І БӨЛІМ
Жаңбыр құйып кетті. Қас қаққанша-ақ сай-саланы кернеген телегей-теңіз сел айғыз-айғыз арналармен құла берісті құлдилай жөнелді, лайсаң тасқын тайынша тастарды құзға құлата, шырқау шыршаларды түбірімен қопара келіп Байдамталға құйып жатыр. Арнасына сыймай арқыраған лай өзен шатқал ішінде сарқырай түседі. Қараңғы түсіп кеткен, сонда да қара қошқыл толқынның мезгіл-мезгіл жағадан лықсып асып жатқанын көруге болады. Толқын гүрілдеген екпінімен тасқа соғылады да, быт-шыты шығып, ыңырана
кейін серпіледі. Сәлден кейін толқын мен тас шатқал ішінде қайта сүзісіп зікір салады. Асау толқын арнаға сыяр емес. Өркеш-өркеш шоңғал тастарға соққанда, бірін-бірі ығыстырып аспанға шапшиды да, өзен үстіне керіп қойған болат арқандағы аспалы қорап-бесікті жұлып әкететін тәрізденеді. Жел шайқаған қорап-бесік мұң шаққандай аянышты сықырлайды. Тулаған өзенге түнере төнген алып қара жартастар осының бәріне мыңқ етпейді, мелшиген қалпы. Кіп-кішкентай шағын үйдің ауласында ит ұлиды. Ол қап-қараңғы терезе алдына шоқиып отырып алып: «Ау-у-у!..» деп өзінің ұзақ сонар үйреншікті әуеніне басқанда, арқаңды аяз қарығандай, өн бойың тітіркейді. Иттің ұлуын жел ала қашып, шатқалды бойлай алысқа әкетіп жатыр. Әсия ұйықтай алмады. Әсіресе найзағай әлдекім сіріңке шаққандай терезе алдын жап-жарық қып жібергенде, жаңбыр суы шүмектеп ағып жатқан бұлдыр әйнектен тап бір жалба-жұлба құбыжық тәрізденіп сығалай қараған бұлттар-ақ өте-мөте қорқынышты. Тіпті олар терезені қағып тұрғандай боп та кетеді. Әсия ашық жатқан кітабын кеудесіне үрейлене қысады да, қорқыныш билеп көзін жұмып алады. Демін ішіне тартқан күйде үнсіз құлақ түреді. Қабырғалас көрші бөлмеде гидротехник Бектемірдің семьясы тұратын. Сол жақтан үзік-үзік сөздер, жөтелген дыбыстар естіледі. Ол - Бектемірдің әкесі Асылбай. Ревматизммен ауыратын, осы бүгін оның сүйек-сүйегі күндегіден бетер сырқырайтын тәрізді. Ол әлсін-әлсін итіне дауыстап ұрсып қояды:
-Шық, Байкүрең, шық деймін әрмен! Қара басыңа көрінгір, мына қарғыс атқырға не болған, өшір үніңді, үнің өшкір! Сосын Асылбай Әсияның есігіне келіп, жөтеле тұрып, ашулы дауыстады. Сен ұйықтаған жоқсың ба, Әсия? Шам әлі жанып тұр ғой! Одан да дем алсайшы, қызым-ау! Кітапқа басқа уақыт-
та да қарап үлгіресің ғой. Әлде қорқып жатырсың ба? О не дегеніңіз, әке! Қам жемей-ақ қойыңыз, жылы
жамылып жата беріңіз! Пәле болғанда, ұйқым келмей қойды! Күн бұзылып, лайсаң боп кеткені мынау? Оның үстіне тамағыңа сүйек тұрып қалғыр мына бір иті құрғыры да пәле шақырып, қайта-қайта ұлып мазаны ала берді...Әй, құдайым-ай, тып-тыныш неге ұйықтап жатпайды, бұл шал! - деп жауап қайырған келінінің ашулы үні естіледі. - Баланы оятасың! Итте неңіз бар?.. Ұлып-ұлып өзі-ақ қояды!.. Құлағы мүкістеу Асылбай оны тыңдап жатқан жоқ. Төсенішін жөндеп қайта салып, самбырлап жатыр:
- Уа, құдай, пәле-жалаңнан аман сақтай гөр! Пәле қайдан дейтін емес!.. Байдамталдың тасып кеткені
мынау...Қорап-бесікті арқаннан жұлып әкетсе... Сосын іздеп көр... Ой, Алла, белім, сегіз көзім шаншып кетті ғой!..Тау төбесінен құланиектеніп таң қылаң берісімен Бектемір атын ерттеп мініп, жартасты шатқалға қарай жүріп кетті. Ол аңдардың жымдарына құрған қақпандарын түнгі тасқындар алып кеткен-кетпегенін ертерек жетіп байқауға асығып келеді. Жаңбыр басылған, бірақ су сіңген киіздей ауыр бұлттар әлі де жер бетіне салбырай қапты. Шыңдар мен жоталардағы қар түн бойына едәуір еріп шөгіпті де, ақ түстен көк сұр түске айналыпты. Тау басында жатқан қардан шатқал бойын қуалай жағымсыз бір ызғырық соғып тұр. Су басқандықтан түні бойы жер жастанып қалған шөптер мен бұта-
лар сілкіне бой жазып, бастарын көтерісті. Жалғыз аяқ тайғақ соқпақпен Бектемір аяңдап келеді. Тізгінді бос жіберіп, ол өз істері жайлы ойға шомды. Кеннет оның аты кілт тоқтады да, тебінсе де болмастан, тапжылмай тұрып алды. «Бұл не болды екен, неден үркіп тұр?» - деп ойлаған Бектемір бұрылып қарады... Соқпақтан бірнеше адым жерде бір кісі жатыр. Күтпеген жайға Бектемір аң-таң, қатып қалыпты. Кісі жардың етегін ала қиыршық тастақ жерде етпетінен жатыр. Дал-дұлы шыққан күртешесінен көрініп
жатқан басы мен иығына қан қатып қалыпты. «Тірі ме, өлі ме?» - деген Бектемір аттан түспестен, сақта-
на аяңдап жақындай түсті, - «Апыр-ау, бұл кім болды екен?» Бұл Байдамтал бойында ешкім тұрмайды, ондаған километр жерде айналада ел жоқ. Рас, анда-санда аңшылар келеді, бірақ олардың бәрі де таныс адамдар, сөз жоқ, аң аулау жайын Бектемірмен кеңесу үшін гидрологиялық пунктке соқпай қоймайды. Және мынау адам аңшыға ұқсамайды да. Шашын қала үлгісімен қойған, киімдеріне май сіңген,
қолында сағат. Бектемір қарап тұр. Бұл адамның түні бойы жауынның астында жатқаны анық. Оны жардан аққан саз балшық едәуір басып қапты. Өзі әлі жап-жас жігіт көрінеді. Шынтақтары мен тізелері жыртылғанына қарағанда, жоғарыға өрмелеп шығам деп жанталасқан болу керек. Қазіргі жатысының өзі де жардың етегінен өрмелеп келе жатқан тәрізді, оң қолын ілгері созып, саусақтарымен тасқа жан дәрмен жабысып жатыр. Қайдан, қай жақтан келе жатқан адам? Оны айыру мүмкін емес - жаңбыр бар ізді әлдеқа-
шан шайып кеткен. Күтпеген жерден әлгі адам ақырын қозғалып, сәл ыңырсыды. «Ой, әлі тірі екен!» - деп қуанып кеткен Бектемір аттан қарғып түсіп, жеңінен ұстай алды:
- Әй, жолдас! Жолдас деймін!.. Жауап болмады. Бектемір әрең дегенде аунатып, шалқасынан жатқызды да, кеудесіне қолын салып көрді. Жүрегі әлі соғады. Бектемір оның қалталарын қарап, комсомолдық билетінен басқа ештеңе таппады. Билеттің су болған беттері жабысып қалыпты, сиясы жайылған, айғыз-айғыз. Ол үш сөзді азар оқыды: «...Әлиев Нұрбек... 1930...»
- Міне, қызық! - Бектемір басын шайқады. Содан соң ол Нұрбекті көтеріп ерге салу үшін, атын қолайлы жерге жетелеп алып келді.