріп жүреді. Бойы да сұңғақ, киімдері де келісті. Қолдан шыққан дейтіндей емес.  Аптасына бір шүберек дорбасын іліп алып, совхоз орталығына жаяу тартатын. Аудандағы дүкенге соғып, оны-мұны ала келеді. Кетуі қалай болса, қайтуы одан да тез. Он екі шақырымдық жол жаяу оған тіпті түк еместей.  Әжем ылғи: - Бағы қайтқан байғұс қой – деп отыратын. Бірде мұның себебін сұрадым.  Қатарының алды болыпты. Алғыр, өжет, білімді. Қай жұмысты да бесаспаптай меңгеріп кететінінің арқасында ерте абыройға бөленіпті. Ауыл кеңес депутаты да болып үлгірген.  Өзіндей өрімдей жас жігітпен отау көтермек боп жүрген күндердің бірінде...  Таң сәулесі енді біліне бастаған мезетте ескі қыстауда отырған бұлардың құлақтарына дырылдаған трактордың дауысы келеді. Шырт ұйқыдан оятқан дауыс тіпті үдейді. Үйдегі үшеуде ес жоқ. Осындай да дауыс болады екен... Қорыққаннан үшеуі бір көрпенің астына тығыла түседі. Кенет сырттан бұл кісінің атын атаған дауыс естіледі. Бөлме қап-қараңғы. Жаздыгүні болатын. Ал сыртта ақ боран.  Сол сәт... терезе сынды ма-ау, салдыр-гүлдір. Түсініксіз тілде күбірлескен дауыстар еміс-еміс естіледі.  - А-а-а-нар...  Терезеден дәу трактор екі шамынан қып-қызыл сәуле төгіп тұр. Жанұшырған бұл шешесінің етегінен тарқылағанына да қарамай, жандәрмен терезеге ұмтылады. Пердесін ашып қалса....  Арғы жағы үшеуінің де естерінде жоқ.  Содан дертті болған бұл үш ай, үш күн нәр сызбай жатып қалады. Кейін осындай өз-өзімен сөйлесетін, есінен адасатын қылық шығарады. Ендігісі – осы.  Сол кісіні көрген сайын аяныш сезімі билейтін. Жүрегім шаншып ауыратын. Көрерге көз керек сұлу бикешті тағдырдың мұнша неге талқыға салғанын түсінгім келетін.  - Кісіні кісі аяу – асылық, қызым. Құдай аясын.  Дейтін әжем. Қайдан білейін...  2005 ж
09.12.2013 05:46 3564

- Ана самаурынның тогын былай-былай орап, беліне байлап қойса, жақсы болады. Әйтпесе тез бұзылады. 
Мен саған айтып тұрмын ғой. Неге тыңдамайсың? 
Шелегін қолына қыса ұстаған күйі мал қораға бет алған көрші апа өз-өзімен осылай сөйлесіп бара жататын. Тіпті айтпайтын әңгімесі жоқ. Қашан көрсең мәз, екі езуі екі құлағында. Ен даладағы екі үй сол кісінің айқайлап айтқан әңгімесі мен сақылдаған күлкісіне толып жатушы еді. 
Бізге бәрі қызық. Ол кісінің қораға дейін қандай, сиыр сауып отырғанда қандай, мал жайғағанда қандай әңгіме айтатыны. Күнұзын жағы жабылмайды. 
Кейде ата-әжеміз әлдеқайда кете қалса, бізді, балаларды, сол үйге аманаттап кететін. Көрші әжей де, оның екі қызы да балажан адамдар. Біз бара қалсақ, асты-үстімізге түсіп бәйек бола қалады. Ондайда әлгі апа сандығын ашып, ішінен ескі домбырасын шығаратын да, қолымызға ұстататын. Сосын біздің айтқан әнімізге риза қалыпта бір бұрышта мәз боп отырар еді. Арасында өз-өзін түртіп, сықылықтап күліп қояды. Сырт қараған жанға қорқынышты, бірақ кішкене кезімізден көріп өскесін бе, бізге әсер етпейтін. 
Бәрінен қорқыныштысы – түн. Енді көзің іліне бергенде әлдебір ащы күлкіден селк ете түсесің. Және ол үйдің бір ерекшелігі – қысы-жазы масаханаға ұйықтайды. Таң алдында әлгі күлкі тіпті үдей түседі. 
- Уһ, жаным-ай, - деп күрсінген күйі әжей жататын. Білетін сүрелерін қайырып. 
Әйтеуір сол үйге бара қалсақ, бір жұмбақ мекенге тап болғандай күй кешетінбіз. 
Ол кісі біздің бетімізге қарап сөйлеп көрген жан емес. Тек ер адам көрсе тыжырынып қалатын. Үйіне еркек атаулы бас сұға қалса, безе жөнелетін. Және бір өнері – құрт, ірімшік жасаудың шебері еді. Үйіндегі үшеу де дүкеннен киім сатып алып көрген кісілер емес. Бәрін қолдан тігіп киеді. 
- Дүкенде сататын киімдерді машина жасайды дейді ғой. Адам деген өз киімін өзі тігіп кимеуші ме еді,- болатын оның философиясы. 
Өзі қараторының әдемісі. Қашан көрсең шашын қос бұрым ғып өріп жүреді. Бойы да сұңғақ, киімдері де келісті. Қолдан шыққан дейтіндей емес. 
Аптасына бір шүберек дорбасын іліп алып, совхоз орталығына жаяу тартатын. Аудандағы дүкенге соғып, оны-мұны ала келеді. Кетуі қалай болса, қайтуы одан да тез. Он екі шақырымдық жол жаяу оған тіпті түк еместей. 
Әжем ылғи: - Бағы қайтқан байғұс қой – деп отыратын. Бірде мұның себебін сұрадым. 
Қатарының алды болыпты. Алғыр, өжет, білімді. Қай жұмысты да бесаспаптай меңгеріп кететінінің арқасында ерте абыройға бөленіпті. Ауыл кеңес депутаты да болып үлгірген. 
Өзіндей өрімдей жас жігітпен отау көтермек боп жүрген күндердің бірінде... 
Таң сәулесі енді біліне бастаған мезетте ескі қыстауда отырған бұлардың құлақтарына дырылдаған трактордың дауысы келеді. Шырт ұйқыдан оятқан дауыс тіпті үдейді. Үйдегі үшеуде ес жоқ. Осындай да дауыс болады екен... Қорыққаннан үшеуі бір көрпенің астына тығыла түседі. Кенет сырттан бұл кісінің атын атаған дауыс естіледі. Бөлме қап-қараңғы. Жаздыгүні болатын. Ал сыртта ақ боран. 
Сол сәт... терезе сынды ма-ау, салдыр-гүлдір. Түсініксіз тілде күбірлескен дауыстар еміс-еміс естіледі. 
- А-а-а-нар... 
Терезеден дәу трактор екі шамынан қып-қызыл сәуле төгіп тұр. Жанұшырған бұл шешесінің етегінен тарқылағанына да қарамай, жандәрмен терезеге ұмтылады. Пердесін ашып қалса.... 
Арғы жағы үшеуінің де естерінде жоқ. 
Содан дертті болған бұл үш ай, үш күн нәр сызбай жатып қалады. Кейін осындай өз-өзімен сөйлесетін, есінен адасатын қылық шығарады. Ендігісі – осы. 
Сол кісіні көрген сайын аяныш сезімі билейтін. Жүрегім шаншып ауыратын. Көрерге көз керек сұлу бикешті тағдырдың мұнша неге талқыға салғанын түсінгім келетін. 
- Кісіні кісі аяу – асылық, қызым. Құдай аясын. 
Дейтін әжем. Қайдан білейін... 

2005 ж

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға