Алтыншы ерлік: Авгий патшаның мал қорасы (Бірінші нұсқасы)
Бүкіл Элида жерінде ғана емес, Пелопоннесті тұтастай алғанда Гелиостың ұлы Авгий патшадан бай адам болмаған екен. Оның мал қорасында бұқалардың өзі бес жүзден асатын. Әр бұқаға он бас сиырдан келді, ал әр сиыр жыл сайын бір бұзаудан әкелетін. Авгийдің орнында басқа біреу болса көрші патшалармен байлығын бөлісіп немесе бұзауларды малшыларға таратып берер еді. Бірақ бай болған сайын сараң бола түседі деп бекер айтылмаған ғой. Авгий мал ауласын берік қоршаумен қоршап қойды және малын ұрлатып алудан қорқып күн сайын оларды санаумен айналысты. Бұқалар бір орында тұрмағандықтан, Авгий есептен жаңылып, оларды қайтадан санай бастайтын. Сондықтан да малдың тезегін тазалауға уақыты болмады. Бұзаулар қоймалжың қиға бата бастады, бірақ Авгий бұған мән бермеді. Ол санаудан басқа ештеңе істемеді.
Көп кешікпей мал қораның иісі Элида ғана емес, бүкіл Пелопоннеске тарады. Микена қабырғасына көтерілген Эврисфей патша да бұл жағымсыз иісті сезді.
- Бұл ненің иісі? – деп сұрады ол, мұрнын шиырып.
- Авгийдің байлығының иісі, – деп жауап берді қызметшілерінің бірі.
- Авгийдің сараңдығының иісі, – деп қостады екіншісі.
Осылайша Эврисфей сасық иістің себебін білді. Ең қиын жұмыстарды Гераклге тапсыруды әдетке айналдырған ол, бұл жолы ең лас жұмысты да тапсыруды шешті. Батырдың оралуын күткен патша, тезекке былғанған түрін де көзіне елестетіп қойды. Бұндай ойдан ол ерекше қуанып кетті, жымиған күйі алақанын ысқылады.
Эврисфей бұл сәтті тағатсыздана күтті. Қабырғаның түбінде тұрған Гераклға тапсырмасын түсіндіре отырып, күлкіге булығып тұрды.
- Ха! Ха! Авгий патшаның мал ауласын тазала! Ха! Ха!
Таңғалғандықтан иығын қаққан Геракл, үнсіз жолға аттанды. Авгийге келіп, ол мал қораның төңірегі мен қораның өзін шолып шықты да, содан кейін ғана патша сарайына келді.
- Егер табынның оннан бір бөлігін берсең, – деді патшаға, – Менің сенің аулаңды қидан тазартуға дайынмын.
- Ол үшін саған қанша уақыт қажет? – деп сұрады Авгий.
- Бір күн, ‑ деп жауап берді Геракл.
- Онда мен келісемін! – деді патша. – Бұндай еңбекке қалағаныңды ала аласың.
Патша бір күн ішінде таудай үйіліп жатқан тезекті тазалау мүмкін емес екеніне сенімді еді, сондықтан да Гераклдың талабына келісті.
Геракл мал қораны қоршап тұрған қоршауды екі жағынан сындырды да, ор арқылы Менея атты тау өзенінің суын бұрды. Су арыны жарты күн ішінде таудай тезекті шайып, сыртқа шығарды. Өзен құдайынан оның суымен лас жұмыстар атқарған үшін кешірім сұрап, Менеяға мол құрбандықтар шалды да, Геракл қоршауды қалпына келтіріп сарайға бет алды.
- Саған тағы не керек? – деп патша жақтырмай сұрады. – Мен саған жұмысты орындап болған соң малымның оннан бір бөлігін берем деп уәде етім едім ғой.
- Мен орындап болдым, - деді Геракл.
Авгий өз көзімен көргеннен кейін ғана Гераклдың рас айтып тұрғанына көзі жетті. Мал қора тап-таза болды, ал қазылған ор Гераклдың бұл сәтті ісінен хабар беріп тұрды.
- Сенің жұмысыңды өзен атқарыпты! – деді Авгий. – Сондықтан да сенімен емес, өзенмен есеп айырысуға дайынмын.
Геракл қарсы ештеңе айтпады, бірақ алдаушыдан кегін алуға іштей уәде етті. Бірнеше жыл өткен соң, Эврисфейдің қызметінен босанғаннан кейін, Геракл аргостықтардан, фивандықтардан және аркадиялықтардан құралған әскерімен Элидаға басып кіреді. Авгийге Пилостың патшасы Нелей көмекке келеді. Геракл жауын жеңіп, Авгийді садағымен атып өлтіреді. Содан кейін ол Нелей қашып барып жасырынған Пилосты да басып алады. Патшаны және оның он бір ұлын өлтіреді. Нелейдің тек бір ұлы – Нестор тірі қалды. Кейін ол Троя соғысына қатысып, өзінің ұзақ өмірімен және айрықша даналығымен даңқы шығады…
Аудармасын жасаған: Ернар Бекен