Жаңалықтар

Қаралы төбе

     Көргенімді айтып, бетіңе таба қылсам,      Уақыт - сенің азғаның.      Нақақ айтып, күнәға батсам - менің азғаным.                                                                Автор.        Көрмей қалғыр көзіме қаралы төбе көрініп, қаралы үй, қаралы жан, қаралы мақұлық елестейді де тұрады. Жап-жарық жапан түзде қаралы төбе - қараша белгі беріп, денеңді инемен шабақтағандай түршіктіре түседі. Тіршілікке құмартқан, өмірге ғашық - кемтар қыз Қаралы төбенің басында езуін иреңделетіп, әлденеге қуанып, қолын көтереді. Қисайған саусақтарын кезек-кезек қозғалтып үн қатқысы келеді. Бірақ, құрғыр, икемге келмей, шаршап тынды. Терлеп-тепшіп, қысылып-қыстығып, ыңырсып қояды. Жылағаны - күлгені сияқты. Күлгені - жылағаны сияқты.       Қаралы төбе басында қартайып, қайғы ойлаған қарт отыр. Легенге кірлеген көйлек-дамбалын салып, кірін езгілеп малшыған болады. Томардай қолдары икемге келмей, иегіндегі сақалы кеудесіндегі жүрегімен жа-рыса соғып дір-дір, қалш-қалш етеді. Тыңдайтын құлақ, еститін жан иесі болса өткенін айтып өксіп, қазіргісін айтып өлгісі келеді. Жасаураған көзінің сорын сүртіп, келініне кемсеңдеп, жас балаша қолын созады. «Қақпас! Алжыған немене сұрап отырсың!» - деген тұрпайы дауыстан құлағын жаба қойып, теріс қарайды да кемсеңдейді. «Мынадай ащы сөз естігенімше, аштан-ақ өлейін» - деп ас сұрамауға бел буады. Имансыздың жаңағы сөзін алғаш естігенде күні-түні төсегінен тұрмай жатып қалған. Қарттың бұл қылығын көргенде келінінің жыны құрыштап, тепсініп атасының жанына жетіп келіп, талай рет басын нұқып-нұқып: - Өзіңе көрінсін, өз қара басыңа көрінсін - деп кететін. Сондықтан да болар «Қақпас! Алжыған неме!» - деген тұрпайы сөз қитығына тисе де бұрынғыдай күйзелмей, шал байғұс, ішегі қатып күлетінді шығарды. Имансыз келіннің бейпіл ауыз сөздері саңк-саңқ шығады. Шал күлген сайын ол шабалана түсіп: - Томар! Кәрі томарды құдай неғылсын. Бұл ма, бұл... Анау ұлын жұтып, әлі маған ауыз салады. Бұл өлмейді, тек жалмайды, - дейді. Қарт ішек-сілесі қатып күле берді. Жаңағы тұрпайы дауыс біртіндеп алыстап бара жатқандай. Шал «еңк» етіп ықылық атты да күлкісін тиды. Әппақ сақалынан алты тарам болып аққан көз жасы төсін жуып, кіндігіне дейін айғыздап жол салыпты. Қаралы төбе жаныңды жаншып, азған жұрттың бейнесін әкеледі дедім бе! Дедім... Демей қалғыр несіне сөйдеп едім. Ақ кимешек жамылып, бауырына баласын басып, ақыл айтатын кемеңгер ана емес, Қаралы төбе басында азған әйел отыр. Жалбыр-жұлбыр киініп, жалаң аяқ, жалаң бас, бүрсең қағып, туған ұлымен бірге бір шишаны бөліп ішіп, құдайды да, өзін де ұмытқан әйел. Шашы дудырап, бет-бейнесі өзгеріп, кеңірдегінің тамырлары шодырайып, ұлына қарап, мүләйімсіп тұр. - Сен іш. Сенен қалғанын ғана ішемін!.. - Азған әйел әп-сәтте-ақ көзі кіреукеленіп, қызып алды. Қаралы төбе маңында күйісі кеткен ақсақ ит күндіз-түні ербеңдеп тыным таппай жүретін. Бұл жолы өлеусіреген көзі мөлиіп, ана мен баланың бірігіл бөтелкелес болғанына бұл да танданғандай. Жаралы аяғын біресе көтеріп тұрып, біресе бүгіліп шоқиып отырып мына екеуінің жанынан кетпей қойды. Қалт етіп, көзін жұмса-ақ немесе қаралы төбенің куысын кезіп жемтікке алданып қалса-ақ болды анау екеуі күнәға бататындай ақсақ ит дір-дір етті. Арақтың түпсіз тұңғиығына әбден уланып басы айналған ұлдың көзіне мына дүние қан-жаланған өрттей лапылдап тұр. Сәл қозғалайын десе, аузын керген кәрі қаншық мас байғұстың алба-жұлбасын  шығарып талап тастайтындай. Көз ұшынан тұманданып әрең көрінген шешесі жаққа қарады. Ыңыранып, қолын соза бергені сол еді, ақсақ қаншық «арс» етіп үлгерді. Бұл соңғы қаһарлы ескерту болатын. Әйел де еңбектеп келіп ұлына ұмтыла бермек еді, кәрі қаншық тұрған жерінен атылып жетіп екеуінің ортасынан қақ бөліп орын алды. Қайсысы бұрын қозғалып, қимылдап қалса сонысының арса-арсасын шығарып қауып тастағысы бар. Mac жігіт иттің мына мінезіне қарқылдап күлген, ал ақсақ ит адам көмекейінің де қып-кызыл болатынын алғаш аңғарды. Шешелі баланың мас болып мүлгіп отырғанын ақсақ ит сезбеді, бірақ кезек-кезек екеуіне қарап тұрып азғындықтың, жамандықтың төбесінен түскенін ұқты. Ана мен баланың бірін-бірі бір сәт танымай қалғанын ұқты. Адам азғындағанда өз ішінен шыққан баласын тану- дан қалып, баласы анасын танудан қалып мәңгүрт болады деседі. Бәлкім, бұлар азғындағандар шығар. Қаралы тебе күрсініп күңгірт кешке иек артты. Қабағын қарс жауып, қара жамылып түнеріп түн аяңдады. Дәл осы сәтте ақсақ ит төбе басында шоқиып отырып ұлыды-ай бір, ұлыды-ай.       О, жарықтық Қаралы төбе. Адам тіршілігінің қасіретіне бірге ортақтасып көне көзің суалмады ма сенің. «Аһ» ұрып, жер теуіп, белі бүгілген кемпірдің немересін қалай жоқтағаны есіңде ме? Қаралы төбедегілер қара жамылып, мүлгіп қалып еді ғой сонда. Табыт. Ұп-ұзын қара табыт шегеленіп тасталыпты. Мырыш табыт қол қариды, сұп-суық. Қара табыттың бетіне әшекейлеп жазып қойыпты. «Отан алдындағы борышын өтеу кезінде Ауғаныстан жерінде ерлікпен қаза тапты. Мәйітін көруге тиым салынсын. Ұзақ күттірмей жер қойнына арулаңыздар». Мырыш табыт қол тигізбей қарыса, мынау суық сөз Қаралы төбедегілердің жанын қарыды. Жалғыз немересінен басқа ешкімі де жоқ сол қарт әженің зар еңіреп отырып оқыған аятының құдіреті ме, сен дүрілдеп бір сілкіндің-ау, Қаралы төбе. Сатыр-сұтыр еткен сенің сілкінісіңмен бірге «Оу, жер тістендім ғой... Оу, жалғыздан айырылып сорладым ғой, - деген даусы қоса тықты кемпірдің. Жайнамазын орап алып, кеудесіне басып, Қаралы төбе үстіндегі қарт кемпір: - Қу жүрегім сезеді-ау, білемісің. Жалғыздың сүйегін қара жерге бердім деп ойламаймын. Табытының іші бос сияқты... Анасына, туғанына өлікті көрсетпей көму дегенді ешбір есі дұрыс жан иесі айтпаса керек-ті. Табыттың шегеленген бетін ашқызуға қорықтым ғой, мен сорлы. Ішінде сүйегі жоқ сияқты, Қаралы төбе. Дұғадан кейін күдігімді қалай жасыра алмақпын. Бұл неғылған қорлық, неғылған азғындық еді. Аман-сау кеткен жалғызым мырыш табыт, қу табыт болып оралады деп ойлаппын ба». Қаралы төбеге бірінен кейін бірі ілесіп тоғыз табыт келді. Тоғызына да қойылған шарт біреу-ақ. Сірескен тоғыз табыттың да бетін ашпай жер қойнына көмді. Мәйітті жерледік деп жылады жұрт, сай-сүйегіңді сырқыратып жоқтау айтты. Бірақ мырыш табытты бос кеміп, баладан жаман алданғанын ешкім сезбеді. Өкіметінің қойған шартына ешкім қарсы келмеді, сенді. Қара табыт аруланып жер қойнына енді. Қаралы төбедегілердің бұл бір алданғаны емес, мың алданышының бірі, бірі ғана ғой. Осы Қаралы төбедегілер, бір қызығы, біреу шындықты біліп, ақиқатын айтса-ақ болды мойнына құрық салуға дайын. Білемін - дегеніңді естісе» - Білмейсің! Сен түкті де білмейсің. Сен де бірдеме білемін дейсің-ау. Өкімет саған ақымақ емес, өкімет біледі, - дейді. Қаралы төбедегілер кұдайға сөнбесе де өкіметке сенеді. Қаралы төбе мазасыз түнмен қоштасып, дел-сал болып жатқанда әппақ таңмен бірге ілесіп, күнде-күнде жұпыны жалғыз әйел осылай қарай бет алады. Үстінде тозығы жеткен алба-жұлба киімі, басында жаулығы жоқ, аппақ қудай шашы селдірейді. Қайда баратыны, қайдан келе жатқаны жан иесіне белгісіз. Қартайып жүдеп кеткен. Екі езуі көбіктеніп сөйлеп келеді, әйтеуір. Мұның шаптығып, ашынып сөйлегеніне Қаралы төбедегілер «жынданған» деп ат жамап берген. Себебі бұл оларға түсініксіз сөздерді көп айтады. «Азғындыққа өзің әкеліп, енді қызығына тойынбай құштарлана қарайсың. Дүниенің бәрін бүлдірген үшеуің ғанасың. Ким, Мао, Сталин, мыналардың да сол - қаралы төбедегілердің жағдайын ойлап жүрген олар жоқ. Жалғыз мен ғана шырқырап жүгіремін де жүремін. Өй, мен сол ел басқарып, ақыл айтып отырғандарыңнан қорқам. Жүзіңе қарап қипақтап, сыртыңнан уын шашып отыратындар Қаралы төбені қайдан оңғарсын. Олардың алдыңғы тісі ернінің сыртына шығып, ысылдап, жамандық іздеп, өсектерін айызы қанғанша айтып, жақсыларын, имандыларын қара жерге тығып қарап отырады. Осынысынан қорқам. Жақсыны - жақсы десең көзінен қан аралас cop ағады.Жаманды, әлсізді жақсы десең - арсалаңдап, алды-артыңа шығып, жалпаңдап қоймайды. Біле-білсең осының салдарынан Қаралы төбе батпандай сорға белшеден батты. Әйел ашынып ақыра сөйледі. Кеңірдегіндегі жіңішке тамыр қанталап, одырайып шығып кетті. - Әй, саған жаным ашығандықтан айтам. Мұны менен басқа ешкім айта алмайды саған. Әйелдің көзі шатынап, тістерін қышырлана қайрап, езуін сол қалпы жимай қисайтқан бойы, Қаралы төбеге атылатындай бүрісіп қарап қалды. - О, сорлы. Маған жаның аши ма? Немене сонша? Үстімдегінің бәрін қайыр сұрап жинап алғам. Сенен ешнәрсе тілеген емеспін, мен құдайдан сұраған адаммын. Айтпақшы, естідің бе? Қаралы төбедегілер көмген тоғыз табытты, түн ішінде біреулер көрден суырып алып, шегеленген табыттың бетін ашып жер үстіне шығарып кетіпті. Ішінде мәйіт тұрмақ сайтан да жоқ. Қаралы төбедегілер жер тырналап ұлып жатыр. Тыңда! Сен немене азғындықты қолдан жасап, енді азғындарыңды көргің келмейді. Мені сен тұрмақ Мао мен Сталин тыңдаған. Сенің тыңдағың келмегенмен оның бөрін тізбектеп айтып жатуға уақытым да жоқ және бұл дүниелерді ашық айтуға болмайды ғой, өзің білесің. Маған да жан керек. Бұл күнде мені аңдушылар да көбейіп кетті. Немене, екі құлағыңды тас керең етіп алақаныңмен басып алғансың. Немене тыңдағың келмей ме? Керең... Жынды әйел көкірегін ашты. - Сенімен бетпе-бет келіп сөйлесетін мен ғана. Сондықтан да Қаралы төбедегілер мені «Қалима жынды» - дейді. Әйел Қаралы төбенің етегіне тізе бүкті. Әлдекімнің жанына тигізіп, жеріне жетіп, бетін таңбалап, ақырып-ұрсып жатты. - Сен бәрібір құлақ аспайсың. Сен де бір, жартас та бір. Мейлі, ең әрі Қаралы төбеге Қалима ақыл айтқанды қойыпты дер. Әйтпесе, Қаралы төбе Қалиманы тыңдауды қойды дер. Жартасқа бардым, Көшеде айқай салдым, Онан да шықты жаңғырық. Саған енді Қалима келмейді. Қалима тас кереңдерді менсінбейді, ұқтың ба? Бүгіннен бастап сені тастады. Сен енді тастандысың. Жалаңаяқ жынды әйел ойына не түссе соны айтып, ұзап барады. Тарқатылған бөз шашының ұшын біресе өріп, біресе тарқатып ішегі қатып балаша мәз болады. Жынды Қалиманың етегі желпілдеп алыстан ағараң-ағараң етеді. Қаралы төбені расында ұмытты. Қаралы төбе, жаны жараланып, көңілсіз кештің құшағында мелшиіп қалып барады. Қаралы төбедегі келінінің қолына жаутаңдап қараған қарт та өткеніне қарғыс айтты.Дүниеден өтер шағында Қаралы төбедегілердің бір кездегі туысқаншылдығын, ағайыншылдығын, берекелілігін еске алып күрсінді. Сол уақыттағы келіндердің ата алдындағы қасиетін бағалап, кемсеңдеп иегін көтерді. Соңғы сөзі «Қайтейін, амалым қанша, оһ» - дегені болды. Бірігіп арақ ішіп, көңілін көтерген ана мен бала, ақылдан адасып қарабет болды. Адамдық қасиеттен безген түні көктен жайдың оты түсті. Олардың жатқан жері ойылып, құз атанды. Қаралы төбедегі мүгедек қыз тәңірге құлшылық етіп, екі қолын көкке созды. Бұл мүсәпірдің де жылағаны - күлгені сияқты, күлгені жылағаны. Біздің Қаралы төбенің кейіпі де дәл осы - мүгедек қыз. Жылағаны - күлгені, күлгені - жылағыны. Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы
19.11.2013 11:22 5463

     Көргенімді айтып, бетіңе таба қылсам,

     Уақыт - сенің азғаның.

     Нақақ айтып, күнәға батсам - менің азғаным.

                                                               Автор.

       Көрмей қалғыр көзіме қаралы төбе көрініп, қаралы үй, қаралы жан, қаралы мақұлық елестейді де тұрады. Жап-жарық жапан түзде қаралы төбе - қараша белгі беріп, денеңді инемен шабақтағандай түршіктіре түседі. Тіршілікке құмартқан, өмірге ғашық - кемтар қыз Қаралы төбенің басында езуін иреңделетіп, әлденеге қуанып, қолын көтереді. Қисайған саусақтарын кезек-кезек қозғалтып үн қатқысы келеді. Бірақ, құрғыр, икемге келмей, шаршап тынды. Терлеп-тепшіп, қысылып-қыстығып, ыңырсып қояды. Жылағаны - күлгені сияқты. Күлгені - жылағаны сияқты.

      Қаралы төбе басында қартайып, қайғы ойлаған қарт отыр. Легенге кірлеген көйлек-дамбалын салып, кірін езгілеп малшыған болады. Томардай қолдары икемге келмей, иегіндегі сақалы кеудесіндегі жүрегімен жа-рыса соғып дір-дір, қалш-қалш етеді. Тыңдайтын құлақ, еститін жан иесі болса өткенін айтып өксіп, қазіргісін айтып өлгісі келеді. Жасаураған көзінің сорын сүртіп, келініне кемсеңдеп, жас балаша қолын созады. «Қақпас! Алжыған немене сұрап отырсың!» - деген тұрпайы дауыстан құлағын жаба қойып, теріс қарайды да кемсеңдейді. «Мынадай ащы сөз естігенімше, аштан-ақ өлейін» - деп ас сұрамауға бел буады. Имансыздың жаңағы сөзін алғаш естігенде күні-түні төсегінен тұрмай жатып қалған. Қарттың бұл қылығын көргенде келінінің жыны құрыштап, тепсініп атасының жанына жетіп келіп, талай рет басын нұқып-нұқып:

- Өзіңе көрінсін, өз қара басыңа көрінсін - деп кететін. Сондықтан да болар «Қақпас! Алжыған неме!» - деген тұрпайы сөз қитығына тисе де бұрынғыдай күйзелмей, шал байғұс, ішегі қатып күлетінді шығарды. Имансыз келіннің бейпіл ауыз сөздері саңк-саңқ шығады. Шал күлген сайын ол шабалана түсіп:

- Томар! Кәрі томарды құдай неғылсын. Бұл ма, бұл... Анау ұлын жұтып, әлі маған ауыз салады. Бұл өлмейді, тек жалмайды, - дейді. Қарт ішек-сілесі қатып күле берді. Жаңағы тұрпайы дауыс біртіндеп алыстап бара жатқандай. Шал «еңк» етіп ықылық атты да күлкісін тиды. Әппақ сақалынан алты тарам болып аққан көз жасы төсін жуып, кіндігіне дейін айғыздап жол салыпты. Қаралы төбе жаныңды жаншып, азған жұрттың бейнесін әкеледі дедім бе! Дедім... Демей қалғыр несіне сөйдеп едім. Ақ кимешек жамылып, бауырына баласын басып, ақыл айтатын кемеңгер ана емес, Қаралы төбе басында азған әйел отыр. Жалбыр-жұлбыр киініп, жалаң аяқ, жалаң бас, бүрсең қағып, туған ұлымен бірге бір шишаны бөліп ішіп, құдайды да, өзін де ұмытқан әйел. Шашы дудырап, бет-бейнесі өзгеріп, кеңірдегінің тамырлары шодырайып, ұлына қарап, мүләйімсіп тұр.

- Сен іш. Сенен қалғанын ғана ішемін!.. - Азған әйел әп-сәтте-ақ көзі кіреукеленіп, қызып алды.

Қаралы төбе маңында күйісі кеткен ақсақ ит күндіз-түні ербеңдеп тыным таппай жүретін. Бұл жолы өлеусіреген көзі мөлиіп, ана мен баланың бірігіл бөтелкелес болғанына бұл да танданғандай. Жаралы аяғын біресе көтеріп тұрып, біресе бүгіліп шоқиып отырып мына екеуінің жанынан кетпей қойды. Қалт етіп, көзін жұмса-ақ немесе қаралы төбенің куысын кезіп жемтікке алданып қалса-ақ болды анау екеуі күнәға бататындай ақсақ ит дір-дір етті. Арақтың түпсіз тұңғиығына әбден уланып басы айналған ұлдың көзіне мына дүние қан-жаланған өрттей лапылдап тұр. Сәл қозғалайын десе, аузын керген кәрі қаншық мас байғұстың алба-жұлбасын  шығарып талап тастайтындай. Көз ұшынан тұманданып әрең көрінген шешесі жаққа қарады. Ыңыранып, қолын соза бергені сол еді, ақсақ қаншық «арс» етіп үлгерді. Бұл соңғы қаһарлы ескерту болатын. Әйел де еңбектеп келіп ұлына ұмтыла бермек еді, кәрі қаншық тұрған жерінен атылып жетіп екеуінің ортасынан қақ бөліп орын алды. Қайсысы бұрын қозғалып, қимылдап қалса сонысының арса-арсасын шығарып қауып тастағысы бар. Mac жігіт иттің мына мінезіне қарқылдап күлген, ал ақсақ ит адам көмекейінің де қып-кызыл болатынын алғаш аңғарды. Шешелі баланың мас болып мүлгіп отырғанын ақсақ ит сезбеді, бірақ кезек-кезек екеуіне қарап тұрып азғындықтың, жамандықтың төбесінен түскенін ұқты. Ана мен баланың бірін-бірі бір сәт танымай қалғанын ұқты. Адам азғындағанда өз ішінен шыққан баласын тану-

дан қалып, баласы анасын танудан қалып мәңгүрт болады деседі. Бәлкім, бұлар азғындағандар шығар. Қаралы тебе күрсініп күңгірт кешке иек артты. Қабағын қарс жауып, қара жамылып түнеріп түн аяңдады. Дәл осы сәтте ақсақ ит төбе басында шоқиып отырып ұлыды-ай бір, ұлыды-ай.

      О, жарықтық Қаралы төбе. Адам тіршілігінің қасіретіне бірге ортақтасып көне көзің суалмады ма сенің. «Аһ» ұрып, жер теуіп, белі бүгілген кемпірдің немересін қалай жоқтағаны есіңде ме? Қаралы төбедегілер қара жамылып, мүлгіп қалып еді ғой сонда.

Табыт. Ұп-ұзын қара табыт шегеленіп тасталыпты. Мырыш табыт қол қариды, сұп-суық. Қара табыттың бетіне әшекейлеп жазып қойыпты. «Отан алдындағы борышын өтеу кезінде Ауғаныстан жерінде ерлікпен қаза тапты. Мәйітін көруге тиым салынсын. Ұзақ күттірмей жер қойнына арулаңыздар». Мырыш табыт қол тигізбей қарыса, мынау суық сөз Қаралы төбедегілердің жанын қарыды. Жалғыз немересінен басқа ешкімі де жоқ сол қарт әженің зар еңіреп отырып оқыған аятының құдіреті ме, сен дүрілдеп бір сілкіндің-ау, Қаралы төбе. Сатыр-сұтыр еткен сенің сілкінісіңмен бірге «Оу, жер тістендім ғой... Оу, жалғыздан айырылып сорладым ғой, - деген даусы қоса тықты кемпірдің. Жайнамазын орап алып, кеудесіне басып, Қаралы төбе үстіндегі қарт кемпір: - Қу жүрегім сезеді-ау, білемісің. Жалғыздың сүйегін қара жерге бердім деп ойламаймын. Табытының іші бос сияқты... Анасына, туғанына өлікті көрсетпей көму дегенді ешбір есі дұрыс жан иесі айтпаса керек-ті. Табыттың шегеленген бетін ашқызуға қорықтым ғой, мен сорлы. Ішінде сүйегі жоқ сияқты, Қаралы төбе. Дұғадан кейін күдігімді қалай жасыра алмақпын. Бұл неғылған қорлық, неғылған азғындық еді. Аман-сау кеткен жалғызым мырыш табыт, қу табыт болып оралады деп ойлаппын ба». Қаралы төбеге бірінен кейін бірі ілесіп тоғыз табыт келді. Тоғызына да қойылған шарт біреу-ақ. Сірескен тоғыз табыттың да бетін ашпай жер қойнына көмді. Мәйітті жерледік деп жылады жұрт, сай-сүйегіңді сырқыратып жоқтау айтты. Бірақ мырыш табытты бос кеміп, баладан жаман алданғанын ешкім сезбеді. Өкіметінің қойған шартына ешкім қарсы келмеді, сенді. Қара табыт аруланып жер қойнына енді. Қаралы төбедегілердің бұл бір алданғаны емес, мың алданышының бірі, бірі ғана ғой. Осы Қаралы төбедегілер, бір қызығы, біреу шындықты біліп, ақиқатын айтса-ақ болды мойнына құрық салуға дайын. Білемін - дегеніңді естісе» - Білмейсің! Сен түкті де білмейсің. Сен де бірдеме білемін дейсің-ау. Өкімет саған ақымақ емес, өкімет біледі, - дейді. Қаралы төбедегілер кұдайға сөнбесе де өкіметке сенеді. Қаралы төбе мазасыз түнмен қоштасып, дел-сал болып жатқанда әппақ таңмен бірге ілесіп, күнде-күнде жұпыны жалғыз әйел осылай қарай бет алады. Үстінде тозығы жеткен алба-жұлба киімі, басында жаулығы жоқ, аппақ қудай шашы селдірейді. Қайда баратыны, қайдан келе жатқаны жан иесіне белгісіз. Қартайып жүдеп кеткен. Екі езуі көбіктеніп сөйлеп келеді, әйтеуір. Мұның шаптығып, ашынып сөйлегеніне Қаралы төбедегілер «жынданған» деп ат жамап берген. Себебі бұл оларға түсініксіз сөздерді көп айтады. «Азғындыққа өзің әкеліп, енді қызығына тойынбай құштарлана қарайсың. Дүниенің бәрін бүлдірген үшеуің ғанасың. Ким, Мао, Сталин, мыналардың да сол - қаралы төбедегілердің жағдайын ойлап жүрген олар жоқ. Жалғыз мен ғана шырқырап жүгіремін де жүремін. Өй, мен сол ел басқарып, ақыл айтып отырғандарыңнан қорқам. Жүзіңе қарап қипақтап, сыртыңнан уын шашып отыратындар Қаралы төбені қайдан оңғарсын. Олардың алдыңғы тісі ернінің сыртына шығып, ысылдап, жамандық іздеп, өсектерін айызы қанғанша айтып, жақсыларын, имандыларын қара жерге тығып қарап отырады. Осынысынан қорқам. Жақсыны - жақсы десең көзінен қан аралас cop ағады.Жаманды, әлсізді жақсы десең - арсалаңдап, алды-артыңа шығып, жалпаңдап қоймайды. Біле-білсең осының салдарынан Қаралы төбе батпандай сорға белшеден батты. Әйел ашынып ақыра сөйледі. Кеңірдегіндегі жіңішке тамыр қанталап, одырайып шығып кетті.

- Әй, саған жаным ашығандықтан айтам. Мұны менен басқа ешкім айта алмайды саған. Әйелдің көзі шатынап, тістерін қышырлана қайрап, езуін сол қалпы жимай қисайтқан бойы, Қаралы төбеге атылатындай бүрісіп қарап қалды.

- О, сорлы. Маған жаның аши ма? Немене сонша? Үстімдегінің бәрін қайыр сұрап жинап алғам. Сенен ешнәрсе тілеген емеспін, мен құдайдан сұраған адаммын. Айтпақшы, естідің бе? Қаралы төбедегілер көмген тоғыз табытты, түн ішінде біреулер көрден суырып алып, шегеленген табыттың бетін ашып жер үстіне шығарып кетіпті. Ішінде мәйіт тұрмақ сайтан да жоқ. Қаралы төбедегілер жер тырналап ұлып жатыр. Тыңда! Сен немене азғындықты қолдан жасап, енді азғындарыңды көргің келмейді. Мені сен тұрмақ Мао мен Сталин тыңдаған. Сенің тыңдағың келмегенмен оның бөрін тізбектеп айтып жатуға уақытым да жоқ және бұл дүниелерді ашық айтуға болмайды ғой, өзің білесің. Маған да жан керек. Бұл күнде мені аңдушылар да көбейіп кетті. Немене, екі құлағыңды тас керең етіп алақаныңмен басып алғансың. Немене тыңдағың келмей ме? Керең... Жынды әйел көкірегін ашты.

- Сенімен бетпе-бет келіп сөйлесетін мен ғана. Сондықтан да Қаралы төбедегілер мені «Қалима жынды» - дейді. Әйел Қаралы төбенің етегіне тізе бүкті. Әлдекімнің жанына тигізіп, жеріне жетіп, бетін таңбалап, ақырып-ұрсып жатты.

- Сен бәрібір құлақ аспайсың. Сен де бір, жартас та бір. Мейлі, ең әрі Қаралы төбеге Қалима ақыл айтқанды қойыпты дер. Әйтпесе, Қаралы төбе Қалиманы тыңдауды қойды дер.

Жартасқа бардым,

Көшеде айқай салдым,

Онан да шықты жаңғырық.

Саған енді Қалима келмейді. Қалима тас кереңдерді менсінбейді, ұқтың ба? Бүгіннен бастап сені тастады. Сен енді тастандысың. Жалаңаяқ жынды әйел ойына не түссе соны айтып, ұзап барады. Тарқатылған бөз шашының ұшын біресе өріп, біресе тарқатып ішегі қатып балаша мәз болады. Жынды Қалиманың етегі желпілдеп алыстан ағараң-ағараң етеді. Қаралы төбені расында ұмытты. Қаралы төбе, жаны жараланып, көңілсіз кештің құшағында мелшиіп қалып барады. Қаралы төбедегі келінінің қолына жаутаңдап қараған қарт та өткеніне қарғыс айтты.Дүниеден өтер шағында Қаралы төбедегілердің бір кездегі туысқаншылдығын, ағайыншылдығын, берекелілігін еске алып күрсінді. Сол уақыттағы келіндердің ата алдындағы қасиетін бағалап, кемсеңдеп иегін көтерді. Соңғы сөзі «Қайтейін, амалым қанша, оһ» - дегені болды. Бірігіп арақ ішіп, көңілін көтерген ана мен бала, ақылдан адасып қарабет болды. Адамдық қасиеттен безген түні көктен жайдың оты түсті. Олардың жатқан жері ойылып, құз атанды. Қаралы төбедегі мүгедек қыз тәңірге құлшылық етіп, екі қолын көкке созды. Бұл мүсәпірдің де жылағаны - күлгені сияқты, күлгені жылағаны. Біздің Қаралы төбенің кейіпі де дәл осы - мүгедек қыз. Жылағаны - күлгені, күлгені - жылағыны.

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға