Жаңалықтар

Парижге кіргенде...

          «Орта ғасырларда жырлаған жазушылар аз емес, бірақ ағылшын жазушысы Вальтер Скоттен (дәлірек айтсақ, Шотландияда туып өскен) артық жырлаған ешкім жоқ. Солай емес пе?»-деген сұрау келеді ойға.- Қалай болғанда да мың жылға созылған батыстағы бектер дәуірін өлмес етіп суреттеген Скоттың теңдесі жоқ. Оның өзін кейде он тоғызыншы ғасырдың басында өмір сүрді дерлік емес, сонау өзінен алты-жеті ғасыр бұрын өткен адамдар мен олардың өмірін көзімен көріп, бірге жасасып жүргендей бейнелеу - шын суреткерлік емес пе! Кейбір сыншылар «бүгінгіні жырла», «өткеннен бүгінгіні артық санаймын», «бүгінгіні жырламай өткенді қалқан етіп отыру қылмыс» деп қақсағанша, «өткенді бүгінгіге сабақ ете біл» деп те үйретсейші! Бұл да шолақ сынның бір қауызға ғана сыйып тұрғанын дәлелдейді-ақ. Ілгері де, кейін де, оңға да, солға да кетпенің кебі! Бірақ көркем ой өмірі тар қалыпқа сыйып көрген жоқ, ол адам баласының тынымсыз ізденуіндей шалқар, тынбай аққан ағыс, кең ағыс... Ал, тарихи тақырып ой алыптарының теңдессіз тұлғасына лайық шығарма туғызған тақырып. Бірақ өз заманының биігіне көз тіктірген, өз заманының арманына қол создырған тақырып. Шекспирдің де, Скоттың да, Пушкин мен Толстойдың да («Петр Первыйдың арабы о, «Борис Годунов», «Соғыс пен бейбітшілік», тағы басқалары) өткенді көз алдыңа елестетіні сол үшін ғой. Осыны көріңкіреу...» деген ойлар Парижге кіргенде де, кірген соң да қалмай қойды... Лувр. «Париждегі бас саяхаттың бірі Лувр музейі. Мұнда саяхатшылар адам баласының тарихындағы ең шебеp жасалған көркемөнер үлгісін көреді: Милос Венерасы сонда сақтаулы, Само-Фракийская Ника да сол музейдің төрінде, Леонардо да Винчи, Рафаэль, Рубенс, Караваджио және француз мектебінен шыққан асқан шеберлердің ең көрікті шығармалары сол Луврдың тарихи көріктілігін арттырып тұрған мұра,- деп хабарлады гид.- Ертең ертемен сонда барамыз. Алдымен, әрине, коммунарлар бейітіне бас иіп, Петр Лашез зиратына тоқтаймыз». Бұл 1961 жылдың 6 май күні еді. Лувр, Москва Кремлі тәрізді, бір кезде жауынгер нормандықтардан бекініс ретінде қорғанды сарай салынған (1200-1547 жылдарға дейін ұлғаюмен болған), көбінесе корольдер өз тұсын өзгертумен келген пайтахт орны Людовик он төртінші ескі Римге еліктеп Луврды мраморлы зәулім тіректермен (колоннада) аруақты етіп биіктеткен. Мұны, көбінесе Италия шеберлері жасаған екен. Ескі готикадан құтқарған да сол Италия шеберлepi. Готика демекші... о дүниенің ой жетпестей құдіретін көзге елестетіп, екі иықтан жаншып тастарлықтай, Зәулім ауыр, өлгенше нық соншама көп суреттерді үйіп-төгіп, жер дүниенің бәрі тек қана ғибадат ететін, үйдің үстіне телміріп тұрғандай ету үшін тапқан архитектура ғой готика дегеніңіз. Сондай ауыр пішінмен салған храмдардың іші де қара көлеңке, өйткені жарық түсетін саңылау жоқ, бәрі қабақ түйіп тұрғандай таспен бүркеулі, терезеесік саңылауы аз, шытырман суретті шөлмектермен безелген. Қара көлеңке залдардағы күмбірлеген дыбыс шіркеудің сыртқы сазарған пішінімен үндескендей үрейлі сезім туғызарлық. Не заман «тәңірінің құдіретін» тек қана осындай «мәсжиделхарам» арқылы уағыздап ойды да, сананы да жаншып, адамның ілгерілеу жолын бөгеген орта ғасырдың ауыр зілінен босану оңайға да соқпаған еді. Бірақ адам қараңғыдан жарыққа, ауырдан жеңілге, таршылықтан кеңшілікке ұмтылумен ғана адам ғой. Сол тіршіліктің итермелеуімен ілгері жылжыған адам бірте-бірте орта ғасырдың тас тұншықтырған ауыр дінінен, оның зілдей шіркеуінен, оның бойды мезі қылған қаңғырынан, ұзын киімі мен қараңғы бұрышынан кеңге шыға бастайды. Жер тану, ел тану - алысқа аяқ басу туады. Алдымен географиялық жағдайы жеңіл Флоренцияда өзгеріс пайда болады. Көркем ой алыбы Данте туады. Марко Поло сияқты атақты жиһанкездер шығады. Ел мен ел сауда-саттық ісіне ендеп кіріседі, өзгеден үлгі алу, басқаның игі ісін пайдалану басталады. Үй салу өнері ілгерілейді, бұрынғы ауыр, қамал сияқты қапас замок, шіркеу кейіптес қалыптар ыңғайлы, жеңіл жарық, сұлу жайларға бет бұрады. Тұрмыстағы бұл жаңа өзгерістер рухани ілгерілеуге жол ашады. Суретте, өлеңде жаңа бағыт басталады - сонау өткен ескі грек тұрмысына, грек өнеріне еліктеу туады. Ой кеңіп, өнер шалқуға айналады. Ғылымда ірі жаңалық көрінеді, бұрынғы озық үй үшін отқа жағатын шіркеу заңы әлсірейді. Өмірдің бар саласында жаңару, өрлеу кезеңі дүниеге келеді. Мұны қайта туу - Возрождения деп атайды. Міне, осы өнер шалқуы, ескі грек шеберлерінен үйрену, оны дәріптеу заманы атақты Лувр музейінен, оның тіпті өз келбетінің өзгере беруінен анық байқалады. Сурет, сәулет өнерінің жаңа заманын дүниеге келтірген Леонардо да Винчидің, Рафаэльдің ескірмес мұрасы, көне грек өнерінің үлгілерімен қатар тұр. Лувр музейінде жалғыз ғана Италияның ұлы суретшілерінің әлемге үлгі болған еңбектері емес, Испанияның, Францияның және басқа Европа елдерінің атақты шеберлерінің өлмес мұралары орын алған. Мұра түрлі-түрлі. Көркем ой нақышы кейінгіге алдымен сөз арқылы (әдебиет шығармалары) жетсе, сурет, мүсін арқылы көзбен көріп, қолмен ұстайтын асыл бейнелер ерекше байлық қой. Әсіресе, Франция халқының ғылым мен білім, көркемөнер мен әдебиет, саясат пен заң және соғыс ісінде үздік орын алған қайраткерлеріне орнатқан ескерткіштері өзгелерді еліктіргендей. Соның ішінде Сен Жермен алаңындағы Бальзак ескерткіші, болмаса Пантеонда мәңгі ұйқыда жатқан Вальтер, Руссо, Золя, Гюго, Жан Жорес белгілері ұлт мақтанышын дәріптеудің ерекше түрі. Ал, биіктігі 47 метр Вандом колоннасы Аустерлице түбінде қолға түскен зеңбіректерден ғана ерітіп құйған мұнара. Оның төбесінде ескі Рим патшаларының торқасын (тога) жамылып тұрған Наполеон - дәріптеудің ең биігі болса керек. Неге бұлай? Бүгінгі тіршілікке рухани азық - халықтың бастан кешірген айбынды тарихы. Бұл тарих келешегіне де жол сілтете бермек. Виктор Гюгоның «Күлегеш адамы» мен «93-жыл» романдары болмаса ескі дәуірдің заманы өтіп, республиканың туу күресі көз алдыңа бұлдыр елестер еді. Ал, «Соғыс пен бейбітшілік» жазылмаса сол екі жиһан тартысының, мұжық Платон мен патша Александрға дейін әлемді тебіренткен ұлы дүркінді сезу де, білу де анағұрлым жарлы болары да даусыз ғой. Сонымен сансыз кітапханалары, жер жүзін таңдандырарлық музейлері (Версаль мен Лувр), Пантеоны, Эйфель мұнарасы, Вандом колоннасы; Наполеонның жеңіспен келгенде шеру тартып ақ арғымақпен көз алдында ат ойнатып өту үшін салдырған салтанат қақпасы (Триумфальная арка); қала ішін жарып өтетін бірінен-бірін әдемі етіп салған 33 көпірі бар Сена өзені сияқты өнер мұнарасы бар. Мариям Анасының соборы, Елисей алаңы, Опера бульвары, Мүгедектер үйі, атақты Сорбон университета, Шайо сарайы сияқты көркем жерлері мен үйлері бар француз астанасы - Париж әлемге белгілі мәдениет ошағы. Ол замандар бойы көруге, еліктеуге, саяхат жасауға ғана арналған қала болғаны мәлім. Өйткені, бұлар құр байлықтың ғана жемісі емес, адам ойының асқақтығын, өнердің ғажайып өрлегендігін, шеберліктің шексіздігін, көркем еңбектің аса зейнеттілігін көрсететін мұра. Алайда, жау жарағынан ерітіп құйдырған шойын мұнараның төбесінде ескі Рим патшаларындай әрі сұсты, әрі биікте тұрған жойқын қолбасшы алты әлемді тітіркенткені де мәлім. Жалғыз төңірегіндегі елдер емес, оның құдіреті сонау Мысыр елін өзіне қаратып, көне замандағы Ферғауындардың қалдырған небір айбынды мұнараларын сүйретіп әкеліп Париж көшесіне орнатқаны да бар. Жалғыз өнер мұрасын ғана емес, жеңілген елдердің дүние байлығы да жеңімпаздың қазынасын молайтқаны анық. Әсем алаңдардағы ақ мрамор мүсіндер, көркем көпірлер, көшедегі шүмектеп атып жатқан фонтандар, аспалы шам мен айналы магазиндер әлді мен әлсіздің қай дәрежеде келгеніне айғақ... Ескі Париждың осындай жағы да мол. Француз халқы - ұлы халық. Ол жалғыз ғана заманында құдіретін әлемге тегіс жайған Ұлы Карл мен Генрих, он төртінші Людовик пен Наполеон сияқты мемлекет басшылары мен жер күңіренткен қолбасшылар шығарып қана қойған жоқ, материалист философ Декартты, социализм идеясын үгіттеген Дени Дидро мен Жан Жак Руссоны, ескі бектер дәуірінің сыр-сипатын мінеген әдебиет алыптары - Мольер мен Вольтерді, Гюго мен Бальзакты тудырды. Пастер мен Кюри сынды ғалымдарды шығарды. Оның астанасы Париж де ұлы қала. Бұл қаланың ұлылығы екі мың жылдан астам жасында да, бес миллионнан астам халқының көптігінде де тұр. Алайда оның ұлы сипаты академиясы мен операсында, Сорбоннасы мен музейлерінде. Мұнан да ұлы бейне - бектер дәуірін құлатып берген 1789 жылғы ұлы революциясымен Бастилияны жоқ еткен әділдік көксеуінде, осының бәрінен де қымбаты шын бостандық, шын теңдікті орнату үшін Коммуна туын көтерген ерлігінде, екі жүз мың коммунарлары құрбан болса да болашаққа жол көрсеткен үздік қимылында. Солай, Париж ұлы қала! Ұлы қаланың түсініксіз жағы да мол. Алдымен тарихи дәстүрі таудай бұқарашыл елдің - сөз бостандығын, бас азаттығын, ой еркіндігін, билеу тәртібін өзгеше дәріптеп келген елдің үлкен Шарльдің1 тізгінді бір өзі ұстауына көнгені ғажап! Оның сайлау тәртібін бұзып, демократияшыл ұйымдарды бұрышқа тыққанына жол беруі ойландыратын жуастық. Бұл саясат мәселесі, әр елдің өз еркіндегі мәселе. Алайда көп билеген елдің, топ билеуіне бас июі... Жоқ, олай емес екен. Халықтың нағыз күшін, нағыз тазалығын, нағыз ұлылығын бір ұлы Париждің шет жағасынан көрдік. Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы
19.11.2013 08:30 4020

          «Орта ғасырларда жырлаған жазушылар аз емес, бірақ ағылшын жазушысы Вальтер Скоттен (дәлірек айтсақ, Шотландияда туып өскен) артық жырлаған ешкім жоқ. Солай емес пе?»-деген сұрау келеді ойға.- Қалай болғанда да мың жылға созылған батыстағы бектер дәуірін өлмес етіп суреттеген Скоттың теңдесі жоқ. Оның өзін кейде он тоғызыншы ғасырдың басында өмір сүрді дерлік емес, сонау өзінен алты-жеті ғасыр бұрын өткен адамдар мен олардың өмірін көзімен көріп, бірге жасасып жүргендей бейнелеу - шын суреткерлік емес пе! Кейбір сыншылар «бүгінгіні жырла», «өткеннен бүгінгіні артық санаймын», «бүгінгіні жырламай өткенді қалқан етіп отыру қылмыс» деп қақсағанша, «өткенді бүгінгіге сабақ ете біл» деп те үйретсейші! Бұл да шолақ сынның бір қауызға ғана сыйып тұрғанын дәлелдейді-ақ. Ілгері де, кейін де, оңға да, солға да кетпенің кебі! Бірақ көркем ой өмірі тар қалыпқа сыйып көрген жоқ, ол адам баласының тынымсыз ізденуіндей шалқар, тынбай аққан ағыс, кең ағыс... Ал, тарихи тақырып ой алыптарының теңдессіз тұлғасына лайық шығарма туғызған тақырып. Бірақ өз заманының биігіне көз тіктірген, өз заманының арманына қол создырған тақырып. Шекспирдің де, Скоттың да, Пушкин мен Толстойдың да («Петр Первыйдың арабы о, «Борис Годунов», «Соғыс пен бейбітшілік», тағы басқалары) өткенді көз алдыңа елестетіні сол үшін ғой. Осыны көріңкіреу...» деген ойлар Парижге кіргенде де, кірген соң да қалмай қойды... Лувр. «Париждегі бас саяхаттың бірі Лувр музейі. Мұнда саяхатшылар адам баласының тарихындағы ең шебеp жасалған көркемөнер үлгісін көреді: Милос Венерасы сонда сақтаулы, Само-Фракийская Ника да сол музейдің төрінде, Леонардо да Винчи, Рафаэль, Рубенс, Караваджио және француз мектебінен шыққан асқан шеберлердің ең көрікті шығармалары сол Луврдың тарихи көріктілігін арттырып тұрған мұра,- деп хабарлады гид.- Ертең ертемен сонда барамыз. Алдымен, әрине, коммунарлар бейітіне бас иіп, Петр Лашез зиратына тоқтаймыз». Бұл 1961 жылдың 6 май күні еді. Лувр, Москва Кремлі тәрізді, бір кезде жауынгер нормандықтардан бекініс ретінде қорғанды сарай салынған (1200-1547 жылдарға дейін ұлғаюмен болған), көбінесе корольдер өз тұсын өзгертумен келген пайтахт орны Людовик он төртінші ескі Римге еліктеп Луврды мраморлы зәулім тіректермен (колоннада) аруақты етіп биіктеткен. Мұны, көбінесе Италия шеберлері жасаған екен. Ескі готикадан құтқарған да сол Италия шеберлepi. Готика демекші... о дүниенің ой жетпестей құдіретін көзге елестетіп, екі иықтан жаншып тастарлықтай, Зәулім ауыр, өлгенше нық соншама көп суреттерді үйіп-төгіп, жер дүниенің бәрі тек қана ғибадат ететін, үйдің үстіне телміріп тұрғандай ету үшін тапқан архитектура ғой готика дегеніңіз. Сондай ауыр пішінмен салған храмдардың іші де қара көлеңке, өйткені жарық түсетін саңылау жоқ, бәрі қабақ түйіп тұрғандай таспен бүркеулі, терезеесік саңылауы аз, шытырман суретті шөлмектермен безелген. Қара көлеңке залдардағы күмбірлеген дыбыс шіркеудің сыртқы сазарған пішінімен үндескендей үрейлі сезім туғызарлық. Не заман «тәңірінің құдіретін» тек қана осындай «мәсжиделхарам» арқылы уағыздап ойды да, сананы да жаншып, адамның ілгерілеу жолын бөгеген орта ғасырдың ауыр зілінен босану оңайға да соқпаған еді. Бірақ адам қараңғыдан жарыққа, ауырдан жеңілге, таршылықтан кеңшілікке ұмтылумен ғана адам ғой. Сол тіршіліктің итермелеуімен ілгері жылжыған адам бірте-бірте орта ғасырдың тас тұншықтырған ауыр дінінен, оның зілдей шіркеуінен, оның бойды мезі қылған қаңғырынан, ұзын киімі мен қараңғы бұрышынан кеңге шыға бастайды. Жер тану, ел тану - алысқа аяқ басу туады. Алдымен географиялық жағдайы жеңіл Флоренцияда өзгеріс пайда болады. Көркем ой алыбы Данте туады. Марко Поло сияқты атақты жиһанкездер шығады. Ел мен ел сауда-саттық ісіне ендеп кіріседі, өзгеден үлгі алу, басқаның игі ісін пайдалану басталады. Үй салу өнері ілгерілейді, бұрынғы ауыр, қамал сияқты қапас замок, шіркеу кейіптес қалыптар ыңғайлы, жеңіл жарық, сұлу жайларға бет бұрады. Тұрмыстағы бұл жаңа өзгерістер рухани ілгерілеуге жол ашады. Суретте, өлеңде жаңа бағыт басталады - сонау өткен ескі грек тұрмысына, грек өнеріне еліктеу туады. Ой кеңіп, өнер шалқуға айналады. Ғылымда ірі жаңалық көрінеді, бұрынғы озық үй үшін отқа жағатын шіркеу заңы әлсірейді. Өмірдің бар саласында жаңару, өрлеу кезеңі дүниеге келеді. Мұны қайта туу - Возрождения деп атайды. Міне, осы өнер шалқуы, ескі грек шеберлерінен үйрену, оны дәріптеу заманы атақты Лувр музейінен, оның тіпті өз келбетінің өзгере беруінен анық байқалады. Сурет, сәулет өнерінің жаңа заманын дүниеге келтірген Леонардо да Винчидің, Рафаэльдің ескірмес мұрасы, көне грек өнерінің үлгілерімен қатар тұр. Лувр музейінде жалғыз ғана Италияның ұлы суретшілерінің әлемге үлгі болған еңбектері емес, Испанияның, Францияның және басқа Европа елдерінің атақты шеберлерінің өлмес мұралары орын алған. Мұра түрлі-түрлі. Көркем ой нақышы кейінгіге алдымен сөз арқылы (әдебиет шығармалары) жетсе, сурет, мүсін арқылы көзбен көріп, қолмен ұстайтын асыл бейнелер ерекше байлық қой. Әсіресе, Франция халқының ғылым мен білім, көркемөнер мен әдебиет, саясат пен заң және соғыс ісінде үздік орын алған қайраткерлеріне орнатқан ескерткіштері өзгелерді еліктіргендей. Соның ішінде Сен Жермен алаңындағы Бальзак ескерткіші, болмаса Пантеонда мәңгі ұйқыда жатқан Вальтер, Руссо, Золя, Гюго, Жан Жорес белгілері ұлт мақтанышын дәріптеудің ерекше түрі. Ал, биіктігі 47 метр Вандом колоннасы Аустерлице түбінде қолға түскен зеңбіректерден ғана ерітіп құйған мұнара. Оның төбесінде ескі Рим патшаларының торқасын (тога) жамылып тұрған Наполеон - дәріптеудің ең биігі болса керек. Неге бұлай? Бүгінгі тіршілікке рухани азық - халықтың бастан кешірген айбынды тарихы. Бұл тарих келешегіне де жол сілтете бермек. Виктор Гюгоның «Күлегеш адамы» мен «93-жыл» романдары болмаса ескі дәуірдің заманы өтіп, республиканың туу күресі көз алдыңа бұлдыр елестер еді. Ал, «Соғыс пен бейбітшілік» жазылмаса сол екі жиһан тартысының, мұжық Платон мен патша Александрға дейін әлемді тебіренткен ұлы дүркінді сезу де, білу де анағұрлым жарлы болары да даусыз ғой. Сонымен сансыз кітапханалары, жер жүзін таңдандырарлық музейлері (Версаль мен Лувр), Пантеоны, Эйфель мұнарасы, Вандом колоннасы; Наполеонның жеңіспен келгенде шеру тартып ақ арғымақпен көз алдында ат ойнатып өту үшін салдырған салтанат қақпасы (Триумфальная арка); қала ішін жарып өтетін бірінен-бірін әдемі етіп салған 33 көпірі бар Сена өзені сияқты өнер мұнарасы бар. Мариям Анасының соборы, Елисей алаңы, Опера бульвары, Мүгедектер үйі, атақты Сорбон университета, Шайо сарайы сияқты көркем жерлері мен үйлері бар француз астанасы - Париж әлемге белгілі мәдениет ошағы. Ол замандар бойы көруге, еліктеуге, саяхат жасауға ғана арналған қала болғаны мәлім. Өйткені, бұлар құр байлықтың ғана жемісі емес, адам ойының асқақтығын, өнердің ғажайып өрлегендігін, шеберліктің шексіздігін, көркем еңбектің аса зейнеттілігін көрсететін мұра. Алайда, жау жарағынан ерітіп құйдырған шойын мұнараның төбесінде ескі Рим патшаларындай әрі сұсты, әрі биікте тұрған жойқын қолбасшы алты әлемді тітіркенткені де мәлім. Жалғыз төңірегіндегі елдер емес, оның құдіреті сонау Мысыр елін өзіне қаратып, көне замандағы Ферғауындардың қалдырған небір айбынды мұнараларын сүйретіп әкеліп Париж көшесіне орнатқаны да бар. Жалғыз өнер мұрасын ғана емес, жеңілген елдердің дүние байлығы да жеңімпаздың қазынасын молайтқаны анық. Әсем алаңдардағы ақ мрамор мүсіндер, көркем көпірлер, көшедегі шүмектеп атып жатқан фонтандар, аспалы шам мен айналы магазиндер әлді мен әлсіздің қай дәрежеде келгеніне айғақ... Ескі Париждың осындай жағы да мол. Француз халқы - ұлы халық. Ол жалғыз ғана заманында құдіретін әлемге тегіс жайған Ұлы Карл мен Генрих, он төртінші Людовик пен Наполеон сияқты мемлекет басшылары мен жер күңіренткен қолбасшылар шығарып қана қойған жоқ, материалист философ Декартты, социализм идеясын үгіттеген Дени Дидро мен Жан Жак Руссоны, ескі бектер дәуірінің сыр-сипатын мінеген әдебиет алыптары - Мольер мен Вольтерді, Гюго мен Бальзакты тудырды. Пастер мен Кюри сынды ғалымдарды шығарды. Оның астанасы Париж де ұлы қала. Бұл қаланың ұлылығы екі мың жылдан астам жасында да, бес миллионнан астам халқының көптігінде де тұр. Алайда оның ұлы сипаты академиясы мен операсында, Сорбоннасы мен музейлерінде. Мұнан да ұлы бейне - бектер дәуірін құлатып берген 1789 жылғы ұлы революциясымен Бастилияны жоқ еткен әділдік көксеуінде, осының бәрінен де қымбаты шын бостандық, шын теңдікті орнату үшін Коммуна туын көтерген ерлігінде, екі жүз мың коммунарлары құрбан болса да болашаққа жол көрсеткен үздік қимылында. Солай, Париж ұлы қала! Ұлы қаланың түсініксіз жағы да мол. Алдымен тарихи дәстүрі таудай бұқарашыл елдің - сөз бостандығын, бас азаттығын, ой еркіндігін, билеу тәртібін өзгеше дәріптеп келген елдің үлкен Шарльдің1 тізгінді бір өзі ұстауына көнгені ғажап! Оның сайлау тәртібін бұзып, демократияшыл ұйымдарды бұрышқа тыққанына жол беруі ойландыратын жуастық. Бұл саясат мәселесі, әр елдің өз еркіндегі мәселе. Алайда көп билеген елдің, топ билеуіне бас июі... Жоқ, олай емес екен. Халықтың нағыз күшін, нағыз тазалығын, нағыз ұлылығын бір ұлы Париждің шет жағасынан көрдік.

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға