Шығыс Қазақстан өнер мұражайының қоры
2013 жылдың 1-қаңтарына Шығыс Қазақстан өнер мұражайының қор коллекциясы 8494 сақтау бірлігін құрады. Мұражайдың қор материалдары төмендегідей 11 коллекцияға бөлінген: «Көркемсурет», «Кескін», «Акварель», «Декоративті-қолданбалы өнер», «Мүсін», «Балалар шығармашылығы», «Фарфор», «Фото», «Әдебиет», «Музыка», «Бейне». Біздің пластикалық өнер коллекциясының мақтанышы--танымал қазақстандық суретшілердің мынадай туындылары болып табылады: Ф.Ю.Молдабаевтың «Кім үлкен?», «Дәулер», «Үш қыз бен жалмауыз», «Әйелдер хандығы», «Үш апалы-сіңлілі», «Алдар көсе мен сайтандар», «Қайым батыр», «Ғажайып құс», «Желаяқ», «Қара мерген», «Асан батыр», «Занат хан»; Г.Исмаилованың « Пианистка», «Алма»; Ж. Үмбетовтың «Тау пейзажы»; Н.Өтепбаевтың «Абай Құнанбаев»; Ү. Әжиевтің «Байқоңыр даласында»; Барборо Карминенің «Бізбен қалыңыз»; Т.А.Татиевтің «Көктем. Қалыңдық.»; В.Ф.Шмидтің «Тығылмақ» атты туындылары.
ХХ ғасырдың екінші жартысындағы ерекше суретші Л.Е.Агейкиннің 1000-нан астам еңбегі Шығыс Қазақстан өнер мұражайының қорында сақтаулы. Белсенді жинақтау әрекетінің нәтижесінде мұражайдың кескіндеме коллекциясы есімдері өнер тарихына енген Ф.Константинов, Л.Ильина, А.Шмаринов, Е.Сидоркин сынды суретшілердің, П.Осовский, М.Андронов, Г.Тоидзе, Т.Салахов, С.Романов, Е.Исмаилова, Т.Нариманбекова, Е.Төлепбаев, Б.Түлкиев сынды көркемсуретшілер еңбектерімен толықты.
Мұражай қорында жергілікті суретшілерден сатып алынған және сыйға қабылданған жұмыстары да сақтаулы. Алғашқы қалыптасу кезеңінде мұражай коллекциясы Қазақ ССР және Совет Одағы Мәдениет министрліктерінің қорлары арқылы толықтырылды. Бізде әлемге танымал даниялық суретші-карикатурист Х.Бидструптың, кеңестік республикалар суретшілерінің көптеген шығармалары сақтаулы.
Бізде ерекше дәстүрлі қазақ музыка аспаптарының коллекциясы бар: олардың біразы облыс аумағына экспедициялық сапарлар кезінде жинақталса, енді біразы тапсырыс бойынша жасалған. 2011 жылы біз танымал шебер, профессор Жолаушы Тұрдығұловқа коллекциямыз үшін домбыра, сазген, жетіген, қылқобыз, сыбызғы, дабыл сияқты халық аспаптарының тоғыз түрін жасаттық.
Балалар шығармашылығының бірегей қоры – 1998 жылдан бергі жүйелі жұмыстың нәтижесі, қазір ол 700 сақтау бірлігін құрайды.
2013 жылы «Фарфор» атты жаңа коллекцияның «негізі қаланды». Біз ХХІ ғасыр басы – 1930 жылдары жасалған статуэткалар коллекциясын (121 бірлік) сатып алдық. Онда Совет Одағының жетекші фарфор заводтарының, оның ішінде Ленинград, Дулев фарфор заводтарының, Гжель «Художественная керамика» артелінің, Вербилка, Песочное, тағы басқа өндірістерінің өнімдері бар. Коллекцияға, сонымен қатар, австрия, неміс, француз, венгр, чехословакия, қытай және жапон өндірістерінің керамикалық бұйымдары енген.