Жаңалықтар

Бұйрыққа "бағынбаған" немістер...

          Кез келген соғыс зұлымдықтан басталып, жауыздыққа толы болады.Екінші дүниежүзілік соғыстың алдыңғылардан ерекше айырмашылығы сол-алапат қантөгіс барысында жүзеге асырылған жауыздықтар алдын ала мұқият жоспарланып, кейін асқан ұйымшылдықпен атқарылды. 1945 жылғы Германияның басты соғыс қылмыстыларына қарсы бағытталған халықаралық Нюрнберг сот үдерімінде айыпталушылар орындығында отырғандарға  «неміс ұлты мен мемлекетін жауыздық мақсатта пайдаланғаны үшін» деген кінәнің тағылуы бекерден бекер емес. Иә, тап солай... ...Неміс нацистерінің көсемі А. Гитлер көп алдында сөйлеген бір сөзінде : «Мен сендерді ар-ұят деген құбыжықтан (!) құтқарамын» депті. Осы мақсатта ойдағыдай жұмыс істеген нацистік партия, «гитлерюгенд» (балалар мен жасөспірімдердің ұйымы), гитлершіл қыздар одағы санаулы жылдар ішінде қаныпезер нәсілшілдер мен жүгенсіз ұлтшылдарды тәрбиелеп шығарды. «Көздерінен жыртқыш аңның оты шығып тұрған»(нацистер көсемінің «арманы» бойынша)  олар соғыс жылдарында өздері басып алған елдерде, соның ішінде әсіресе бұрынғы Кеңес Одағында  бұған дейін көз көріп, құлақ естімеген жауыздықтар жасап, адамзаттың жанын жаралады және мәңгілік жадында қалды... Соғыс жылдарында, әсіресе онан кейін ауыр қылмыстары үшін жазаға тартылған қанқұйлы СС әскери ұйымынан бастап, вермахттың (немістің құрғақтағы қарулы күштері) генералына дейін:- Сіз мұндай сұмдық жауыздықты неліктен жасадыңыз?- деп қойылған сұраққа: - Мен фюрердің айтқаны мен жоғарыдан берілген бұйрықтарды орындадым, - іспетті дайын да біртекті жауап алынатын. Өз-өзінен түсінікті, жаратылысынан тәртіпті де ұқыпты немістер үшін бұйрықты орындау - бұлжымас заң... Бірақ адамның бәрі бірдей емес. Сол бір аса үрейлі жылдарда бұйрықты орындамаған (!), сөйтіп, неміс ұлтының ар-намысын «құбыжық» етпегендер де кездесіпті. Әрине, ондайлар  кілең жауыздар мен немқұрайлылардың арасында сирек болған да шығар. Алайда болғаны рас және заңды. Біздің төмендегі әңгімеміз  аты-жөні күні бүгінге дейін белгісіз, сол санаулы ар-ұяты бар немістер жөнінде... Орыстың танымал жазушысы, өзі де майдангер С.Смирнов «Брест қамалы» атты кітабында мынадай оқиғалар туралы мысал келтіреді. Сірә, оны жергілікті тұрғындардан естісе керек. Сонымен соғыстың алғашқы күндерінің бірінде алдына 20-30 орыстың әйел, бала-шағасын салып, оншақты неміс Брест қаласына жаяу айдайды. Маусымның аяғы, тіпті беларус жерінде де аспан айналып, жерге түскендей ыссы және қапырық. Жас айдауылдар ыстықты көтере алмай, тап сол жерде қолға түскендерді атып тастап, жөндеріне кеткісі келіпті. Оған араларындағы қартаң сарбаз қарсы шығып, айқайласады. Аналар әлсін әлі автоматтарын кезенгенімен, аға немістің ақырған даусынан ығыпты. Ақыры ызаланған жастар оны далаға тастап, өздері жиналған да жүре берген. Мосқал айдауыл болса, өзінің қарамағында қалғандардың шашауын шығармай, айдап апарып, аталған қаладағы түрмеге тапсырады. Екінші бір мысалында, С.Смирнов қараңғы жертөледе, өлген әкесінің жанында қансырап жатқан беларус баласын көтеріп алып, ауруханаға апарған ересек неміс сарбазы жөнінде кеңінен баяндайды. Кітап жарық көрген кезде соғыстың біткеніне жиырма жыл ғана болған-ды. Неміс нацизмінің шектен тыс қаталдығынан әупіріммен аман қалғандардың әлі де көзі тірі. Сондықтан өзі де қан майданның от-жалынынан өткен жазушының кеңестік цензура күшінде  тұрған уақытта бұл жағдаяттарды көлденең мақсатқа пайдаланды десек те, неге жазғаны  және қалай оның басылымға өтіп кеткені таңғаларлық. Өйткені сол жылдары соғыс кезіндегі майданның арғы бетіндегі («өз» немістеріміздің де қаншалықты зардап шеккенін білеміз) аталған ұлттың өкілдері жөнінде қандай ма болсын, оң пікір білдіруге ресми түрде тиым   салынбағанымен, құпталмайтын. Саясат бойынша жауыздықтар үшін  тек «Гитлер мен нацизм кінәлі» делінетін де, іс жүзінде неміс атаулының бәрі «қылмыскер»  деп саналды... Ал өмірден алынған деректер оған мүлдем керісінше.Тарихи да, тұрмыстық та дәйектер толып жатыр.Белгілі орыс актері (ұлты украин) Василий Лановой (атышулы «Сардарлар» фильмінде басты рольдердің бірінде ойнайды) «Аргументы и факты» басылымына берген сұхбатында: «Бір неміс маған белбеу сыйласа, екіншісі кездейсоқ ұшырасқанда, белбеуімді тартып алғанымен қоймай, атып тастай жаздады» дейді. Тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин өзінің көзі тірісінде шығарған «Ғарышқа сапар» атты кітабында мынаны баяндайды. 1941 жылы күзде оның туған қаласы-Гжатскіні жау басып алған. Гагариндердің үйінде бір неміс майоры өзінің денщигімен (көмекшісі) тұрған. Әлгі көмекшісі келгеннен-ақ, жеті жастағы Юрийге ала көзімен қараған. Бірде баланы әй-шәй жоқ, қылғындырып жатқан жерінен шешесі тап болып, майорға шағынған. Құдай оңдап, майор баланы босатып жіберген де, бағыныштысынан «жайына қарап жүруін» талап еткен.Сөйтіп, «Адамзаттың Гагарині» атанған болашақ  ғарышкер бүкіл әлемге қайталанбас күлкісін «тарту» ету үшін аман қалғанға ұқсайды... Енді тарихи дерек. Дитрих фон Хольтиц. Әулетімен ақсүйек  және әскери адам.1944 жылы А. Гитлер оны Париж қаласының коменданты етіп тағайындап: «Қаланы  ағылшын-американ және француз әскерлерінен қорғайсыз! Егер жағдайыңыз шиеленіссе, Парижді жарып, күл-талқанын шығарыңыз!» дейді. Әр нәрсені  ұқыпты да дәл істейтін немістер қаланың астына жүздеген тонна жарылғыш заттар қойып, тек Хольтицтің бұйрығын күтіп отырады. Бірақ.... бұйрық  берілмей қалды. Неге екені белгісіз, қала коменданты, генерал- майор француз астанасын әуеден бомбалап, жермен жексен ету , тамыз айының 20-нан бастап, көтеріліс жасаған, Парижді азат етуге кіріскен жергілікті тұрғындардың бас көтеруін қанға бөктіру жөніндегі ұсыныстарға да сүлесоқтық танытты.Қалаға одақтастар кіргенде, өз еркімен  ағылшындарға беріліп, қарсыластарына жеке қаруын тапсырды. Ал оған күн сайын Берлиннен  телефон шалған Гитлердің : «Париж өртеніп жатыр ма?» деген сұрағы ақыры жауапсыз қалды.Кейін Хольтицтен: «Сіз неге бұйрықты орындамадыңыз?» дегенде, ол : «Өте әдемі қала екен.Аядым (!).» депті. Жым-жылас болып, жер бетінен жойылған Варшава, Ковель, Минск, тағы басқа қалалардың тағдырын  Париж осылай бір немістің ізгілігінің нәтижесінде қайталамай, бар сәулетін (3,5 млн. қала тұрғынын айтпағанның өзінде) сақтап қалды. Бүгін де Монмартр мен Эйфель мұнарасын, Елисей алаңы мен Пари Нотр-Дамды кім білмейді?! Сөз түйіні мынадай: тұтас ұлт «қылмыскер» болмайды. Әр ұлттың ішінде жақсысы да, жауызы да бар. Бұл-ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат(аксиома). Нацизмнен  адал ниетті немістердің өздері де азап шекті.Сондықтан бізге өткеннен қалған «таптық» немесе «ұлттық кінә» деген ұғымдардан арылатын уақыт жетті. Екінші қорытынды- бүгінде ақпарат кеңістігімізді емін-еркін жаулап алған батыстық  және ресейлік үгіт-насихат жастарымызды да ар-ұяттан «құтқару»  үшін тынымсыз еңбек етіп  жатыр. «Мен қауіп еткеннен айтамын» деп, Мұрат Мөңкеұлы бабамыз болжағандай, қазір қанды қылмыс жасаса да, біреуге қиянат істесе де бойында ешқандай қымсыну сезімі байқалмайтын жекелеген жастарды көргенде, еріксіз мазасызданбау мүмкін емес...  Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы
21.11.2013 09:32 4606

          Кез келген соғыс зұлымдықтан басталып, жауыздыққа толы болады.Екінші дүниежүзілік соғыстың алдыңғылардан ерекше айырмашылығы сол-алапат қантөгіс барысында жүзеге асырылған жауыздықтар алдын ала мұқият жоспарланып, кейін асқан ұйымшылдықпен атқарылды. 1945 жылғы Германияның басты соғыс қылмыстыларына қарсы бағытталған халықаралық Нюрнберг сот үдерімінде айыпталушылар орындығында отырғандарға  «неміс ұлты мен мемлекетін жауыздық мақсатта пайдаланғаны үшін» деген кінәнің тағылуы бекерден бекер емес. Иә, тап солай...

...Неміс нацистерінің көсемі А. Гитлер көп алдында сөйлеген бір сөзінде : «Мен сендерді ар-ұят деген құбыжықтан (!) құтқарамын» депті. Осы мақсатта ойдағыдай жұмыс істеген нацистік партия, «гитлерюгенд» (балалар мен жасөспірімдердің ұйымы), гитлершіл қыздар одағы санаулы жылдар ішінде қаныпезер нәсілшілдер мен жүгенсіз ұлтшылдарды тәрбиелеп шығарды. «Көздерінен жыртқыш аңның оты шығып тұрған»(нацистер көсемінің «арманы» бойынша)  олар соғыс жылдарында өздері басып алған елдерде, соның ішінде әсіресе бұрынғы Кеңес Одағында  бұған дейін көз көріп, құлақ естімеген жауыздықтар жасап, адамзаттың жанын жаралады және мәңгілік жадында қалды...

Соғыс жылдарында, әсіресе онан кейін ауыр қылмыстары үшін жазаға тартылған қанқұйлы СС әскери ұйымынан бастап, вермахттың (немістің құрғақтағы қарулы күштері) генералына дейін:- Сіз мұндай сұмдық жауыздықты неліктен жасадыңыз?- деп қойылған сұраққа: - Мен фюрердің айтқаны мен жоғарыдан берілген бұйрықтарды орындадым, - іспетті дайын да біртекті жауап алынатын. Өз-өзінен түсінікті, жаратылысынан тәртіпті де ұқыпты немістер үшін бұйрықты орындау - бұлжымас заң...

Бірақ адамның бәрі бірдей емес. Сол бір аса үрейлі жылдарда бұйрықты орындамаған (!), сөйтіп, неміс ұлтының ар-намысын «құбыжық» етпегендер де кездесіпті. Әрине, ондайлар  кілең жауыздар мен немқұрайлылардың арасында сирек болған да шығар. Алайда болғаны рас және заңды. Біздің төмендегі әңгімеміз  аты-жөні күні бүгінге дейін белгісіз, сол санаулы ар-ұяты бар немістер жөнінде...

Орыстың танымал жазушысы, өзі де майдангер С.Смирнов «Брест қамалы» атты кітабында мынадай оқиғалар туралы мысал келтіреді. Сірә, оны жергілікті тұрғындардан естісе керек. Сонымен соғыстың алғашқы күндерінің бірінде алдына 20-30 орыстың әйел, бала-шағасын салып, оншақты неміс Брест қаласына жаяу айдайды. Маусымның аяғы, тіпті беларус жерінде де аспан айналып, жерге түскендей ыссы және қапырық. Жас айдауылдар ыстықты көтере алмай, тап сол жерде қолға түскендерді атып тастап, жөндеріне кеткісі келіпті. Оған араларындағы қартаң сарбаз қарсы шығып, айқайласады. Аналар әлсін әлі автоматтарын кезенгенімен, аға немістің ақырған даусынан ығыпты. Ақыры ызаланған жастар оны далаға тастап, өздері жиналған да жүре берген. Мосқал айдауыл болса, өзінің қарамағында қалғандардың шашауын шығармай, айдап апарып, аталған қаладағы түрмеге тапсырады. Екінші бір мысалында, С.Смирнов қараңғы жертөледе, өлген әкесінің жанында қансырап жатқан беларус баласын көтеріп алып, ауруханаға апарған ересек неміс сарбазы жөнінде кеңінен баяндайды. Кітап жарық көрген кезде соғыстың біткеніне жиырма жыл ғана болған-ды. Неміс нацизмінің шектен тыс қаталдығынан әупіріммен аман қалғандардың әлі де көзі тірі. Сондықтан өзі де қан майданның от-жалынынан өткен жазушының кеңестік цензура күшінде  тұрған уақытта бұл жағдаяттарды көлденең мақсатқа пайдаланды десек те, неге жазғаны  және қалай оның басылымға өтіп кеткені таңғаларлық. Өйткені сол жылдары соғыс кезіндегі майданның арғы бетіндегі («өз» немістеріміздің де қаншалықты зардап шеккенін білеміз) аталған ұлттың өкілдері жөнінде қандай ма болсын, оң пікір білдіруге ресми түрде тиым   салынбағанымен, құпталмайтын. Саясат бойынша жауыздықтар үшін  тек «Гитлер мен нацизм кінәлі» делінетін де, іс жүзінде неміс атаулының бәрі «қылмыскер»  деп саналды...

Ал өмірден алынған деректер оған мүлдем керісінше.Тарихи да, тұрмыстық та дәйектер толып жатыр.Белгілі орыс актері (ұлты украин) Василий Лановой (атышулы «Сардарлар» фильмінде басты рольдердің бірінде ойнайды) «Аргументы и факты» басылымына берген сұхбатында: «Бір неміс маған белбеу сыйласа, екіншісі кездейсоқ ұшырасқанда, белбеуімді тартып алғанымен қоймай, атып тастай жаздады» дейді. Тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин өзінің көзі тірісінде шығарған «Ғарышқа сапар» атты кітабында мынаны баяндайды. 1941 жылы күзде оның туған қаласы-Гжатскіні жау басып алған. Гагариндердің үйінде бір неміс майоры өзінің денщигімен (көмекшісі) тұрған. Әлгі көмекшісі келгеннен-ақ, жеті жастағы Юрийге ала көзімен қараған. Бірде баланы әй-шәй жоқ, қылғындырып жатқан жерінен шешесі тап болып, майорға шағынған. Құдай оңдап, майор баланы босатып жіберген де, бағыныштысынан «жайына қарап жүруін» талап еткен.Сөйтіп, «Адамзаттың Гагарині» атанған болашақ  ғарышкер бүкіл әлемге қайталанбас күлкісін «тарту» ету үшін аман қалғанға ұқсайды... Енді тарихи дерек. Дитрих фон Хольтиц. Әулетімен ақсүйек  және әскери адам.1944 жылы А. Гитлер оны Париж қаласының коменданты етіп тағайындап: «Қаланы  ағылшын-американ және француз әскерлерінен қорғайсыз! Егер жағдайыңыз шиеленіссе, Парижді жарып, күл-талқанын шығарыңыз!» дейді. Әр нәрсені  ұқыпты да дәл істейтін немістер қаланың астына жүздеген тонна жарылғыш заттар қойып, тек Хольтицтің бұйрығын күтіп отырады. Бірақ.... бұйрық  берілмей қалды. Неге екені белгісіз, қала коменданты, генерал- майор француз астанасын әуеден бомбалап, жермен жексен ету , тамыз айының 20-нан бастап, көтеріліс жасаған, Парижді азат етуге кіріскен жергілікті тұрғындардың бас көтеруін қанға бөктіру жөніндегі ұсыныстарға да сүлесоқтық танытты.Қалаға одақтастар кіргенде, өз еркімен  ағылшындарға беріліп, қарсыластарына жеке қаруын тапсырды. Ал оған күн сайын Берлиннен  телефон шалған Гитлердің : «Париж өртеніп жатыр ма?» деген сұрағы ақыры жауапсыз қалды.Кейін Хольтицтен: «Сіз неге бұйрықты орындамадыңыз?» дегенде, ол : «Өте әдемі қала екен.Аядым (!).» депті. Жым-жылас болып, жер бетінен жойылған Варшава, Ковель, Минск, тағы басқа қалалардың тағдырын  Париж осылай бір немістің ізгілігінің нәтижесінде қайталамай, бар сәулетін (3,5 млн. қала тұрғынын айтпағанның өзінде) сақтап қалды. Бүгін де Монмартр мен Эйфель мұнарасын, Елисей алаңы мен Пари Нотр-Дамды кім білмейді?!

Сөз түйіні мынадай: тұтас ұлт «қылмыскер» болмайды. Әр ұлттың ішінде жақсысы да, жауызы да бар. Бұл-ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат(аксиома). Нацизмнен  адал ниетті немістердің өздері де азап шекті.Сондықтан бізге өткеннен қалған «таптық» немесе «ұлттық кінә» деген ұғымдардан арылатын уақыт жетті. Екінші қорытынды- бүгінде ақпарат кеңістігімізді емін-еркін жаулап алған батыстық  және ресейлік үгіт-насихат жастарымызды да ар-ұяттан «құтқару»  үшін тынымсыз еңбек етіп  жатыр. «Мен қауіп еткеннен айтамын» деп, Мұрат Мөңкеұлы бабамыз болжағандай, қазір қанды қылмыс жасаса да, біреуге қиянат істесе де бойында ешқандай қымсыну сезімі байқалмайтын жекелеген жастарды көргенде, еріксіз мазасызданбау мүмкін емес... 

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға