Шөптібай БАЙДІЛДІН: 500 оюға ат қойып, меншіктеп алдым
Торғай - қазақ тарихына небір жақсы мен жайсаңды сыйлаған, қойнауы қазынаға толы қасиетті өлке. Осы Торғай даласындағы Арқалық қаласында асылдың сынығы, көненің көзін көрген, он саусағынан өнер тамған Шөптібай Байділдин ағамыз тұрады. Елге «оюшы аға» болып танылған шебермен етене әңгіме құрудың сәті түсіп еді жақында.
- Шөптібай аға, Сіздің еңбектеріңізбен таныспыз. Оқырмандарымыз өзіңіз жайлы да білгісі келеді?
Мен 1946 жылы 14 тамызда Қостанай облысына қарасты Жангелдин ауданының Айса Нұрманов ауылында дүниеге келдім. Дәл осы ауылда атақты Қоғабай Сәрсекеев, Төлен Әбдіков, Қойшығара Салғарин, Қонысбай Әбілов сынды елге танымал азаматтар туған. Мен дүниеге келгенде әкем 54 жаста екен. Әкемнің екінші әйелінен туамын. Бірінші әйелі 1920 жылдары Төре тұқымдарын қудалау кезінде, Арқа жерінен Созаққа өтіп бара жатқанда балаларымен бірге ауру мен аштықтан қайтыс болады. Одан кейін әкем екінші әйел алып, мен дүниеге келіппін. Өзім Төре тұқымынан боламын. Орта жүздің ханы Қайып ханның сегізінші ұрпағымын. Ата-бабаларымның мекені - Ұлытау өңірі. 1953-1963 жылдары Амангелді ауданында оқып, орта білім алдым. Еңбек жолымды алғаш рет Арқалықтың Родник кеңшарында құрылысшы болып бастап, қалалық, аудандық, облыстық партия саласында қызмет атқардым. 1980-1984 жылдары атағы дүрілдеп тұрған Алматы Жоғарғы партия мектебінде оқыдым. 2 рет қатарынан Одақтық сьезге делегат болып шақырылдым. 1991 жылы Кеңес үкіметі тараған соң мемлекеттік қызметтен кетіп, мәдениет пен оқытутушылық саласына ден қойдым.
- Екінің бірінің қолынан келе бермейтін ою-өрнекке деген қызығушылығыңызға не себеп болды?
- Бала күнімдегі сүйікті істерім аң-құс аулау мен ою ойып, кітап оқу еді. Әкемнің Сейітқасым деген інісі болды. Жылқының терісін илеп, торсық жасап, таспа өретін. Осы кісі ағаштан шана, уық, кереге жасап, мені ағаш шебері кәсібіне әбден баулыды. Етікшілікті де үйретті. Жылқыға арнап әбзелдер жасауды көрсетіп отыратын. Менің жасағандарыма мұқият қарап, бағалап отырушы еді. Одан қалды жіп өрімінің түрлері мен сақина соғуды да үйреткен де - осы Сейітқасым ағам еді. Бала күнімде ағамның үнемі маған аттың басының суретін салдыра беретініне таң қалатынмын. Сөйтсем, аттың басының суретін салып үйренген адам өзге суреттерді де салуды тез меңгереді екен. Таяуда балаларға арнап, өсиет әңгіме айтуға бір жиынға шақырды. Әлгі балалар менің аттың суретін жақсы салатынымды біледі екен. Балалар сұраған соң сурет салуға келістім. Жай емес көзімді жұмып тұрып салып бердім. Қолым әбден жаттығып кеткен ғой. Өзгелер таң қалысып жатады. Бірақ өзім үшін үйреншікті іс. Шеберлікке баулыған екінші бір адам - Самұрат деген ағамыз. Қолынан келмейтіні жоқ еді. Кез келген материалыңызды кәдеге жарататын. Ет пен шәйдің арасында қол сандық жасап, келген қонаққа сыйлап жататын. Міне, осы екі кісінің өнегесі менің бойыма өнер болып қонды.
Кейін есейген шағымда, атақты ғалым Сейіт Кенжеахметовтен тәлім алдым. Ол кісі қазақтың мәдениеті мен өнері жайында 34 кітап жазып, артына өшпес із қалдырды ғой. Білетіні көп еді. Бірде маған: «Шөптібай, қолыннан келіп тұр. Мына ісіңе ие бол. Біреулер атыңды жамылып кетіп жүрмесін. Тіпті, жасағаң заттарыңды иеленіп, өзімдікі деуден тайынбайтындар бар. Ойған оюларыңды жинастыр» деп ақылын айтты. Қамқор ағаның ақылынан соң жасаған заттарымды реттеп, жинастыруға кірістім. Сейітқасым, Самұрат ағаларымның өнегесі мен Сейіт ағаның ақылы мені біраз жетістікке жетеледі.
- Оюдың көз тартар ерекшелігі өз алдына. Осы оюлардың дүниетанымдық қандай қасиеттері бар, осыған тоқталып өтсек?
- Өзіміз білетіндей бабаларымыз тасқа таңба салған. Таңба келе-келе жазу, сызу, суретке айналды. Осы айтып отырған оюларымыз жазу, сызу, суреттің де қызметін атқарады. Түп тамырын тастағы таңбадан алатын ою арқылы жазып қазақ бірін-бірі ұғысқан. Бұрындары қазақ жігіті ұнатқан қызына сөз салмас бұрын жүзік соғып, жүзікке өз руының таңбасын, ұнаған оюларын салып беретін болған. Қыз да қарап қалмай, орамалға кестелеп ою түсіріп, жігітке жауап қатқан. Бұл - ою жазудың қызметін атқарды дегенге бір ғана мысал. Сызудың да қызметін атқарғанын тарихи ескерткіштер көрсетіп келеді. Геометриялық сызықтар арқылы ою ойып, ғимараттарды әсемдеген. Суреттің қызметін атқарғанына алаша, кілем, киім-кешектердегі оюлар дәлел. Бұл айтылғандар материалдық игіліктерге қатысты болып отыр. Ал, адамның ішкі дүниетанымын, жан сарайын ашуда оюдың он сегіз түрлі қасиеті бар. Дәлдік, тазалық, нәзіктік, тартымдылық, парасаттылық, іскерлік, икемділік сияқты қасиеттерге үйренесіз. Осының бәрін тек ғана ою оятын кезде қолданасыз. Қазақтың дүниетанымы деген осы! Балаға қазақ осылай тәрбие берген. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі кеңістігіміздің барлығы ою. Тек оны көре білуіміз керек. Жер Ананың шағын нұсқасындай болған киіз үйді мысалға алайық. Есігі сықырлауықтан бастап, төрі мен шаңырағына дейін ою. Ішіндегі тұрмыстық заттары, ыдыс аяқтарының бәрінде ою. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Ыдысқа салған оюды киімге салмайды. Киімге салғанды төсеніш пен кілемге салмайды. Бір біріне ұқсас болып көрінуі мүмкін. Дұрыстап қарағанға мүлде ұқсамайтын оюлар. Киіз үй қазақтың көшпелі мұражайы ғой. Қазақтың танимын деген адам киіз үйден бастасын бәрін. Ішіндегі оюы мен үйлесім тапқан заттарына терең үңілген адам қазақтың жанын түсінер еді. Кезінде Батыс өңірімізде Қаражігіт Талпақұлы деген жігіт қалыңдығының сәукелесіндегі оюы үшін 500 жылқы берген екен. Тағы бір дерек, 1910 жылдар шамасында атақты Мейрам қажы мен Ерден сұлтан ақ патшаға оюмен көмкерілген киіз үй сыйлапты. ІІ Николай патша таңданысын жасыра алмаған екен. Патшаны таң қалдырған киіз үй мен оның оюының бағасын осыдан-ақ топшылай беруге болады. Айта кетейін, қазақтың оюлары адамның жас ерекшелегіне, затына (ер немесе әйелге) қарап бөлінеді. Ер адамға оқа ою салады. Қыз балаға жіңішкелетіп қиған оюды пайланады. Жас бала үшін көз тиюден қорғайтын оюларды қолданады. Тіпті күмістің өзін сары май жағып отырып созып, затқа сым тәрізді етіп ою түсірген. Оюға қарап-ақ, тарихтан біраз деректерді ұғынуға болады. Себебі оның ішінде қазақтың танымдық өрісі , өткені жатыр. Тек сөйлете білу керек!
- Ою ойып, табыс көзіне айналдыруға тырыстыңыз ба?
- Әңгіменің басында айтып өттім ғой, партияда болдым деп. Сол партиямыз тараған соң бойымдағы өнерге жан бітіруге кірістім. Бір жағынан ермек, бір жағынан табыс көзі. Ермек ете білдім. Ағаш пен темірден ою ойдым. Ал, кәсіп ете білмеппін. Оған ыңғайым болмады. Бірақ өзгелер мен ойған оюмен табыс тапты. Мына бір жағдай есіме түсіп отырғаны. Аудандағы маусымдық құрылыс саласының бір бригадасында кілең шешен ұлтының әйелдері жұмыс істеді. Солар бірде маған 20 шақты қаңылтыр әкеліп, оюлар ойып беруімді сұрады. Үйіме жөндеу жасап берсеңдер сендерге мен неше түрлісін ойып беремін деп әзілдей салған едім. Жұмыстан келсем бригаданың барлық әйелдері біздің үйді ақтап, сырлап жөндеу жасап тастапты. Әзілімді шын көрген келіншектердің өтінішін орындамасқа амалым қалмады. Оның үстіне қолдан келіп тұрған істен неге тартынамын. Сөйтіп жиырма шақты қаңылтырға сұраған оюларын ойып бердім. Күз келіп, бригаданың жұмысы тоқтап, олар үйлеріне қайтты. Қыс өтіп, көктем шыққанда шешен әйелдердің бригадасы ауданға қайта келді. Келген бетте барлығы біздің үйге тоқтап, алғыстарын айта бастады. Сөйтсем, елдеріне қайтар жолда маған қаңылтырға ойғызып алған оюларын үйлерді сәндеуге пайдаланып, ақшаға кеңелген екен. Шынын айтайын, оюмен пайда табуға болатынын осы кезде түсіндім. Жалпы өзім мұндай кәсіппен айналыспадым.
- Қазір ше, қазір сұраныс барма сіздің кәсібіңізге?
- Сұраныс бар. Бірақ насихаты аз. Естіп келіп жатқандар болып тұрады. Бір-бірінен естігендері болмаса үкімет тарапынан қолдау жоқ. Бәрін өз қаражатыма жасаймын. Түсінген адамға мен үшін емес, қазақ үшін керек нәрсе ғой. Бір жерге сыйлыққа беретін кәде сый керек болғанда шенеуніктердің көмекшілерінің жетіп келетіні бар. Ақшасын да алмаймын. Қолымда барын беремін. Мен жасаған оюлы 50 қолсандық қазір Мәскеудегі 50 ғарышкердің үйінде тұр. Тоқтар Әубәкіров өзінің аты Арқалықтағы мектепке берілгенде 50 ғарышкерді өзімен қоса ертіп әкелген болатын. Солардың 50-не де кәдесый жасап жіберген едім. Риза болып алғандары есімде қалыпты.
- Қанша туындыңыз бар?
- Ой, көп қой. Өзімнің жеке авторлық оюларымның өзі 600-ден асады. Оның 500-не Сейіт ағаның ақылымен ат қойып, меншіктеп алдым. Ат қою оңайға түспейді. Дүниеге келген сәбидің атын қоярда біраз әуре боламыз. Ал, 500 оюға ат қойып көріңіз. Оюларыма арнап, жинақ та шығардым. «Өнер» баспасынан «Қазақтың ою-өрнектері», Екібастұз баспаханасынан «Ою ой, өрнек сал» атты кітаптарымды жарыққа шығардым. Қазір осы кітаптарым әдістемелік оқу құралы ретінде пайдаланылады. Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институтта арнайы пән ретінде менің оюларым бойынша сабақ оқытылады. Сабақты өзім бермесем де, ұлттың мұрасының насихатталып жатқанына қуанамын.
- Бұл істі жалғастыратын шәкіртіңіз бар ма?
- Әрине. Білгенімді үйрету парызым ғой. Арқалықтағы жастардың «Жасұлан» ұйымына әдістемелік көмек беріп, дәріс оқимын. Студенттермен жиі кездесіп тұрамын. Қызығушы ақсақалдарға да ардагерлер ұйымында бас қосып, үйретіп тұрамын. Жастар тәрізді олар да меңгеріп алады. Жалпы елдің қызығушылығы жоғары. Жастарға көптеп үйреніп жатырмын. Әзірге жақсы меңгеріп кетті деп айтатын шәкіртім жоқ. Бірақ, таяу арада бір топ шәкіртімді баптап, үйретіп, ел алдына шығарармын. Бұл менің міндетім ғой.
- Алдағы жоспарларыңызды оқырманмен бөліссеңіз?
- Оюға қатысты тағы бір кітабымды шағарсам деймін. Дайын тұр, тек демеуші керек. Ел тарихына қатысты этнографиялық жинағым да оқырманын күтіп жатыр. Кейкі батыр туралы кітабым да аяқталуға жақын қалды. Осы үшеуі жарыққа шықса 9 кітабым мұра болып қалар еді. Үстіміздегі жылдың тамыз айында Қостанайда облыстық көлемде көрме өткіземін. Алдағы жылы Астана қаласындағы көрме залында Республикалық деңгейдегі көрме өткізуге дайындалып жатырмын.
-Әңгімеңізге рахмет!
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС