Жаңалықтар

VI БӨЛІМ

Шөккен нардай көлбеп жатқан жота-жота Көктау, асусыз асқар болмаса да, даланың жалпақ жазығында тау атағына ие. Оның да өзіне сай құз-қиялары, жықпыл-жыралары, қойнаулары, асулары, жылап аққан бұлақтары бар. Бетін күн, желкесін жел кемірген қотыр тастары айқара құшақтасып жатады. Таудың арқа беті тіп-тік қия. Құлама. Күңгейі - жайпақ еңку. Еңку төмендеп барып шұңқырлы ойпатқа айналып кетеді. Шығыс беті сілемденіп, құмақты, шағылды, көз жетпейтін жазыққа ұласып жатыр. Көктаудың жықпыл-жықпылын сүзіп, бірнеше қыраттарынан асып, енді келесі дөңеске бет қойып жүріп келе жатқан он шақты адамның алдында Темір бар еді. Оның қабағы қату, жүзі түксие түскен, өзгеше ызғарлы. Тау мен дөңестің екі арасындағы үлкен ойпаттың іші жықпыл-жықпыл жыра, бірімен-бірі жалғасып жатқан қотанның аумағындай көп шұңқыр. Ішіне түссе адам адасарлық жынның ойнағы сияқты шытырман шұңқыр. Мың шұңқыр.             - Дәуде болсаң осының ішінде жатырсың ғой,- деді Темір ерні жыбырлап, айналаға көз жіберіп келе жатып. Бұл болжал орынды да еді. Сол жылдары Ордадан Гурьевке дейін, Гурьевтен Оралға дейін өрлеп, кейін серпіп, Ойыл мен Қиылдан әрі Маңқыстау түбегіне баспаналап шарлап жүрген Ерғали мен Құныскерейдей болмаса да түн жамылып келіп ат алып, оңаша өрістен мал қуып кетуші ауыл арасының қарақшылары да мол болатын. Бұлардың барар жері мен басар тауы да жақын төңірек - күндіз ой-шұқырда бұғып, түнде торитыны ауыл маңы ғана... Келе жатқандардың алды жылан қырқа. Темірдің есіл-дерті қырқаның арғы бауырына түсу. «Сөз жоқ осы қырқаның астындағы көп қуыстың бірінде!» - дейді ол ішінен. Тіпті оның көз алдына Нұрсұлтанның алпамсадай ажарсыз бет-сиқы елестеп те кетеді. «Әттең бір...» - деп, қырқаға жеткенше асығып, атын тебініп қалады. Күн батуға таяу тұр. Таудың кәрі қабағы батар күннің қызыл шапағына шомып, қыртыстыртысы жазыла түскендей. Әскер алқымдап жылан қырқаға да таянды. Әскер деген аты ғана - небәрі он екі-ақ адам. Олар: Қызыл құмақтың Темірі, Асан және Қажи-Ахмет. Сонсоң аудандық милиция бөлімінің үш қызметкері, ГПУ-ден бір жігіт, қалғаны аудандық комсомол комитеті қосқан жастар-ды. Бәрі де қару-жарақты. Ұзамай, жылан қырқаның басынан бір адам қараң ете түсіп, жоқ болды. Жалма Темір де, басқалары да аттарын матай салып, бір жүлгені қуалай қырқаның үстіне қарай бет қойды. Құс ататын мергендерше бүкшеңдеп, тұс-тұсынан тырмысып, қырқаның жалына жармасты. Кепкасын қалтасына тығып, наганын қолға жалаң ұстап, жұрттан бұрын Темір ілгері ентелей берді. Ол алдындағы қауып-қатерді елемеді. Бар ойы аттардың айналасында. Сатып көзін жоғалтып жіберсе не болмақ? Атсыз, көліксіз не істемек? Біреуді екі ете алмай жүргенде... Егін алтын шашақтанып қалған. Енді бір жұмада басын тегіс иерлік... ...Аяғының астындағы қос шұңқырдан мылтық «гүрс» етті. Кейінде қалған тау да оны жаңғырығымен қостағандай. Алдында жатқан қоңыр-қоңыр көк тасты бетіне ұстай Темір жата қалып еді, екінші атқан оң бұл теңкиген өлік тастың шекесін жалап «шың» еткізді, өзі әлдеқайда жоғары серіпкендей болды. Өзін көздегенін сезіп, Темір қара жерді қапсыра құшақтай алды. Біраз жатты. Мылтық дауысы да толастады. Енді бұлардың кейінгілері қырқаға иек сүйей бергенде тарыста-тұрыс... Төңіректі көк түтін құшақтап, айнала тұманданып жүре берді. Бұққандар шұңқырдан, келгендер қырқа жиектен тәуекел атады. Келгендер қанша? Бұққандар нешеу? Екі жаққа да жұмбақ. Бұрқ еткен түтін мен тарс еткен мылтық даусын ғана санауға боларлық. Мұны да есепке алған жан жоқ. Бірнеше минуттан кейін мағынасыз атыс кілт үзілді. Аңдысу. Іштен тыну. Аздан соң: - Ал, атқылаңдар!- деп айқалады да, Темір түтін тұманы молайған кезде қырқаның басынан тастаған кесектей, төмендегі шұңқырға сүңгіп кетті. Алдында алмас құрулы тұрса да тоқтар емес... Наганының құлағы қайырулы, сары ожаудың сабындай қос шұңқырмен жалғасып жатқан жалғыз аяқ жыра-жүлгемен жүгіріп келіп, Темір қарсы алдынан кездескен бір шоқ жусанның түбіне құлай кетті. Бұл қос шұңқырдың кіре беріс босағасы еді. Бұғып жатып дем алды. Жасырынған жауының қай жерде, қалай атып тұрғанын байқады. Апан екеу, бірақ екі арасы кетік - бірімен-бірі жалғасып жатыр. Үлкендеуінің кеңдігі қой қорасындай, тереңдігі - кісі бойы бар. Шығар жер Темір жатқан жүлге сияқты. Кең шұңқырдың төрінен бұл екі ара едәуір жер - жиырма-отыз саржандай. Шоғыр жусанды паналаған Темір үйрек алар қаршығадай-ақ қомданып отыр. Шоқ жусаннан сығалап қарап, қай жерде қандай адам барын бақылайды. Кейіндегілерге «Тоқтата тұрыңдар!» деуге де шама келер емес. Үсті-үстіне атыс. Мылтық күрсіліне төбе тулап, тас жылап жатқандай. Еңбектеп жылжып, ол үлкен апанның нақ жиегіне жетті. Бұққан үстіне бұға түсті: не бәрі екі бұрышта екі-ақ адам, бейне бір қақпанға түскен сияқты, бұрыштанбұрышқа бүктетіле жүгіріп, зыр қағып жүр. Бір бұрыштан атып қалып, екіншіге бүкшеңдейді... - Ә, түсіндім қулығыңды! Сырттағылар: көп екен, айнала атып жатыр!- десіннің айласы. Қарай көр,- деп, ол ішінен күліп жіберді.- Тоқтай тұр, бәлем. Енді қайда құтылар екенсің! Керек болса: екеуіңе екі-ақ оқ! Бірақ, тірілей ұстау қажет. Көз үйрене келе аралары аса жақын сияқтанды. Бөліп, көз таса етіп тұрған шымылдық - бір ғана қу шөке. «Осының өзі анық Нұрсұлтан ба?» деп қадала қарайды. Сол. Кәдімгі алпамсадай ажарсыз Нұрсұлтан. Бет-ауызы ап-айқын көрініп тұр: мұрны, иегі... Өндіршегі сорайып, көйлегінің жағасынан бір қарыс шыққан. «Бұрын жұрт: Нұрсұлтан өмірінде саспайды деуші еді, бұл жолы не болған? Зыр қағып, жүгіріп жүр. Оқта-текте мен жаққа жалтақ-жұлтақ қарайды, сытылып шығар жерін көздегендей!» дейді Темір ерні жыбырлап. Уақыт жылжып, айнала қара көлеңке тарта бастады. Темір бұққан күйі, шөкеден сығалап, екеуінен көзін айырмайды. Шұңқырдың қақ ортасында қоқыр-соқыр болып үйілген киім-кешек. Кезек-кезек келіп содан екеуі оқ алады. Бар қаруы: қолдарындағы екі шолақ мылтық пен оқ алар жерде жатқан қылыш болуы керек. Қасындағысын Темір тани алмады, бұрын-соңды көрмеген адамы. Серігі кім болса ол болсын, оның аңдығаны тек қана Нұрсұлтан. Орнынан қозғалмайды, наганының құлағы қайырулы, қит етсе шап беруге дайын жатыр. Бір кезде қасындағы шақпақ қара жігіт Темірге қарай жүгіріп келе жатты, бірақ мылтығы кезеулі емес, ауызы екінші жаққа бұрулы. Атып салмақ боп Темір наганының шаппасына қолын жылжытты. Сұқ қолы шаппаға барып та қалды. Кенет: «маған келе жатқан жоқ қой» деген ой кілт тоқтатып тастады. Ал, шақпақ қара мылтығын көлденең ұстаған күйі, шұңқырдың жиегіне жармасқан еді. Ол басын жоғары қылтитып, айнала үңілді. «Осы құрғыр айласын асырып атып жіберер» деп, Темір бұрын қимылдау үшін наганын дөптеп, қарақшы қарадан кірпік қақпай көзін айырмады. «Бұл не қарап тұр?» деп ол қарақшының үңілген жағына көз тастап еді - бір нәрсе қараң етіп қайта жоқ болды. Шақпақ қара солай қарай мылтықты бір басып қалды да, екінші қайтып оқ шығармады, бұрылып әрі жылжыды. Шаппадан қолын кері тартып ол «Уф!»- деді. Жаны жаңа ғана жай тапқандай, аударылып шалқасынан жатты. Желкесімен жер сүзе, енді жауын төбесімен қарап, шалқалап аңдыды. Шірене түсті. Денесін жазды. Ұзақ уақыт етбеттеп жатып құрысқан бойын қалпына келтіргендей болды. Қадау-қадау атыс ұзаққа созылды. Қараңғы түсе бастады. Темір енді аударылып, шынтақтап жатып аңдыды. Кейінгі адамдарының қай шұңқырда жатқанын ол анықтай алмады. Таудың түні тұнжыр түн ғой. Қалай атысты екен? Не анықтау керек, не алу керек сияқты. Жазғы қысқа таң атып қалуға да таяу. Бірте-бірте жұлдыздар сирей бастаған да сияқты. Аздан кейін торғай шыр етті. Тау қойыны таң алдындағы ұйқыға кеткендей тып-тыныш. Темірдің көзі Нұрсұлтанның ербелеңдеген қимылында. Ол бір тұрып, бір отырады. Қасындағысы шұңқырдың жиегіне жабысып тұр. Үнсіз. Сәлден кейін Нұрсұлтан винтовкасын жерге бір ұрды да қасындағыға: - Неше оғың қалды?- деді. Анау сұқ қолын шошайтты. Темір ішінен: «Е-е» деді. Екеуі жалма-жан жиналып киімдерін кие бастаған сияқты... Қашуға айналғанын сезіп Темірдің жүрегі алып ұшып, беті дуылдап, еті шіміркеніп кетті. Екінші минутте оның тұла бойы күйіп бара жатқандай болды... Екеуі шұңқырдың жылан қырқа жақ жиегінен басын қылтитып бір қарап алды да тура Темірге қарай жүгірді. Бұл нақ босағада тұрып тап беретін тарғыл мысықша жиырыла қалды, наганының аузын туралады... «Екеуі болмас... Біреуін... Нұрсұлтанды...»- деген ой жалт еткендей болды. Және:-Жә бұлар... Жә мен... Өлім аузын арандай ашып тұрғандай. Толғануға шақат жоқ. Сұқ қол наган шаппасына жабысып қалды. Мылтық даусы жерді солқ еткізгендей болды. Орнынан ұшып тұрып, түйдегі жазыла түскен көк түтіннің астынан Темір құлаған жолдасының беліндегі наганға жармасып жатқан Нұрсұлтанды көрді. Сол арада алас ұрған ой: «Нұрсұлтан - Құныскерейден қалыспайтын мергеннің бірі» деген жұрттың лақабын көлденеңдетті. Жан ұшырғандай ол қарғып барып, басын көтере берген Нұрсұлтанды құлаштап соғып сарт еткізді, жұдырық шекеден тиді. Екінші рет соққанда ол етбеттеп қалды да Темір басына қона түсті. Қорылдағандай бір дыбыс беріп жатқан шақпақ қараның наганына жармасқан Нұрсұлтан қолы қарусыз бос көрінді. Бос қалған қолмен жер тіреп ол үстіндегі Темірді бөрік құрлы көрместен көтере түрегелді. Екеуі шап берісті. Неге екені белгісіз, қолы тиген сәтте ол жас жігітті аспандата көтеріп, ұршықша үйіріп ала жөнелді. Көтеріп жерге ұрар әдіске қарсы амал үйіргенде, тақымын тас қылып жиырып алды да, анау енді тастай бергенде Темір жазып қалған аяғымен жерге дік етті. Құламады да, қолын да жазбады. Ол жалма-жан «Ап!» деп, көре көзге алқынып қалған Нұрсұлтанның белінен қапсыра құшақтап, «ендігі кезек менікі» деген адамша үйіре бастады. Бірақ, қарақшының ирелеңдеген ұзын тірсектері жерден көтерілмей, аяғының ұшы тырманың тісіндей жерді ыдырып, айналасы бір жарым саржандай шеңбер сызып тастады. Темір екшеп-екшеп алып көтере берді және басы айналғанша үйіре берді. Сонсоң бөксесі бұлаңдап жоғарылай бергенде қарсы үйіріп шалқасынан жерге тарс ұрды. Дұшпан сұлық қалды. Сәл ентігін басып, есін жинаған Темір арт жаққа қарап:                    - Асан!- деп айқай салды. Бұл ертеңгі дауыс екі есе үдеп шығып, сол маңдағы төбе-төбені қуалай, тас біткенді жаңғырықтырып өтті. Жер астынан шыға келгендей шұңқырға қарғып түскен Асан: - Ант ұрғандардың екеуін де сылқитып салғансың ба?- деді. Ол ойында ештеме жоқ, сұлап жатқан екі адамға кезек қарап басын шайқады, асықпастан шақшасын суырды. - Асеке, тойға келдің бе, соншама!- деп, Темір оның жайбасарлығына ренжіп:- Тез! Тез! Мә белбеу! Байлаңыз ананың қолын!- деді. - Е, байламағанда! Қазір. Мына ұйқы ашарды иіскеп алайын... Асан мен Темір Нұрсұлтанның екі қолын тас байлап бола бергенде, жылан қырқаның астынан аңдып атқылаған кейіндегілері де келіп қалып еді. Қаруларын алып, үсті-басын мұқияттап тінткен жігіттер Нұрсұлтанның қалтасынан алақандай ақ қағаз тапты. Онда: «Бұл діннен безгендерге не істесең де күнә емес - дейді Құбекен. Жарықтық, Ишан біледі ғой...» Қысқа сөз. Арапша жазылған. Қол да жоқ, таңба да жоқ. Біріне-бірі қараған жігіттерге: - Бәрі белгілі ғой,- деді бастап жүрген аудан қызметкері. Басқалары бас изесті. Екі қолы байлаулы Нұрсұлтанды жетектеп, Асан ыңырсып «Әлеуләйіна» салып келеді. Ендігі бұлардың маңдай алды: «Кәміл сонда!» деген, көп шұңқырдың әрегіректегісі. Ол шұңқыр бес-алты ат түгіл, бір үйір жылқыны да көзден таса етерлік. Мұны Асан жақсы біледі. 1933 жыл. Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы
19.11.2013 08:15 3256

Шөккен нардай көлбеп жатқан жота-жота Көктау, асусыз асқар болмаса да, даланың жалпақ жазығында тау атағына ие. Оның да өзіне сай құз-қиялары, жықпыл-жыралары, қойнаулары, асулары, жылап аққан бұлақтары бар. Бетін күн, желкесін жел кемірген қотыр тастары айқара құшақтасып жатады. Таудың арқа беті тіп-тік қия. Құлама. Күңгейі - жайпақ еңку. Еңку төмендеп барып шұңқырлы ойпатқа айналып кетеді. Шығыс беті сілемденіп, құмақты, шағылды, көз жетпейтін жазыққа ұласып жатыр. Көктаудың жықпыл-жықпылын сүзіп, бірнеше қыраттарынан асып, енді келесі дөңеске бет қойып жүріп келе жатқан он шақты адамның алдында Темір бар еді. Оның қабағы қату, жүзі түксие түскен, өзгеше ызғарлы. Тау мен дөңестің екі арасындағы үлкен ойпаттың іші жықпыл-жықпыл жыра, бірімен-бірі жалғасып жатқан қотанның аумағындай көп шұңқыр. Ішіне түссе адам адасарлық жынның ойнағы сияқты шытырман шұңқыр. Мың шұңқыр.

            - Дәуде болсаң осының ішінде жатырсың ғой,- деді Темір ерні жыбырлап, айналаға көз жіберіп келе жатып. Бұл болжал орынды да еді. Сол жылдары Ордадан Гурьевке дейін, Гурьевтен Оралға дейін өрлеп, кейін серпіп, Ойыл мен Қиылдан әрі Маңқыстау түбегіне баспаналап шарлап жүрген Ерғали мен Құныскерейдей болмаса да түн жамылып келіп ат алып, оңаша өрістен мал қуып кетуші ауыл арасының қарақшылары да мол болатын. Бұлардың барар жері мен басар тауы да жақын төңірек - күндіз ой-шұқырда бұғып, түнде торитыны ауыл маңы ғана... Келе жатқандардың алды жылан қырқа. Темірдің есіл-дерті қырқаның арғы бауырына түсу. «Сөз жоқ осы қырқаның астындағы көп қуыстың бірінде!» - дейді ол ішінен. Тіпті оның көз алдына Нұрсұлтанның алпамсадай ажарсыз бет-сиқы елестеп те кетеді. «Әттең бір...» - деп, қырқаға жеткенше асығып, атын тебініп қалады. Күн батуға таяу тұр. Таудың кәрі қабағы батар күннің қызыл шапағына шомып, қыртыстыртысы жазыла түскендей. Әскер алқымдап жылан қырқаға да таянды. Әскер деген аты ғана - небәрі он екі-ақ адам. Олар: Қызыл құмақтың Темірі, Асан және Қажи-Ахмет. Сонсоң аудандық милиция бөлімінің үш қызметкері, ГПУ-ден бір жігіт, қалғаны аудандық комсомол комитеті қосқан жастар-ды. Бәрі де қару-жарақты. Ұзамай, жылан қырқаның басынан бір адам қараң ете түсіп, жоқ болды. Жалма Темір де, басқалары да аттарын матай салып, бір жүлгені қуалай қырқаның үстіне қарай бет қойды. Құс ататын мергендерше бүкшеңдеп, тұс-тұсынан тырмысып, қырқаның жалына жармасты. Кепкасын қалтасына тығып, наганын қолға жалаң ұстап, жұрттан бұрын Темір ілгері ентелей берді. Ол алдындағы қауып-қатерді елемеді. Бар ойы аттардың айналасында. Сатып көзін жоғалтып жіберсе не болмақ? Атсыз, көліксіз не істемек? Біреуді екі ете алмай жүргенде... Егін алтын шашақтанып қалған. Енді бір жұмада басын тегіс иерлік... ...Аяғының астындағы қос шұңқырдан мылтық «гүрс» етті. Кейінде қалған тау да оны жаңғырығымен қостағандай. Алдында жатқан қоңыр-қоңыр көк тасты бетіне ұстай Темір жата қалып еді, екінші атқан оң бұл теңкиген өлік тастың шекесін жалап «шың» еткізді, өзі әлдеқайда жоғары серіпкендей болды. Өзін көздегенін сезіп, Темір қара жерді қапсыра құшақтай алды. Біраз жатты. Мылтық дауысы да толастады. Енді бұлардың кейінгілері қырқаға иек сүйей бергенде тарыста-тұрыс... Төңіректі көк түтін құшақтап, айнала тұманданып жүре берді. Бұққандар шұңқырдан, келгендер қырқа жиектен тәуекел атады. Келгендер қанша? Бұққандар нешеу? Екі жаққа да жұмбақ. Бұрқ еткен түтін мен тарс еткен мылтық даусын ғана санауға боларлық. Мұны да есепке алған жан жоқ. Бірнеше минуттан кейін мағынасыз атыс кілт үзілді. Аңдысу. Іштен тыну. Аздан соң: - Ал, атқылаңдар!- деп айқалады да, Темір түтін тұманы молайған кезде қырқаның басынан тастаған кесектей, төмендегі шұңқырға сүңгіп кетті. Алдында алмас құрулы тұрса да тоқтар емес... Наганының құлағы қайырулы, сары ожаудың сабындай қос шұңқырмен жалғасып жатқан жалғыз аяқ жыра-жүлгемен жүгіріп келіп, Темір қарсы алдынан кездескен бір шоқ жусанның түбіне құлай кетті. Бұл қос шұңқырдың кіре беріс босағасы еді. Бұғып жатып дем алды. Жасырынған жауының қай жерде, қалай атып тұрғанын байқады. Апан екеу, бірақ екі арасы кетік - бірімен-бірі жалғасып жатыр. Үлкендеуінің кеңдігі қой қорасындай, тереңдігі - кісі бойы бар. Шығар жер Темір жатқан жүлге сияқты. Кең шұңқырдың төрінен бұл екі ара едәуір жер - жиырма-отыз саржандай. Шоғыр жусанды паналаған Темір үйрек алар қаршығадай-ақ қомданып отыр. Шоқ жусаннан сығалап қарап, қай жерде қандай адам барын бақылайды. Кейіндегілерге «Тоқтата тұрыңдар!» деуге де шама келер емес. Үсті-үстіне атыс. Мылтық күрсіліне төбе тулап, тас жылап жатқандай. Еңбектеп жылжып, ол үлкен апанның нақ жиегіне жетті. Бұққан үстіне бұға түсті: не бәрі екі бұрышта екі-ақ адам, бейне бір қақпанға түскен сияқты, бұрыштанбұрышқа бүктетіле жүгіріп, зыр қағып жүр. Бір бұрыштан атып қалып, екіншіге бүкшеңдейді... - Ә, түсіндім қулығыңды! Сырттағылар: көп екен, айнала атып жатыр!- десіннің айласы. Қарай көр,- деп, ол ішінен күліп жіберді.- Тоқтай тұр, бәлем. Енді қайда құтылар екенсің! Керек болса: екеуіңе екі-ақ оқ! Бірақ, тірілей ұстау қажет. Көз үйрене келе аралары аса жақын сияқтанды. Бөліп, көз таса етіп тұрған шымылдық - бір ғана қу шөке. «Осының өзі анық Нұрсұлтан ба?» деп қадала қарайды. Сол. Кәдімгі алпамсадай ажарсыз Нұрсұлтан. Бет-ауызы ап-айқын көрініп тұр: мұрны, иегі... Өндіршегі сорайып, көйлегінің жағасынан бір қарыс шыққан. «Бұрын жұрт: Нұрсұлтан өмірінде саспайды деуші еді, бұл жолы не болған? Зыр қағып, жүгіріп жүр. Оқта-текте мен жаққа жалтақ-жұлтақ қарайды, сытылып шығар жерін көздегендей!» дейді Темір ерні жыбырлап. Уақыт жылжып, айнала қара көлеңке тарта бастады. Темір бұққан күйі, шөкеден сығалап, екеуінен көзін айырмайды. Шұңқырдың қақ ортасында қоқыр-соқыр болып үйілген киім-кешек. Кезек-кезек келіп содан екеуі оқ алады. Бар қаруы: қолдарындағы екі шолақ мылтық пен оқ алар жерде жатқан қылыш болуы керек. Қасындағысын Темір тани алмады, бұрын-соңды көрмеген адамы. Серігі кім болса ол болсын, оның аңдығаны тек қана Нұрсұлтан. Орнынан қозғалмайды, наганының құлағы қайырулы, қит етсе шап беруге дайын жатыр. Бір кезде қасындағы шақпақ қара жігіт Темірге қарай жүгіріп келе жатты, бірақ мылтығы кезеулі емес, ауызы екінші жаққа бұрулы. Атып салмақ боп Темір наганының шаппасына қолын жылжытты. Сұқ қолы шаппаға барып та қалды. Кенет: «маған келе жатқан жоқ қой» деген ой кілт тоқтатып тастады. Ал, шақпақ қара мылтығын көлденең ұстаған күйі, шұңқырдың жиегіне жармасқан еді. Ол басын жоғары қылтитып, айнала үңілді. «Осы құрғыр айласын асырып атып жіберер» деп, Темір бұрын қимылдау үшін наганын дөптеп, қарақшы қарадан кірпік қақпай көзін айырмады. «Бұл не қарап тұр?» деп ол қарақшының үңілген жағына көз тастап еді - бір нәрсе қараң етіп қайта жоқ болды. Шақпақ қара солай қарай мылтықты бір басып қалды да, екінші қайтып оқ шығармады, бұрылып әрі жылжыды. Шаппадан қолын кері тартып ол «Уф!»- деді. Жаны жаңа ғана жай тапқандай, аударылып шалқасынан жатты. Желкесімен жер сүзе, енді жауын төбесімен қарап, шалқалап аңдыды. Шірене түсті. Денесін жазды. Ұзақ уақыт етбеттеп жатып құрысқан бойын қалпына келтіргендей болды. Қадау-қадау атыс ұзаққа созылды. Қараңғы түсе бастады. Темір енді аударылып, шынтақтап жатып аңдыды. Кейінгі адамдарының қай шұңқырда жатқанын ол анықтай алмады. Таудың түні тұнжыр түн ғой. Қалай атысты екен? Не анықтау керек, не алу керек сияқты. Жазғы қысқа таң атып қалуға да таяу. Бірте-бірте жұлдыздар сирей бастаған да сияқты. Аздан кейін торғай шыр етті. Тау қойыны таң алдындағы ұйқыға кеткендей тып-тыныш. Темірдің көзі Нұрсұлтанның ербелеңдеген қимылында. Ол бір тұрып, бір отырады. Қасындағысы шұңқырдың жиегіне жабысып тұр. Үнсіз. Сәлден кейін Нұрсұлтан винтовкасын жерге бір ұрды да қасындағыға: - Неше оғың қалды?- деді. Анау сұқ қолын шошайтты. Темір ішінен: «Е-е» деді. Екеуі жалма-жан жиналып киімдерін кие бастаған сияқты... Қашуға айналғанын сезіп Темірдің жүрегі алып ұшып, беті дуылдап, еті шіміркеніп кетті. Екінші минутте оның тұла бойы күйіп бара жатқандай болды... Екеуі шұңқырдың жылан қырқа жақ жиегінен басын қылтитып бір қарап алды да тура Темірге қарай жүгірді. Бұл нақ босағада тұрып тап беретін тарғыл мысықша жиырыла қалды, наганының аузын туралады... «Екеуі болмас... Біреуін... Нұрсұлтанды...»- деген ой жалт еткендей болды. Және:-Жә бұлар... Жә мен... Өлім аузын арандай ашып тұрғандай. Толғануға шақат жоқ. Сұқ қол наган шаппасына жабысып қалды. Мылтық даусы жерді солқ еткізгендей болды. Орнынан ұшып тұрып, түйдегі жазыла түскен көк түтіннің астынан Темір құлаған жолдасының беліндегі наганға жармасып жатқан Нұрсұлтанды көрді. Сол арада алас ұрған ой: «Нұрсұлтан - Құныскерейден қалыспайтын мергеннің бірі» деген жұрттың лақабын көлденеңдетті. Жан ұшырғандай ол қарғып барып, басын көтере берген Нұрсұлтанды құлаштап соғып сарт еткізді, жұдырық шекеден тиді. Екінші рет соққанда ол етбеттеп қалды да Темір басына қона түсті. Қорылдағандай бір дыбыс беріп жатқан шақпақ қараның наганына жармасқан Нұрсұлтан қолы қарусыз бос көрінді. Бос қалған қолмен жер тіреп ол үстіндегі Темірді бөрік құрлы көрместен көтере түрегелді. Екеуі шап берісті. Неге екені белгісіз, қолы тиген сәтте ол жас жігітті аспандата көтеріп, ұршықша үйіріп ала жөнелді. Көтеріп жерге ұрар әдіске қарсы амал үйіргенде, тақымын тас қылып жиырып алды да, анау енді тастай бергенде Темір жазып қалған аяғымен жерге дік етті. Құламады да, қолын да жазбады. Ол жалма-жан «Ап!» деп, көре көзге алқынып қалған Нұрсұлтанның белінен қапсыра құшақтап, «ендігі кезек менікі» деген адамша үйіре бастады. Бірақ, қарақшының ирелеңдеген ұзын тірсектері жерден көтерілмей, аяғының ұшы тырманың тісіндей жерді ыдырып, айналасы бір жарым саржандай шеңбер сызып тастады. Темір екшеп-екшеп алып көтере берді және басы айналғанша үйіре берді. Сонсоң бөксесі бұлаңдап жоғарылай бергенде қарсы үйіріп шалқасынан жерге тарс ұрды. Дұшпан сұлық қалды. Сәл ентігін басып, есін жинаған Темір арт жаққа қарап:       

            - Асан!- деп айқай салды. Бұл ертеңгі дауыс екі есе үдеп шығып, сол маңдағы төбе-төбені қуалай, тас біткенді жаңғырықтырып өтті. Жер астынан шыға келгендей шұңқырға қарғып түскен Асан: - Ант ұрғандардың екеуін де сылқитып салғансың ба?- деді. Ол ойында ештеме жоқ, сұлап жатқан екі адамға кезек қарап басын шайқады, асықпастан шақшасын суырды. - Асеке, тойға келдің бе, соншама!- деп, Темір оның жайбасарлығына ренжіп:- Тез! Тез! Мә белбеу! Байлаңыз ананың қолын!- деді. - Е, байламағанда! Қазір. Мына ұйқы ашарды иіскеп алайын... Асан мен Темір Нұрсұлтанның екі қолын тас байлап бола бергенде, жылан қырқаның астынан аңдып атқылаған кейіндегілері де келіп қалып еді. Қаруларын алып, үсті-басын мұқияттап тінткен жігіттер Нұрсұлтанның қалтасынан алақандай ақ қағаз тапты. Онда: «Бұл діннен безгендерге не істесең де күнә емес - дейді Құбекен. Жарықтық, Ишан біледі ғой...» Қысқа сөз. Арапша жазылған. Қол да жоқ, таңба да жоқ. Біріне-бірі қараған жігіттерге: - Бәрі белгілі ғой,- деді бастап жүрген аудан қызметкері. Басқалары бас изесті. Екі қолы байлаулы Нұрсұлтанды жетектеп, Асан ыңырсып «Әлеуләйіна» салып келеді. Ендігі бұлардың маңдай алды: «Кәміл сонда!» деген, көп шұңқырдың әрегіректегісі. Ол шұңқыр бес-алты ат түгіл, бір үйір жылқыны да көзден таса етерлік. Мұны Асан жақсы біледі.

1933 жыл.

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға