Әлі де аздық етеді...
2008 жылы бір ай көлемінде облыстық тілдерді дамыту департаменті басшылығы және халқымыздың ұлтжанды қызы, ақын Ақұштап Бақтыгереева Теректі, Бөрлі, Зеленов аудандарын аралап, елмен ашық әңгімелесіп, біраз шаруаның басын қайтарып қайтты. Ең бастысы- ел санасына ой түсті. Өзге мектепке оқуға ұл-қыздарын бермек болған жекелеген ата-аналар алғашқы райынан қайтып, ұрпағын ұлттық білімге бұруға бағыт алды... |
Екінші жағынан қарасақ, осы іс-әрекеттің өзі көңілде қынжылыс сезімін туғызады. Айдың күні аманында, қазақты «балаңды қазақша оқыт!» деп, аттан салғанымыз қалай?! Орысты немесе өзге ұлт өкілін ешкім ұл-қызын туған тілінде оқытуға үгіттеп жатқан жоқ қой...
Енді ресми мәліметке зер салып көрелік. 2008 жылы облыс бойынша, алғаш рет мектеп табалдырығын 9899 бүлдіршін (ескертіп қоялық, бұл-алдын ала деректер, жағдай оқу жылы басталғаннан кейін ғана анықталады) аттамақ. Соның 6814-і ұлттық мектептің бірінші сыныбына барады. Өзге мектепте оқитындар саны - 3085. Осы жерде мынадай күдігіміздің кенеттен құлағы қалқия қояды. Солардың бәрі бірдей өзге ұлт өкілдерінің ұл-қыздары ма?! Әрине, жоқ. Оған дәлеліміз мынадай: 2008 жылдың бірінші шілдесінде облысымызда 617 000 адам есепке алынған. Жерлестеріміздің 69,7 пайызын қазақтар құрайды. Олай болса, «Күйген ауыз үрлеп ішеді» деген, қандастарымыздың бірі де қалмай, ұлт мектебіне ұл-қызын оқуға бермегені айдан анық. Демек, сол өзге мектепке баруға қалам-қағазын даярлап қойған 3085 бейкүнә балдырғандардың кемінде жартысына жуығы - өзіміздің қаракөз бауырларымыз. Өйткені кейбір өзге ұлт өкілдері де заман ауанын жете түсініп, балаларын қазақ мектебіне жетектеп барғанда, жаңағыдай қияс қылық танытатын, қырсық ағайындардың бар екені ащы шындық....
Алысқа бармай-ақ, іргеміздегі Зеленов ауданын алайық. Сондағы бірінші сынып табалдырығын аттайтын 624 балдырғанның жартысы ұлт мектебіне барады дегеннің өзінде, қалған бөлігінің ішінде де қандастарымыздың саны қомақты екенін аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Алма Жұмабаева жасырған жоқ: - Әрине, үгіт-насихат жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бірақ өте қиын. Жылдар бойы қалыптасқан салт- сананы, болмысты санаулы уақыттың ішінде қалай өзгертпекпіз?! Алайда неде болса, ұлт мектебіне баратын балғындардың санын 70 пайызға дейін жеткізуге күш салуымыз керек...- Іске сәт, Алма Әлібекқызы!...
Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы