Сергей Скорых
Ол еліміздегі орталық алаңда өнер көрсететін футболшылардыңкөш басында тұр. Қорғаныс пен шабуылға бірдей үлгеретін талантты жартылай қорғаушылардың бірі – Сергей Скорых.
Сергей Скорых 1984 жылы 25 мамырда Петропавл қаласында спортшылар отбасында дүниеге келген. Отбасында жалғыз бала болғандықтан ата-анасының үнемі назарында жүрді. Әкесі футболмен, анасы жеңіл атлетикамен айналысатын. Сондықтан оның спортшы болмауы мүмкін емес еді. Тіпті, ол балабақшада жүргенде-ақ допқа әуес тұғын. Футбол оның бала кезден серігі болды. Аргентинаның әйгілі футболшысы Диего Марадонаның шеберлігіне қызыққан бала Сергейөзінің болашағын тек футболмен байланыстыруға бел буады. Сондай-ақ, оны Марадонаның заманында өнер көрсеткен голландиялық шабуылшы Марко Ван Бастеннің шеберлігі де ерекше қызықтырды.
Алғаш футбол секциясына анасы бірінші сыныпқа барған күні жаздырады. Ол жерде өзінен бірнеше жас үлкен балалармен бірге жаттығады. Алғашқы жаттықтырушысы Генадий Гладышев деген балалар бапкері болды. Жас кезінде көптеген республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып жүрді. Ленинградта өткен бір додада жүлделі орынмен оралғандары бар.
Қызылжардың «Есіл Богатырь» клубы 1999 жылы 15 жастағы Сергей Скорыхпен бес жылдық келісімшартқа отырады. Алғашқы айлығы 3000 теңге болғанын футболшының өзі сағыншпен еске алады. Ол кездері Петропавлдың балғын футболшыларын Дмитрий Огай жаттықтыратын. Огай футболдағы карьерасын енді ғана аяқтап, бапкерлік қызметтегі алғашқы жолын осы клубтың балаларын жаттықтырудан бастаған еді. Осы бапкердің алғашқы танымал шәкірттерінің бірі де осы Сергей болды.
2001 жылы «Есіл Богатырьдің» негізгі құрамына қабылданады. Алғаш 17 жасында Қазақстан біріншілігіндегі дебюттік кездесуін өткізді. Басында алаңда екінші шабуылшының қызметін атқарды. Кейіннен бапкерлер оған орталық алаңды сеніп тапсырады. Туған жерінің командасында екі жыл доп тепті. Одан соң бала кездегі бапкері Дмитрий Огай оны «Ертіске» өзі бас бапкер болып келгенде шақырады. Осылайша, Огайдың жаңадан жасақтаған командасынан Сергейге де орын табылды. Сол кездегі елімізде ең әдемі футбол көрсеткен кереку командасында да үш жылға жуық өнер көрсетті. Огайдың тұсында 2003 жылы алтын, 2004 жылы күмісті еншіледі. Чемпиондар лигасына, «Достастық» кубогына қатысты. Ал 2006 жылы Дмитрий Огай «Тобылдың» тізгінін ұстағанда Сергейдіұмыт қалдырған жоқ. Жас кезінен талантын байқап, шеберлігін шыңдаған бұл бапкер Скорыхты қай командаға барса да тастамай алып жүрді. «Тобылда» Нұрбол Жұмасқалиев, Руслан Балтиев, Сергей Скорых үштігі команданың негізгі қозғаушы күші болды. Команданың негізгі шабуылын бастайтын да осы аталған үштік болды. Қостанайда екі мәрте күміс жүлде мен бір рет қолаға қол жеткізді. Қазақстан кубогы мен Интертото кубогына ие болды.
Ол «Тобылда» Дмитрий Огай бапкер болған жылдары ғана ойнайды. Дмитрий Алексеевич кеткеннен соң «Шахтермен» келісімшартқа отырды.Қарағандыда 20 ойын өткізіп, Қазақстан кубогының финалына дейін жетті. Дегенмен, кеншілер шаһарында көп тұрақтаған жоқ. Бір кездері «Тобылда» Дмитрий Огайдың көмекшісі болған Асқар Қожабергенов «Жетісуға» шақырды. Асқар бапкер Сергейден бөлек «Тобылда» өнер көрсеткен Ұлықбек Бақаев, Сергей Остапенко, Андрей Харабара бастаған төрт-бес футболшыны Талдықорған командасына ауыстырды. «Тобылдың» бұрынғы футболшылары мен жергілікті ойыншылар сондай-ақ легионерлерден жасақталған команда ел біріншілігінде атой салды.Қазақстан чемпионатында «Шахтер» мен соңғы турға дейін үзеңгіқағыстырып келген «Жетісу» күміс жүлдеге қол жеткізді. Тіпті, бірнеше тур көшбастаған еді.
«Жетісуда» ол екі маусымнан аса өнер көрсетті. Еуропа лигасының іріктеу кезеңдеріне қатысты. Ал биыл бір кездері Қазақстан ұлттық құрамасыныңбас бапкері болған Арно Пайперс «Таразға» шақырды. Қазіргі кезде осы клубтың орталық алаңында сенім артар негізгі құрамдағы футболшысы.
Ұлттық құрамада
Ұлттық құрамадағы алғашқы ойынын 2003 жылы 27 сәуірде Фарерқұрамасына қарсы жолдастық кездесуде өткізді. Қазақстан құрамасында Арно Пайперс пен Бернд Шторк баптаған жылдары тұрақты түрде шақырылып тұрды. Әйгілі «Уэмблиде» өнер көрсеткен футболшылардыңбірі.
Жетістіктері:
Қазақстан чемпионатының жеңімпазы: 2003 жылы
Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 2004, 2007, 2008, 2011 жылдары
Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері: 2006 жылы
Қазақстан кубогының иегері: 2007 жылы
Қазақстан кубогының финалисі: 2011, 2013 жылдары
Интертото кубогының иегері: 2007 жылы.
Бек Төлеуов, «Sport»