Қалманбай батыр
Елімізде Тәуелсіздіктің таңы атқалы, біраз тарихи тұлғалардың есімі ортамызға қайта оралды. Ғалымдар мен жазушылар өз хал-қадірінше жазып, насихаттап жүрген жайы бар.
Қалманбай Байдәулетұлы 1860 жылы Ұлытау өңіріндегі Сарыкеңгір өзені бойында «Алданазардың ақсуаты» деген жерде дүниеге келген. Әкесі Байдәулет Орынборда, Омбыда оқыған пысық, зерек кісі болыпты. Ол Сарысу өзені бойындағы Сымтас деген жерден 12 отбасылық қызыл үй мен мешіт салдыртқан. Шетелден шеберлер әкеліп, сағана, тоған жасатқан. Омбыдағы оқуын аяқтай алмай, атасы Құлыбектің көзі, киелі сөзі тиіп, 25 жасында ауырмай-сырқамай қайтыс болған екен. Қалманбай одан 1,5-2 жас шамасында қалыпты. Інісі Мақыш 1 жасқа да толмаған екен. Бұларды өсіріп, жеткізген Байдәулеттің ағасы Жандәулет те атақты бай болған екен.
Қалманбай әкесіне ұқсап пысық, зерек әрі салмақты, орынсыз іс істмейтін, артық сөз сөйлемейтін аузы ауыр азамат болып өскен. Жасынан «Қалманбай батыр» атанса керек. Бұл туралы батырдың поштабайы болған Күзеубай Жидебайұлынан естіген әңгімесін атақты ғалым Қаныш Сәтбаев былай әңгілмейді екен: Қалманбай батыр жасынан тапқыр, зерек, қарулы болып өскен. Ол кезде ел тіршілігі Атбасар базарына мал айдау, сауда-саттық секілді жұмыстармен айналысқан. Орнықтылығына сенген ғой, бір жолы жаста болса Қалманбайды бас етіп, Жандәулет бай Атбасар базарына топ адам етіп жібереді. Жолда басмашылар шабуылдап, малдарын тартып алыпты. Қалманбайдан басқасы қашып кеткен. Басмашылардың басшысы Қалманбайға жегін аттарды да босатып бер деп бұйырады. Қалманбай асықпай әуелі бір атты босатып, қолына ұстатқан, екіншісін босата беріп, арбаның бір жетегін ала сала басмашсы басшысын аңдаусызда түйіп жіберген. Құлап түскен басмашсының қылышы мен мылтығын алып, арба үстіне шығып айқасқа әзірленеді. Ауыр денесімен құлаған басшы есеңгіреп қалғанда, басқалары Қалманбайға тиісуге қаймығып, үріккен аттардың соңынан қашып кеткен.
Бір ат жетекте, адам аман, Атбасар базарына жеткен соң жігіттерге базардан барып арқан, жіп үзіктерін жинап әкелуге бұйырған. Өзі отырып сол үзінділерден жіп, арқан ескен. Өйткені, базардан мал алушыларға арқан, жіп өте керек-тін. Қазақта сатқан малға қосып бас жіп бермейтіні белгілі. 1 арқанның құны 1 тоқты болса керек. Бір аптада 1 ат сатып алып, жол азықтарын қамдап, 2 атты жегіп, елге жеткен. Елдегілер: «Ау, азықтарың, саудаларың қайда?»- дейді. Сонда олар: «Е, Қалжан батыр болмағанда бәріміз қырылатын едік, қайта аман келгеніміз қуаныңдар», - деген екен. Осы оқиғадан соң бозбала Қалманбай «Қалманбай батыр» атанып кетіпті. Атақты ғалым, академик Қ.Сәтбаев ел тарихына қатысты еңбегінде Қалманбайдың батырлығын осылайша суреттейді.
Қалманбайдың немересі Құрмет Шәріпұлы ақсақал, -Бала күнімде үйімізде талай қонақ болатын еді, деп еске алатын. Атасы туралы әңгімені аңызға бергісіз етіп тыңдармандарына жеткізетін. Сол әңгімелердің бірінде Қалманбай батырдың болыстығына да қатысты деректерді айтатын. Қалманбай 18 жасқа толғанда жұртышылық, ағасы Айранбай болысқа: «Айреке жасыңыз болса келіп қалды, мынау Қалманбай ел құрметіне бөленіп келеді. Оқыған, екі тілді біледі, күшіне ақылы сай. Осыны болыстыққа лайықты деп санаймыз. Батаңызды беріңіз», - деген екен. Бірақ Айранбай болыс келіспепті. Сол уақытта аға сұлтан Шыңғысқа жер салығын төлемегені үшін патшаның Жарлығын шығартып, Бағаналының бір бөлігін Шу бойына қарай қоныс аударуға мәжбүрлеген. Сондай шақта жер іздеп шыққан Бағаналының Жауғашты руының төрт ақсақалы Құлыбек, Төбек, Көрпе, Баймырзаларға аруақ аян беріп, Сарысу бойына көшкен екен. Қоныстанған соң Қалманбайға баталарын беріп, ресми сайлаусыз-ақ өздеріне болыс етіп сайлап алған. Бұл шамамен 1878 жыл болса керек. Ал, 1882 жылы ол болыстықта ресми таласып, жеңіп шығады. Осы сайлауда Қалманбайдың бір өзінен 550 жылқы, 2000 қой шығын болғанын айтады. Қазіргінің құнымен есептесеңіз шамамен миллиондаған қаражат, деген ақсақал естелігінде. Осы сайлауда өзінің бәскелесі Бұзау болыспен қайта-қайта жекпе-жекке шығып, елді тыныштандырамын деп келіп жатқан Попов деген оязға тігіліген киіз үйді Қалманбай батыр орнымен қосып аударып тастаған екен. Осыны көріп қорыққан ояз Бұзау мен Қалманбайға арнап екінші болыс ашып, екеуін тыныштандырған деседі.
Қалманбай болысқа қатысты тағы бір қызық дерек бар. Ол Қалманбай болыс әрі батыр бейнесін аша түседі. Оқиға 1913 жылы болған. Дәл сол жылы Ресей императоры ІІ Николай өзінің Романовтар әулетінің таққа отыруының 300 жылдық тойын тойлап жатқан. Мұны естіген Қалманбай Қызылорда шиінің арасынан жолбарысты тірідей ұстап алып, Петерборға аттанады. Мақсаты, ақ патшаға жолбарысты сыйлау. Петербордың қақпасынан жолбарыс ұстап кіргенінде зәресі кетпеген орыс қалмапты. Патша отырған сарайға жақындап, кездесуге рұқсат сұрапты. Қазақ даласынан келген, күтпеген тосын сыйға таңырқаған ІІ Николай патша батырмен кездесуге келісіп, өз сарайына алдыртқан. Мұндай тосын сыйға разы болған патша Қалманбайға алтын белдік пен сағат сыйлаған (олар ұрпақтарында әлі сақтаулы- Н.Ж.). Сөйтіп, Қалманбайдың аты бүкіл қазақ даласына тарап, ел оның есімін аңызға айналдырған.
36 жыл үздіксіз болыс болған Қалманбай денсаулығы сыр беріп, 1917 жылы болыстықты Жәнәбілге өткізген екен. Ауруы асқынып, сол жылы дүниеден өтеді. Бейіті Қарағанды облысының Ұлытау ауданына қарасты Борсеңгір ауылының Сымтас деген жерінде орналасқан. Елі қадірлеген батырға халық сағана салып, әлі күнге дейін қабіріне құран оқып бағыштап барып тұрады.
Қалманбайдың батыр, болыстықтан басқа бір қыры – ақындығы болатын. Оның атақты «Сәтбек батыр» қиссасын Бағаналы жұрты жатқа айтатын болған (Қисса туралы алдағы мақалаларымызда толығырақ айтамыз-Н.Ж.). Сол кезде енді ғана қазақ даласына тарап жатқан, бүркеншік есіммен шығарма жазу әдісін Қалманбай да қолданған. Оған дәлел Назарбек, Қалжан, Назымбек, Олжабай деген бүркеншік есімдерінің болуы. Қалманбайдың қазақтың шешендік өнерінде қалдырған «Қожа Мансұр», «Назымбек» деген шығармалары да күні бүгінге дейін жеткен. Өкініштісі, Кеңес үкіметі орнағанда, колхоздастыру кезінде Қалманбайдың үйін өртеп, көп шығармалары жалын ішінде кеткен. Өртті көргендердің айтуынша Қалманбайдың бір сандық қолжазбасы отқа оранған. Қаншама рухани қазына бізге беймәлім үнсіз күйінде қолдан кетті. Ендігісі, бізге жеткенін ұқсатып, батыр есімін ұрпақтан-ұрпаққа бейбіт күнде аңыз етіп жеткізе білгенімізде болар!
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС