Атадан қалған тұяқ
Ол жарық дүниеге келгелі туған әкесін тұңғыш рет кинодан көрді. Бұл оның әлі ақыл тоқтатпаған, бестен алтыға аяқ басқан шағы еді. Оқиға қыстақ тыңту сыртында алыстан ағарып көрініп тұратын кашарда жүн қырқу маусымы басталған күні болды. Көлбеп жатқан кен жотаның етегінен басталатын наруан жол бойындағы үлкен кашар қамыспен жабылған, төбесін кейін шиферлағаны болмаса, қазірде де баяғы қаз қалпында. Бұл жаққа қурай «атына» мініп, жолдың екі бетін шаңғыта жортып, шешесіне еріп келетін оның әр сапары ойын-қуанышқа толы. Шешесі Жаһанкүл совхоздың почта бөлімінде телефонистка боп істейді. Жыл сайын жаз шығысымен жүн қырқуға араласатын. Ертеден қара кешке дейін «алло-аллодан» жағы тынбай ақпар, бұйрықтар, асығыс хабарлар, қала берді ағайын арасындағы есен-саулық, сым арқылы туып жататын ұрыс-керіс, айқай-шулардың тоқсан түрлі қияпаттарын көз ілестірмей жалғастырып, түйістіріп, табыстырып жүруге әбден төселіп алған. Әр жылда бір келетін бір айлық демалысына қосымша болсын деген ниетпен жексенбі күндерін де осы айқай-шу, қым-қуыттың астында өткізетін. Соның арқасында күндіз-түні тынымсыз тірліктің есебімен келгенде, жазғы демалысының өзі біразға созылатын. Бір күнін ағат жібермей, жүн қырқуға келісіп, ертелі-кеш кашар төңірегінен шықпайтын. Бұл кезде жан бағу оңай ма? Жәрдем күтіп, арқа сүйері жоқ жесір әйел есебін тауып, тым болмаса, жалғыз баланың қарнын ашырмай, халық қатарында болудың қамымен жанталасады. Жүн қырқудың бір рахаты - еткен еңбегіңнің ақысын нақпа-нақалып отырасың. Аз болсын, көп болсын, бәрі өз еңбегіне байланысты алақанында көрінеді. Кысқы тірнек талшықты Жаһанкүл осы жерден жиятын. Бір үйде екі-ақжан болсада, отын-су, киім-кешек, ішім-жем тіршілігінің түбіне жетіп болған ба адам баласы. Баласын тастап кететін жанашыр жақынның ыңғайын таппаған соң, Жаһанкүл жалғыз ұлын қырқым басына ылғи өзімен ертіп жүретін. Ал енді Әуелбек үшін бұл мезгілдер шексіз шаттық берекесі мол бостандықтың дәуірі. Жағасы жайлау, төбесі қыстау дегендей, дәл мұндай жан рахатын бұдан басқа кім көріпті! «Әй» дерәже, «қой» дер кісі жоқ. Күн май тоңғысыз жылы шуақ. Адырдан төмен құлаған қора-қора қойлар бірінің артынан бірі шұбатылып келе жатқанда қойшылардың «Әй, бала, алдынан шық, бері қайыр» дегеніне безек қаға жүгіріп, мәз-мейрам болып қалады. Бірі кетіп, бірі келіп, сапырылысып жатқан машина, арбалардың реті келгенінің артына жабысып, у-шуы мол дүниенің қайнаған қызығының ортасында. Осы думанды күндері өзі сияқты ата-аналарына еріп келген балалармен алыса айқайласып, күресе жұлысып, кешке дейін дамыл таппай жағал-жағал болып шыға келетін. Міне, осындай дамылсыз күндердің бірінде кашардағыларға көшпелі киноның келіп қалмасы бар ма. Оны елден бұрын көрген Әуелбек қуанғаннан жүрегі жарылып кетердей қабынып:
- Кино келді, әнеки, кино келе жатыр! - деп, екі санын шапалақтап, бар балалардан бұрын озып келіп, қырықтықшыларға хабар берді.Кино жұмыстан кейін басталды. Қашан басталғанша да Әуелбектің шыдамы таусылып, күні кұрығыр да ертерек батпай, әбден зарықтырып болды. «Енді қашан, енді қашан» деумен шиыршық ата шешесіне де маза бермеді. Осынша зарыға күтуіне орай кино да өзінің ойындағыдай болып шыға келді. Кино соғыс жайлы екен. Кашардың дуалына ілінген аппақ кездеменің бетінде самсаған қолдың қырғын шайқасы басталды да кетті. Дамылсыз от құсқан сан түрлі зеңбіректердің аспанға атқан снарядтары зіркілінен жертен селіп, аспан аунақшығандай арсылгүрсіл дүниеден құлақ тұнады. Әлсін-әлсін атылған ракеталардың от сүнтілері түнек аспанның түндігін түре, жатқан ине табылардай әлемді әп-сәтте сүттей жарыққа бөлейді де жоғалады. Бел орақ шалған балауса құрақтай самсаған қол қас пен көздің арасында жер құшақтап баудай түсіп жатты. Меңіреу қара түн, саңылаусыз қара аспан қабырғасы сөгіліп, қансырап жатқан қара жер аяусыз шарпыса шайнасып, әлем-ғапырық ақырзаменның азалы дабылын қаққандай. Пулеметтер жарыса жанталаса оқ төккенде, баланың жүрегі алып ұшып, деміге, екі өкпесі қолқасына тығылады. Шешесі екеуі көпшіліктің ең арт жағында жүн салынған кендір қанар қаптың үстіне шығып жайласқан еді. Артта отырғанмен, бұл жерден экран анық, айқын көрінеді. Әуелбект тез еркіне жіберсе,
ол сөз жоқ, экранның дәл алдына барып, совхоздан келген өзі теңдес балалардың ортасына отырмақ еді. Осы мақсатымен кетуге әрі-бері әрекет жасап көрді, бірақ Жаһанкүл онысына көнбей:
- Болды енді, тықыршыма, кешке дейін дамыл бермеп едің, отыр осылай жанымда, - деп алдына алып, өзі кұшақтап отырды. Кино-аппарат бір қалыпты сарынынан таймайды. Соғыс бұрынғысынан да күшейіп барады. Отырған жұрт кірпік қақпай, сілтідей тынып қалған. Үнсіз жапа шегіп, қан жылаған шешесінің дәл кұлағының түбінен келіп тұрған ыстык лебін бала сезіп отыр. Кейде кашар ішінде отырғандарды көздеп атардай оқпаны үңірейген танктер шыға келгенде Жаһанкүл селк ете қалып, балама тиіп кетпесін дегендей, Әуелбекті бауырына қыса түседі. Жанаса отырған бір әйел өз көзіне өзі сенбей:
- Астапыр алла, о құдірет, бұ не деген сұмдығың, сақтай көр құдай! - деп қайта-қайта тәубесін аузынан тастамай отыр. Әуелбек дегеніңіз дәл бұлардай су жүрек емес, еш нәрседен қаймығар қалпы жоқ, қадалып қалған. Қайта мұрттай ұшып, кейде омақаса қирай құлаған фашистерді көрген сайын айызы қанып, арқасы қозып отыр. Ал енді біздің адамдар құласа, шамалы жатқаннан кейін қазір тұрып кететіндей көрінеді бұған. Байқап отырса, соғыста жүрген адамдардың оққа ұшқаны да өзінше бір тамаша екен. Соғыс ойнаған балалардың жалп-жалп құлағанынан айныса бұйырмасын. Дәл мыналардың қазіргі құлауының неше түрін ешқайсысынан кем түспей, өзі де жасай алады. Ышқына жүгіріп бара жатып, жіліншігі үзіліп түскендей бірнеше домалап, сұлап қалатын. Рас, жер қатты болса, кейде тізесі көгеріп, кейде терісі сыдырылып қалатын кездері де болады. Дегенмен, жалма-жан атып тұрып, қайтадан шабуылға кіріп кетсең, әлгі жарақатыңды да лезде ұмытасың. Ал енді мыналардың айырмасы, бір құласа, тұра жөнелмей, бүк түсіп жатып қалады екен. Әуелбек оққа ұшудың басқа да әдістерін білетін. Мәселен, оқ іштен тиді делік, мұндай жағдайда жалп етіп құлай кетудің сән-салтанаты болмайды. Ә дегенде ішіңді қолыңмен басып ұстап алып,
мықшиып тұрып қаласыңда, одан кейін бет-аузыңды тыржитып, көзіңді ашып-жұмып, тісіңді қышырлатып, қайрап-қайрап алып барып, бір-екі рет күшене лоқсығандай болып, еңкейе теңселе беріп, қолындағы қаруын сылқ етіп жерге түскеннен кейін ыңырси-ыңырана жығылу керек. Мұндайда ол біраз жатады да, «есін жиып»: «Жоқ, мен әлі тірі екенмін ғой,» - дейді де, тұра жүгіріп, қайтадан соғысқа еніп кететін. Мыналар құлады - бітті, жата береді екен. Бар айырмасы сол ғана. Экрандағы шайқас әлі жүріп жатыр. Енді бір сапарда танктерге оқ ататын зеңбірекшілер келді көз алдына. Шамасы, бір шайқастан кейін екінші ұстасуға дайындалып, орын алмастырудың әрекетін бастаған сияқты. Зеңбірек оқпандарының әлі түтіні де тарқамаған. Адамдарының кейпінен жан түршігеді. Жан-жақтан үсті-үстіне жарылып жатқан снарядтардың ара-арасымен от кешкен жауынгерлер зеңбіректерін сүйрете, сүрініп-қабынып алға ұмтылып келеді. Әлі бұлар орналасар жеріне жете қойған жоқ. Орнығып алса болғаны, танктермен бетпе-бет атысатын түрі бар. Жанталаса, белшеден батпаққа киімшең қойып кетіп («мен осылай батпақ, су кешсем, апам ұрсып есімді шығарады,» - деп бір қойды Әуелбек ішінен), батпақтап қалған зеңбіректі бар күштерін сала, күре тамырлары білеудей болып, ышқына тартып: «Давай, давай вперед!» - деп айқай-сүренмен әзер дегенде шығарды. Бұлардың алды жарқабақ. Ұзыннан-ұзақ терең сайдың тік жарлы қапталымен аспанды қақ бөліп тастағандай арғы дүние көрінбейді. Солдаттар зеңбіректі өрге сүйреп, жарға иек арта орналаспақ. Сай қапталының бірде ана тұсынан, бірде мына тұсынан жарылған снарядтардың қою қара қошқыл түтінінен жауынгерлер кейде көрініп, кейде көрінбей кетеді. Енді, міне, зеңбіректі әрқайсысы әр тұстан иыққа салып, біреулері астынан білектесе көтеріп, ертерек сай қабағына шығуға жанталасып жатыр. Бұлардың қайратты ыза қабаттасқан қаһарлы түрлері, жан пида қимыл-әрекеттерінен Әуелбектің жүрегі шымырлап, қаны қайнап бара жатқандай болды. Ар-намыс, жауға деген кек кеудені кернеп, нағыз қорқынышты, қауіпті, қанды оқиғаның қазір басталарын сезгендей өзінше сұстанып, бір ерлікке бел буған жанша тас түйін болып отыр. Зеңбірекшілер жеті-сегіз адам екен. Арасында келбет реңі қырғызға ұқсаған біреуі (бәлкім, ол қандас халықтардан шығар) экранда қайта-қайта көрініп, көзге жылы ұшырай берді. Оны әкем екен деген ой бала басына үш ұйықтаса келмес еді, не пайда, қаннен-қаперсіз отырғанда бәрін де шешесі бүлдірді. - Әне, анау жүрген сенің әкең, - деді бір мезетте Жаһанкүл баланың құлағына сыбырлап. Осыдан бастап жаңағы зеңбірекші Әуелбектің әкесі болып шықты. Осыдан бастап кино мұның әкесі туралы киноға айналды. Байқап отырса, әкесі де осы күнгі совхозда жүрген жігіттердей жап-жас адам екен. Аласа бойлы,шымыр денелі, дөңгелек жүзді, бет-аузының бәрі күйелеш, жағал-жағал жауынгердің көрінген сайын ұшқын атқан көздері ғана жұлт-жұлт етеді. Бала оның ашумен түнерген қас-қабағын, басындағы темір қалпағын, иығындағы пагонын, түр-түсін түгелдей әрбір кималына дейін қалт жібермей отыр. Әкесінің шапшаң, қат-қабат қайратына сүйсініп, іштей баға берді. Міне, зеңбірек дөңгелегін қарына сала көтеріп, бір иығымен
итере, артына жалт бұрылды да, әлдекімге:
- Снарядтарды тоқтатпаңдар, жылдам, жылдам! - деп айқай салды.
- Апа, менің әкем осы ма? -деді бала. Мұны шала естіген ЖаҺанкүл түсінбей:
- Алаңдамай тыныш отыр, - деп қойды.
- Менің әкем демедің бе өзің?
- Иә, осы сенің әкең, жөн отыршы былай, кісілер ұрсады. Әттеген-ай, несіне бұлай айта қойды екен? Соғыстан мерт болған жанды еске алып, көңілі бірде құлазып, бірде зар шегіп, күйіппісіп мың құбылып отырғанда, аузынан байқамай шығып кетті ме екен? Жоқ, әлде, балам тыныш отырсын деген оймен айта салды ма екен? Болмаса, кезбе ойдың жетегінде отырып, мынау сенің әкедегені әкесі әскерге кеткенде бойында қалып, дүниеге көз ашқалы әке атаулыны білмеген, оның қадір-қасиетін ұқпаған жетімек, тым болмаса кинодан көрдім деп, көзіне елестетіп, көңіліне тоқ санап жүрсін дегені ме? Ал ақыл тоқтатпаған аңқау сәби шешесінің айтқанына сәл заматында сенді. Сол сәтте-ақ сүйсініп, сол сәтте-ақ жүрегі алып ұшып, сол сәтте-ақа таға деген бейіл мейірімі оянып, іші-бауыры елжіреп қоя берді. Жауынгер әкесін айтып, қандай ұлы мақтанбасын. Ішінен: «Міне, менің әкем», - деп көңілін қуаныш кернеп барады. Міне, әке деген осы! Әкесі жоқ жалғыз деп қорлаған балалар енді көріп алсын. Енді бұған тиіп көрсінші біреуі солардын! Осында отырған қойшыларда білсін, көрсін, көздері жетсін! Бұлар деген қысы-жазы мал соңын датаудан түспей жүріп, совхозға келгенде, кімнің баласы кім екенін тани да қоймайды, қырқымға айдап келген қойын қайырысып, сілтеген жағына тіл қайтармай жүгіріп, ең ар жағы таласқан иттерін арашалап, жәрдемдесіп жүрсең де, есебін тауып ұстап алады да: «Сен кімсің, қайдансың, қай атадан тарайсың», - деп жауапқа алып, есіңді шығарады. Қай шопанның көзіне түссең де, қия бастырмау бұлардың әдеті. Тоқтатып алып, тексере бастайды.
- Бәрекелді, жігітім, атың кім?
- Әуелбек.
- Кімнің баласысың?
Бұл сұраққа жеткенде Әуелбек қадала қарап тұрады да, мақтана:
- Мен Тоқтасынның баласымын, - дейді жұлып алғандай. Естімеген есімім дегендей, шопандар аңырып қалады.
- Тоқтасынның дедің бе, сабыр-сабыр, тұра-тұр. Қай Тоқтасынның? - деп қайтадан сұрайды баланы бауырына тартып.
- Мен Тоқтасынның баласымын, - дейді Әуелбек міз бақпай. Кісілер сұраса, осылай жауап бер деп Жаһанкүл үйретіп қойған. Екі көзі соқыр адуын, үлкен шешесі бар емес пе, «әкеңнің атын ұмытпай айтып жүр», - деп, әсіресе сол кемпір әбден құлағына құйған.
- Ә, енді есіме түсті, дұрыс, дұрыс, сен әлгі почтада телефон соғатын келіннің баласы емессің бе. Айтпақшы, сен сол екенсің ғой. Дұрыс па?
- Жоқ, мен Тоқтасынның баласымын, - дейді тағы бет бақтырмай. Сонда ғана барып шопандар іштерінен бірдеңені түйгендей, бір-біріне өзара қарасып алады да:
- Тура, тура, сен Тоқтасынның баласысың, о пәле, атаның ұлы деген осы ғой, үлкен жігіт бол, біз сені қайтер екен деп әдейі сынап жатқанымыз ғой. Оған ашуланба, жыл он екі ай таудамыз, сендер болсаңдар, мұнда күн санап қызғалдақтай түлеп өсіп келесіңдер. Бала-шағаны кейде танымай да қаламыз. Аман болсаңдар, бізге сол жетіп жатыр ғой, - деседі. Бала ұзады-ау деген кезде барып, малшылар өзара мұның әкесі Тоқтасын жайлы көрген-білгендерін бір-біріне айтып, кім еді, қайдан еді, ата-тегіне төндіріп келіп, біраз қабақ шытысып, бас шайқасып қалады. «Қайран жігіт қыршын кетті ғой соғыста», - деп күрсінеді, балаға қарап, әлдебір аяныш сезіммен «пақыр аман болсын» деп қояды.
- Шешесі неге біреуге тиіп алмайды екен? Жап-жас басымен жесір отыра бере ме...
- Ол өзіне байланысты ғой, сенімен біздің неміз бар. Кебін кимей, кебенек киіп кеткен ерден үміт үзіле ме? Кім біледі, бұл пәниден өтті дегендердің көбісі тірі келіп жатқан жоқ па.
- Ол да ғажап емес. Баланың да есі кіріп қалған екен. Ана сорлы мұндайда анау-мынау ойдан да қаймыға береді ғой. Жасынан сағын сындырып жалтақ өсірмейін дейді де.
- Не болса, о болсын, орынында бар оңалар деген, артында әйтеуір тұяғы бар деген осы. Мына бала көзді ашып-жұмғанша азамат болып кетеді. Көрмейсің бе, «Мен Тоқтасынның баласымын» деп тақ-тақ еткенде жұлыныңды суырып ала жаздап тұр. Бұл да болса маңдайдың ырысы ғой... Бойдақ кеткен боздақтар қаншама, талай-талай жауқазындай жас жігіттер хабар-ошарсыз жоғалды. Мерт болды, аты өшті. Із-түз қалмады. Үлкен кісілердің кейде осындай әңгімелерінің үстінен шығып, бірін түсініп, бірін түсінбей, өзінше мүлдем ойға батып, әке деген қандай болады екен, ол неге келмейді екен деп іштей ызаланып, көңілінің жабырқар сәттері де Әуелбекте аз болмайтын. Міне, енді табан астында әкелі болып шықты. Шешесі «анау сенің әкең» дегеннен бері экрандағы солдат мұңын әкесі, осыған шөнбідей шүбәсіз сентең бала әкесіне жаны ашып жүрегі елжіреп отырды. Бұрын-соңды сезбеген аталы-балалы жандардың арасын дағы нәрлі де тәтті махаббат дәмін енді татқан тәрізді. Әкесінің барлық жүріс-тұрысына қан-жанымен қабағат риза болып, үйдегі әйнек астында ілулі тұратын өз әкесінің суретіне айнытпай ұқсатып алды. Мұрны, көзі, қас-қабағы, тіпті бар болмысымен нағыз баланың қарап отырғанын сезгендей, шыбын жанды шүберекке түйген әке өзінің кинодағы ұшқындай қысқа өмірінде мәңгі бақи есте қаларлық, кейін ұлы мақтан етерлік ғажайып қимылдар жасап, қан майдандағы қайратын халық алдында паш етуде. Әуелбек соғыстың ойыншық емес екенін енді сезді. Оққа ұшқан адамның құлауы құмарта қуанарлық көрініс еместігіне көзі жетті. Жаудың күші басым, қаһар- айбаты да жан түршігерлік. Енді Әуелбектің әкесі қайтер екен, жау меңдетіп бара ма, қалай? Жақын адамға деген бұрын-соңды басынан кешпеген қорқыныш пен аяныш астарласқан сезім баланың бойын билеп бара жатты. Кино аппарат сол сарыннан танған жоқ. Әлі сол қиян-кескі соғыс. Сұмдығы енді келе жатыр. Ар жақтан қаптаған танкілер көріне бастады. Оө төгер ұнғысы үңірейіп, ой-қырыңды тыңдамай, болат темір құрсанған қаз табанымен қара жерді қақайырып, шаң бората, аударыла төңкеріліп келе жатқан қалпы, ажал айдаһарынан айнымайды. Тістесе шайнасқан темір дөңгелектің шеке тесер үні мен алып мотордың өкіре ыңыранған даусы майдан даласын басына көтерді. Олардың ізінше қайнаған шаң да қара түтінге араласып, шейіт кеткендердің қаралы туындай арғы әлемді көзден жасырады. Ал мына жердегі үркердей бір топ біздің жауынгерлер жалғыз зеңбірегін сүйрете, осы сәтте сайдың қабағына шығуға шақ қалған. Енді шамалы жылжыса болып жатыр. Әуелбек шыдамай:
«Әке, ұмтыл тезірек, тезірек, бір-ақ қадам қалды ғой. Тағы да, тағы да, ар жағыңа қара, ар жағыңа қара, танкілер келе жатыр!» - деп, әкесін асықтырып, шыдамай барады. Міне, зеңбіректе жарбасына шықты-ау. Жауынгерлердің жолын тоса, шамаға келді-ау деген кезде, оқ ата бастады. Танкілер де қарап қалған жоқ. Оларда бір-екі рет өт бүркіп-бүркіп алды. Бет алыстары жаман. Мынау айдын-айбармен ештене шыдатар түрі жоқ. Атыс қызды. Әуелбек дәл қазір әкесімен қоса арт-жалынды аралап,шайқас ішінде өзі жүргендей сезінді. Фашист танкілерінің булкан ұңғылары көзі ойылған дәудей қара түтінге орана, ұршығынан айналып, жылжи алмай қалғанда, шешесінін алдында отырған бала қуанғаннан қозғалақтап, бір жасап қалады, өзіміздің зенбірекшілер жарылған снарядтын сынығы тиіп жығылғанда, Әуелбек бойын жиып ала қойып, көнілі жасып, томсарып отырады. Біздің ауынгерлер біртіндеп азая берді. Әуелбек шешесінің жас төгіп отырғанын діріл қаққан ыстык демінен байқады. Киноаппарат бір сарыннан тайған жок. Соғыс әлі жүріп жатыр. Шайқас бұрынғыдан да үдеді. Аттаған сайын ажал төгіп келе жатқан танкілер де жақындай берді.Зенбірек қалқанынын тасасында Әуелбектің әкесі телефон құлағына қайта-қайта жан даусы қарлық қанша айқай салып, бірдеңелер айтып жатты. Бәлкім, ол жәрдем сұрап жатыр ма, әйтеуір суға кеткентал қармайдынын ен соңғы тірлігі ме, бірақ оның не айтып, не қойып жатқанын мынау аласапыранда ұғу қиын. Соғыс дегенің алмағайып дүние ғой. Қазір бұларды құткарушылардың сау ете қалмасына кім кепіл... Әне-міне дегенше, тағы бір жауынгер құлап түсті. Жер тізерлеп қайтадан кетеріле берді де, әлсіреп барып етпеттей құлап жар етегіне сырғи берді. Зеңбіректің жанында енді екі-ақ адам қалды. Онын бірі - Әуелбектін әкесі. Өлі-тіріге қарауғада мұрша жоқ. Зеңбіректі қайтадан жанталаса оқтап, бір-екі ататып қалуға ғана шама келді... Анталаған танкілер қан қыспаққа алды. Дәл зеңбіректің түбіне түсіп жарылған снаряд шан аралас, тоң кесектерді аспанға атып, бір сәт ештеңе көрінбей кетті. Бұл екпінге шыдамай аунап түскен Әуелбектің әкесі жалма-жан жанталаса орнынан тұра, зеңбірек кұлағына жармасып, енді әзі оқтап, өзі атты. Бұл онын жауға деген ең актық шығарған оғы болды. Дәл тиген снаряд зеңбіректі талқандап кетті.
Қан қаптап бара жатқан қабырға үстін қармана, Әуелбектің әкесі жерден әзер дегенде тұрды. Алба-жұлба киім, қан басқан денесі, қаһарлы кейпі жан тезерлік емес. Белдегі жалғыз гранатаны жұлып алды да, қарсы келе жаткан танкіге қасқая беттеді. Қансыраған буынынан әл кетіп, теңселе басып, гранатаны құлашын кере, енді лақтыра берген күйінде тас мүсіндей қатты да қалды. Экран дәл осы қалпымен ірі көріністі жақындатқан сәтте, өлімге бас қойған қайсар қас батырдын айбат шеккен ажары мен от шашқан кәзі күш-құдіретінін иесіндей көрінді. Онын: «Тоқта, фашист!» - деген ауырғы айбынды үні майдан даласын жанғыртып, кино көріп отырғандардың бәріне тасталған ұрандай естілді. Жаһанкүл баласының білегінен дәл осы сәтте қатты қысып қалып еді. Бала әкесіне жан ұшыра ұмтылып орнынан жұлқына бергенде, шешесі жібермеді. Қас қаққанша болмады, төніп келе жатқантанкінің оқпанынан оқ төгіліп қоя берді де, Әуелбектің әкесі кескен теректей құлап түсті. Ол екі -үш қайтара домалап барып, қайта бас көтеруге ұмтылды да, шалқалай барып, екі қолы екі жаққа сылқ етіп, жатып қалды. Киноаппарат тоқтады. Соғыста бір сәтте үзілді. Жана ленталы дискіні салу үшін киномеханик шам жағып жібергенде, кашар іші сүттей жарыққа бөленіп қоя берді. Аз уақытта көздері қармасып қалған жұрт жанағы дүлей дүние соғыс алапатынан «уһ» деп құтылғандай бір-біріне қарасып, өз сабаларына түсе бастады. Жана көз алдарынан өткен қан-қасіреттен жұрт есін жия бергенде, біреудің жүрегі жарыла қуанған айқайы зіл баскан тыныштықты бұзып кетті:
- Балалар, менін әкемнін өлгенін көрдіндер ме? Жанағы менің әкем болатын! Енді өз көздеріңмен көрдіңдер ғой! Бұған жалт бұрылған көпшілік, ә дегенде баланың не айтып жатқанына түсінбей, анырап қалды. Өзі өтырған қанар қаптың үстінен домалай жөнелген Әуелбек алдыңғы жақта экраннын дәл түбінде отырған құрдас балаларына қуанышын жеткізуге асыұқты. Мұның ұғымынша, олардын пікірі бәрінен де қымбат. Біраз уакытқа дейін кашарда отырған көпшілікті көңілсіз ауыр тыныштық басты. Селт еткен жан жоқ. Мына есер сөк баланың неге сүйсініп қуанып жүргеніне түсінудін өзі бұларға шешілмес жұмбақ болды, өмірінде туған әкесін көрмеген балаға мейлі кинода, мейлі қандай жағдайда болмасын, әйтеуір, көзге көрініп өлген әкенің өлімінің өзі мұның әкесі барлығын, болғандығын дәлелдейтін мерекемен бірдей еді. Осы бір киелі қуанышты түсініп жатқан жұрт жоқ, бәрі де біріне-бірі таңдана қарап, тіл тартпай отыр.
Киномеханиктің қолындағы жерге түсіп кеткен қаңылтыр құтынын құлақ жарған қанғырына да ешкім назар аударған жок. Басқасы былай тұрсын, онымен кино механиктінде ісі болмады. Бәрінінде осы бір мылқау меніреу үнсіздіктегі тан-тамашасы - Әуелбек. Бұл Әуелбек дегенініз, майданда оққа ұшқан, қан кешкен қаһарманның баласы. Атанын ерлігін, онын қайсар қайратын бар жан-жүрегімен мактан ете: - Ау, сіздер көрген жоқсыздар ма, жанағы менін әкем ғой! Ол танкіні пулеметімен атты ғой! Көз алдарыңызда өлді ғөй! - деп, жұрт үндемеген сайын екіленіп, жауап қатпағандарына іштей ыза кернеп барады. «Бұлар менің әкемнін қай қылығын ұнатпай қалды, неге шуласып мақтамайды әзеуреп. Ол өліп қалды ғой, ол өліп қалды ғой», - дей берді. «Өлім» деген жаман атқа тірі жанды қимай отырған біреу:
- Тәйт әрі, олай деме, ей жағына... - деп барып,тоқтады.
- О не дегенін, - деді түкпірдегі отырған бір шал мойнын соза түсіп, - әкесінің соғыста опат болғаны өтірік пе еді? - Ол сөзін аяқтаған жоқ. Орынсыз бірдене айтып қалдым ба дегендей: «Неме-
не, әкесі де...» - деп міңгірлеп бітірді. Мектепке барып жүрген ересектеу балалардың бірі шыдамай
кетті білем, бірден төтесінен басты.
- Ол сенің әкең емес. Атаңның басына мәз боласың ба? Біле білсең, ол артист. Сенбесең, ана кино қоюшылардың өздерінен сұра. Дау теркінін енді түсіне-бастаған үлкен кісілер әкесіз баланың бойына сіңіріп алған әрі тәтті, әрі ащы сенім-сезімін бұзғысы келмей, «Жоқ ол сенің әкең емес, басқа» деуге де ауыздары бармай, балалардың таласына араласпады. Не де болса, шындықты осы киноны алып келген бөгде жігіттің өзі айтсын дегендей, бәрі де кино механикке қарап, соның сөзін күткендей сынай байқатты. Ол да бұл сөзге килік кісі келмей тек өзінің аппараттарымен айналыса берді.
- Жоқ, ол менің әкем болатын, әкем, - деп ашу-ыза аралас Әуелбек әлі тегісініп тұр.
- Қайсысы сенің әкең? Өзің-ақ айта қойшы, сонда қайсы? - деп әлгі ересек балада әбден ерегесіп алған,тілінтартар емес.
- Сен шынымен көрген жоқсың ба? Менің әкем гранатты былай ұстап, танкіге қарсы енді сілтей бергенде... Осылай келіп жығылмады ма? - деп, Әуелбек бір жерім ауырып қалады деген жоқ, өзі де жан ұшыра құлап, әкесінің қалай оққа ұшқанын көрсетті. Дәл бағанағы салдаттай соның әрбір қимылын айнытпай келтіріп, екі-үш рет аударылып барды да, құлашын жая, шалқасынан жатып қалды. Амалы құрып отырған көпшілік ду күліп қоя берді.
- Ау, мынауын нағыз артист қой!
- Ой жолың болғыр-ай, қалай, қалай құйқыл жытады!.. Бірақ Әуелбек күлген жоқ. Батыр әкесінің кебін кигендей, сол қалпында экраннын, алдында тырп етпестен құлап жатты. Күлкі тыйыла қалып, қашардың іші тағы да мұңды, ауыр үнсіздікке ауды.
- Әй, Жаһанкүл, - деді кино бойы аузы тәубеден тынбай отырған әйел. Жаңағы қырғын, оның үстіне мына баланың қылығы жүйкелетіп кеткен бе, үні де қарлыға, діріл аралас шықты, - неғып мелшиіп қалдын! Ана балана не болғанын қарамайсыңба! Енді елдің бәрі Жаһанкүл жаққа еңсеріле бұрылды. Көздері домбығып, екі бетін жас жуған Жаһанкүл ернін жымқыра тістеп алып, ешкімге назар салмастан, үн-түнсіз ілбіп, баласына беттеген. Әрқадамын андып отырған жұрт іштен тынды. Жаһанкүл баланың жанына келді де, орнынан тұрғызып алып:
- Жүр, балам, жүре ғой. Ол сенің әкең, - деп сыбырлады да, қолынан жетектеп, сыртқа шығып кетті.
Сонымен, бұлар киноны аяғына дейін көрген жоқ. Ай да көтеріліп қалған екен. Тас төбеден аспан жапсарына дейін жамырай қаптаған жұлдыздар бұл дүниеден бейхабар, бейбіт, бейжай күйінде. Айлы түннің аңғарында сонау алыста тұнжырай көрінген тау жоталары шексіз айдында жүзген кеме керуеніндей
көз тартады. Бергі шетте совхоз үйлерінің оттары жымың қағып шақырғандай жылт-жылт етеді. Онын арғы жағы тас қараңғы тұңғиық дала қойнауы - шет-шегі белгісіз тылсым дүние. Бұлар үйіне қайтып бара жатты. Шешесінде де үн жоқ, бала да тіл қатпады. Дәл осы сәтте шешесінің не ойлардың шырмауында келе жатқанын бала білмеді. Тек жаңа ғана көрген, жүрегіне ұялай қалған қаһарман әкенің бейнесін естен шығармасқа ант ішкендей, кішкене жұдырығын тас түйіп алып, өзімен-өзі шешесінің жанында өзге дүние болып келе жатты. Ол дәл бүгіннен бастап ата жолына түскенін мойындап, атадан қалған жалғыз тұяқ екенін сезініп,белді бекем буғандай еді.
Орысшадан аударған Қалтай Мұхамеджанов
Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы