ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІН ОМАН ЕЛІНДЕ НАСИХАТТАҒАН жезқазғандық Ерғазы Исатаевпен сұқбат
Қазақ халқының зергерлік өнері араб әлемінде де насихатталып, бір айдан астам уақыт Оман сұлтанатында үлкен көрме өтті. Көрмені ұйымдастырушы Оман Сұлтанатының Мәдениет министрлігі мен Халықаралық Ислам мәдениетінің орталығы. Биылғы жылы ІІІ-ші рет «Маскат фестивалі» атауымен өткен бұл көрмеге Қарағанды облысы атынан жерлесіміз, Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының суретшісі, зергер-ұста Ерғазы Исатаев қатысып қайтты. Осы уақытқа дейін қазақтың мәдинетін Еуропа төрі Францияда, араб елі Кувейтте таныстырып, ата жолын жалғап жүрген Ерғазы Кеңесұлының алыста жақын араб елінен алған әсері де мол екен. Басқан ізін қойын дәптеріне түртіп, қазақтың зергерлік өнерін араб әлеміне таныстырып қайтқан кейіпкерімізбен сұқбаттасқанды жөн көрдік.
Ерғазы Кеңесұлы, халқымыздың зергерлік бай дүниесін насихаттап, бір айдан астам уақыт бойы Оман елінде болып келдіңіз. Көрмеден табысты оралып жатыр екенсіз. Оқырман қауым үшін тек дінге берік араб елі ретінде ғана таныс осы кішкене ғана мемлекет жайлы айтып өтсеңіз әуелі?
Оман сұлтандығы Арабия түбегінің шығысында орналасқан шағын мемлекет. Жерінің аумағы Қарағанды облысының екі ауданының шамасындай ғана. Ана шеті мына шетіне Қазақстан секілді тәуліктеп емес, сағаттап жетуге болады. Халқының саны да шамалы. Біздің жолбасшымыздың айтуынша 2,5 млн. шамасында. Негізінен халықтың басым бөлігін арабтар құрайды. Халықтың басым бөлігі осы арабтар болғандықтан ислам діні берік орын алған. Ресми тілі – араб тілі.Бірақ біздегідей қос тілділік бар. Араб тілімен қатар ағылшын тілі де үстем. Халқы екі тілде де еркін сөйлей алады. Мемлекетті монархиялық тәртіппен Хафуз сұлтан басқарады. Ақшаларының атауы риал. Мұнайға бай ел болғандықтан ақшасыда құнды. Халқы негізінен бай тұрады. Жергілікті арабтар ешқашан қара жұмыс жасамайды. Қара жұмыстардың барлығын сырттан келген белуджилер, парсылар және африкалықтар атқарады. Арабтар өздері мұнай компанияларында, жеке кәсіпкерлік саласында басқарушылық жұмыстарымен айналысады.
Сарыарқа даласын сарышұнақ аяз қысып тұрған сәтте мәңгі жаз еліне іс-сапармен аттандыңыз. Табиғат ерекешеліктеріне де мән берген боларсыз?
Оман сұлтандығының көпшілік бөлігі таулы болып келеді екен. Мемлекетті тұтасымен қамтып жатқан Хаджар таулары. Тау арасы болғандықтан табиғаты өте әсем. Оның үстіне теңіз жағалауын бойлай орналасқаны мемлекеттің табиғатына өзінше бір сұлулықты қосып тұр. Біз ұшақтан түсіп, табан тіреген сәтте 30 градус ыстықты көрсетіп тұрды. Теңізге шомылып, жағажайда демалуға болатын кез. Бізбен қатар тау етегінен теңіз жағалауын қызықтаған туристердің санында есеп болмады. Жаратқан Ием жерінің байлығы - мұнайына қосып табиғаттың сұлулығын беріп, туризм есебінен де байып жатқан мемлекетке қызығып қараудан басқа амал болмады.
Тарихтан білуімізше, Оман сұлтандығы бірнеше ғасырлар бойы басқыншылардың қол астына тәуелді болып келген. Тәуелсіз ел ретінде қырық жылдан астам өмір сүріп келе жатқан мемлекетті біздің жас тәуелсіз мемлекетімізбен салыстырып айта кетсеңіз?
Оман мемлекетті ғасырлар бойы шеттен келген басқыншылардың қол астында болып өмір сүрседе өзінің рухани құндылықтарын жоғалтпаған. Дініне берік. Тілдерін қатты қадірлейді. Бір бірімен араб тілінде сөйлеседі. Қатарласып үстемдік ететін ағылшын тілін тек туристермен тілдесу үшін пайдаланады. Ал біз ше, орыс тілінде үйімізде, жұмыста, көшеде де сөйлейміз ғой. Ал, Оман елі ағылшын тілін тек өздеріне пайда әкелетін мақсаттағы әрекеттерде сөйлейді. Олар үшін араб тілінің қаншалықты қастерлі, құнды екенін осыдан-ақ аңғардым. Сан ғасырлар бойы грек-македон мемлекеттері мен парсылардың билігінде, британ протектораты құрамында болған мемлекет үшін бұл өте үлкен жетістік. Өз тәуелсіздігін 1970 жылы алған Оман сұлтанатында тіл мәселесіне келгенде ешқандай бас қатырар мәселе жоқ екен. Біздің халқымызда осыны ұғынып, өздерінің ана тілін қастерлеп, бір-бірімен ана тілінде сөйлесіп, орыс, ағылшын тілдерін табыс көзіне айналдырса екен деймін.
Араб елдері десе көз алдымызға сәлде ораған дінге берік жандар мен мұнай байлығына бөгіп отырған ел көз алдымызға келеді. Осы мұнайдан басқа өзге дедамып келе жатқан кәсібі барма екен?
Оман – жедел дамып келе жатқан мемлекет екен. Оны бізді ертіп жүрген жолбасшымыздың сөзінен аңғардық. Осыдан он жыл бұрын мынадай болған, қазір мынадай болды деген сөзінен-ақ біраз нәрсені аңғаруға болады. Он жылдың ішінде жеткен жетістіктері аз емес екен. Мұнаймен қатар табиғи газ өнеркәсібі бар. Машина жасау, металл өңдеу кәсібі жедел қарқынмен дамып келе жатқанын аңғардық. Ауылшаруашылығы саласыда жақсы дамыған. Әсіресе, балық аулау, дақылдар егіп экспорттау саласында алға көп жылжушылық бар. Ең бастысы халқы еңбекқор. Сол еңбектің арқасында бүгінде мемлекеттегі барлық арабтардың қолында жеке кәсіпорындар бар.
Қызығып қарап отырып, үйренетін тұстарымызда баршылық екен. Ал, енді өзіңіз қатысып қайтқан көрме жайлы айтып өтсеңіз?
Бұл көрме биылғы жылы ІІІ-ші рет өтіп отыр. Көрменің мақсаты Оман еліне туристерді тарту. Биылғы жылы әлемнің 29 мемлекетінен қолөнершілер мен зергерлерді осы көрмеге арнайы шақыртты. Іс-шараны ұйымдастырушы, жобаның да авторы Сұлтан Хафуздың өзі. Бір айдан астам уақыт ішінде біздің көрмені мыңдаған адам тамашалады. Зергерлерге тапсырыс беруші туристердің санында есеп болмады. Көрмеге қатысушы зергерлер тек қатысып ғана қоймай біраз қомақты қаржы да жинады. Табыс екі жаққа да бірдей түсті. Мысалға, Оман елін қызықтап келуші туристердің саны көптеп арта түсті. Ал, көптеп келген туристердің есебінен біздің ісімізде алға басты. Өзім апарып, көрмеге қойған қазақтың зергерлік бұйымдары әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристерді қатты қызықтырды. Әсіресе қыз балаларға арналған шолпы, білезік, сырға секілді бұйымдарға сұраныс өте жоғары болды. Кейбір туристер сырға мен білезіктердің жасалуын көзбен көріп тамашалап тұрды. Әрбір жасалу жолын суретке түсіріп, мол мағұлматтар жинады. Қазақ халқының зергерлік бұйымдарына сұраныстың тым жоғары болуы мені қуантты. Халқымның абыройы мен ұлттық мақтанышымыз болып табылатын құндылықтарымыз өте жоғары бағаланды. Енді осы істерді туристерді тарту үшін елімізде де қолға алса деймін. Елімізде тарихи архитектуралық ескерткіштермен қатар, табиғаты әсем жерлер көп. Осы жерлерде жыл сайын әр түрлі тақырыптардағы фестивальдар ұйымдастырып тұрсақ, ел қазынасына да үлкен пайда. Ал, біз сияқты қарапайым зергерлер үшін нағыз қызу еңбектің ортасына айналар еді.
Фестиваль ұйымдастыру арқылы да туристерді тарта білген Оман елінде қазақтың зергерлік бұйымдары өзге қырынан қалай бағаланды?
Ұлттық бұйымдарымыз көрмеде тұрып, сатылу үшін ғана емес өз елімізге келушілерді тарту үшін де жұмыстар жасалды. Қарапайым тілмен айтқанда Оман елінде өз құндылықтарымызды жарнамалапта келдім десем болады. Көрмеге келуші туристер Қазақстан жері жайлы көптеген мағұлматтар сұрап, өте зор ынтасын танытты. Ал, көрмені тамашалаған Сұлтан Хафуздың берген бағасы бұдан да жоғары болды. 25 күн өтуі тиіс көрмені тағы 1 аптаға создыртып, бізге Оман елінде тағы 1 апта аялдай тұруымызды өтінді. Сұлтан Хафуздың өтінішімен қазақ мәдениеті араб елінде тағы бір жұма насихатталып, келушілердің қатарын көбейтті. Сұлтанның назарын аударғанын естіген туристердің ықыласы одан сайын арта түсті. Міне осылайша, қолымызда жүріп, қадірі болмай тұрған заттарымыз өзге елде өзінің биік бағасын алды. Көрме аяқталар кезде арабтар бізге ерекше ықылас танытты. Сұлтан Хафуздың «Құрмет грамотасы» және ақшалай сыйақысы берілді. Таңғажайып араб әлемінде қазақ халқының асыл мұралары бір айдан астам уақыт бойы осылайша салтанат құрды.
Оман елінен алған әсеріңізді оқырман қауымымен бөліскеңізге көп рахмет! Халқымыздың салт-дәстүрін әлем елдерінде насихаттап жүрген осы ісіңізге береке тілейміз!
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС