Балалар әдебиетінің ұстасы
Б.Соқпақбаев повестері жанрлық бөлініске салғанда, балалар әдебиеті саласына жатады. Шынында да, бұларда балалар мен жасөспірімдерді қызықтырарлық, ойын байытарлық, өмірмен таныстырарлық сипаттар мол. Сонымен қатар жазушының шығармалары ересектерге де ұнамды, әсерлі. Адам өмірі маңызды, маңызсыз деген кезеңдерге бөлінбейді. Балалық шақтың да, егделіктің де өз міндеті, қызығы мен ойшылығы бар. Оларды білу, өмір құбылыстарының көркемдік шындығын тану үлкенге де, кішіге де бірдей керек. Әрине, балалар әдебиетінің өзіндік өрнектері, тақырыптық өрісі, тіршілік сауалдарын қамту деңгейі болатыны да белгілі. Б.Соқпақбаев - міне, осы жағдайларды терең ұғынып, дарыны мен жалынын жарқырата ашқан, балалар әдебиетінің үлкен ұстасы.
Шығарма оқиғаларын көбінесе өзіне таныс, көңіліне түйген жайлардан алу, әңгімені екінің бірінде-ақ бірінші жақтан, «өз атынан» баяндап отыру, шындықты бүгіп қалмай немесе аттап өтпей, табиғи қалпында беруге ұмтылу Б.Соқпақбаев повестерінде салдарлы растық рең береді. Қандай эпизод, ситуацияның да «нағыз өмірде» болғандығына оқушы қалтқысыз сенеді. Міне, мұндай көркемдік шындық талабынан шығу үлкен шеберлікті керек етеді. Жазушының қазақ, орыс әдебиеттерінің жақсы үлгілерінен тағылым ала білгендігі, бейнелеу құралдары" мен бояуларының байлығы танылады. Мәселен, ол «Менің атым - Қожа» деген повесте оқушы назарын әлсіретпейтіндей композициялық тәсіл тапқан.
Аталған туындылардың тіл кестесі де көрікті, икемді, «бесаспап» екенін көреміз. Жазушы адам портретін де, тілдік мінездеуді де, табиғат суретін де, менологтарды да қажет мөлшерде жұмсай біледі. Мәселен, тау бөктеріне орналасқан ауыл табиғатының бір мезеті былай суреттелген: «Ауылдың солтүстік-батыс жағы қырат жота. Жауын-шашын көбінесе сол тұстан келеді. Аспан жаркырап тұрғанның өзінде теріскейден бір жел тұрса болғаны, жентектелген сұр бұлттар иек артпадан жөңкіліп шыға-шыға келіп, сатырлатып құйып отетін дағдысы бар. Ауа райының сол шалдуар мінезі оқыстан тағы біліне бастады. Аю тұлғалас қап-қара бір бұлт Өмекені тура асып, екпіндеп келеді. Соңында тіркес-тіркес тағы да бұлттар көрінеді».
«...Торы ат - жануар желісті мал. Делбені сілкіңкіреп қойған сайын бауыры жазыла түсіп, жел қайықтай есіп-есіп жөнеледі. Артқы аяқтарының тұяқтары алдыңғы аяқтарының тұяқтарынан асып түсіп, адымы есік пен төрдей жерді бір-ақ қамтиды. Тұяқтардан ұшқан шыны қар қашабаның тосқауыл тұсына тас лақтырғандай тарсылдап соғылады. Қамыс құлақтарын қайшылап қойып, кекіл-жалы алдан тұрған боранмен жалаудай желбіреп, ауыздықты қарш-қарш шайнап аршындай жүйткігенде, атының осыншалық өнері барлығына Тоқмолда іштей масаттанды. Жеңіл қашаба қатқақ жолдың бетіне бірде тиіп, бірде тимей, қалқып келе жатқандай әсер алады».
Бұл келтірген мысалдар қаламгердің сөздік қорының қалындығын аңғартса керек. Қазақтың әдеби тілінің дамып көркеюіне Б.Соқпақбаевтың да үлес қосып келе жатқаны белгілі. Тек автордың кейде сөз талғауда асығыстық жасайтыны өкінішті («жарақат бәтеңке», «ойдан туғызған суайт хабар», т.б.). Мұндай тұстар көп емес, бірақ біз көрнекті, тәжірибелі суреткерде осы секілді сирек шалағай тіркестердің кездеспеуін қалаймыз...
Жазушының «Өлгендер қайтып келмейді» (1974 ж.) атты романы тақырыптық және ішінара оқиғалық жағынан ілгеріде аталған повестермен үндес, орайлас. Бәріне де негізгі кейіпкер автордың өзі немесе оның өмір тәжірибесіне негізделіп, өзге атпен берілген бейнелер екені кәміл. Бұл реттен алып қарағанда, «Өлгендер қайтып келмейді» әлгі повестердің жаңа сапаға түскен жалғасы немесе кеңейтілген қайталамасы секілді әсер қалдырады. Сонымен қатар романның оқиғалық желісінде, уақыттық ауқымында, кейіпкерлер қатарында күрделі сонылықтар бар.
Аталған романның алғашқы нұсқасы алпысыншы жылдардың бас кезінде ықшамдалған түрде «Жұлдыз» журналына жарияланған болатын. Ол кезде роман адресіне жылы пікірлермен қатар сындар да айтылған еді. Шығарманың орталық кейіпкерін кезДейсоқ оқиғаларға көп ұшыраушылық, оқиға тізбегінің жете екшелмегендігі, жас қаһарман Еркіннің тым көрсеқызарлау болып шығуы есіГертілген.
Романның жаңа нұсқасында елеулі ерекшеліктер бар. Ең алдымен орталық кейіпкердің өмір кешулері мұнда анағұрлым көбірек қамтылған, жаңа ситуациялар, байланыстар, бейнелер қосылған. Сонымен бұл романда балалық, жасөспірім шағы отызыншы, қырқыншы жылдарға тұстас келген замандастар тұлғасын ашарлық оқиға жүйесі іріктелген, дәуірдің өзіне тән тынысы, мінезі мен келбеті елестеген.
Шындығында, сөз болып отырған кезеңнің көріністері әдебиетімізде бұл кезге дейін жеткілікті айтыла қоймаған еді. Біздегі көлемді шығармалардың көбі отызыншы жылдардың не арғы, не бергі жағын көрсетіп отыратын. Бұл орайда Б.Соқпақбаев романы аса қажетті тақырыпты көтеріп отыр дей аламыз. Ең қымбаттысы сол - мұнда ¥лы Отан соғысының алды-артындағы ұрыс. кезіндегі қазақ ауылының шындығы неғұрлым кең, өмірге сәйкес қалпында берілген. Жазушының басқа шығармаларында еркін танылған ерекшелігі - өмір ақиқатын дәл, нақты көрсетуге қабілеттілігі мұнда да бой көрсеткен. Бұл - кез келгең шығармадан табыла бермейтін қасиет. Өмірді анық білмеуден туған неше алуан жасанды шығармалар да кездеседі. Олардан не әдебиетке, не қоғамға келер зәредей пайда жоқ. Б.Соқпақбаев романын солардан ерекшелеп тұрған басты белгі - мұның ақиқаты түп-тереңімен әрі анық, қарапайым, әрі әсерлі айта білетіндігі. «Өлгендер кайтып келмейді» романының әрбір бетінде дерлік омір ұшқындары, нақтылы байқаулар, жанды суреттер көрініс береді.
Суреткерлік ұсталық, дарын, тәжірибе өмірдің «өз ағысын» бейнелеп үйренуден көрінсе керек. Үстірт қарағанда тым түсінікті көрінетін осы талап - іс жүзінде қиынның қиыны. Талай шығармадан жекелеген өмір фактілерін тапқанымызбен, көркемдік шындыққа кездеспейтініміз осыдан болса керек. Әр құбылысты өз атымен атап дағдылану да таланттың нышаны.
Орталық кейіпкер Еркіннің өмір жолын, адам, азамат ретінде қалыптасуын бейнелеуі - романның табысы. Еркін гұлғасын әр қырынан танырлық оқиғалар желісі мен байланыстар мол. Біз оның оқушылық, жұмысшылық, мұғалімдік, студенттік өмірінен де толық хабардар боламыз. Осы тұстарда кейіпкердің мінез қырларымен де танысып үлгереміз. Оның алғыр ойы, биік арманы, кызба мінезі, намысшылдығы, мақсаттылығы, сезімге құлай берілгіштігі қалтарыс қалмайды. Еркін бейнесін көңілде толық елестетіп, оның істерінің өмір шындығына сәйкес екендігіне сеніп отырамыз. Көркемдік шындықтың қуаты деген осылай болса керек...
Жазушы қаһарманды мінсіз етіп көрсетуге тырыспайды. Біз екінің бірінде-ақ Еркіннің мінез қалтарыстарын да танып отырамыз. Кейде кейіпкердің іс-ірекетімен келіспейміз. Мәселен Еркіннің жас кезіндегі ғашығы Ғалияға семьялы болғаннан кейінгі ынтығулары іңкәрлік емес, құмарлық желік секілденеді. Автор кейде ишара орнына өмір құбылыстарын төтелей көрсетуге бара береді. Еркіннің институт бітіріп, Қорған ауданына барғандағы бастан кешкендері өмірдің типтік шындығынан гөрі кейіпкердің субъектив түсініктеріне көбірек келіңкірейді. Жалпы, роман бойында өмірдің қайшылықтарын молынан қарпып отыратын автор үшінші бөлімде ұнамсыз құбылыс дегенді тым төндіріп, қалындатып жібереді, ол бір аудан адамдарынан жөні түзу кісі кездестіре алмайды. Әрине, бұл өмірдің шымырлаған шындығы емес, автордың сол шындықты бір шетінен ғана' көруі. Мұндай тұстарда роман өзінің реалистік өрнегін біраз жоғалтып алады...
Жалпы алғанда, Еркін бейнесі жан-жақты толысып шыққанын атап көрсету керек. Оның ФЗО-дан қашып кетуі, жолда ұсталып сотталуы, кейіннен колхоз бастығы Нұрәліні ұрып, тағы да жазаға тартылуы, кешіріммен босап шығуы «анкеттік дерегінің» жасырын қалдырылмағанын білдіреді. Автор бас кейіпкердің бойындағы оң мен терісті әдейі толық күйінде айтып, оқушы сынына салуды көздегені сезіледі. Соның нәтижесінде Еркін бейнесі жанды, толыққанды. Бұлардан тағы да бір ақиқат еске түседі. Ол - көркем тұлға жасаудың ең сенімді жолы өмірдің нақтылы шындығына сүйену екендігі.
Еркіннің ата-анаға мейірімділігі, оқуға, еңбекке зеректігі, өмірге құштарлығы романда әр тараптан-ақ дәлелді, табиғи ашылған. Оның іс-әрекеті, түсінігі, қиялы арқылы дәуірдің көп шындығы елес беріп өтеді. Алыс ауылда өскен, жасынан тұрмыс таршылығын көрген жас адамның бүкіл болмысы орта мен нақтылы жағдайға сәйкес. Жаңа ер жете бастаған Еркіннің былайша қиялдауы мейлінше нанымды. «...Шіркін, не сотқа, не прокурорға хатшы болсам, Нұрәлінің көзі атыздай болар еді-ау... Ойлап-ойлап, мұғалім болайын дедім. Осы күні кім көрінген мұғалім болып жатқан жоқ па? Рас, жанбағысқа оншалық қолайлы жұмыс емес. Жұрт осы күні біреуге бере алатын, біреуден ала алатын қызмет істейді. Жалақы-ақша бұл кезде неге жарайды? Түкке де жарамайды... Ех, шіркін, колхозға завхоз болсаң! Қойма-қоймалардың кілтін ұстасаң.
Ауылда мұны арман етпейтін жан жоқ. Бірақ бұған оңайлықпен қол жетпейді. Колхоз председательдері завхоздыққа, кебінесе ауылдағы ең сұлу, күйеуі жоқ, жас келіншектерді қояды. Озіне туыс болмаса, еркекті жақын жолатпайды... Заготзерноға қабылдаушы болсаң! Бұған қол жету завхоздықтан да қиын... Қойы көп бір колхоздың қой фермасына бастық болсаң» (157).
Романда анықтыққа, толықтыққа жеткен басқа да адам тұлғалары бар. Соның бірі - соғыс кезінде ел азаматтары майданға жаппай аттанған кезде колхоз тізгінін қолына алып, халыққа қатал тиген, жұрт тарыншылық көргенде тұрмыс молшылығына шалқыған Нұрәлі. Бұл бейнеге коп шындық сыйыстырылған. «Барлығы майдан үшін» деген ұранды бетке ұстап, Нұрәлі секілділер өз правосын артығымен пайдаланып жіберген. Мына кейіпкер бойынан сондай жағымсыз жандардың жиынтық іс-әрекеті танылғандай. Ел барлық күш-қуатын колхоз ісіне жұмсап жатқанда Нұрәлі өз қамын алдымен ойлайды. Ол озіне үлкен үй салдырып алады, беті қызыл жас әйелдерге қырындайды, бас көтерерлік жастарды қугындайды, маңайына сөзін екі етпейтіндерді қоршау етіп ұстайды. Озгелер қалт-құлт етіп күн көріп жүргенде, Пүрәлінің семьясы шалқып тұрады. Мұны елдің бәрі біледі, көреді; бірақ тіс жарып наразылық айта алмайды. Мұндай сорақы коріністі сезетін Еркін секілді жастарды қуғындауға Пүрәлінің құрығы ұзын, айласы жеткілікті. Ол алдымен Ііркінді алысқа, ФЗО-ға жібергізеді, кейіннен Еркін өндіріс орнына жұмысқа тұрғанда «Колхозға кісі керек» деп қайта шакырттырады. Сондағы ойы Еркінге тізе корсету, қаншалық үстем екенін таныту... Осындай жүгенсіз озбырлық пен қайшылықты Еркін жас та болса, ерекше сезінеді. Оның ойлары мен әрекеттері әлгіндей астамшылыққа қарсы. Бірақ қолдан келер дәрмені жоқ. Ол мейлінше жексұрын санайтын колхоз бастығының қорлығын көрмейін деп, өзі тіленіп оскерге алынады. Оның Нұрәліні тілдеп, таяқ жұмсауы іште бұлқынған коп жылғы дәрменсіз кектің бір көрінісі...
Еркіннің әр кездегі ойлары арқылы түрлі әділетсіздіктер, кернеген кеселдер, сорақы сұмдықтар сынальш отырады. Осындай тұстарда автордың бұрмалаушылық, жалғандық атаулыға жаны қас турашылдығы үн кетереді. Шығармада өмір қайшылықтары қалың қамтылған. Оларды түсіну мен өшкерелеуде жазушы биік халықтық деңгейде тұрады. Сондықтан да роман өмір диалектикасын таныта аларлық қуатқа ие болған. Еркіннің әрдайым ойында жүретін «соғыс біреуге соғыс болғанымен, біреуге ырыс» деген сөздер шындықты терең тұжырымдайды.
Шығарманың бірінші жақтан, кейіпкер атынан баяндалуы көп құбылыстарды сол қаһарман түсінігімен көруге бастайтыны белгілі. Сондай-ақ роман бойында кездесетін жандарды да Еркіннің бағалауынан танып білеміз. Олардың басым көпшілігі өмір ағысының кезең-кезеңдерінде қалып қойып жатады. Солардың ішінен неғұрлым анығырақ елес беретін мінез ретінде танылатын кейіпкерлер де жоқ емес. Еркіннің жеңгесі - Қаныша басынан инабатты, әдепті қазақ әйелінің ұнамды белгілерін табамыз. Балясан, Ысқақ, Ғалиялардың әрқайсысына тән мінез айшықтары берілген. Живсырьенің агенті Сегізбай, пединститут мұғалімі Дәулетбаев, мектеп директоры Жақыбаев, министр Жақыпов... Осылардың кескін-келбеттері, әлеуметтік орны мен мінез-құлқы қысқа да болса нанымды көрсетілген.
Жазушының суреттеу құралдары мен тәсілі бай. Ол кейде кейіпкердің портретін, енді бірде жалпы сыпаттамасын бейнелейді. Қаһарманньщ өз ісіне өзі талдау жасауы, монологтары (оңаша ойлары), әзілі, мысқылы аралас жүреді. Әсіресе орталық кейіпкер - Еркіннің тұлғасы, оның ой-өрісі, парасат биігі, характерінің бағыты осындай тұстарда толыға түседі. Еркін өзінің кемшілігін, ерсі істерін әрқашан дерлік ақыл таразысына салып, белгілі түйіндерге келіп отырады. Демек қаһарманның іштей толғаныстарын көрсету тұлғаны мүсіндеудің елеулі амалына айналған. Мінездің іші мен тысын, озығы мен олқысын табиғи ағысымен қарапайым әрі күрделі етіп бере білуде Б.Соқпақбаев тәжірибелі қазақ әдебиетінде өзіндік нақыш, өрнек әкедді дей аламыз. Кейіпкерді ұнамды, ұнамсыз деп алдын ала жіктемей, сөз бен істің бағытына қарап таныстыратын бұл дәстүрді әдебиетіміздің шыншылдық әсерін арттыратын көрсеткіштің бірі деп қарауға болады.
Түрлі адам типтерін бейнелегенде де автор осы сарыннан жаңылмайды. Тағы да бір кейіпкерге кідіріп өтейік. «...Сегізбай заготживсырьеның осы төңіректегі бірнеше колхозды қамтитын агент-қабылдаушысы. Киімді қатып киінеді. Үстінде жаңа фуфайка, шалбар, аяғында сықырлаған хром етік. Баста базар қалпақ. Алғашқыда мен бұл адамды онша ұнатпай жүрдім. Кісіге сүзетін бұқа тәрізденіп, иегін алқымына тығып алып, ежірейе қарап тұрғаны. Амандассаң, жөнді амандаспайтын тәкаппар. Ернін болар-болмас жыбыр еткізеді де қояды» (116). Сегізбайдың мұншама салмақтануының себебі автор көп ұзамай-ақ анықтайды. Мәселе Сегізбайдың ерекше пайдалы қызмет кәсібіне байланысты екен. Оның тері қабылдайтын дүкені былайша сыпатталады. «...Сенсеңіз әлгі жаман дүкенде жоқ нәрсе жоқ. Осы күні еркін саудада құрып кеткен, халық көп тұтынатын әр түрлі іштік-тыстық кездеме, пима, галош, айна-сабын, былғары, шай, қант - бәрі тұр. Осының қай-қайсысының да қаны жерге тамбайтын зәру заттар... Соғыстың кесірінен саудадағы тәртіп те өзгеріпті. Әлгі аталған, халық көп тұтынатын қат бұйымдар живсырье аркылы да сатылатын болыпты. Бірақ жай ақшаға сатылмайды. Жүн, қыл, тері-терсек өткізгендерге, онда да, сол өткізген шикізат құнының белгілі бір процентіне ғана беріледі» (161). Сегізбайдың байлыққа желігіп, әйел үстіне тоқал алғаны шығармада қызғылықты әңгімеленеді. Сөйтіп романда әлеуметтік типтер ғана табылып қоймай, олардың тұлғасы жағдаймен де, мінезбен де дәлелденген. Кей тұстарда автор кейіпкер басындағы кемшіліктерді тікелей мысқыл етіп те отырады.
Пединститут мұғалімі Дәулетбаевтың білімсіз, мылжыңдығы, нәрсіздігі бірнеше жерде ұтымды көрсетілген. Дәулетбаев кескіні сойлеген сөздерінен-ақ айқындалып қалады.
Б.Соқпақбаевтың өмір қабаттарын тұтас, жанды аумағымен қамтитын тәсілі адамдар мінезін талдауға, тұлғасын ашуға көмектескенін көрдік. Бірақ кейде автор адам бойындағы міндер мен ұсқынсыз коріністерді түзуге кобірек ойысып кететінін кореміз. Мұндай кездерде, әрине, омір құбылысы біржақтылау, жартыкеш шықпақ. Еркіннің пединститут бітіріп, алыс ауданда бір жыл қызмет істеген тұсын көрсеткён тарау нақ осы айтқанымыздай. Бұл тұста кейіпкер кездескен адамдар бойынан жақсылық нышанын таппайды. Мысалдар келтірейік. Жолдамамен ауданға келген Еркін қонақүйдің қызметшісін «...Жалпақ, жуан боксе қара әйел жүк артқан өгізше пышылдап еден жуып жатыр» (258) деп бір қағытып отеді де, ендігі кездескен адамдардың ешқайсысының түр-тұлғасынан кісі сүйсінер еш нәрсе аңғармайды. Ал ауданық оқу болімінің бастығы былайша мінезделген: «...Әміров жастау жігіт екен. Сөзі де, мінезі де үшқалақтау корінді маған. Астынан су шыққандай ұшып-қонып отыр. Сабалақ елтіріге ұқсайтын бұйра шашын әлсін-әлсін саусағымен тарағыштап, көзін жыпылық-жыпылық еткізіп қояды. Бір сөз айта бастасаң, соңына дейін тыңдамай, оз сөзін қызықтап, лағып кетеді» (261). Ал мектеп директорының портреті де әлгіден қалыспайды. «...Орта бойлы, шашы мықтап сұйылған, шақша бас тарамыс қара сүр кісі жылан көзіндей кішкене суық коздерімен үңіле қарап қарсы алады» (262). Ауданға келген алғашқы әсерін жинақтай келіп, Еркін «Бір де бірі есігінен қаратпайтын жат қабақ, жау елге келгендейміз» деп тұжырымдайды.
Аупарткомның үгіт және насңхат болімінің қызметкері де осы аңғарда көрсетілген. «Стол иесі қара костюм киген, қара галстук таққан, шашын қисайтып, жылтыратып тараған кертпек мұрын жалпақ сары жігіт. Мынадай ыстық күнде мен ол кұсап киінсем, пысынап, терлеп өлем. Галстукті жаз түгілі қысқы суықта тақсам, қылғынып жүре алмаймын. Ал жалақ сары былқ етпейді» (267). Еркін мен әйелі Зағипаны үйіне қондырмақ болып, меймандостық көрсетіп, еріп келе жатқан Әміровтің шешесі де бұларға суық болып көрінеді. «...Есік алдына бір жамбасынан қиралаңдап ақсап басқан, кимешек киген сұр кемпір ұшырады. Кісі кормегеңдей Зағипа екеумізге ежірейе қарайды» (238). Ал мектеп директоры Жақыбаев былайша суреттелген: «Жақыбаев дейтін қартаң семіз сары адам. Мұрнының ұшына қондырылған көз әйнегі түшкірсе ұшып кетейін деп, әрең ілініп тұр. Ол бізді кез әйнектің устінен ит көрген текеше сүзе қарап қарсы алды» (271). «Оқу ісін басқаратын Ілиясов - Жақыбаевтың көлеңкесі тәрізді. Өз сөзі, өз пікірі деген болмайды онда. Директор жөтеже, ол да жөтеледі» (274). «...Осы қыста мектепте Манабаев дейтін шәнтік, есерсоқ біреу пайда болған. Хим-биологиядан сабақ береді. Өзінің оқытатын пәнін де женді білмейтін дәрменсіз дәлдір біреу» (300). Аудан, елді сыпыра жамандау аяғы өте қатқыл, әдепке жат сөздермен бітеді. «Қорғанмен де, Майлыаяқпен де қош айтыстық. Біріншісімен қуана қош айтыссақ, екіншісімен қоштасарда жүйкеміз кәдімгідей босағандай болды» (310).
Біз бұл мысалдарды жазушының тапқырлығы немесе жетістігі ретінде келтіріп отырған жоқпыз. Керісінше, адам бойынан алдымен жақсылықты емес, кемістікті кору өмір ақиқатын тұтас қалпында таныта алмайтынын, жасандылыққа әсірелеуге алып баратынын айтқымыз келеді. Әрине, адамдарды қайсы тұсынан алып корсетуге де автор хақылы. Бірақ кейіпкер оқиға, ситуация таңдауға еріктілік характер шындығына көз жүму еріктілігіне апармауға тиіс. Дәлелдеме, жағдай, мінез шытырманының себебі мен салдары көрінбеген жерде автордың жалаң хабарламасына сену қиын. Егер жазушы Қорған ауданының куллі адамдарына «қаһарын төкпей», бірер кейіпкерді толығырақ бейнелегенде коркемдік шындық талабына жақын келер еді. Ал эпизод түрінде,
санамалап келтірген деректер мен пікірлер ол мақсатқа жеткізбейді. Шығарма мақсаты адамның санын көбейтуде емес, мінездердің сонылығын ашуда ғой.
Тағы да бір есте боларлық нәрсе мынау ғой деп ойлаймыз. Өмірдегі кемшілікті көру, тану, сынау мәселенің бір жағы болса, жақсы дәстүр салуға тырысу, ізгілікке болысу екінші жағы ғой. «Өлгендер қайтып келмейді» романының кейіпкері тіршіліктің татымсыз көріністеріне жирене білгенмен, соны жөндеуте шыдамы мен парасаты кейде жете бермейтін жан болып көрінеді. Оның ойынша, дүниенің бәрі әділетсіздікке негізделген секілденеді де тұрады. Бұл -біздіңше, қаһарман тұлғасының жете ашылмаған кайшылық жағы. Жалған мен жауыздыққа күйіне білумен іс бітпейді, өмірдің игі нышандарын көре білу, соны қолдау арқылы жақсы дәстүр қалыптастыруға ұмтылу - басты шарт.
Романның орталық кейіпкері Еркіннің басында зорлыққа көнбеушілік, әділетсіздікке өштік сезімі күшті екенін талай рет байқаған және оны сол қасиеттері үшін қадірлеген окушы шығарманың кей тұсында қаһарманның ой-өресіне қанағаттанбай, келіспей қалатын кездері бар... ё Жалпы алғанда, Б.Соқпақбаевтың романы - оның өз творчествосында жаңа жанрда жасаған сәтті қадамы. Өмірдің қандай құбылысына да автор, оның қаһарманы Еркін бейтарап қарай алмайды, ол жауыздыққа жаны қас, тіршіліктің жарасымды, бақытты болуын аңсайтын биік мақсатты жан. Бас кейіпкердің мектеп шәкірті кезінен белгілі жазушы болғанға дейінгі өмір шырғалаңын керсету арқылы жазушы талапты совет жасының күрделі жолын суреттеген. Көп мағлұмат, ситуациялардың автордың өмірбаяндық деректеріне негізделуі шығарма әсерін кемітпейді, қайта оған нақтылы ажар береді. Жазушы кейбір ұнамды кейіпкерлердің шын өз атымен атаған... Кейіпкердің қызмет атқарған мекемелері тым асығыс шолынған жерлер де бар. Бұл тұстарда автор, әлбетте, әлеуметтік астары бар күрделі байланыстарды табуына әбден болатын еді. Бірақ ол орталық қаһарманының тікелей араласқан істерінен ұзап кетпеген...
* * *
Суреткердің тандаулы шығармаларының танытқыштық, тәрбиелік мәнін тұжырымдай келгенде көркем әдебиеттің көнермес бір қағидасын еске алуымыз ләзім. Болмыстың шын келбетін, қайшылықтарын, адам аңсарын, іс-әрекетін табиғи байланыстарымен ашқан туындылар ғана «өмір оқулығы» міндетін атқармақ. Б.Соқпақбаев жаратындыларында дәл осы қасиет табылады. Сондықтан да ол шығармалар әсерлі, өміршең, бағалы. Өз тақырыбын тапқан, жазу айшығы қалыптасқан, әдебиетіміздің қорына өзіндік, қайталанбас өрнек қосқан, шығармаларында бірталай жанды тұлғалар сомдаған, өмірдің тың беттерін парақтаған, ұсталығы танылған жазушының алдағы кезде де соны көркемдік жинақтаулар, тартымды көркем бейнелер жасайтынына сенім зор.
1978