Жаңалықтар

Патрик Зюскиндтен -Тереңдікке құштарлық

Штутградтық жас суретші әйелдің алғашқы көрмесінде бір сыншы:  - Сіз шынымен де таланттысыз. Бірақ туындыларыңызда тереңдік жетіспейді, - деді. Сыншының ешқандай алабөтен ойы жоқ еді.  Жас әйел оның не айтқысы келгенін ұққан жоқ, тіпті бұл сөзді ұмытып та кетті. Бірнеше күннен кейін жергілікті газетте сол сыншының мұның шығармашылығына қатысты жазған рецензиясы жарық көрді. Онда «жас суретшінің дарыны мол, туындылары да бір қарағанда көз тартарлық, бірақ өкінішке орай, тереңдік жоқ» деп жазылыпты.  Әйел ойға кетті. Суреттерін қайта-қайта жіті көзбен қарады. Ескі бумаларын да бір шолып өтті. Сосын бояу толы құтыларының қақпағын бұрап, қаламұшын сүртті де, таза ауамен тыныстамақ боп далаға шықты.  Сол күні кешкісін қонаққа шақырылған болатын. Сыншының сөзін жаттап алғандай қонақтағылардың бәрі мұның үлкен таланты мен суреттерінің тартымдылығы жайлы әңгімені қоздата берді. Бұған ашып айтпағандарымен әрқайсының ішінде:  - Тереңдік жоқ. Міне, мәселе қайда жатыр? Талант бар-ау, тереңдікті айтсаңшы, - деген ой жасырынып тұрғанын аңдау қиын емес-ті.  Суретші сол апта бойы бірде-бір сурет салған жоқ. Пәтерінде жападан-жалғыз отырып алып «Неге менде тереңдік жоқ?» деген жалқы сауалға жауап таппай сандалумен болды. Екінші аптада ғана сурет салмаққа талпынып көрген, бірақ қағаз бетіне орашолақ шимайлардан өзге ештеңе түспеді. Ақыр соңы қолын сия толы ыдысқа созуға дәрмені жетпей қалтырап-дірілдей берді. Сонда барып ағыл-тегіл жылап:  - Иә, дұрыс айтасыңдар, менде тереңдік жоқ!, - деп бар дауысымен айқайлай бастады.  Үшінші апта. Мәдениет, өнер жайлы көптомдықтарды ақтарды, басқа суретшілердің шығармаларына үңілді, галерея мен мұражайларды аралады. Сурет өнері жайлы теориялық кітаптарды оқыды. Кітап дүкеніне барып сатушыдан ең терең кітаптың қандай дүние екенін сұрауды да ұмытқан жоқ. Сатушы ұсынған әлдебір Витгенштейннің кітабын ары-бері парақтап көрген, ештеңе түсіне алмады.  Қалалық мұражайда өтіп жатқан «Еуропа суретіне - 500 жыл» атты көрмеде бір мектептің оқушыларымен жолықты. Оларға сурет пәнінің мұғалімі жетекшілік етіп жүр екен. Кенет Леонардо до Винчидің бір суретінің жанына тоқтай қалған бұл:  - Кешірерсіз, мына суретте тереңдік бар ма, жоқ па, айтып бересіз бе? – деді мұғалімге қарап.  Мұғалім мырс етіп күліп жіберді де, мұның бетіне алая қарап:  - Егер менімен әзілдескіңіз келсе, таңертең ұйқыдан ерте тұруыңыз керек еді, - деді.  Оқушылар галереяны бастарына көтеріп күліп жатты. Ал жас әйел үйіне келді де өшін көз жасынан алды.  Қылықтары оғаш тартып бара жатты. Ательесінің есігін әрең дегенде жапты, бәрібір жұмыс жасай алмас еді. Сергектігін ұзақ сақтау үшін дәрі қабылдады, бірақ сол сергектіктің не үшін қажет екенін түсінген жоқ.  Шаршаған кезде отырған орындығына сұлай кететін, орнынан тұрып төсекке жатудан қорықты. Ұйқының тереңіне батып кетемін деп ойлады. Ішімдік ішіп, жарықты түні бойы сөндірмеуді әдетке айналдырды.  Содан кейін сурет салған жоқ. Берлиннен бірнеше сызба жасап беруін өтініп қоңырау шалған антикварға:  - Мені жайыма қалдырыңыздар! Менде тереңдік жоқ! – деп айқайлап тастады.  Ара-тұра ермексаздан түсініксіз құбыжықтардың мүсінін жасайтын. Ермексазды саусақтарының ұшымен айналдырып, кішкене түйіршіктерді дөңгелетіп отыратын. Киіміне қарауды, пәтер жинауды біржола қойды. Мұның бұл қылықтары достарын бей-жай қалдыра алмады. «Оған көмектесу керек. Күйзеліп жүр. Бірақ бұл күйзелістің не ішкі күйзеліс екені, не шығармашылық, әлде қаржылық дағдарыс екені белгісіз. Алғашқы жағдайда біздің қолымыздан ештеңе келмейді, екіншісінен де өзінен өзге ешкім шығара алмас. Ал қаржылай қиналып жүрген болса, ортақ ақша жинап, көмектесейік. Тек ол сонымызды қабылдай қойса».  Түскі асқа, көңіл көтеру орындарына шақырған достарының ұсыныстарына бас шайқайтын. «Жұмысым көп» деген сылтауды алға тартқанмен, қолын қимылдатқан түгі жоқ. Сол бөлмесінен шықпаған қалпы айнадан өз бейнесіне өзі қарап, ермексазды саусағының ұшымен дөңгелете берді, дөңгелете берді.  Бір күні... шақыруды қабыл алды. Кеш үстінде мұны ұнатып қалған жас жігіт шығарып салмаққа бекінген. Ондағы мақсаты белгілі: мұның пәтерінде қонып қалу. Бірақ мұның «Сіз де маған ұнайсыз. Не қылғыңыз келсе, соны қылыңыз. Бірақ менде ешқандай тереңдік жоқ. Дайынсыз ба?» деген сөзін естіген жас жігіт бойын тежеп қалды.  Бұрын суретшілігімен таңдай қақтыратын жас әйел солай күн санап емес, сағат санап аза бастады. Ешқайда шықпады, ешкімді қабылдамады, қимыл-қозғалыссыз отыра бергеннен бойына артық салмақ жинады, ішімдік пен шылым ерекше жылдамдықпен солдыра бастады. Пәтері іріп-шіріп, көгерген иіс шығатын қораға айналды.  Кезінде үш жүз маркаға мирасқор болған. Ол үш жылдық ғұмырына жетті. Ақша түгесілгенде әйел барлық суреттерін жыртып, жойды да, 139 метр биіктіктегі телевизия мұнарасынан секіріп өлмекке бекінді.  Сол күнгі қатты жел мұның денесін сұлы егістігінің үстімен алып ұшқан қалпы орман шетінде тұрған шыршаның басына бір түсірді. Сол жерде жан тапсырды.  Баспасөз біткен бұл ақпаратты жерден-жерге тигізбей қағып ала жөнелді. Бір кездердегі үлкен үміт күттірген, әрі жас, әрі сұлу әйелдің өлімінің ақпараттық құндылығы жоғары еді.  Пәтерінің жағдайы тіптен мүшкіл: мыңдаған бос бөтелке, жыртылған суреттер, бөлме қабырғасы мен еденіне жабысқан ермексаз.  Әдеби қосымшада баяғы сыншының суретші әйел жайлы жазған мақаласы жарық көрді.  Жас әйелдің осыншалық сұмдық өлімге неге барғанын ойлайтынын жазыпты онда. «Қалай жас, дарынды адамның өз ортасында орнын табуға күші жетпегенін көру нәсіп болған еріксіз куәгерлер, біздер, тірілер үшін, бұл - сұмдық оқиға. Мемлекеттің қамқорлығы мен жеке ынта бұл жерде жеткіліксіз, әңгіме ең алдымен адамдар арасындағы қамқорлық пен көркемдік сектордағы зерделі шығармашылық көмек жайлы болуы керек. Бірақ бұл жерде трагедияның басы суретшінің жеке басында жатқанын айтқан дұрыс. Бұл туындыгердің өзінің жеке қараңғы «меніне» деген пайдасыз наразылығы. Тереңдікке деген рақымсыз құштарлық» делініпті газетте. 
09.12.2013 05:42 2878

Штутградтық жас суретші әйелдің алғашқы көрмесінде бір сыншы: 
- Сіз шынымен де таланттысыз. Бірақ туындыларыңызда тереңдік жетіспейді, - деді. Сыншының ешқандай алабөтен ойы жоқ еді. 
Жас әйел оның не айтқысы келгенін ұққан жоқ, тіпті бұл сөзді ұмытып та кетті. Бірнеше күннен кейін жергілікті газетте сол сыншының мұның шығармашылығына қатысты жазған рецензиясы жарық көрді. Онда «жас суретшінің дарыны мол, туындылары да бір қарағанда көз тартарлық, бірақ өкінішке орай, тереңдік жоқ» деп жазылыпты. 
Әйел ойға кетті. Суреттерін қайта-қайта жіті көзбен қарады. Ескі бумаларын да бір шолып өтті. Сосын бояу толы құтыларының қақпағын бұрап, қаламұшын сүртті де, таза ауамен тыныстамақ боп далаға шықты. 
Сол күні кешкісін қонаққа шақырылған болатын. Сыншының сөзін жаттап алғандай қонақтағылардың бәрі мұның үлкен таланты мен суреттерінің тартымдылығы жайлы әңгімені қоздата берді. Бұған ашып айтпағандарымен әрқайсының ішінде: 
- Тереңдік жоқ. Міне, мәселе қайда жатыр? Талант бар-ау, тереңдікті айтсаңшы, - деген ой жасырынып тұрғанын аңдау қиын емес-ті. 
Суретші сол апта бойы бірде-бір сурет салған жоқ. Пәтерінде жападан-жалғыз отырып алып «Неге менде тереңдік жоқ?» деген жалқы сауалға жауап таппай сандалумен болды. Екінші аптада ғана сурет салмаққа талпынып көрген, бірақ қағаз бетіне орашолақ шимайлардан өзге ештеңе түспеді. Ақыр соңы қолын сия толы ыдысқа созуға дәрмені жетпей қалтырап-дірілдей берді. Сонда барып ағыл-тегіл жылап: 
- Иә, дұрыс айтасыңдар, менде тереңдік жоқ!, - деп бар дауысымен айқайлай бастады. 
Үшінші апта. Мәдениет, өнер жайлы көптомдықтарды ақтарды, басқа суретшілердің шығармаларына үңілді, галерея мен мұражайларды аралады. Сурет өнері жайлы теориялық кітаптарды оқыды. Кітап дүкеніне барып сатушыдан ең терең кітаптың қандай дүние екенін сұрауды да ұмытқан жоқ. Сатушы ұсынған әлдебір Витгенштейннің кітабын ары-бері парақтап көрген, ештеңе түсіне алмады. 
Қалалық мұражайда өтіп жатқан «Еуропа суретіне - 500 жыл» атты көрмеде бір мектептің оқушыларымен жолықты. Оларға сурет пәнінің мұғалімі жетекшілік етіп жүр екен. Кенет Леонардо до Винчидің бір суретінің жанына тоқтай қалған бұл: 
- Кешірерсіз, мына суретте тереңдік бар ма, жоқ па, айтып бересіз бе? – деді мұғалімге қарап. 
Мұғалім мырс етіп күліп жіберді де, мұның бетіне алая қарап: 
- Егер менімен әзілдескіңіз келсе, таңертең ұйқыдан ерте тұруыңыз керек еді, - деді. 
Оқушылар галереяны бастарына көтеріп күліп жатты. Ал жас әйел үйіне келді де өшін көз жасынан алды. 
Қылықтары оғаш тартып бара жатты. Ательесінің есігін әрең дегенде жапты, бәрібір жұмыс жасай алмас еді. Сергектігін ұзақ сақтау үшін дәрі қабылдады, бірақ сол сергектіктің не үшін қажет екенін түсінген жоқ. 
Шаршаған кезде отырған орындығына сұлай кететін, орнынан тұрып төсекке жатудан қорықты. Ұйқының тереңіне батып кетемін деп ойлады. Ішімдік ішіп, жарықты түні бойы сөндірмеуді әдетке айналдырды. 
Содан кейін сурет салған жоқ. Берлиннен бірнеше сызба жасап беруін өтініп қоңырау шалған антикварға: 
- Мені жайыма қалдырыңыздар! Менде тереңдік жоқ! – деп айқайлап тастады. 
Ара-тұра ермексаздан түсініксіз құбыжықтардың мүсінін жасайтын. Ермексазды саусақтарының ұшымен айналдырып, кішкене түйіршіктерді дөңгелетіп отыратын. Киіміне қарауды, пәтер жинауды біржола қойды. Мұның бұл қылықтары достарын бей-жай қалдыра алмады. «Оған көмектесу керек. Күйзеліп жүр. Бірақ бұл күйзелістің не ішкі күйзеліс екені, не шығармашылық, әлде қаржылық дағдарыс екені белгісіз. Алғашқы жағдайда біздің қолымыздан ештеңе келмейді, екіншісінен де өзінен өзге ешкім шығара алмас. Ал қаржылай қиналып жүрген болса, ортақ ақша жинап, көмектесейік. Тек ол сонымызды қабылдай қойса». 
Түскі асқа, көңіл көтеру орындарына шақырған достарының ұсыныстарына бас шайқайтын. «Жұмысым көп» деген сылтауды алға тартқанмен, қолын қимылдатқан түгі жоқ. Сол бөлмесінен шықпаған қалпы айнадан өз бейнесіне өзі қарап, ермексазды саусағының ұшымен дөңгелете берді, дөңгелете берді. 
Бір күні... шақыруды қабыл алды. Кеш үстінде мұны ұнатып қалған жас жігіт шығарып салмаққа бекінген. Ондағы мақсаты белгілі: мұның пәтерінде қонып қалу. Бірақ мұның «Сіз де маған ұнайсыз. Не қылғыңыз келсе, соны қылыңыз. Бірақ менде ешқандай тереңдік жоқ. Дайынсыз ба?» деген сөзін естіген жас жігіт бойын тежеп қалды. 
Бұрын суретшілігімен таңдай қақтыратын жас әйел солай күн санап емес, сағат санап аза бастады. Ешқайда шықпады, ешкімді қабылдамады, қимыл-қозғалыссыз отыра бергеннен бойына артық салмақ жинады, ішімдік пен шылым ерекше жылдамдықпен солдыра бастады. Пәтері іріп-шіріп, көгерген иіс шығатын қораға айналды. 
Кезінде үш жүз маркаға мирасқор болған. Ол үш жылдық ғұмырына жетті. Ақша түгесілгенде әйел барлық суреттерін жыртып, жойды да, 139 метр биіктіктегі телевизия мұнарасынан секіріп өлмекке бекінді. 
Сол күнгі қатты жел мұның денесін сұлы егістігінің үстімен алып ұшқан қалпы орман шетінде тұрған шыршаның басына бір түсірді. Сол жерде жан тапсырды. 
Баспасөз біткен бұл ақпаратты жерден-жерге тигізбей қағып ала жөнелді. Бір кездердегі үлкен үміт күттірген, әрі жас, әрі сұлу әйелдің өлімінің ақпараттық құндылығы жоғары еді. 
Пәтерінің жағдайы тіптен мүшкіл: мыңдаған бос бөтелке, жыртылған суреттер, бөлме қабырғасы мен еденіне жабысқан ермексаз. 
Әдеби қосымшада баяғы сыншының суретші әйел жайлы жазған мақаласы жарық көрді. 
Жас әйелдің осыншалық сұмдық өлімге неге барғанын ойлайтынын жазыпты онда. «Қалай жас, дарынды адамның өз ортасында орнын табуға күші жетпегенін көру нәсіп болған еріксіз куәгерлер, біздер, тірілер үшін, бұл - сұмдық оқиға. Мемлекеттің қамқорлығы мен жеке ынта бұл жерде жеткіліксіз, әңгіме ең алдымен адамдар арасындағы қамқорлық пен көркемдік сектордағы зерделі шығармашылық көмек жайлы болуы керек. Бірақ бұл жерде трагедияның басы суретшінің жеке басында жатқанын айтқан дұрыс. Бұл туындыгердің өзінің жеке қараңғы «меніне» деген пайдасыз наразылығы. Тереңдікке деген рақымсыз құштарлық» делініпті газетте. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға