Тамұқтағы тағдырлар
Биыл Сталиндік қуғын-сүргіннің бастау алып, жазықсыз жандарды түрмеге тоғытып, адалына қарамай атуды жаппай жүзеге асыра бастағанына 75 жыл толып отыр. Зұламаттың бетін аулақ етсін, бірақ жазықсыз құрбандарды еске алып, рухына тағзым ету біздің қасиетті борышымыз. Мақаламызға өзек еткен екі жанның тағдыры кімде болса да бейжай қалдырмасы анық.
Жезқазған қаласы маңындағы Теректі станциясында 1954 жылға дейін жұмыс істеген Степлаг түрмесіндегі тұтқындардың арасында Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың соңғы сарбазы, «СС» офицері, әскери фототілші Ғайпен Бейісовтың және 1943 жылы шілдеде Польшаның Краков қаласына келген «ұлы» фюрер А.Гитлерді құшақ гүлмен қарсы алған небәрі 14 жастағы поляк қызы Янканың да болғанын біреу білсе, біреу білмейді.. Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың соңғы сарбазы, «СС» офицері, әскери фототілші Ғайпен Бейісов 1921 жылы қазіргі Атырау облысы, Бақсай ауданы, Талқайраң ауылында дүниеге келген. 1941 жылы әскерге алынып, Украинадағы Лоховица қаласының маңында әскери қызметін атқарды.
Бірде қарсыласқа толы шайқаста, турасын айтсақ 1941 жылдың 15 қыркүйегінде Лоховица қаласының теріскейіндегі қанды қырғында ауыр жараланып, 18-күні есін жиса, бір украин шалы мен кемпірінің үйінде жатыр екен. Кеңес әскерлер шегініп қашып кеткен. Хутор немістердің қолында. Үй иелері кемпір мен шалда өмірі бала болмаған екен. Ғайпенді өз аттарына жаздырып, бала етіп алды. Сөйтіп, қазақтың қара баласы - Пилипчук Григорий Григориевич болып шыға келді. Пилипчуктың қуанышы ұзаққа созылмай, хутордағы немістерге жансыз болып жүрген біреулер оны ұстап беріп, Канатоп тұтқын лагерінен бірақ шығады. Адамды хайуандық істермен азаптайтын лагерлердің бірі осы Канатоп еді. Тағдырдың жазуымен көретін жарығы бар болып, Ғайпен Бейісовке Мұстафа Шоқай кездеседі. Оны ажалдан алып қалған осы Алаш қайраткері болатын. Ғ.Бейісов өзінің естелік кітабында: «1941 жылдың желтоқсан айының бас кезі болатын. Бір күні лагерге орта бойлы, басында шляпасы бар, көздері ой мен мұңға толы, қара торы адам келіп, темір тордың ар жағында тұрып, қазақша, шағатайша, түрікше сөз сөйледі. Ол кісі барша түрік тілдес халықтардың бірлігі, ұлы Тұран империясы, Ұлы Түркістан мемлекетінің болашағы туралы, қазақ, өзбек, татар болып жеке өмір сүру мүмкін еместігі туралы, амандық болса бұдан былай да келіп, тұтқындардың жағдайын біліп тұратыны туралы ұзақ сөйледі. Ұлы адам келіп кеткеннен кейін түркі тілдес тұтқындардың жағдайы біртіндеп жақсара бастады. Тұтқындарды Варшавадан 20 шақырым жердегі Легинова лагеріне әкеліп, киімдерін ауыстырып, жуындырып, дезинфекциялап, дұрыстап үш уақыт тоя ішетін тамақ беріп, үстеріне неміс формасын кигізді» деп жазады.
Сонымен Ғ.Бейісов ОКВ-ның Потсдамдағы насихат департаментінен бірақ шығып, бөлім командирі болып, арнайы курсты бітіргеннен кейін, офицер атағын алып, «әскери фототілші» мамандығын меңгереді. «СС» дивизиясының Түркістан полкінің командирі Ғазизжан Азимов словак партизандары жағына өтіп кеткеннен кейін, Ғ.Бейісов бастаған он адам елге қашамыз деп жоспарлап, Словакия жерінде «СС»-тердің қолына түсіп, сотталады. Қашқын атанған Ермек Калдыбаев, Айылшы Мұрсалиев, Хамза Абдуллин есімді түркілер және Ғайпен Бейісов ату жазасына кесіледі. Өлімді күтіп, азаппен үш күн жатқан жандарды ажалдан қаланы басып алған Кеңес әскерлері құтқарып қалады.
Елге оралған күннің ертеңінде КГБ Ғ.Бейісовты тұтқындап, әуелі ату жазасына, одан кейін 25 жылға соттап жіберді. Сібірдегі ГУЛАГ-тан бастап Степлаг, Карлаг, Долинка, т.б. ондаған концлагерлерде итқорлықпен ғұмыр кешеді.
1954 жылғы Үлкен Жезқазғандағы (қазіргі Жезқазған қаласы), Екібастұз лагерлеріндегі тұтқындар көтерілістерінің куәсі болады. Талап қойған және ереуілге шыққан саяси тұтқындарды Кеңес жауынгерлері танктердің астында қалай аяусыз езгілеп, атып-асқандарын, өлтіргенін көзбен көру кімге оңай болсын. Небір төбе шашыңды тік тұрғызатын айуандықтарды кеңес әскерлерінен, командирлерінен көреді. Қасіретті күндерді басынан кешкен ол тек 1955 жылы сәуірдің 4-і күні ғана тұтқыннан босап шығады. Ғ.Бейісовтың соғыстан кейінгі 10 жылы азап лагерлері мен айдауларда өтті.
Жезқазғандағы лагерде жүрген кезінде тағдырдың айдауымен Теректі дала лагеріне күшпен қоныс аударылады. Қоныс аударған сәтінде Ғ.Бейісов әлем назары ауған поляк қызы Янканың да осы түрмеде отырғанын естиді. Оқиғаны әріден бастасақ, 1943 жылы шілде айында Польшаның Краков қаласына Адольф Гитлер келеді. Миллионнан астам қала халқы «ұлы» фюрерді қарсы алуға дайындала бастайды. Қарсы алудың жоспары бойынша Гитлерге гүл ұсынатын небары 14 жастағы сұлу поляк қызы болуы керек деп шешіледі. Содан Янка атты ғажайып сұлу ару табыла кетеді. Оның сұлулығына сол жылдары бүкіл әлем назарын өзіне аударғаны туралы кезінде баспасөз аз жазбаған. Поляк халқы Янкадай аруын құрмет тұтып, күнәсіз пәк сұлу қыздың аяғына бастарын иіп, керемет ұлттық мақтаныш тұтқан екен.
Тағдырдың жазуын қарашы, сол поляк аруы да отырған Теректі лагерінде болып шығады. Кеңестік қызыл әскерлер, НКВД поляк қызын Гитлерге гүл ұсынғаны үшін ұстап әкеліп, 25 жылға соттаған. Қандай әділетсіздік десеңізші! Бұл тек ғана бір ғана жазықсыз жандардың оқиғасы емес, мыңдаған тұтқынның басынан кешкен ауыр қасіреті. Күндерін азаппен өткізген Ғ.Бейісов пен поляк қызы Янка 1954 жылы Степлаг тараған тұста екіге бөлініп хабарсыз кетеді. Янканың түрмеден кейінгі хабары беймәлім, ал Ғ.Бейісов Атырау қаласында отбасылы болып, ғұмыр кешті. 2009 жылы дүниеден өтті. Ұрпақтары Атырау облысында тұрады.
Жезқазған жеріндегі тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандардың ғұмырын еске түсіретін құрылыстар осы күнге дейін толығымен бар. Қазіргі күні Теректі станциясындағы мектеп, клуб, байланыс бөлімшесі, тұрғын үйлер осы Степлагтан сақталған. Ғайпен Бейісов пен поляк қызы Янканың тағдырының мылқау куәсі осы ғимараттар ғана. Өткен тарихымызды мәңгі жаңғыртып, жазықсыз жапа шеккен перзенттеріміздің рухын қастерлеу біздің қасиетті борышымыз болып қала бермек!
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС