«Шежіре асыл мұрамыз» дейді жас ғалым
Қазақ шежіресі – тарих ғылымындағы халқымыздың шығу тегін, таралуын баяндайтын тармағы. Шежіре қазақ, түрікмен, қырғыз, моңғол және т.б. халықтар арасында ауызша сақталған. Қазақ халқының арасында атадан балаға ауызша жетіп, кейіннен қағазға түсіріліп бірнеше ұрпақтың арасында аманат болып осы күнге жеткен. Сол аманаттың жүгін бүгінгі күні қалай арқалап жүрміз? Шежірені қолға алып, қоғамға таныстырып, елдің алдына ұсынған ғалымдарымыздың жұмысында не даналық бар екенін білгіміз келді. Бірақ біздің сұхбат алатын кейіпкеріміз Сіз ойлағандай тарихшы-ғалым немесе көз майын оқып тауысқан оқымысты да емес. Бар жоғы, қызығушылықтан қызықты еңбек тудырған жас шежіреші Шыңғыс Төлегенұлы Оразалы.
Шыңғыс әуелі өзіңді қалың оқырмандарымызға таныстырып өтсең?
Мен 1993 жылы Ақмола облысының кербез-сұлу Көкшетауында орналасқан Щучинск қаласында дүниеге келдім. Балалық шағым осы Шучинск қаласында өтті. Қазіргі күні Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың І курсында экономика мамандығы бойынша оқып жатырмын.
Сұрағымызды бірден тақырыбымызға қарай ауыстырсақ. Шежіре жазу деген сенің ойыңша...?
Шежіре дегеніміз- қазақ халқының тарихы, ол халықтың әлеуметтік және рухани даму жолын толығымен көрсетеді. Осынау күрделі еңбекті жазу үшін адам рухани жағынан таза болуға тиіс, сонымен қатар адамға үлкенді құрметтеу, ата- бабаларды қастерлеу, өз мәдениетін білу, шыдамдылық, төзімділік, адамдармен тіл табыса білу сиақты қасиеттер тән болуы керек. Менің ойымша, шежірені осындай адамдар жазуы керек және адам шежірені материалдық пайда табу мақсатында жазбауға тиіс. Жоғарыда айтқандай, шежірені кез келген адам жазбайды, бірақ өз руының, ата- бабаларының тарихын білу- қандай ұлт өкілі немесе қандай дінге табынушы болса да, өзін- өзі құрметтейтін әрбір азаматтың парызы. Атығай және Қарауыл руы туралы материалдар жинақталған «Шежіре- асыл мұра» кітабының авторы бола отырып, мен қазақтарды руға және жүзге бөлуді немесе кейбір рулардың басқалардан артықшылығын көрсетуді мақсат еткен жоқпын.
Шежіре жеті атаны білуден басталатыны сөзсіз. Осы орайда жеті атаны білу парызы жайлы айтып өтсең?
«Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын білер, Жеті атасын білмеген құлағы мен жағын жер»,- деген жүйелі сөз көп мағынаны білдіреді. Сондықтан да біздің ата- бабаларымыз өз ұрпақтарына жеті атасының аты-жөнін, атамекен, өз руынан шыққан белгілі батыр, би, жақсылардың есімін айтып, үйретіп отырған. Бұл жолды қазақтың аяулы әрі білімдар перзенті Дінмұхамед Қонаев та ұстанған. Өзінің «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабында былай деген; «Ал енді өзіме дейінгі жеті атамды қуалап айтсам былай; Жолын- Нұрамбет- Азынбай- Қонай- Жетібай- Меңліахмет- Дінмұхамед». Басқа білетіндер де, мысалы, Сәбит Мұқанов та осылай таратқан, соған тоқтаған. Ал бұған біз неге тоқтамай жүрміз? Жастар осы нәрсеге әлі де көңіл бөле қоймайды. Жеті атасын білмейтін замандастарымыздың көргенде еріксіз қынжыласың. Білуге құлық танытпайтыны өкінішті!
Ата- бабаларымыз жеті атаға дейін қан араластырмайды, туыстық қалыпты бұзбайды. Сегізінші атадан бастап жаңа ру атын белгілейді. Бұл үшін сол атаның ақсақалдары мен билері, ел ағалары ру мүшелерін шақырып, боз бие сойып, баталасып, осымен жеті атаға толып, бұдан былай қыз алысып, қыз берісетін құдалыққа рұқсат ететін жол ашады. Бұл дәстүр- текті, дені сау, таза ұрпақ өсуінің кепілі. Осындай текті ұрпақ өсіру тәрбиесін бұрынғылар ертеден- ақ білген және оны қатты қадағалап отырған.
Арғын-Атығай руының шежіресін жазып, қазақ тарихына өзіңнің алғашқы сүбелі үлесіңді қостың. Осы шежірені жазуда қандай қиындықтар кездесті?
Шежіре жазған кезде, ең алдымен, көптеген адамдарда шежіреге деген қызығушылықтың жоқтығын байқадым. Шежіремен негізінен аға буын өкілдері айналысатынын, дегенмен соңғы кезде жастардың да болғанын айта кеткім келеді. Кітап жазу барысында мен бүкіл Қазақстанды аралап, көптеген адамдармен кездестім. Менің жұмысыма қызығып, өзінің түп тамырларын білгісі келген славян ұлтының өкілдері де келіп, менен көмек сұраған жағдайларда болды. Сонымен қатар шежіре жазу кезінде ата- бабаларымыз жазған көптеген көне қолжазбалардың жоғалғаны анықталды.
Неліктен осы шежіре жазуды қолға алдың, шежіреге қызығушылығыңды кім оятты?
Осыдан 4 жыл бұрын кітап жазу немесе шежіремен айналысу менің ойымда да болған жоқ. Бәрі де 2008 жылы басталды. Менің әжем Гулжиһан Қасымқызының қайтыс болар алдындағы соңғы тілегі бойынша мен шежіре жаза бастадым. Әжем шежіре білгірі болатын. Жастайынан көзінен айырылып, өзінің шежіре жазу арманын іске асыра алмады. Әжем маған руымыздың шежіресін жазуды және өз ата-бабаларын ұмытпау үшін барлық туған-туыстарға таратуды аманат етіп тапсырды. Өзімнің жеті атама дейінгі шежіремді жасағаннан кейін, бұл іс маған қатты ұнады. Сондықтан мен өзімнің Атығай- Қарауыл руым туралы толық ақпарат жинауға шешім қабылдадым. Мен ауыл ақсақалдарына бардым, газеттерге және интернетке хабарландырулар бердім. 2010 жылы мен шежіре туралы ғылыми жұмыс жазып, мектеп оқушыларының республикалық жарысында І орын алдым, Қазақстан ғылымына қосқан үлесім үшін мені алтын медальмен және дүниежүзілік «INTEL» ғылыми қоғамының медалімен марапаттады. Менің жұмысымның негізінде еліміздің жоғары оқу орындарында лекциялар оқылғанын және өз шежіресін іздестіру туралы құралдар шығарылғанын да айта кеткім келеді. Менің бұл еңбегім ТМД мемлекеттері арасында жазылған алғашқы еңбек болып табылды.
Басқа қандай еңбектерің бар?
Шежіре бойынша әзірше басқа еңбектерім жоқ, бірақ болашақта мәдениет саласы мен шежіре туралы тағы да бірнеше кітап жазып шығаруды жоспарлап отырмын. Музыка саласынан да жетістіктерім аз емес. Республикалық және халықаралық халық шығармашылығы конкурстарының жеңімпазы болып табыламын. Халық музыкасына да қатысты еңбектерді жинастырып жүрмін.
Қазіргі күні шежіре бойынша қандай істермен шұғылданып жатырсың?
Арғын тайпасына қатысты өзге де руларының шежіресін толықтырып жүрмін. Оның үстіне Керей тайпасының шежіресін жазуды қолға алдым. Жүгі ауыр істі бастасам да нәтижелі еңбек етіп жазуға тырысамын.
Шыңғыс, бір қызығы өзің тарих саласын зерттеп жүрген жас ғалым бола тұра неліктен экономист болуды қаладың?
Өзімнің болашағымды экономикалық мамандықтармен байланыстырғым келді. Өкінішке орай, Қазақстанда шежіремен байланысты мамандықтар жоқ, Шежірені құрастыру, зерттеу мәселелеріне қатысты маған тағы да басқа жаңа нәрселер үйрететін адам табылмайтын шығар деп ойладым. 4 жыл ішінде жинаған тәжірбием жеткілікті деп есептеймін. Шежіре жазу мәселесі бойынша барлық әдіс-тәсілдері, тән ерекшеліктерді үйрендім деп те ойлаймын. Тарихтың шежіре саласы мен үшін сүйікті хоббиім, әрі ұлтымның алдындағы парызым болып табылады. Сондықтан, менің мамандығым, айналысып жүрген ісіме еш кедергісі жоқ.
Көзі қарақты оқырмандарымыз бен замандастарыңа айтарың?
Біз мемлекетіміздің бүгіні және ертеңіміз. Республикамыздың әрбір азаматы өзінің руының, ата- бабаларының тарихын білсе екен деймін. Біз осылайша барлық қиындықтарға қарамастан елімізді, жерімізді жаудан сақтап қалған бабаларымызға деген құрметімізді көрсетеміз. «Жеті атасын білмеген- жетімдіктің салдары», «жеті атасын білмеген жетесіз»,- деген тұжырымдардан- ақ халқымыздың шежіреге қалай мән беретінін байқауға болады. Өз ата- бабаларының, руының тарихын білу керек, дегенмен кейбір азаматтар сияқты руға немесе жүзге бөліну қажет емес. Ұлт бірлігінің маңызын түсіну үшін шежіре бізді біріктіруге тиіс, бізді біріктіруге тиіс, бір- бірімізден алыстатып, жауластыруға тиіс емес. Шежірені білу, естіген-білгенді өзгелерге насихаттау- рушылдықтың, жікшілдіктің белгсі емес. Кейбір кездерде, мен шежірешімін дейтін баз бір ағайындардың «өз құлағының тасын төрттен қойып», өзгені қор, өзін зор ететін жайттар кездеседі. Қазір ағайын-туғанын, ауылдасын жинап жүрген кейбір ақылсыз бастықсымақтарға тән рушылдық-жершілдік бой көрсетіп жүр. Абайдың; «Егерде есті кісілердің қатарында болғаң келсе, күніңде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге не ахиретке, не дүниеге жарамды, күніңде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не бітіріп өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың я?». Данышпанның маған көмектескен осы сөздерінің сіздерге де көмегі тиер деген үміттемін. Аға буын өкілдері өздерінің ізін басқан артынан ерген ұрпаққа өз елінің шежіресін айтып, батыры мен ақынын дәріптеп ұлттық рухта тәрбиелесе, оны естіп өскен ұрпақтың елін жерге қаратпасы анық. Рухымызды көтерген де ғана дәулетіміз артатынын білсек деймін.
Сыр- сұқбатыңа рахмет! Өзінін тегін білгісі келетін оқырмандарымыз болса сенімен байланыста болады деген ойдамыз. Еңбегіңе толайым табыстар тілейміз!
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС