Алтыншы ерлік: Авгий патшаның жылқы қорасы (Екінші нұсқасы)
Стимфалия құстары Пелопонесте жаратылған құбыжықтардың соңғысы болды, Эврисфейдің билігі Пелопонестен әрі жүрмегендіктен, Геракл патшаға қызмет көрсетіп болдым деп ойлады.
Алайда Гераклдың ғаламат күш-қуаты тектен-текке өмір сүруге мүмкіндік бермеді. Ол ерліктер жасауға құмартты, ол тіпті Копрей келгенде қуанып кетті.
«Эврисфей, – деді глашатай, – саған бір күн ішінде Элида патшасы Авгийдің атқорасын қидан тазартуды бұйырды».
«Бұл жұмысты одан да саған тапсыруы керек еді, – деді Иолай, – есімің де сәйкес келіп тұр».
«Глашатайға тіл тигізуге болмайды, – деп оны Геракл қатал даусымен тоқтатты. – Эврисфей тезек тазалауды тек мені мазақ ету үшін бұйырды деп ойламаймын. Бұл жерде басқа гәп бар. Көре жатармыз».
Авгийде шынымен де сансыз көп үйір-үйір сұлу аттар болды. Олар Алфей өзенінің шұрайлы аңғарында жайылып жүрді, ал жылдар бойы тазаланбаған атқоралар қиға толып тұрды.
Геракл Элидаға келіп, Авгийге былай деді: «Егер сен жылқыларыңның оннан бір бөлігін берсең, мен атқораларыңды бір күнде тазалап беремін».
Авгий күліп жібереді: ол атқораны тазалау мүлдем мүмкін емес деп ойлайтын. «Менің үйірлерімнің оннан бір бөлігі сенікі, Геракл, – деп Авгий келісті, – бірақ ертең таңертең барлық атқоралар таза болуы тиіс».
Геракл күрек беруді талап етті, ал Авгий бұған келісіп, күрек беруді бұйырды. «Бұл күрекпен жұмысты ұзақ істеуге тура келеді!» – деді ол. «Бір-ақ күн», – деп жауап берді де, Геракл Алфей жағалауына кетті.
Геракл күрекпен жарты күн тынымсыз еңбек етті. Ол өзеннің арнасын бөгеді де, суды патша атқорасына қарай бұрды. Алфейдің қатты арыны кешке дейін бүкіл тезекті қорадан ағызып шығарды, аққан қимен бірге малдың тұрағы да, оттық та, тіпті тозығы жеткен қабырға да кетті.
«Қапаланба, патша, – деді Геракл, – мен сенің атқораңды қидан ғана емес, баяғыдан бері шіріп тұрған нәрселерден де арылттым. Мен уәдемді асыра орындадым. Енді сен маған уәдеңді орында».
Авгий сараң болатын, ол өзінің аттарын бергісі келмеді. Патша өзінің екі інісіне Гераклға тұтқиылдан бас салып өлтіруді тапсырды. Екі қарапайым пенде Зевстің ұлына әлі келуші ме еді! Олар құрған торуыл да көмектесе алмады – Авгийдің інілері Гераклдың қолынан қаза тапты.
Геракл Элида патшасына қатты ашуланды. «Кінәліні жазасыз қалдыруға болмайды» – деп ойлады Геракл.
Сарай күзетшілерін қуып жіберіп, Геракл жекпе-жекте Авгийді өлтіреді. Элиданың тұрғындары жеңімпаздан Авгийдің тағын иемденіп, патша болуды сұрады. Бірақ Геракл бұл өтініштен бас тартты. «Мен Авгийді оның патшылығын тартып алу үшін жеңген жоқпын, – деді ол. – Оның құдайлар алдында күнә жасамаған ұлы бар. Елді сол басқарсын. Ал мен кетпес бұрын Олимпиялық Зевске алғыс ретінде құрбандық шалып, оның құрметіне ойындар өткізгім келеді. Осы күннен бастап ғасырлар соңына дейін әр төрт жыл сайын бүкіл Элладаның атлеттері осы жерге жиналып, жарыстар өткізсін. Олимпия ойындары өтіп жатқан кезде әлемде бейбітшілік болсын».
Аудармасын жасаған: Ернар Бекен