Күтумен өткен қайран жылдар
2009 жылдың мамыр айы. Кенет кабинеттегі телефон қоңырауы шыр еткені. Телефонның аржағында таныс дауыс. Теректідегі Айткүл апа. Жөн сұрасып, амандықтан соң бұйымтайы бар екенін жасырмады. Қарт көңілдің айтқан сырының сипаты былай:
Айткүл Өмірзақова 1923 жылы туған. Өзінен 2 жас үлкен ағасы Қапар Өмірзақов 1921 жылғы. Отбасында екі бала тәрбиеленген екен. 1932 жылғы ашаршылық кезінде Сарыкеңгір аулынан Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласы маңындағы Ащысай кенішіне қоныс аударыпты. Ел енді есін жиған сәтте, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Анасы Үкітай екеуі ағасы Қапарды соғысқа шығарып салады. Ағасы Қапар Уфа қаласында қысқа мерзімді әскери даярлықтан өтіп, соғысқа кіреді. Кеңес жауынгерлерінің рухын көтерген Курск шайқасына қатысады. 1943 жылға дейін елмен хат алысып тұрады. 1943 жылы маусым айында хабарсыз кетеді. Ағасын іздеген Айткүл апа 67 жыл бойы әр көктемді сағынышпен өткізді. Анасы Үкітай 1985 жылы, Ұлы Жеңістің 40 жылдығы мерекесі – 9 мамыр күні ұлы Қапардың суретіне қарап жатып көз жұмған екен. Айткүл апа ағасын іздеп Республикалық бірнеше басылымдарға іздеу салады. Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне хат жазып, ешқандай нәтиже шығара алмаған.
Телефон арқылы айтылған әңгіменің мазмұны осы. Тұтқаны орнына қойған соң мойныма бір аманат жүктелгенін сездім. Ол аманат Айткүл апаның ағасы Қапарды іздеп табу болатын.
Айткүл апаның жан тебіренісін, бауырына деген шексіз махаббатын сезіне отырып аманатты орындауға кірістім. Әуелгі жұмысты Ресей Федарациясының Мәскеу облысына қарасты Подольск қаласында орналасқан РФ Қорғаныс министрлігінің мұрағатынан бастадым. Бұл мұрағатта миллиондаған боздақтың есімі аталмай, есімдері шаң басқан күйде жатқаны анық. Қолға қалам алып, кішкентай конвертке үлкен аманатты салып, Мәскеуге аттандырдым. Көп уақыт өтпей Мәскеу мұрағаты деректер базасының сайты бар екенін хабарлап, ол жерде Қапар Өмірзақов жайлы мағлұмат бар екенінен хабардар етті. Жауап жолданған хатқа қоса құжаттардың көшірмесі қоса берілген екен. Ресейлік мамандардың тиянақтылығы мен жұмысына жауапкершілікпен қарайтыны мені таңғалдырды. Құжаттардың көшірмесін алып, Айткүл апаға көрсеттім. Жоғалған боздағы табылғанына қуанып, құдайы ас берді. Ағасын күтуден жалықпаған Айткүл апа 2010 жылдың 11 маусымы күні Қапардың есімін бірінші рет құранға қосты. Теректіліктер ағасының артынан дерек келген Айткүл апайға көңілдерін білдіріп жатты.
Айткүл апаның ағасы Қапар Өмірзақов 1943 жылы 11 маусымда Ресей Федерациясының Орлов облысы, Малоархангельск ауданы, Протасово селосында Курск шайқасы кезінде қаза тапқаны анықталды. Марқұмның мәйіті аталған мекеніндегі бауырластар зиратына жерленген екен. Орлов губернаторы А.П Козловтың тікелей көмегі арқылы Қапар Өмірзақов жерленген бауырластар зираты басына қойылған ескерткіштің суретін, Ресейдің мұрағаттарынан Қапар Өмірзақовқа қатысты бірнеше құжаттардың көшірмесін алдырдым. Мұндай тарихи құжаттарға өте ұқыптылықпен қарап, көмегін берген ресейлік мамандарға таңданысымды жасырмаймын. Осы жағдайдың барлығын айтып Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Исабекұлына арнайы материалдар жіберіп, Қапар Өмірзақов соғысқа аттанған Түркістан қаласында жауынгердің есімі аталса екен деген өтінішімді білдірдім. ОҚО-ның әкімі Асқар Исабекұлы мұндай қасиетті істен бас тарқан жоқ. Өзінің азаматтығын көрсетіп, жауынгердің есімін Шымкент қаласының орталығындағы «Жеңіс» саябағындағы тақтаға жаздырды. Жерлесіміздің есімін ұлықтаған әкім Асқар Исабекұлына Айткүл апаның алғысы шексіз. Есімі өзі соғысқа аттанған Оңтүстік өңірінде ұлықталып, жан тапсырған Орлов қаласындағы ескерткіште аты алтын әріппен жазылған жерлесіміздің рухын Сарыарқа жерінде де асқақтату ойымызда бар. Осындай желіні арқау етіп, қазіргі уақытта «Күтумен өткен қайран жылдар» атты 40 минуттық деректі фильм әзірлеумен айналысып жатырмыз. Алдағы уақытта ол көрермендерімен қауышады деген ойдамыз. Келешектің еншісіндегі бұл іске де оқырмандарымыз көзайым болар. Келелі іске Жезқазған қаласының әкімі Берік Әбдіғалиұлы да араласып: «Ұлы Отан соғысы жылдарының қиындығын қазақстандық барша отбасы тартты. Із-түссіз жоғалған жандарды өмір бойы іздеп өткендер бар. Айткүл Өмірзақованың басына түскен қиындығын бөлісіп, игі мақсатты көздеп, бауырын табуға қол созып, көмек көрсеткен азаматтығыңыз өзгеге үлгі боларлықтай екен. Қ.Өмірзақов жерленген Ресей Федерациясының Орлов облысындағы бауырластар зиратына барып, туған ел топырағын салуға және деректі фильмнің жалғасын түсіруге көмек көрсету жолын қарастырамын» деп ағынан жарылды. Өз кезегінде азаматтығын танытқан қала әкімінің қолдауы болады деп сенеміз.
Арада жылдар өтсе де Ұлы Жеңістің бағасы қымбат бола түсуде. Жыл сайынғы Жеңіс көктемін күтумен өткізетін Айткүл апай биылғы Жеңіс көктемін де сағынышпен қарсы алды. Ол сағыныш бауырға деген ыстық көңілі еді.....
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС