Бақтияр Ғарифоллаұлы Артаев
Бақтияр Ғарифоллаұлы Артаев (14 Наурыз 1983 жыл, Тараз қаласы Жамбыл облысы) – боксшы, Олимпиада чемпионы, Вел Баркер кубогының иегері, халықаралық спорт шебері, 1-дәрежелі Барыс орденінің иегері.
2004 жылғы Грекияның Афины қаласында өткен Олимпиадада бокстан 69 келі салмақ арасындағы жарыс чемпионы, ересектер арасында бокстан Дүние жүзі чемпионатының қола жүлдегері (2005 жыл қараша Мианьян қаласы, Қытай). 7 дүркін Қазақстан чемпионы.
Бақтияр Артаев 1983 жылы Жамбыл обылысы, Тараз қаласында Ғарифолла Артаев пен Тұмарткүл Жексембиеваның отбасында дүниеге келген. Бокспен 11 жасынан бастап шұғылданады. Бірінші әрі жеке бапкері - Нұрлан Ақүрпеков.
Жолдама алу
Бақтияр көп уақытқа Бокстан ұлттық құрамада екінші рөлдегі боксшы ретінде саналып келді. Афина қаласында өткелі жатқан Олимпиада ойындарына да ең соңғылардың бірі болып лицензияны жеңіп алған болатын. 2002 жылы өткен әскерилер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған Азамат Мақажанов осы салмақта Қазақстанның үміті саналған еді, алайда Азамат 2004 жылдың 24 сәуір күні Алматы қаласында Азиялық олимпиадалық іріктеу турниріне жолдама үшін болған спарингте Бақтияр Артаевқа жеңіліп қалады. 2004 жылы 5-12 мамыр аралығында Пакістанның астанасы Карачи қаласында өткен Азиялық олимпиадалық іріктеу турнирінде Бақтияр өзінің жақсы формада екенін көрсетіп, турнирдің жеңімпазы атады. Финалда Бақтияр ирандық Ахмедабад Каримиді кездеседі. Бақтиярдың айқын басымдығын көрген төрешілер ойынды 3-ші раунд-ақ тоқтатып, жеңісті Бақтиярға береді.
Оимпиада ойындары
Олимпиада ойындары Бақтияр үшін сәтті басталды десе болады. 1/16 финалда камерундық Вили Бертрана Танке шаршы алаңға шықпай қойды. 1/8 финалда түркменістандық Алиаскер Башировты 33:23 есебімен, ширек финалда украиндық Виктор Поляков айқын басымдықпен жеңді (33:13). Халықралық жарыстарда әлі көзге түсіп үлгермеген, айтарлықтай үлкен жеңістері жоқ Бақтияр Артаев жартылай финалда танымал ресейлік боксшы, екі дүркін Олимпиада чемпионы және Баркер кубогының иегері Олег Саитовқа қарсы шықты. Небәрі 21 жастағы Бақтияр Олимпиада ойындарының фовориті, тәжірибелі Саитовты 20:18 есебімен жеңіп, финалға шықты. Олимпиадада әлі алтын алмаған Қазақстанның ендігі үміті - бокстан финалға шыққан Бақтияр Артаев пен Геннадий Головкин еді. Бақтиярды финалда атағы мен тәжірибесі Олег Саитовтан кем түспейтін, екі дүркін әлем чемпионы кубалық Лоренцо Арагонкүтіп тұрды. 1.5 жыл ұтылмаған Лоренцо Арагон Бақтияр Артаевқа финалда 36:26 есебімен жеңіліп қалды.
Жанұясы
Әкесі - Артаев Ғарифолла Бекбасарұлы (1956 - 20.08.2012)
Анасы - Жексембиева Тұмарткүл Өміртайқызы (1960 - 20.08.2012)
Ағасы - Бақыт (1979 ж.т.)
Інісі - Артаев Наурыз (1989 ж.т.)
Жолдасы - Тұнғатова Салтанат Тоғайқызы (1986 ж.т.)
Ұлы - Артаев Әлинұр Бақтиярұлы (2009 ж.т.)
2012 жылдың 20 тамыз күні Бақтияр Артаевтың әкесі Ғарифолла Бекбасарұлы мен анасы Тұмарткүл Өміртайқызы "Алматы-Ташкент" тас жолының 544 шақырымында жол көлік апатынан қаза тапқан. Бақтиярдың әке-шешесінен бөлек көлікте Бақтиярдың туған ағасының екі қызы болған. Nissan X-Trail көлігінің тізгініне ие болмай қалған Ғарифолла Бекбасарұлы Шымент қаласынан Тараз қаласы бағытында келе жатқан. Қайғылы оқиға Күйік асуында орын алған.
2007 жылдың 21-наурыз күні Тараз қаласында Бақтияр Артаев атындағы бокс сарайы ашылды.