ХХ ғасырдың басындағы ет табақ
Бұл жәдігерді мұражайға Оразбекова Идаш Қамзақызы сыйға тартқан. Ол сонау ертеде Жауыртау шоқысы, ал ХХ ғасырдың орта кезінен бастап Теміртау деп аталатын жерді мекендеген Арғын руының ұрпағы.
Идаш Қамзақызының атасы - Оразбек - малшы Тетіғұлда болған үш ұлдың үлкені.Бұл жерлерді олар жай таңдаған жоқ, биік шоқылар өңірді суық солтүстік желдерінен қорғаған. Нұра өзенінің көктемгі тасқын сулары жерді құнарландырып тұрған. Қыста қар аз, малдарға жем табуға жеңіл болған.
Оразбек өте қабілетті кісі болған көрінеді, арабша хат танып, география мен математиканы жақсы білген. Ауыл балаларын оқытуға молда шақырып, қыздардың білім алуын қолдаған. Үш рет қажылыққа жығылған.
Оразбектің отбасы күйлі болған –мал бағып, егін егіп, аңшылықпен айналысқан. Өзінен кейінгі інілері Ниязбек пен Тұрлыбекті алып, Омбы мен Ақмолаға жәрмеңкеге барып отырған. Қымыз,ет, мал, мал терісін сатып, түскен ақшаға шәй, қант, мата алған.Оразбектің немерелері былай деп естеріне алады: «Жалқаулықты атамыздың жаны сүймейтін. Кім ерінбей еңбек етсе, өзі де ауқатты өмір сүріп, балаларына да қалдыратыны болады, деген сөзді жиі қайталайтын» .
Оразбек ауылы әдемі жерде орналасқан, бір жағынан тоғайлы Нұра болса, екінші жағынан Самарқанд су қоймасының астында қалған Қарасу көлі. Көл жағалауында қайың көптеп өскен, сол қайыңнан тұрмыста қолданылатын ыдыс аяқ жасаған. Ыңғайлы, мықты, әрі бактерицидтік ерекшелігі бар ыдысты ұрпақтан қрпаққа жеткізіп отырған. Қала тарихы залының экспозициясында орын алған бұл табақ Идашқа әжесінен қалады. ХХ ғасырдың басында қазақ даласында болған қайғылы өзгерістерден аман қалған, ұрпақтан қрпаққа жеткен бұл табақтан ел тарихын көруге болады.
Омбылық генерал губернатор Оразбектің отбасына осы жерлердің иегері деген құжаттама береді. Соған қарамастан, бұл жерлер 1903 жылы Жауыр өткелдегі қоныс аударушылардың бөлімдерінің қатарына кірді. 1904 жылы Нұра жағалауын Ресей империясының Орталықаймақтарынан арнайы қоныс аударған адамдар көшіп келе бастады. Оразбектің үлкен ауылы мен оның інілері тұрақтаған мекендерінтастап, бөлініп жан жаққа тарыдай шашылды.
Қазіргі күнде Теміртау мұражайы Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарихшылары мен топография мамандарымен бірігіп Оразбектің шежіресін құрастыру, жәдігерлер мен құжаттама материалдарын жинау бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Өлкетану құжаттамалары мен Қазақ ССР нің кинофотоқұжат және дыбыс жазу Орталық мемлекеттік мұрағатының материалдары негізінде «Теміртау қаласының тарихы» залының экспозициясының басты бөлігі «Бастау. Оразбековтер отбасы» болып табылады.