Екінші кездесу
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен екінші рет кездесудің сәті 1997 жылдың 19-21 мамыры күндері Алматы қаласында түсті. Жезқазған қаласының дарынды-оқушы балаларын Республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездесуге бастап апардым. «Горное солнце» лагеріне орналастық. Республика бойынша 200-дей дарынды оқушылар жиналды. Қарағанды облыстық Білім Департаментінің бастығы – Қайыржан Рақымжанұлы Мәдиев Жезқазғаннан бес оқушыны Елбасымен кездесуге апаруды маған жүктеді. Ертіп апарған оқушыларым Медетов Рүстем (математика пәні бойынша халықаралық Олимпиадада Алтын медаль иеленген), Битенов Әнуар (физика пәнінен халықаралық Олимпиада жүлдегері) екеуі де Жезқазғандағы қазақ-түрік лицейінің 11-сыныбын бітіріп жатқан түлектер болатын. Қалған үш оқушы -Балхаш пен Сәтбаев қалалары мен Ақадыр ауданынан еді. Дарынды балалардың Президентпен кездесуі өте тамаша ұйымдастырылып, сәтті өтті. Республикамыздың көптеген қоғам қайраткерлері, өнер саңлақтары, спортшылар, ақын-жазушылар қатысып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген дарынды оқушыларымызбен дастархандас болды. Елбасымен бірге ескерткіш суретке түсіп, ашық жарқын әңгіме-дүкен құрып, балалар көкейінде жүрген сауалдарын қойып, жауаптар алды. Жезқазғаннан келген Рүстем Медетовтың сұрақтарына Нұрсұлтан Әбішұлы өте риза болды. Кездесу бейнетаспаға түсіріліп бір-бірден қатысушыларға тегіс таратылып берілді. Менің үйімде әлі күнге сақтаулы. Бұл бейнетаспаны ең асыл, қымбат мүлігім деп білемін. Біздің Жезқазғаннан келген делегация құрамына жайылған дастарханда ақын Тұманбай Молдағалиев пен Білім Министрлігінің сол кездегі Департамент басшылары отырып солармен дәмдес болдық. Кездесуді басынан аяғына дейін танымал өнер жұлдыздары Нұрлан Өнербаев пен Светлана Кокавинец жүргізіп, Жәния Әубакірова, Айман Мұсаходжаева, Роза Рымбаева, Секен Тұрысбеков сынды қазақ өнерінің майталмандары концерт берді. Бұл жолы менің өз басымның Нұсұлтан Назарбаев пен Сара Алпысқызымен 1992 жылы Ұлытауда жақын жүздесіп, Хан Ордасы мен үш жүздің бірлігін бейнелейтін Белгі тас қойылған төбеде өткен жиыннан кейінгі (ол кезде мен Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болатынмын) екінші кездесуім еді. Көптің арасында тұрған мені Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бірден танып, амандасып: «Ұлытау қалай?» деп сұрағаны мені қатты қуантты. Қанша ел аралап жүрседе ұлытаулықтарды ұмытпай, азаматтарын жазбай танып, хал-жағдайын сұрағанына ризашылық сезімммен жауап бердім.
Міне, әсерге толы, тарихи мағынасы зор осы екі кездесу мен үшін өмірімдегі ұмтылмас оқиға еді. Қиын –қыстау кезінде ұлттың рухын көтеру, еңсесін тіктеу үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қыруар істер жасады. Әрқайсысы бір тарих. Ұлытаудан алған батасы қабыл болып, елін өрге сүйреп келе жатқан Елбасымыздың қызметіне табыс, ісіне береке, Отанымызға тыныштық тілеймін!
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС