«Абылай ханның арманы» тарихи драмасының премьерасы өтеді (Фото)
Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры желтоқсанның 12-13 күндері, сағат 18.30-да «Абылай ханның арманы» атты тарихи драманың премьерасын өткізеді.
Ұлт басына күн туып, елден бірлік кеткен шақта Алты Алаштың басын қосқан батыр бабамыз -Абылай ханның 300 жылдығына орай Тәуелсіздік күні қарсаңында тұсауын кескелі отырған тарихи драма Елорда сахнасында тұңғыш рет сахналанбақ.
Авторы - белгілі жазушы, журналист, зерттеуші, драматург Думан Рамазан, қоюшы режиссері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Бұл Д.Рамазан мен Б.Ұзақов шығармашылығындағы екінші тарихи туынды болмақ. Бұған дейін 2010 жылы драматург пен режиссер үндестігінде «Кенесары - Күнімжан» атты тарихи драма дүниеге келіп, бүгінгі таңға дейін көрерменнің сүйікті қойылымына айналған.
Абылай ханның рөлінде «Қасым» телефильмінде Қазақстанның халық қаһарманы - Қасым Қайсенов, Е.Жуасбектің «Терең тамырлар» аллегориялық драмасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сынды кесек тұлғаларды сомдап жүрген талантты актер - Қуандық Қыстықбаев пен «Кенесары-Күнімжан» спектаклінде Кенесары бейнесін сомдаған талантты актер Сырым Қашқабаевтар.
Сонымен қатар, Жанқалдыбек Төленбаев, Жәнібек Мұсаев, Қасымхан Бұғыбай, Гауһар Жүсіповалар бас кейіпкерлерді сомдайды.