Өмірі
Еврипид – ежелгі Грекияның ең соңғы «ұлы трагик» ақыны, «сахна философы» атанған драматург.
Еврипид б.з.б. 480 жылы 23 қыркүйекте Саламин аралындағы жеңіс күнінде дүниеге келген делінеді. Ғылымда «Паросс шежіресі» деген атпен белгілі, грек тарихындағы ірі оқиғаларды б.з.б. ІІІ ғасырға дейін қарастырған, ХVІІ ғасырда табылған мраморлық тақтада Еврипидтің туылған жылы б.з.б. 484 жыл деп көрсетіледі. Аристофанның «Фесмофорлар мейрамындағы әйелдер» комедиясында Еврипидтің ата-анасы жеміс-жидек сатумен айналысқан қарапайым адамдар делінеді. Ал кей деректерде, Еврипидтің әкесі – Мнесарх пен анасы – Клейтоның афиндық дәулетті отбасына жатқандығын, Еврипидтің Аполлон храмында қызмет еткенін жазады.
Еврипид жақсы білім алған, философ Анаксагор мен Архелайдың, софистер Протогор мен Продиктің досы болған. Продик пен Анаксагордан шешендік өнер, әдебиет бойынша тәлім алса, Сократтан философиялық дәрістер тыңдайды. Бала күнінде Еврипид гимнастикамен айналысып, ұл балалар арасындағы жарыстарда жеңімпаз атанады. Олимпиялық ойындарға қатысуға талаптанғанымен, жасының кішілігіне байланысты қабылданбайды. Одан бөлек сурет өнерімен де айналысты. Бірақ, кейіннен гимнастиканы да, сурет өнерін де тастап, бірыңғай поэзия мен философияға бет бұрады.
Еврипидтің тағы бір ерекшелігі – оның сол заман үшін сирек дүние болып табылатын бай кітапханасы болды. Еврипид құнды кітаптарды жинады, өзі де кітап жазды. Алғашқы «Пелиада» атты драмасы б.з.б. 455 жылы қойылды, бірақ автор мен қазылар арасында келіспеушіліктер болғандықтан, ол жеңіске жеткен жоқ. Драма жазудағы шеберлігі үшін Еврипид б.з.б. 441 жылы алғаш жүлдесін жеңіп алғаннан бастап, өмірінің соңына дейін (б.з.б. 406 жыл) жазуды тоқтатқан жоқ.
Драматург елдің саяси өміріне араласқан да, ешқандай мемлекеттік қызмет атқарған да жоқ, тек оңашада отырып жазумен ғана айналысты. Тіпті, қаланың у-шуынан қашып, үңгірде тұрып, көптеген құнды дүниелер тудырған. Оның үстіне Еврипид табиғатынан тұйық, ауыр мінезді, көп сөйлемейтін, көп адамдармен араласа бермейтін біртоға жан болатын. Бірақ, соған қарамастан, Еврипид өз заманының озық ойлы адамдарымен араласа отырып, қоғамның өткір мәселелерін көтере білді. Эллиндік дәуірде шетелдіктерге Саламин аралындағы Еврипидтің үңгірін көрсету дәстүрге айналған.
Еврипид көзі тірісінде өзіне лайықты бағасын ала алмаған жан. Ол өз дәуіріндегі ең келелі, өзекті мәселелерді көтергенімен, оны замандастары бағалаған жоқ. Мәселен, драматургтың жазған 92 драмасының тек үшеуі ғана театрлық сайыстарда жүлделі орынға ие болды. Ал өлгеннен кейін «Вакхандықтар» мен «Авлидтегі Ифигения» драмалары жеңіске жетті. Өміріндегі осындай келеңсіз жайлар әсер еткен болуы керек, драматург қартайған шағында, нақтылай айтқанда б.з.б. 408 жылы македон патшасы Архелайдың еліне шақырған ұсынысын қабылдап, сонда көшіп кетеді. Македон елінде Архелай патшаға арнап «Архелай» драмасын жазады. Оған қоса, Дионис культіне байланысты жергілікті салт-дәстүр негізінде «Вакхандықтар» деп аталатын драмасын жазып қалдырады.
Еврипид б.з.б. 406 жылдың басында Македонияда мәңгілікке өмірмен қош айтысады. Афиндықтар драматургтың денесін туған қаласына қойғысы келгенімен, Архелай патша қарсы болып, оны Македония астанасы Пелл қаласында жерлеп, ескерткіш орнатады. Архелай патшаның Еврипидке қаншалықты зор құрмет көрсеткенін Аристотель «Саясат» атты еңбегінде жазып қалдырған.
Еврипидтің қазасын естігенде Софокл кезекті трагедиясының соңғы репитициясын жүргізіп жатқан екен. Өзінің ұлы қарсыласына деген құрметтің белгісі ретінде Софокл қойылым үстінде сахнаға қара жамылып шығып, актерлар мен хор орындаушыларды жалаңбас, веноксыз шығарады. Мұнан кейін афины театрында Еврипидке арнап статуя қойылады.
kk.wikipedia.org