Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек ӘБДІРӘСІЛОВ «Тұңғыш-Пер
«Тұңғыш-Первый» атты деректі фильмдер апталығының төртінші күніне мемлекеттік қызметкерлер, магистрантар мен докторантар, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессор-оқытушылар құрамы және мемлекеттік қызмет істері академиясының өкілдері келді. Олар «Президентпен бес кеш» атты деректі фильмнің Қазақстанның жаңа бренді Астанаға арналған бөлімін тамашалады.
Сағат 14.00-де өткен күндізгі көрсетілімге Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры б.ғ.д., ҚР Ғылым академиясының құрметті академигі Болатбек ӘБДІРӘСІЛОВ арнайы қатысып сөз сөйледі:
«Бұл - өте тағылымды тарих және жақсы заман. Біріншіден тыныш, бейбіт өмір. Екіншіден, барлығы бар заман. Демек бұл заманды қадірлеу керек, оның ішінде бұл заманға үлес қосу керек. Үлес қосу деген не, адам қалай үлес қосады? Ол білімімен үлес қосады. Білімсіз адам ешнәрсеге үлес қоса алмайды. Сондықтан студенттік жылдарды білім алуға арнау керек. Білімді болсаңыздар Қазақстанның ертеңіне үлес қоса аласыздар. Бұдан бір жарым ғасыр бұрын Абай атамыз айтқандай: «Дүниеге бір кірпіш болып қалануға» толық мүмкіндіктеріңіз бар. Жақсы оқыңыздар, сол біліктілікті халықтың және өздеріңіздің игіліктеріңізге жұмсаңыздар».
Б.C. Әбдірәсілов Назарбаев Орталығының ұжымына және жетекшісі М.Б. Қасымбековқа «Тұңғыш-Первый» атты деректі фильмдер апталығын сондай-ақ Елбасының қызметі мен өмірінен сыр шертетін интерактивті көрме ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Тұңғыш-Первый» атты деректі фильмдер апталығының ашылу салтанаты 26 қараша күні Назарбаев Орталығында болды. Апталықты Президент Кеңсесінің басшысы, Назарбаев Орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Махмұд ҚАСЫМБЕКОВ ашқан болатын.
Бүгінге дейін киноапталыққа Президенттің үзеңгілесі, белгілі мемлекет қайраткері Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақстан» арнасы Басқарма төрайымының орынбасары, журналист Қайнар ОЛЖАЙ қатысты.