Жаңалықтар

«ҚОС АПАНЫҢ ӘНІ»

Осы мақаламды боздағын күтіп, дүниеден үмітпен өткен, барша Аналардың рухына арнаймын! Жұмыс кабинетімде күнделікті дағдымен қағаз бетін ақтарып отырған сәтте құлағыма бұрын соңды естімеген ән әуезі естілді. Бұл әнді ақырын ғана сызылтып салып, қағаз беттерін реттеп отырған әріптес апай Кабира Мақышқызы еді. Құлаққа естілген бойда денені шымыр еткізетін бұл әнге еріксіз назар аудардым. Ән әуезінде сағыныш, жоғын іздеген ана, қасіретті күндер тарихы жатқан еді. Кабира Мақышқызының ән әуенін бөліп: Апай, орындап отырғаныңыз қандай ән? деп сұрақты төтесінен қойдым.   Ех, шіркін-ай. Бала кезімде жаттап алған осы ән жадымда қалып қойыпты. Кейде Ақтоғайдың Қызыларай өңірінде өткен балалық шағым мен жастық дәуренімді сағынғанда сол кезде жаттап алған әндеріме еріксіз кезек беремін. Бала күнімде анам ерте қайтыс болып, әке тәрбиесінде қалдық. Отбасымыз көп балалы еді. Әкем Мақыш Ақтоғайда дүкен меңгерушісі болып қызмет етті. Ер азаматтың қызметі түзде ғой. Қанша дегенмен бізге ана орыны ерекеше болды. Осыны сезген нағашы әжем Биғайша бізге өзінің көп өнегесін көрсетті. Қыз баланың тәрбиесіне қатысты біраз нәрсені үйретіп кетті. Әсіресе мен әжемнің соңынан қалмаушы едім. Ауылдағы той-томалаққа, жиындарға мені ерте жүретін. Сол уақытта ауылда әжем қатарлас екі үлкен әже болды. Аттары Айсұлу, Күнсұлу. Екеуі егіз еді. Ақ кимешектері жарасып, сән салтанаттарымен жүретін. Ауылдың барлығы ол кісілердің аттарын атамай «Қос апа» деп атаушы еді. Күнсұлу апа жас кезінде тұрмыс құрып, бала көтере алмайтынына көзі жеткен соң өзінің сыңары Айсұлуды күйеуіне екінші әйел етіп алып берген. Айсұлу апа мына жарық дүниеге Мұқан атты шекесі торсықтай ұлды алып келеді. Кішкентай Мұқан Айсұлу мен Күнсұлудың арасындағы ортақ бала болып өседі. Ал, мен айтып отырған жаңағы ән осы Қос апаның Мұқанға арнаған әні. Егіз апаның ортасындағы жалғыз ұлы Мұқан соғыс басталғанда әскерге алынып, соғыстан оралмады. Жалғызынан айырылған қос анаға бұдан өзге қасірет болмасы анық. Ұлдары Мұқанды іздеп, үнемі жол тосып, пошташы баланың хатын күтіп отыратын. Зарлы да, сағынышқа толы осы «Қос апаның әні»  сол кезде шықса керек.  Әннің сөзін айтыңызшы? Сөзі мынадай: Сары шай іштім сан ойлап, Сағындым құлыным сені ойлап. Қиыр барып, шет жайлап, Келер ме құлыным дәм айдап? * * * Ойранда таудың биігі-ай, Майданға кеткен Мұқаннан, Хат келудің қиыны-ай. * * * Самаурын қойдым көмірсіз, Қайнамайды-ау өзіңсіз. Жалғыз құлыным келмесе, Ішкенде шайым көңілсіз.   Иә, шынымен  ән әуезі мен сөзі де мұңға толы екен. Бүгінгі күні ел ішінде ұмтылып бара жатқан осы әннің жоқшысы бар ма?   Неге жоқ болсын. Осы әнді нақышына келтіріп орындап, әннің тарихын аңыз етіп айтып беретін әнші бар. Ол – Ғалым Мұхамедин. Сол кісінің орындауында осы ән қаз қалпында еш бұзылмастан орындалады. Ғалым әнші орындаған сәтте «Қос апа» көз алдыма елестейді. Бәрі де қазіргі ертегі тәрізденіп өте шықты ғой. Кеше ғана сияқты еді бұл әннің шыққаны. Бүгін 70 жылға таяп қалыпты. Қанша жыл өтсе де бұл ән ұзақ жасайтыны сөзсіз. Ән ішінде елдің басына түскен ауыр қасіреті бар. Оны жеткізіп, тарататын өздерің -  деп Кабира Мақышқызы әңгімесін аяқтады.    Кабира Мақышқызының ән жайлы әңгімесін тыңдап отырып, оны оқырман қауымға таныстыруды жөн көрдім. Қашанда болмасын өткенсіз болашақ жоқ. Ең бастысы, әнді шығарған «Қос апаның» есімі ұрпақтан- ұрпаққа аңыз болып қала бермек. Жалғызы майданнан оралмаса да ұлдарына арнап, ән ескерткішін орнатып кеткен Ана жүрегінің сағынышын әнмен жеткізе білген әріптесім Кабира Мақышқызына еріксіз риза болдым. «Бір әннің тарихы – бір елдің тарихы» -деген осы екен ғой!         Нұрсерік  ЖОЛБАРЫС  
06.12.2013 04:00 4644

Осы мақаламды боздағын күтіп,

дүниеден үмітпен өткен, барша

Аналардың рухына арнаймын!

Жұмыс кабинетімде күнделікті дағдымен қағаз бетін ақтарып отырған сәтте құлағыма бұрын соңды естімеген ән әуезі естілді. Бұл әнді ақырын ғана сызылтып салып, қағаз беттерін реттеп отырған әріптес апай Кабира Мақышқызы еді. Құлаққа естілген бойда денені шымыр еткізетін бұл әнге еріксіз назар аудардым. Ән әуезінде сағыныш, жоғын іздеген ана, қасіретті күндер тарихы жатқан еді. Кабира Мақышқызының ән әуенін бөліп:

Апай, орындап отырғаныңыз қандай ән? деп сұрақты төтесінен қойдым.

  Ех, шіркін-ай. Бала кезімде жаттап алған осы ән жадымда қалып қойыпты. Кейде Ақтоғайдың Қызыларай өңірінде өткен балалық шағым мен жастық дәуренімді сағынғанда сол кезде жаттап алған әндеріме еріксіз кезек беремін. Бала күнімде анам ерте қайтыс болып, әке тәрбиесінде қалдық. Отбасымыз көп балалы еді. Әкем Мақыш Ақтоғайда дүкен меңгерушісі болып қызмет етті. Ер азаматтың қызметі түзде ғой. Қанша дегенмен бізге ана орыны ерекеше болды. Осыны сезген нағашы әжем Биғайша бізге өзінің көп өнегесін көрсетті. Қыз баланың тәрбиесіне қатысты біраз нәрсені үйретіп кетті. Әсіресе мен әжемнің соңынан қалмаушы едім. Ауылдағы той-томалаққа, жиындарға мені ерте жүретін. Сол уақытта ауылда әжем қатарлас екі үлкен әже болды. Аттары Айсұлу, Күнсұлу. Екеуі егіз еді. Ақ кимешектері жарасып, сән салтанаттарымен жүретін. Ауылдың барлығы ол кісілердің аттарын атамай «Қос апа» деп атаушы еді. Күнсұлу апа жас кезінде тұрмыс құрып, бала көтере алмайтынына көзі жеткен соң өзінің сыңары Айсұлуды күйеуіне екінші әйел етіп алып берген. Айсұлу апа мына жарық дүниеге Мұқан атты шекесі торсықтай ұлды алып келеді. Кішкентай Мұқан Айсұлу мен Күнсұлудың арасындағы ортақ бала болып өседі. Ал, мен айтып отырған жаңағы ән осы Қос апаның Мұқанға арнаған әні. Егіз апаның ортасындағы жалғыз ұлы Мұқан соғыс басталғанда әскерге алынып, соғыстан оралмады. Жалғызынан айырылған қос анаға бұдан өзге қасірет болмасы анық. Ұлдары Мұқанды іздеп, үнемі жол тосып, пошташы баланың хатын күтіп отыратын. Зарлы да, сағынышқа толы осы «Қос апаның әні»  сол кезде шықса керек. 

Әннің сөзін айтыңызшы?

Сөзі мынадай:

Сары шай іштім сан ойлап,

Сағындым құлыным сені ойлап.

Қиыр барып, шет жайлап,

Келер ме құлыным дәм айдап?

* * *

Ойранда таудың биігі-ай,

Майданға кеткен Мұқаннан,

Хат келудің қиыны-ай.

* * *

Самаурын қойдым көмірсіз,

Қайнамайды-ау өзіңсіз.

Жалғыз құлыным келмесе,

Ішкенде шайым көңілсіз.

 

Иә, шынымен  ән әуезі мен сөзі де мұңға толы екен. Бүгінгі күні ел ішінде ұмтылып бара жатқан осы әннің жоқшысы бар ма?

  Неге жоқ болсын. Осы әнді нақышына келтіріп орындап, әннің тарихын аңыз етіп айтып беретін әнші бар. Ол – Ғалым Мұхамедин. Сол кісінің орындауында осы ән қаз қалпында еш бұзылмастан орындалады. Ғалым әнші орындаған сәтте «Қос апа» көз алдыма елестейді. Бәрі де қазіргі ертегі тәрізденіп өте шықты ғой. Кеше ғана сияқты еді бұл әннің шыққаны. Бүгін 70 жылға таяп қалыпты. Қанша жыл өтсе де бұл ән ұзақ жасайтыны сөзсіз. Ән ішінде елдің басына түскен ауыр қасіреті бар. Оны жеткізіп, тарататын өздерің -  деп Кабира Мақышқызы әңгімесін аяқтады.

   Кабира Мақышқызының ән жайлы әңгімесін тыңдап отырып, оны оқырман қауымға таныстыруды жөн көрдім. Қашанда болмасын өткенсіз болашақ жоқ. Ең бастысы, әнді шығарған «Қос апаның» есімі ұрпақтан- ұрпаққа аңыз болып қала бермек. Жалғызы майданнан оралмаса да ұлдарына арнап, ән ескерткішін орнатып кеткен Ана жүрегінің сағынышын әнмен жеткізе білген әріптесім Кабира Мақышқызына еріксіз риза болдым. «Бір әннің тарихы – бір елдің тарихы» -деген осы екен ғой!  

   

 

Нұрсерік  ЖОЛБАРЫС

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға