Жаңалықтар

Сен-Дени

          Америкада тұрқы ұзын, өзі жатаған, бедеу биедей құду бел, әдемі автомобильден аяқ алып жүргісіз, тіпті Нью-Йорктың басты авенюлерінде жылжудың өзі күш болса, Парижде машина одан да қалың ба деп қаласың. Әсіресе, қаланың ішіне кіре бергенде қаптап қарсы келе жатқан машина жол бермейді - қалың адамның ортасынан зорға жылжып сығылысып өткендей боласың - үлкен автобустар қаптаған қойдың арасындағы түйелер сияқты тіркесіп тұрып қалған. - Басқа көшемен шықпай, жалғыз осы көшемен ағыла ма жұрт қала сыртына? Машина қандай көп,- дедім гидке есіттіріп. Сөйлеуге ретін таппай шофермен французша тіл қағысып отырған гид сайрап жөнелді. - Көше көп, көшеде машина да көп. Бір Париждің өзінде ғана жеңіл машина екі миллион деседі қазір, енді бірнеше жылдан кейін не болар! Ал, бүгін мына жұрттың түстен кейін қала сыртына шығып кететін шағы... Халықтың молшылығы дачада тұрады. Дача деген әрі ауасы таза, әрі у-шусыз демалатын жер емес пе! Әсіресе, біздің Париж сияқты халқы тығыз, техникасы мол жерде қала сырты өзгеше құнды. Оның үстіне май айы жердің құлпырып, ауаның мөлдіреп, адамға ерекше шаттық ендіретін ғажап кезі ғой. - Чиновниктер ме дачада тұратындар? - Жоқ, жалғыз чиновниктер ғана емес, қаланың барлық тұрғындары да: банкирі мен министрлері, ғалымдары мен адвокаттары, өндіріс қожалары мен инженерлері, актерлер мен жазушылары, дүкен иелері мен фабрика басқарушы администраторлары. Қайсысын санауға болады, кімнің машинасы болса, қырда дачасы болса, сол шығады. - Жұмысшы халықтың дачасы болмаса?.. Гид тоқтап қалды да, бұған да жауап тапты. - Рено заводында істейтіндердің көбінің дачасы да, машинасы да бар шығар... - Онда істейтін жұмысшылар байып кетті ме? - Қалай деуге болады. Баю деген қиын емес қой - пайда мол болса, оның үлесі де мол. Мысалы, Реноның 50 мың жұмыс істейтін азаматтары түскен пайданы тегіс үлеседі, заводтарын өздерінің сайлаған дирекциясы басқарады. Үкіметтің көзі ондағы жалғыз ғана комиссары, ол комиссардың басты міндеті үкімет қалтасына түсетін салық жүйесін бақылау. - Реноның өзі қайда? - Ымм, сіздер естімеген екенсіз. Рено герман нацистеріне жәрдемдесіп, кейін Францияны босатқанда қашып кетті де, оның бар мүлкін, бар заводын мемлекеттікі етті. Ал, мемлекеттік заводта істейтін барлық жұмыскерлер өндірісті өз қолына алып, өзі басқарып, өзі пайдасын тең бөлісіп отыр. Басқарып жүрген инженер-техниктердің жалақысы машинаға да, дачаға да жетер. Тіпті кім білсін, барлық жұмысшы біткеннің бәрі де түбі миллионер болып кетпеске кімнің көзі жеткен. Бұл жаңалықты бұрын ести қоймаған біздің жігіттер таңырқағандай болды да, әңгіменің басқа мәселеге ауысқанын мақұлдады білем, гидтен қаланың көзге түсетін үйлерін, шіркеулері мен сарайларын, театр, кино орындарының жайын сұрап кетті. Гидтың сөзі шын екен. Рено заводтарының мемлекеттік болғаны да рас, ондағы істейтін жұмысшылардың пайдаға ортақ екені де шындық көрінеді. Бірақ бұл барлық жұмысшыға керекті нағыз социализм емес, өйткені Рено заводына миллиондаған жұмысшы табының кішкене бөлшегі ғана қожа, оның үстіне жаппай миллионер болып кете қоюға көп жағдай керек екені белгілі. Бұл оқиға ағылшынның тред'юнион басшыларының «аристократ жұмысшылар шығару» саясаты тәрізді, болмаса Американың Форды сияқты өз алдына, өзінше, кредит арқылы жұмысшыларына «тегіс ауқатты тұрмыс жасау» әрекетіндей болса керек. Мемлекеттік капитализмге көшу батыстың қай жерінде де төбе көрсетіп келе жатқан ағым. Мұның қанауды жоймайтыны, халық игілігі үшін байлық арттырмайтыны да шындық. Гид бір кезде Париж қаласының батыс елдері астанасына ұқсамайтынын, өзіндік өзгешелігі басым екенін айтып кетті. Гидтың айтуынша да, көзге көрініп тұрған сырт өзгешеліктің бірі: Париж халқының киімі. Киімнің сәнді түрі алдымен француздардың астанасынан шығатыны мәлім. Шолақ пальто, тар шалбар, қытып тіккен бешпет, дөңгелек қалпақ және әйел көйлегінің, шашты сәндеп жасаған (прическаның) алуан түрі басқаларға сол жерден тараса керек. Өйткені, жылына жеті миллион саяхатшы келіп кететін көрінеді. Бір ғана Версаль қаласына батыс елдерінен жылына үш мың қыз бен жігіт келіп некелесіп, жас жұбайлар бірінші апталарын саяхатта өткізеді екен. Осылар Париж модасын таратушылар шығар-ақ. Ал, Версаль сол Париждің жанында. Заманында корольдердің жаз сайрандайтын жері болған, бір кезде орманы қалың, қабаны мен киігі мол аң аулайтын орны екен. Қазір музей қала. Өзгешелік жалғыз сырт көріністен көрініп тұрса оны көру де, ұғу да оңай болар еді. Әңгіме халықтың ішкі рухани өзгешелігінде, рухани жаңаруында ғой. Әсіресе, тарихта ұлы өзгерістерге бас болып келе жатқан (ұлы француз революциясы, әлеуметтік теңдік жолында жаңа бағыт сілтеген Париж коммунасы сияқты ірі өзгерістер) француз халқының бүгінгі ілгерілеу жолын ұғу да қажет нәрсе еді. Гид айтқан: еңбекқұмар Париж, сайрандағыш Париж, ғибадатшыл Париждің түп-тұтқасы неде? Пластикалық бомбамен саяси басшыларды, саяси мекемелерді төңкеріп жататын кері кеткендер үстем бе? Әлде халық мүддесін қорғап, еңбек иесінің тең праволы өмір үшін жан беретін ерлер идеялы жетекші күштердің бірі ме?! Бұл Францияның тарихи дәстүрі десе боларлық ілгері жылжудың басты арнасы емес пе?! Әрине, мұндай сұрауларға сол француз өмірінің өзі жауап беретіні анық. - Бір өзгешелігі астананың «қызыл белдеуі». Бұл да басқа елдердің астанасында жоқ. Үлкен Парижді қоршаған жиырмадан астам аудан - қаланың мэрлері (қаланың советтері) басқа-басқа болғандықтан өзіне-өзі қожа, өйткені демократия жолымен сайланып, демократия жолымен билейді. Оның үстіне сол аудан, қалалардың басым көпшілігін коммунистер және солшыл социалистер басқарады. Тұрғындары да нағыз еңбек ететін жұмысшы халық. «Қызыл белдеу» атанатыны да содан. Міне, осының бірі Сен-Дени. Сол Сен-Дениге барамыз дейді гид Резников.- Әңгіме демократияда. Американдықтар сияқты біздің ел тағы емес, түсі қара, болмаса сары деп ешкімді қудаламайды. Парижде кім жоқ: испандар да (көбі эмигрант), арабтар да осында, еврейлер тіпті көп. Жиырма мыңдай татарлар да бар. Ал, итальяндар француздарша араласып кеткен. Олардың жұмысшылары жаз кәсіп етіп ақша табуға келеді. Құрылысқа, жөндеу жұмысына аса маман. Әсіресе, біздің ана Эйфель мұнарасын жеті жылда бір сырлап беріп кететін сол итальяндықтар. Өнерлі ел, оның үстіне өңкей биікте жұмыс істеуге шебер келеді. Гид шынында французданып кеткен орыс. Ресейден жас күнінде кетіп, Францияда университет бітірген адам екен. Жасы өзіміз шамалас. Білімі мол екені көрініп тұр. Тарихтан, көркемөнерден, әсіресе архитектураның жайынан терең-терең пікірлер айтады. Көп мағлұматтар береді. Орыс тілі ана тілі, бірақ француз тілі сол ана тілінен кем еместігі көрініп тұр. Бір кезде оқып үйреніп, ғылыми жұмысқа керекті материалдарды ежіктеп түсініп, жаттығып қалған француз тілі құлаққа аса жылы тие береді. Гид шофермен сөйлесе кеткенде сөздерінің денін ұғып қалуға талпынасың, өзің де кейде сөйлем құрастырып, келте-келте тіл қайырасың. Әдемі тіл ғой - үні де мұқамы да өзгеше, әрі жатық, әрі нәзік... Біздің бірінші Алматы сияқты, үлкен қаланың өзімен тұтасып жатқан Сен-Дени айтса айтқандай. Париждің көп қырының бір жағы сияқты. Үйлері аса биік емес, үш-төрт қатарлы. Шет жағында тіпті ап-аласа келген барақ тәрізді үйлер мен көруге жұпыны лашықтар да бар. Ал, үйлері аласа болғаннан кейін көшелері кең көрінеді - алаңдары жалпақ, көгерісі мол, болғанынша таза екен. Бәрінен де құндысы: ірі үйлі, қыбыры мол, шуылы күшті астананың тығырық орталығынан Сен-Дениге келгенде кең дүниеге шыққандай еркінірек тыныс ала бастадық. Орталықтағы біз түскен қонақ үйге барғанда тар көшесінен машина зорға бұрылып, зорға сығылысып өтуші еді, ал мұнда дарқан кеңшілікке еніп кеттік. Ауасы да жеп-жеңіл көрінді. Осы сыртқы пішініне лайық тұрғын халқының мінезі де, жүрісі де салихалы, өмір бабымен жүріп, арнасына асықпай ағылып жатқан тәрізді. Қала ортасындағыдай сәнді киім, асығыс жүріс, сауық-сайран иелері де байқалмайды. Жас баласын жетектеп көшенің гүл-бақшалы жерінде тыныстаған әйелдерден өзге жан аз. Етегі жер сыпырған қара көйлек, қара камзол және оның үстіне қара жібектен кимешек киіп топ-топ болып жүретін құба өңді манашкалар да жоқ. Көшекөшенің бұрышында, қонақ үйлер төңірегінде, шекесінен қарап, ұйтқымалы көз тастайтын жеңіл мінезді әйелдердің қарасы да көрінбейді. Шулаған газетшілер, сапырылысқан саудагерлер де бұл жерде сирек кездесетін сияқты. Мұнда тек қана қоп-қоңыр еңбек иесі тұратыны бірден көзге шалынды. Еменнің бұтағындай бір бүйір өсіп, сан ғасыр бойы Парижбен бой теңестіре алмай келе жатқан Сен-Дени о заманнан еңбек ұясы екен. Мұнда диірмен құралын жасайтын шеберлер мол болған, бері келе бояу шығаруды үйреніп, нан кәсібімен бірге мата тоқу ісін меңгерген, XVIII ғасырда мануфактура фабрикалары молайып, күрделі жұмысшы қаласына айналған. Бұл Францияның буржуазиялық ұлы революциясы кезінде сыртқы интервенттер мен ішкі ақ сүйектерге төтеп берген, бір ауызды, берік пролетариат ұйтқысы бар қала. Монархияны құлатып республика құраған да, халық трибуны Маратқа арқа сүйеу болған да осы Сен-Дени. 1870 жылы Пруссия басқыншыларына тойтарыс берген күштердің бірі осы қаланың халқы екен, өйткені Пруссия билеушілерімен мәмілеге келіп, сыртқы жаумен алысудың орнына ұлт мүддесін жау қолына берген генерал Тьерге қарсы көтерілген халық қозғалысында Сен-Дени азаматтары алдыңғы сапта болған. Келесі жылы марттың 18-інде пролетариат туын көтеріп шыққан 200 мың еңбекшінің бір бөлегі сенденилік және сол Тьер қолынан тегіс қаза тапқан екі жүз мың коммунардың көбі осы қаладан шыққан ерлер екен... Сен-Денидің осы күнгі даңқы да отан сүйгіш дәстүрі мен революциялық қимылында көрінеді. Париждің орталығында жоқ нәрселердің көбі көзге түседі. Алдымен тапшыл бауырмалдығы байқалып тұр. Ол - мұнан 95 жыл бұрын қанды балақ Тьердің қолынан жырылып шыққан коммунар Эжен Потьеге баспана болыпты. Ол - Потьенің жасырынып жүріп жазған пролетариат гимні «Интернациональды» музыкаға түсірген композитор Пьер Жейтерге бас көшесіне ескерткіш орнатқан! Онда - ғазиз өмірін соғысқа қарсы үгітке арнап бейбітшілік үшін жан берген атақты шешен Жан-Жорестің мүсіні тұр. Ол - орталық алаңын - Иосиф Сталин деп атапты! Үлкен көшесінің аты Сталинград! Ол - 177 жыл бұрын монархияның моласын қазған әйгілі Робеспьерге құлпытас қойған! Ең бастысы: бұл қаланың (ауданның) 1892 жылдан бергі мәрі социалист; ал 1921 жылдан - коммунист. Сен-Денидің үлкен Парижден өзгешелігі осындай тарихи дәстүрі мен демократияшыл ісінде екен. Корольдер, графтар, болмаса соларға бара-бар даңқты адамдардың сарайларындай айбынды, әшекейлі үйлер мен белгілі ратушаларда орналасқан басқа мэрдей емес, СенДени мэрінің кеңсесі де қаласына ұқсас көрінді. Сүйкімді салынған қос қабатты қоңырқай үйдің бірі. Біз оның ішіне еніп, мраморлы басқыштарына аяғымызды сала бергенде жұқа өңді, бала қимылды, сыпайы ғана жылы жүзді, мұғалім оң жақ коридордан шыға келді де, бізді бастап әкелген гидпен сөйлесе берді. Дала бұлағындай сылдыры жұмсақ, нәзік мұқамды француз тіліне тағы да құлағымды тоса бердім. Екеуінің сөзін суыртпақтап талдап, оймен ежіктеп үлгергенше жұқа өңді адам: - Здравствуйте, товарищи,- деді бізге қарап. Адам атаулының бәріне тән бір ыстық сезім бар. Ол: бөтен елде жүргенде сол халықтың уәкілі сенің ана тіліңде сұхбаттасуы. Сенің еліңді, тіліңді, мәдениетіңді - жан сүйетін бар қасиетіңді көкке көтеріп дәреже тұтқандай боласың. Ол адамға сен ең кіршіксіз мейірбандығыңды ұсынасың. Міне, әлгі мұғалім тәрізді жұқа өңді, жылы жүзді адамның бізбен орысша сәлемдескені туысқандық, достық құшағын жайып жібергендей әсер етті. Оның шынында да жұп-жұмсақ лебізіне сай нұрлы көзінен жақындық сыр төгіліп тұрғандай болды. Оның екінші сөзі ана тілінде жорғалады да, мұны біздің ер келбетті, жуан дауысты гидіміз: - Ардақты Гагариннің Отанынан келген құрметті қонақтарды құшақ жайып қарсы аламыз. Қош келдіңіздер, достар - деді деп аударды. Әрі қызық, әрі түсініксіз, әрі ғажайып, әрі ерсі өмірлі, бірақ ұлы ел, бұл астана, ұлы мәдениеттің иесі француз халқының екі-үш күннен бергі біз көрген, біз білген, біз естіген, сынаған, талдаған, ішке түйген жайлары мен мінез-құлық көріністері бірден басқа арнаға көшкендей болды. Біз өз адамымыздың құшағына еніп, жатырқау сезімінен біржола сейіле түстік. Бұл кісі Сен-Дени қаласының мэрі Огюст Жилло дейтін адам екен. Бұл қалаға 1921 жылдан атақты Морис Торез басшылық еткен екен де, ал 1944 жылдан бері өзгеше іскер жан, кішіпейілді алғыр коммунист Огюст Жилло мэр болып сайланумен келген. Мэр бізді шағын мекемесінің, шағын-шағын бөлмелеріне жайып салған плакат пен ұрандар, диаграммалар мен суреттерді көрсетіп, қаласының сан алуан жаңалықтары және істеліп жатқан істерімен таныстырып кетті. Сен-Дениде алты миллион Париж халқының жүз мыңы тұратын көрінеді. Тегістей өндіріс орындарында істейтін жұмысшы халық. Жалпы ағарту жайлы, мектеп пен денсаулық сақтау орындарының жұмысы, құрылыс және пәтер салу ісі туралы мағлұмат берді. Коммунист Жиллоның айтуынша қаласы жан-жақты өркендеп келе жатқан, тұрмыс мәдениеті гүлдене бастаған, хал-ауқаты арта түскен, жұмыссыздық жоқ, еңбекақы жақсыланған аудан көрінді. Тіпті босанатын әйелдерді босану мехнатын сездірмейтін медицина табыстарына сүйенген, нәрестені әдемі тәрбиелеуге кіріскен жер көрінді... - Мынау біздің шет жерден келген ардақты адамдарымызды, қадірлі қонақтарымызды жазатын тақтамыз,- деді мэр қабырғадағы алтын бояумен әдіптеп сырлаған тақтаны көрсетіп. Мына бос орынға адам баласының арманын іске асырған бірінші космос пионері Юрий Гагаринді жазамыз. Қиялдан да ұшқыр ракетаға мініп, көк әлеміне бірінші рет саяхат жасаған біздің екінші номерлі құрметті азаматымызды қонаққа шақырып отырмыз. Егер біздің өркөкірек президент Шарль де Голь рұқсат жарлығын берсе, бір күнде легендаға айналып кеткен советтің бұл ардақты ұлын да көріп, көрісеміз. Біздің жай осы сияқты, ардақты достар. Енді мына бір бөлмеге кіріп бір стакан шарап-дәм татыңыз. Күні ертең ашылғалы жатқан француз Компартиясының XVI съезіне дайындап, терін қызыл тумен бөлеп, қабырғасын ұрандармен әшекейлеп қойған ұзынша залдың ішіне кірдік. Қарапайым стол, қарапайым отырғыш, жайған дастарқан үстінде де жүзім суынан өзге шарап жоқ. Оның орнына салқын минерал сулары бар. Атақты Париждің бір бұрышында «қызыл белдеу» қаланың бірінде, қанау дүниесін жоғалтып, еркін еңбек заманын жуықтатуға күш салып жатқан коммунистердің ісі - көркемөнер мен әдебиетке ғана бейне боларлық сәулетті іс. - Де Голь тұра тұрсын! Француз коммунистері бұл бір өзі билеуге айналған диктатордың ісін әшкерелеуден, оны халыққа түсіндіре беруден, тек қана жұмысшы табы шын демократия құратынына көз жеткізе беруден бір елі кері шегінбейді. Біздің ісіміз халықтық іс,- деді сөз арасында мэр. Оны бізге аударып берген гид «Біздің демократиямыз осындай. Сөзге, үгітке, пікір айтуға тыйым салмаймыз» дегендей тамсана түседі. Бір айға жуық жер жүзін Совет - Космос - Гагарин деген сөздер жауып кетіп еді. Бұл үш сөз эфирге де, газет бетінде де тегіс толып болған. Ал, Гагариннің суреті салынбаған, ілінбеген жер де болмас. «Жарайсың, жігітім!» деген сөз аузымыздан түспей қойған кез- ді. Бүгін мына Жиллоның сөзінен кейін де «Жарайсың, досым!» деген сөз көмейге тіреле берді. Ол сөз аяғында: - Европа мәдениетін фашизм өртінен құтқарған совет елі - біздің құтқарушымыз. СССР - адам баласына шамшырақ. Тегіс бақытқа жетектейтін шам-шырақ!- деді. Оған жауап белгілі қазақ жазушысы Сәбит Мұқановтың сөзі болды. - ...Көктен сұрағанын жердегі Октябрьден алған Қазақ республикасы бүгін ен байлыққа ие; Ғылым академиясына, білім бұлағы ондаған институт, университет және мыңдаған мектепке ие; Академиялық опера театры мен драм театрына ие; жүздеген газет, журналға, мыңдаған кітапханаға ие; миллиондап басылып жатқан кітапқа ие! Мына алдарымызда отырған Хадиша Мырзалиева, Камиля Өтегенова, Ақлима Бисенова, Раушан Сатпаева - профессорларымыз, Зуһра Шариповна - экономист, София Жақиевна - дәрігер, мәдениетіміздің сан алуан саласында жемісті жұмыс істеп жатқан көрнекті адамдарымыз. Бір кезде мешеу қалған елдің білімді, даңқты қыздары бұлар. Ал еркін өмірге бөленген қазақ еңбекшілері француздың философтары мен жазушыларын өз тілінде оқиды. Мольердің өлмейтін пьесаларын өз сахнасында көріп отыр. Біздің үздік әншіміз Әміре Қашаубаев Париждің биік сахнасынан қазақ үнін жиһанға паш етті. Ең талантты жазушымыз М. Әуезовтің «Абай» романы француз халқымен қазақ мәдениетінің құшақтасуы,- деді ол. Мұнан кейін: «Франция тарихын біз жақсы білетін едік, ал, мына кездесуіміз біздің бұл жөніндегі білімімізді арттыра түсті; тамаша елдің тамаша жері мен ұлы халқын өз көзімізбен көріп, оның сөзін өз құлағымызбен естігеніміз - өлшеусіз бақыт болып есептеледі. Жиһанға Бальзак, Гюго, Золя, Роллан, Барбюс және Арагондай ұлы жазушылар берген ұлы халықпен байланысты өркендете беруге біз дайын. Осы туысқандық, достықтың белгісі үшін біздің мына «Ақ Жайық» деген еңбегімізді қабыл аларсыз деп сенеміз. 1961 жыл 8 май» деп кітап бетіне жазып, сыйладық. Мэрия мекемесінен шығып, Жиллоның бастауымен бірнеше үйлерге кіріп шықтық. Ол үйлер осы күнгі біздің ең тәуір салып жатқан үйлерге тең екен. Аққа тәуекел, өзіміз айтып кірген үйдің бірі малярдың пәтері, бірі электр технигінің пәтері болып шықты. Бұлар үш бөлмелі өте жақсы салынған үйлер. Ішкі жабдығы да әдемі, оның үстіне ауқатты - жалақысы мол адамдардың пәтерлеріндей: телевизоры, радиоқабылдағышы, тоңазытқышы, жұмсақ диван, әдемі стол, орындықтары және қымбат төсек ағаштар (жұмсақ кровать, айналы шкаф гарнитуры) мен сәнделген. Жиллоның айтуынша маман жұмысшылар жақсы табысты. Жұмыссыздық пен пәтер тапшылығы шеттен келген жүмысшылар арасында ғана кездеседі екен. Енді бір үйге кіріп келгенімізде жап-жас әдемі келіншек еңіреп қоя берді. Анадай жерде еденде жорғалап жүрген жас бала анасына қосыла бақырды. Біз де не болғанын білмей кірген бойда тұрып қалдық. Жас әйелді құшақтап жұбата, әлденені баяндап бес минут шамасы сөз сөйлеген қала мэрі бір кез бізге езу тартты. Аң-таң болған сұлу келіншек енді жүзіндегі жасын сүртуді де білмей, сасып сөйлеп жатыр. Бірақ оның дауысы қуаныш пен күйініштің тез алмасуына ұшыраған сықылық пен ентіккен үннің аралас бір өзгеше түрі... Бақсақ: Алжир мен Франция жанжалды соғысқа еніп кетіп, талай жас француздың қаны төгіліп жатады екен. Ал, соғысқа баратын жандардың басым көпшілігі Сен-Дени тәрізді жұмысшы халықтың ұлдары. Қаза тапқан жанның үйіне қара хабарды бұл елдің әдеті бойынша қала мәрінің өзі жеткізіп, өзі көңіл айтатын көрінеді. Күтпеген жерден бір топ адамды ертіп Жиллоның өзі кіріп келгенде, жас келіншек «соғыстағы ерімнің қара хабарын есіттіре келген екен» деп түсініп еңіреп қоя берген. «Мынау біздің достар. Совет елінің азаматтары. Сеніңіз, олда-білде жаман хабар әкелгенім жоқ. Үй-жайыңызды көреміз деген соң еріп келдім» деп сендірсе де, ол өксігін баса алмай, не қуануға, не көрмеген адамдармен амандасуға шамасы келмей сасқан... Соғыстың апаты осындай халдерге де айғақ етті. Бірақ бұл түбі игі трагедия еді. - Көріп көріскенше сау болыңыз достар!- деді Жилло бізді машинамызға мінгізіп, қаладан шығарып салып. - Совет халқына бізден жалынды сәлем! Ол мұны тағы да орысша айтты. Адам тілмен айтып жеткізе алмайтын бұл ыстық лебіз бойды шымырлатып жіберді. Көп заманнан бері бірге жүрген, сан сырласқан, аса жақын дос кейінде қалып бара жатқандай болды. - Хош бол, дос!- дестік, біз тұс-тұстан. Үлкен Францияның жерінде түрлі адам кездеседі. Ал, бұл қарапайым жанның ішіндегі ұлы адам сияқты. Ол солай! Ісіне, сөзіне қарағанда, әсіресе терең, жан-жақты үлкен мәдениет ішінде тәрбиеленген адамның лебізі осыны дәлелдейді. Мұндай жандар ол елде өте көп. Аз уақыт ішінде, көбінесе сырттай қарап, бөлшектеп біліп, үздік-үздік естіп, Парижден терген көздей көріністеріміз осы сияқты. 1966 ж. Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы
19.11.2013 08:31 3605

          Америкада тұрқы ұзын, өзі жатаған, бедеу биедей құду бел, әдемі автомобильден аяқ алып жүргісіз, тіпті Нью-Йорктың басты авенюлерінде жылжудың өзі күш болса, Парижде машина одан да қалың ба деп қаласың. Әсіресе, қаланың ішіне кіре бергенде қаптап қарсы келе жатқан машина жол бермейді - қалың адамның ортасынан зорға жылжып сығылысып өткендей боласың - үлкен автобустар қаптаған қойдың арасындағы түйелер сияқты тіркесіп тұрып қалған. - Басқа көшемен шықпай, жалғыз осы көшемен ағыла ма жұрт қала сыртына? Машина қандай көп,- дедім гидке есіттіріп. Сөйлеуге ретін таппай шофермен французша тіл қағысып отырған гид сайрап жөнелді. - Көше көп, көшеде машина да көп. Бір Париждің өзінде ғана жеңіл машина екі миллион деседі қазір, енді бірнеше жылдан кейін не болар! Ал, бүгін мына жұрттың түстен кейін қала сыртына шығып кететін шағы... Халықтың молшылығы дачада тұрады. Дача деген әрі ауасы таза, әрі у-шусыз демалатын жер емес пе! Әсіресе, біздің Париж сияқты халқы тығыз, техникасы мол жерде қала сырты өзгеше құнды. Оның үстіне май айы жердің құлпырып, ауаның мөлдіреп, адамға ерекше шаттық ендіретін ғажап кезі ғой. - Чиновниктер ме дачада тұратындар? - Жоқ, жалғыз чиновниктер ғана емес, қаланың барлық тұрғындары да: банкирі мен министрлері, ғалымдары мен адвокаттары, өндіріс қожалары мен инженерлері, актерлер мен жазушылары, дүкен иелері мен фабрика басқарушы администраторлары. Қайсысын санауға болады, кімнің машинасы болса, қырда дачасы болса, сол шығады. - Жұмысшы халықтың дачасы болмаса?.. Гид тоқтап қалды да, бұған да жауап тапты. - Рено заводында істейтіндердің көбінің дачасы да, машинасы да бар шығар... - Онда істейтін жұмысшылар байып кетті ме? - Қалай деуге болады. Баю деген қиын емес қой - пайда мол болса, оның үлесі де мол. Мысалы, Реноның 50 мың жұмыс істейтін азаматтары түскен пайданы тегіс үлеседі, заводтарын өздерінің сайлаған дирекциясы басқарады. Үкіметтің көзі ондағы жалғыз ғана комиссары, ол комиссардың басты міндеті үкімет қалтасына түсетін салық жүйесін бақылау. - Реноның өзі қайда? - Ымм, сіздер естімеген екенсіз. Рено герман нацистеріне жәрдемдесіп, кейін Францияны босатқанда қашып кетті де, оның бар мүлкін, бар заводын мемлекеттікі етті. Ал, мемлекеттік заводта істейтін барлық жұмыскерлер өндірісті өз қолына алып, өзі басқарып, өзі пайдасын тең бөлісіп отыр. Басқарып жүрген инженер-техниктердің жалақысы машинаға да, дачаға да жетер. Тіпті кім білсін, барлық жұмысшы біткеннің бәрі де түбі миллионер болып кетпеске кімнің көзі жеткен. Бұл жаңалықты бұрын ести қоймаған біздің жігіттер таңырқағандай болды да, әңгіменің басқа мәселеге ауысқанын мақұлдады білем, гидтен қаланың көзге түсетін үйлерін, шіркеулері мен сарайларын, театр, кино орындарының жайын сұрап кетті. Гидтың сөзі шын екен. Рено заводтарының мемлекеттік болғаны да рас, ондағы істейтін жұмысшылардың пайдаға ортақ екені де шындық көрінеді. Бірақ бұл барлық жұмысшыға керекті нағыз социализм емес, өйткені Рено заводына миллиондаған жұмысшы табының кішкене бөлшегі ғана қожа, оның үстіне жаппай миллионер болып кете қоюға көп жағдай керек екені белгілі. Бұл оқиға ағылшынның тред'юнион басшыларының «аристократ жұмысшылар шығару» саясаты тәрізді, болмаса Американың Форды сияқты өз алдына, өзінше, кредит арқылы жұмысшыларына «тегіс ауқатты тұрмыс жасау» әрекетіндей болса керек. Мемлекеттік капитализмге көшу батыстың қай жерінде де төбе көрсетіп келе жатқан ағым. Мұның қанауды жоймайтыны, халық игілігі үшін байлық арттырмайтыны да шындық. Гид бір кезде Париж қаласының батыс елдері астанасына ұқсамайтынын, өзіндік өзгешелігі басым екенін айтып кетті. Гидтың айтуынша да, көзге көрініп тұрған сырт өзгешеліктің бірі: Париж халқының киімі. Киімнің сәнді түрі алдымен француздардың астанасынан шығатыны мәлім. Шолақ пальто, тар шалбар, қытып тіккен бешпет, дөңгелек қалпақ және әйел көйлегінің, шашты сәндеп жасаған (прическаның) алуан түрі басқаларға сол жерден тараса керек. Өйткені, жылына жеті миллион саяхатшы келіп кететін көрінеді. Бір ғана Версаль қаласына батыс елдерінен жылына үш мың қыз бен жігіт келіп некелесіп, жас жұбайлар бірінші апталарын саяхатта өткізеді екен. Осылар Париж модасын таратушылар шығар-ақ. Ал, Версаль сол Париждің жанында. Заманында корольдердің жаз сайрандайтын жері болған, бір кезде орманы қалың, қабаны мен киігі мол аң аулайтын орны екен. Қазір музей қала. Өзгешелік жалғыз сырт көріністен көрініп тұрса оны көру де, ұғу да оңай болар еді. Әңгіме халықтың ішкі рухани өзгешелігінде, рухани жаңаруында ғой. Әсіресе, тарихта ұлы өзгерістерге бас болып келе жатқан (ұлы француз революциясы, әлеуметтік теңдік жолында жаңа бағыт сілтеген Париж коммунасы сияқты ірі өзгерістер) француз халқының бүгінгі ілгерілеу жолын ұғу да қажет нәрсе еді. Гид айтқан: еңбекқұмар Париж, сайрандағыш Париж, ғибадатшыл Париждің түп-тұтқасы неде? Пластикалық бомбамен саяси басшыларды, саяси мекемелерді төңкеріп жататын кері кеткендер үстем бе? Әлде халық мүддесін қорғап, еңбек иесінің тең праволы өмір үшін жан беретін ерлер идеялы жетекші күштердің бірі ме?! Бұл Францияның тарихи дәстүрі десе боларлық ілгері жылжудың басты арнасы емес пе?! Әрине, мұндай сұрауларға сол француз өмірінің өзі жауап беретіні анық. - Бір өзгешелігі астананың «қызыл белдеуі». Бұл да басқа елдердің астанасында жоқ. Үлкен Парижді қоршаған жиырмадан астам аудан - қаланың мэрлері (қаланың советтері) басқа-басқа болғандықтан өзіне-өзі қожа, өйткені демократия жолымен сайланып, демократия жолымен билейді. Оның үстіне сол аудан, қалалардың басым көпшілігін коммунистер және солшыл социалистер басқарады. Тұрғындары да нағыз еңбек ететін жұмысшы халық. «Қызыл белдеу» атанатыны да содан. Міне, осының бірі Сен-Дени. Сол Сен-Дениге барамыз дейді гид Резников.- Әңгіме демократияда. Американдықтар сияқты біздің ел тағы емес, түсі қара, болмаса сары деп ешкімді қудаламайды. Парижде кім жоқ: испандар да (көбі эмигрант), арабтар да осында, еврейлер тіпті көп. Жиырма мыңдай татарлар да бар. Ал, итальяндар француздарша араласып кеткен. Олардың жұмысшылары жаз кәсіп етіп ақша табуға келеді. Құрылысқа, жөндеу жұмысына аса маман. Әсіресе, біздің ана Эйфель мұнарасын жеті жылда бір сырлап беріп кететін сол итальяндықтар. Өнерлі ел, оның үстіне өңкей биікте жұмыс істеуге шебер келеді. Гид шынында французданып кеткен орыс. Ресейден жас күнінде кетіп, Францияда университет бітірген адам екен. Жасы өзіміз шамалас. Білімі мол екені көрініп тұр. Тарихтан, көркемөнерден, әсіресе архитектураның жайынан терең-терең пікірлер айтады. Көп мағлұматтар береді. Орыс тілі ана тілі, бірақ француз тілі сол ана тілінен кем еместігі көрініп тұр. Бір кезде оқып үйреніп, ғылыми жұмысқа керекті материалдарды ежіктеп түсініп, жаттығып қалған француз тілі құлаққа аса жылы тие береді. Гид шофермен сөйлесе кеткенде сөздерінің денін ұғып қалуға талпынасың, өзің де кейде сөйлем құрастырып, келте-келте тіл қайырасың. Әдемі тіл ғой - үні де мұқамы да өзгеше, әрі жатық, әрі нәзік... Біздің бірінші Алматы сияқты, үлкен қаланың өзімен тұтасып жатқан Сен-Дени айтса айтқандай. Париждің көп қырының бір жағы сияқты. Үйлері аса биік емес, үш-төрт қатарлы. Шет жағында тіпті ап-аласа келген барақ тәрізді үйлер мен көруге жұпыны лашықтар да бар. Ал, үйлері аласа болғаннан кейін көшелері кең көрінеді - алаңдары жалпақ, көгерісі мол, болғанынша таза екен. Бәрінен де құндысы: ірі үйлі, қыбыры мол, шуылы күшті астананың тығырық орталығынан Сен-Дениге келгенде кең дүниеге шыққандай еркінірек тыныс ала бастадық. Орталықтағы біз түскен қонақ үйге барғанда тар көшесінен машина зорға бұрылып, зорға сығылысып өтуші еді, ал мұнда дарқан кеңшілікке еніп кеттік. Ауасы да жеп-жеңіл көрінді. Осы сыртқы пішініне лайық тұрғын халқының мінезі де, жүрісі де салихалы, өмір бабымен жүріп, арнасына асықпай ағылып жатқан тәрізді. Қала ортасындағыдай сәнді киім, асығыс жүріс, сауық-сайран иелері де байқалмайды. Жас баласын жетектеп көшенің гүл-бақшалы жерінде тыныстаған әйелдерден өзге жан аз. Етегі жер сыпырған қара көйлек, қара камзол және оның үстіне қара жібектен кимешек киіп топ-топ болып жүретін құба өңді манашкалар да жоқ. Көшекөшенің бұрышында, қонақ үйлер төңірегінде, шекесінен қарап, ұйтқымалы көз тастайтын жеңіл мінезді әйелдердің қарасы да көрінбейді. Шулаған газетшілер, сапырылысқан саудагерлер де бұл жерде сирек кездесетін сияқты. Мұнда тек қана қоп-қоңыр еңбек иесі тұратыны бірден көзге шалынды. Еменнің бұтағындай бір бүйір өсіп, сан ғасыр бойы Парижбен бой теңестіре алмай келе жатқан Сен-Дени о заманнан еңбек ұясы екен. Мұнда диірмен құралын жасайтын шеберлер мол болған, бері келе бояу шығаруды үйреніп, нан кәсібімен бірге мата тоқу ісін меңгерген, XVIII ғасырда мануфактура фабрикалары молайып, күрделі жұмысшы қаласына айналған. Бұл Францияның буржуазиялық ұлы революциясы кезінде сыртқы интервенттер мен ішкі ақ сүйектерге төтеп берген, бір ауызды, берік пролетариат ұйтқысы бар қала. Монархияны құлатып республика құраған да, халық трибуны Маратқа арқа сүйеу болған да осы Сен-Дени. 1870 жылы Пруссия басқыншыларына тойтарыс берген күштердің бірі осы қаланың халқы екен, өйткені Пруссия билеушілерімен мәмілеге келіп, сыртқы жаумен алысудың орнына ұлт мүддесін жау қолына берген генерал Тьерге қарсы көтерілген халық қозғалысында Сен-Дени азаматтары алдыңғы сапта болған. Келесі жылы марттың 18-інде пролетариат туын көтеріп шыққан 200 мың еңбекшінің бір бөлегі сенденилік және сол Тьер қолынан тегіс қаза тапқан екі жүз мың коммунардың көбі осы қаладан шыққан ерлер екен... Сен-Денидің осы күнгі даңқы да отан сүйгіш дәстүрі мен революциялық қимылында көрінеді. Париждің орталығында жоқ нәрселердің көбі көзге түседі. Алдымен тапшыл бауырмалдығы байқалып тұр. Ол - мұнан 95 жыл бұрын қанды балақ Тьердің қолынан жырылып шыққан коммунар Эжен Потьеге баспана болыпты. Ол - Потьенің жасырынып жүріп жазған пролетариат гимні «Интернациональды» музыкаға түсірген композитор Пьер Жейтерге бас көшесіне ескерткіш орнатқан! Онда - ғазиз өмірін соғысқа қарсы үгітке арнап бейбітшілік үшін жан берген атақты шешен Жан-Жорестің мүсіні тұр. Ол - орталық алаңын - Иосиф Сталин деп атапты! Үлкен көшесінің аты Сталинград! Ол - 177 жыл бұрын монархияның моласын қазған әйгілі Робеспьерге құлпытас қойған! Ең бастысы: бұл қаланың (ауданның) 1892 жылдан бергі мәрі социалист; ал 1921 жылдан - коммунист. Сен-Денидің үлкен Парижден өзгешелігі осындай тарихи дәстүрі мен демократияшыл ісінде екен. Корольдер, графтар, болмаса соларға бара-бар даңқты адамдардың сарайларындай айбынды, әшекейлі үйлер мен белгілі ратушаларда орналасқан басқа мэрдей емес, СенДени мэрінің кеңсесі де қаласына ұқсас көрінді. Сүйкімді салынған қос қабатты қоңырқай үйдің бірі. Біз оның ішіне еніп, мраморлы басқыштарына аяғымызды сала бергенде жұқа өңді, бала қимылды, сыпайы ғана жылы жүзді, мұғалім оң жақ коридордан шыға келді де, бізді бастап әкелген гидпен сөйлесе берді. Дала бұлағындай сылдыры жұмсақ, нәзік мұқамды француз тіліне тағы да құлағымды тоса бердім. Екеуінің сөзін суыртпақтап талдап, оймен ежіктеп үлгергенше жұқа өңді адам: - Здравствуйте, товарищи,- деді бізге қарап. Адам атаулының бәріне тән бір ыстық сезім бар. Ол: бөтен елде жүргенде сол халықтың уәкілі сенің ана тіліңде сұхбаттасуы. Сенің еліңді, тіліңді, мәдениетіңді - жан сүйетін бар қасиетіңді көкке көтеріп дәреже тұтқандай боласың. Ол адамға сен ең кіршіксіз мейірбандығыңды ұсынасың. Міне, әлгі мұғалім тәрізді жұқа өңді, жылы жүзді адамның бізбен орысша сәлемдескені туысқандық, достық құшағын жайып жібергендей әсер етті. Оның шынында да жұп-жұмсақ лебізіне сай нұрлы көзінен жақындық сыр төгіліп тұрғандай болды. Оның екінші сөзі ана тілінде жорғалады да, мұны біздің ер келбетті, жуан дауысты гидіміз: - Ардақты Гагариннің Отанынан келген құрметті қонақтарды құшақ жайып қарсы аламыз. Қош келдіңіздер, достар - деді деп аударды. Әрі қызық, әрі түсініксіз, әрі ғажайып, әрі ерсі өмірлі, бірақ ұлы ел, бұл астана, ұлы мәдениеттің иесі француз халқының екі-үш күннен бергі біз көрген, біз білген, біз естіген, сынаған, талдаған, ішке түйген жайлары мен мінез-құлық көріністері бірден басқа арнаға көшкендей болды. Біз өз адамымыздың құшағына еніп, жатырқау сезімінен біржола сейіле түстік. Бұл кісі Сен-Дени қаласының мэрі Огюст Жилло дейтін адам екен. Бұл қалаға 1921 жылдан атақты Морис Торез басшылық еткен екен де, ал 1944 жылдан бері өзгеше іскер жан, кішіпейілді алғыр коммунист Огюст Жилло мэр болып сайланумен келген. Мэр бізді шағын мекемесінің, шағын-шағын бөлмелеріне жайып салған плакат пен ұрандар, диаграммалар мен суреттерді көрсетіп, қаласының сан алуан жаңалықтары және істеліп жатқан істерімен таныстырып кетті. Сен-Дениде алты миллион Париж халқының жүз мыңы тұратын көрінеді. Тегістей өндіріс орындарында істейтін жұмысшы халық. Жалпы ағарту жайлы, мектеп пен денсаулық сақтау орындарының жұмысы, құрылыс және пәтер салу ісі туралы мағлұмат берді. Коммунист Жиллоның айтуынша қаласы жан-жақты өркендеп келе жатқан, тұрмыс мәдениеті гүлдене бастаған, хал-ауқаты арта түскен, жұмыссыздық жоқ, еңбекақы жақсыланған аудан көрінді. Тіпті босанатын әйелдерді босану мехнатын сездірмейтін медицина табыстарына сүйенген, нәрестені әдемі тәрбиелеуге кіріскен жер көрінді... - Мынау біздің шет жерден келген ардақты адамдарымызды, қадірлі қонақтарымызды жазатын тақтамыз,- деді мэр қабырғадағы алтын бояумен әдіптеп сырлаған тақтаны көрсетіп. Мына бос орынға адам баласының арманын іске асырған бірінші космос пионері Юрий Гагаринді жазамыз. Қиялдан да ұшқыр ракетаға мініп, көк әлеміне бірінші рет саяхат жасаған біздің екінші номерлі құрметті азаматымызды қонаққа шақырып отырмыз. Егер біздің өркөкірек президент Шарль де Голь рұқсат жарлығын берсе, бір күнде легендаға айналып кеткен советтің бұл ардақты ұлын да көріп, көрісеміз. Біздің жай осы сияқты, ардақты достар. Енді мына бір бөлмеге кіріп бір стакан шарап-дәм татыңыз. Күні ертең ашылғалы жатқан француз Компартиясының XVI съезіне дайындап, терін қызыл тумен бөлеп, қабырғасын ұрандармен әшекейлеп қойған ұзынша залдың ішіне кірдік. Қарапайым стол, қарапайым отырғыш, жайған дастарқан үстінде де жүзім суынан өзге шарап жоқ. Оның орнына салқын минерал сулары бар. Атақты Париждің бір бұрышында «қызыл белдеу» қаланың бірінде, қанау дүниесін жоғалтып, еркін еңбек заманын жуықтатуға күш салып жатқан коммунистердің ісі - көркемөнер мен әдебиетке ғана бейне боларлық сәулетті іс. - Де Голь тұра тұрсын! Француз коммунистері бұл бір өзі билеуге айналған диктатордың ісін әшкерелеуден, оны халыққа түсіндіре беруден, тек қана жұмысшы табы шын демократия құратынына көз жеткізе беруден бір елі кері шегінбейді. Біздің ісіміз халықтық іс,- деді сөз арасында мэр. Оны бізге аударып берген гид «Біздің демократиямыз осындай. Сөзге, үгітке, пікір айтуға тыйым салмаймыз» дегендей тамсана түседі. Бір айға жуық жер жүзін Совет - Космос - Гагарин деген сөздер жауып кетіп еді. Бұл үш сөз эфирге де, газет бетінде де тегіс толып болған. Ал, Гагариннің суреті салынбаған, ілінбеген жер де болмас. «Жарайсың, жігітім!» деген сөз аузымыздан түспей қойған кез- ді. Бүгін мына Жиллоның сөзінен кейін де «Жарайсың, досым!» деген сөз көмейге тіреле берді. Ол сөз аяғында: - Европа мәдениетін фашизм өртінен құтқарған совет елі - біздің құтқарушымыз. СССР - адам баласына шамшырақ. Тегіс бақытқа жетектейтін шам-шырақ!- деді. Оған жауап белгілі қазақ жазушысы Сәбит Мұқановтың сөзі болды. - ...Көктен сұрағанын жердегі Октябрьден алған Қазақ республикасы бүгін ен байлыққа ие; Ғылым академиясына, білім бұлағы ондаған институт, университет және мыңдаған мектепке ие; Академиялық опера театры мен драм театрына ие; жүздеген газет, журналға, мыңдаған кітапханаға ие; миллиондап басылып жатқан кітапқа ие! Мына алдарымызда отырған Хадиша Мырзалиева, Камиля Өтегенова, Ақлима Бисенова, Раушан Сатпаева - профессорларымыз, Зуһра Шариповна - экономист, София Жақиевна - дәрігер, мәдениетіміздің сан алуан саласында жемісті жұмыс істеп жатқан көрнекті адамдарымыз. Бір кезде мешеу қалған елдің білімді, даңқты қыздары бұлар. Ал еркін өмірге бөленген қазақ еңбекшілері француздың философтары мен жазушыларын өз тілінде оқиды. Мольердің өлмейтін пьесаларын өз сахнасында көріп отыр. Біздің үздік әншіміз Әміре Қашаубаев Париждің биік сахнасынан қазақ үнін жиһанға паш етті. Ең талантты жазушымыз М. Әуезовтің «Абай» романы француз халқымен қазақ мәдениетінің құшақтасуы,- деді ол. Мұнан кейін: «Франция тарихын біз жақсы білетін едік, ал, мына кездесуіміз біздің бұл жөніндегі білімімізді арттыра түсті; тамаша елдің тамаша жері мен ұлы халқын өз көзімізбен көріп, оның сөзін өз құлағымызбен естігеніміз - өлшеусіз бақыт болып есептеледі. Жиһанға Бальзак, Гюго, Золя, Роллан, Барбюс және Арагондай ұлы жазушылар берген ұлы халықпен байланысты өркендете беруге біз дайын. Осы туысқандық, достықтың белгісі үшін біздің мына «Ақ Жайық» деген еңбегімізді қабыл аларсыз деп сенеміз. 1961 жыл 8 май» деп кітап бетіне жазып, сыйладық. Мэрия мекемесінен шығып, Жиллоның бастауымен бірнеше үйлерге кіріп шықтық. Ол үйлер осы күнгі біздің ең тәуір салып жатқан үйлерге тең екен. Аққа тәуекел, өзіміз айтып кірген үйдің бірі малярдың пәтері, бірі электр технигінің пәтері болып шықты. Бұлар үш бөлмелі өте жақсы салынған үйлер. Ішкі жабдығы да әдемі, оның үстіне ауқатты - жалақысы мол адамдардың пәтерлеріндей: телевизоры, радиоқабылдағышы, тоңазытқышы, жұмсақ диван, әдемі стол, орындықтары және қымбат төсек ағаштар (жұмсақ кровать, айналы шкаф гарнитуры) мен сәнделген. Жиллоның айтуынша маман жұмысшылар жақсы табысты. Жұмыссыздық пен пәтер тапшылығы шеттен келген жүмысшылар арасында ғана кездеседі екен. Енді бір үйге кіріп келгенімізде жап-жас әдемі келіншек еңіреп қоя берді. Анадай жерде еденде жорғалап жүрген жас бала анасына қосыла бақырды. Біз де не болғанын білмей кірген бойда тұрып қалдық. Жас әйелді құшақтап жұбата, әлденені баяндап бес минут шамасы сөз сөйлеген қала мэрі бір кез бізге езу тартты. Аң-таң болған сұлу келіншек енді жүзіндегі жасын сүртуді де білмей, сасып сөйлеп жатыр. Бірақ оның дауысы қуаныш пен күйініштің тез алмасуына ұшыраған сықылық пен ентіккен үннің аралас бір өзгеше түрі... Бақсақ: Алжир мен Франция жанжалды соғысқа еніп кетіп, талай жас француздың қаны төгіліп жатады екен. Ал, соғысқа баратын жандардың басым көпшілігі Сен-Дени тәрізді жұмысшы халықтың ұлдары. Қаза тапқан жанның үйіне қара хабарды бұл елдің әдеті бойынша қала мәрінің өзі жеткізіп, өзі көңіл айтатын көрінеді. Күтпеген жерден бір топ адамды ертіп Жиллоның өзі кіріп келгенде, жас келіншек «соғыстағы ерімнің қара хабарын есіттіре келген екен» деп түсініп еңіреп қоя берген. «Мынау біздің достар. Совет елінің азаматтары. Сеніңіз, олда-білде жаман хабар әкелгенім жоқ. Үй-жайыңызды көреміз деген соң еріп келдім» деп сендірсе де, ол өксігін баса алмай, не қуануға, не көрмеген адамдармен амандасуға шамасы келмей сасқан... Соғыстың апаты осындай халдерге де айғақ етті. Бірақ бұл түбі игі трагедия еді. - Көріп көріскенше сау болыңыз достар!- деді Жилло бізді машинамызға мінгізіп, қаладан шығарып салып. - Совет халқына бізден жалынды сәлем! Ол мұны тағы да орысша айтты. Адам тілмен айтып жеткізе алмайтын бұл ыстық лебіз бойды шымырлатып жіберді. Көп заманнан бері бірге жүрген, сан сырласқан, аса жақын дос кейінде қалып бара жатқандай болды. - Хош бол, дос!- дестік, біз тұс-тұстан. Үлкен Францияның жерінде түрлі адам кездеседі. Ал, бұл қарапайым жанның ішіндегі ұлы адам сияқты. Ол солай! Ісіне, сөзіне қарағанда, әсіресе терең, жан-жақты үлкен мәдениет ішінде тәрбиеленген адамның лебізі осыны дәлелдейді. Мұндай жандар ол елде өте көп. Аз уақыт ішінде, көбінесе сырттай қарап, бөлшектеп біліп, үздік-үздік естіп, Парижден терген көздей көріністеріміз осы сияқты. 1966 ж.

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға