Жаңалықтар

ІІ БӨЛІМ

Сүр қазыны да, Қорғанға бару үшін жетпей тұрған ақшаны да мен жоқ кездерде бөлімге үнемі хабарласып тұрған Оның тауып бергенін арада біраз уақыт өткен соң кездейсоқ білдім. Онда да мына Ләйла қызым сияқты бір балалардың «махаббат бар, махаббат жоқ» деген таластарына төрелік айту  үшін София апай мысалға келтірген. Жасының үлкендігін пайдаланып бірде Одан «Ділдәнің басы байлаулы адам, сен де балалы-шағалысың,  несіне әуре боласың?» деп сұраған екен София апай. Ақсары жүзі ду етіп қызарып «Жақсы көремін» депті. Сосын «Жақсы көргендердің бірге болуы шарт емес. Сол аман болса екен, қиналмаса екен деп тілеп жүремін. Қолымнан келсе, көмектесуге тырысамын» депті. Және өзінің көмек көрсеткенін білдірмеуді өтініпті. Міне, содан бері де он бес жыл өтіп кетті. Ол - елінде, мен - мұндамын. Кейде қандай болды екен деп ойлап қоям. Бірнеше рет пәтер ауыстырып, телефоным өзгерді. Бірақ соның барлығында да тауып алып, телефон соғып тұрады. Өткенде бір рет сөйлескенімізді жазып алдым, міне, тыңдаңдаршы. Ділдә ұялы телефонын шығарып, бір түймешесін басып қалды. - Халың қалай, жаным? - Жақсы, өзің қалайсың? - Жақсымын,  биыл келін түсірдік. - Құтты болсын, мен де келінді болдым!  - Тамаша ғой, қалай, көңілің тола ма? - Әрине, сондай нәп-нәзік, сүп-сүйкімді. - Өзің сияқты екен ғой... *  *  *      Телефондағы диалог үзілген соң Ділдә купедегілерге жағалай көз салып: «Жастар мұны махаббат дей ме, демей ме, білмеймін. Бірақ менен өмірдегі ең шынайы, мөлдір махаббат қандай болады деп сұраса, Оның маған деген махаббатын айтар едім», - деді. - Сонда он бес жылдан бері бір де бір рет кездескен жоқсыңдар ма? Сүйген адамдар бір-бірін көрмесе тұра алмайды демеуші ме еді? - деп Шәкизат сенбестік білдірді. - Тұра алады екен... - Сонда ол не, сіздің күйеуіңіз қайтқаннан кейін кездесуге тырыспады ма? - бұлай деп Алма таңдана сұрады. - Кездесуге мен қарсы болдым. Күйеуім қыз-қырқынның ауылын жағалап жүргенде өзім қалай қиналдым... Қалай қорландым десеңші! Басқа ешбір әйел заты менің басымнан кешкенді кешпей-ақ қойсыншы дедім. Отбасының шырқы бұзылмасын, балалары жаутаңдамасын, досы күліп, дұшпаны табаламасын дедім... Оның да соңынан сөз еріп, абырой-беделінен айырылмауын ойладым. Бұл да менің Оны шын сүйгендігімнің белгісі шығар... - Жоқ, мен түсінбедім, апа, - деді Ләйла сөзге араласып. - Сіз манадан бері «Ол», «Оны» деп отырсыз. Аты кім сонда оның? Қандай әдемі, ертегі сияқты әңгіме айтып бердіңіз. Страна должна знать своих героев! Атын айтыңызшы?.. Ділдә терезеден көз алмай, жүзі нұрлана жымиды. Сосын Ләйләға қарап: - Баламысың деген! Атын қайтейін деп ең? Жарайды, ақыры айтқан екенмін, түгел айтайын. Оның өзі қандай тамаша  жан болса, аты да сондай ғажап... Жи-гу-ли! - деп даусын әндете созды. - Кім? О, господи, ол - пивоның аты емес пе? Ділдәнің жаңа ғана гүл-гүл жайнап отырған жүзі кенет түнеріп кетті. Көзіндегі шуақ суық жарқылға айналып: - Ей, не деп отырсың сен? Не тіліңді, не діліңді сақтай алмаған бейшара бала! Темекі мен сырадан басқаны білмейсің бе? Саян десе - темекі деп, Жигули десе - пиво деп саныңды шапаттайсың? Мектепте жарытып оқымағансың да ғой! Біле-білсең ол - таудың аты! - деді қатқыл үнмен. Жолға шыққалы бері шуақты мінезінен бір айнымаған жаннан мынадай қатты сөздер күтпеген Ләйла жым болып, қалған екеуі үрпиісіп қалды. Қолайсыз үнсіздікті Ділдәнің өзі бұзды. - Басқа пәле - тілден деген, шырағым. Сен сөзге жылдам бала екенсің, соныңнан да сөз естіп қалып жатырсың. Жарайды... Артық айтсам, кешір... - Жигули деген тау бар екенін мен де білмеуші едім, апа, - деп жасқаншақтай тіл қатты Алма, - ол қай жерде? - Е-е, шырақтарым, сендер  мектеп мұғалімінің қадірі кеткен заманда оқыдыңдар ғой. Қайдан білесіңдер. Бағана мына Ләйла Саян дегенді темекінің атауы деуінің бір ұшығы сонда жатыр. Дұрысында ол - еліміздің шығысындағы әсем таудың аты, шырақтарым. Біздің халық ұл-қызына ат қойғанда таудай биік болсын,  айдай сұлу болсын, гүлдей нәзік болсын деп ырымдап қояды. Соны біле жүріңдер. Ал Жигули - Еділ өзенінің бойындағы ежелгі, қазыналы тау. Табиғаты ғажайып көркем, жыл сайын саяхатшылар топ-тобымен барып жататын жер. Бұл таудың сұлулығы қаншама ақынға шабыт беріп, орыс жерінің інжу-маржаны деп те, сол аттас қаланы қоңыраулары симфония ойнайтын қала деп те жырға қосылған. Таудың ежелгі, көне атауы Қыз тауы екен. Зерттеушілердің бірі таудың сұлулығына қарай солай атаған десе, екіншілері ол жерді батыр қыздар мекен еткендіктен қойылған деген жорамал айтады. Бәлкім рас та шығар... Он бесінші ғасырда өмір сүрген Фра-Мауро деген итальян саяхатшысы өз еңбектерінде бұл тауды "Амазония" деп атағаны да белгілі. Біраз еңбектерде «жигули» деген сөз түркінің «жегулі» деген сөзінен шыққан деп түсіндіріледі. Түрлі көтеріліске қатысушылар, бурлактар, Степан Разиннің жауынгерлері аттарын қаңтарып қойып, таудың қойнау-қойнауында бой тасалап, күш жинаған деген аңыз бар...  Соның рухынан да болар, бұл таудың қойнауында туған ұл балалар ержүрек, намысқой, батыр болып өседі дейді халық аңызы. *   *   * Осылай деп әңгімесін аяқтаған Ділдә купедегілерге күлімсірей қарады: - Жаман адам сырын айтам деп шынын айтады деген, апаларыңның сонша ақтарылғанын айып етпеңдер, шырақтарым. Өткен өміріміз сендерге өнеге болсын деген тілектен туған жай ғой.  - Дұрыс-дұрыс, еш сөкеті жоқ, - деп Шәкизат бірінші тіл қатты, - өзің әңгімеші екенсің ғой, құрдас. - Да, классно! Мен тура апашкамның ертегісіндей тыңдадым,- деп Ләйлә да қоштап қойды. - Әңгіме жол қысқартады деген рас екен. Шуға келіп қалғанымызды білмей де қалдық, - деді Алма терезеге үңіліп. - А-а, енді білдім, адамдары «ал, ал» деп шулап жүгіріп  жүрген соң станцияның атын солай қойған ғой, - деді Ләйлә жерден жеті қоян тапқандай қуанып. - Ділдә апа, солай ма?  Ділдә басын шайқап күліп: - Саған дауа жоқ екен! Олай емес! Ертеде осы өңірде елінің қорғаны болған Шу атты батыр өмір сүріпті... - дей беріп еді, Алма апасына қиыла қарады:  - Ділдә апа, тағы бір тамаша әңгіме басталғалы тұрған сияқты. Оны поезымыз жүрген соң айтыңызшы. Қазір жерге түсіп, ауа жұтып келейік...   - Ол да жөн екен, балам. Жүріңдер, қасиетті жердің саф ауасымен тыныстап қайтайық... Осылай десіп, арада өткен үш-төрт сағат, сол кезде айтылған жүрек тебірентер әңгіме жақындастырып, туыстастырып жібергендей болған купедегі төртеу қаздай тізіліп сыртқа беттеді. 29.10.2004 Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы
19.11.2013 06:14 3199

Сүр қазыны да, Қорғанға бару үшін жетпей тұрған ақшаны да мен жоқ кездерде бөлімге үнемі хабарласып тұрған Оның тауып бергенін арада біраз уақыт өткен соң кездейсоқ білдім. Онда да мына Ләйла қызым сияқты бір балалардың «махаббат бар, махаббат жоқ» деген таластарына төрелік айту  үшін София апай мысалға келтірген. Жасының үлкендігін пайдаланып бірде Одан «Ділдәнің басы байлаулы адам, сен де балалы-шағалысың,  несіне әуре боласың?» деп сұраған екен София апай. Ақсары жүзі ду етіп қызарып «Жақсы көремін» депті. Сосын «Жақсы көргендердің бірге болуы шарт емес. Сол аман болса екен, қиналмаса екен деп тілеп жүремін. Қолымнан келсе, көмектесуге тырысамын» депті. Және өзінің көмек көрсеткенін білдірмеуді өтініпті.

Міне, содан бері де он бес жыл өтіп кетті. Ол - елінде, мен - мұндамын. Кейде қандай болды екен деп ойлап қоям. Бірнеше рет пәтер ауыстырып, телефоным өзгерді. Бірақ соның барлығында да тауып алып, телефон соғып тұрады. Өткенде бір рет сөйлескенімізді жазып алдым, міне, тыңдаңдаршы. Ділдә ұялы телефонын шығарып, бір түймешесін басып қалды.

- Халың қалай, жаным?

- Жақсы, өзің қалайсың?

- Жақсымын,  биыл келін түсірдік.

- Құтты болсын, мен де келінді болдым! 

- Тамаша ғой, қалай, көңілің тола ма?

- Әрине, сондай нәп-нәзік, сүп-сүйкімді.

- Өзің сияқты екен ғой...

*  *  *     

Телефондағы диалог үзілген соң Ділдә купедегілерге жағалай көз салып: «Жастар мұны махаббат дей ме, демей ме, білмеймін. Бірақ менен өмірдегі ең шынайы, мөлдір махаббат қандай болады деп сұраса, Оның маған деген махаббатын айтар едім», - деді.

- Сонда он бес жылдан бері бір де бір рет кездескен жоқсыңдар ма? Сүйген адамдар бір-бірін көрмесе тұра алмайды демеуші ме еді? - деп Шәкизат сенбестік білдірді.

- Тұра алады екен...

- Сонда ол не, сіздің күйеуіңіз қайтқаннан кейін кездесуге тырыспады ма? - бұлай деп Алма таңдана сұрады.

- Кездесуге мен қарсы болдым. Күйеуім қыз-қырқынның ауылын жағалап жүргенде өзім қалай қиналдым... Қалай қорландым десеңші! Басқа ешбір әйел заты менің басымнан кешкенді кешпей-ақ қойсыншы дедім. Отбасының шырқы бұзылмасын, балалары жаутаңдамасын, досы күліп, дұшпаны табаламасын дедім... Оның да соңынан сөз еріп, абырой-беделінен айырылмауын ойладым. Бұл да менің Оны шын сүйгендігімнің белгісі шығар...

- Жоқ, мен түсінбедім, апа, - деді Ләйла сөзге араласып. - Сіз манадан бері «Ол», «Оны» деп отырсыз. Аты кім сонда оның? Қандай әдемі, ертегі сияқты әңгіме айтып бердіңіз. Страна должна знать своих героев! Атын айтыңызшы?..

Ділдә терезеден көз алмай, жүзі нұрлана жымиды. Сосын Ләйләға қарап:

- Баламысың деген! Атын қайтейін деп ең? Жарайды, ақыры айтқан екенмін, түгел айтайын. Оның өзі қандай тамаша  жан болса, аты да сондай ғажап... Жи-гу-ли! - деп даусын әндете созды.

- Кім? О, господи, ол - пивоның аты емес пе?

Ділдәнің жаңа ғана гүл-гүл жайнап отырған жүзі кенет түнеріп кетті. Көзіндегі шуақ суық жарқылға айналып:

- Ей, не деп отырсың сен? Не тіліңді, не діліңді сақтай алмаған бейшара бала! Темекі мен сырадан басқаны білмейсің бе? Саян десе - темекі деп, Жигули десе - пиво деп саныңды шапаттайсың? Мектепте жарытып оқымағансың да ғой! Біле-білсең ол - таудың аты! - деді қатқыл үнмен.

Жолға шыққалы бері шуақты мінезінен бір айнымаған жаннан мынадай қатты сөздер күтпеген Ләйла жым болып, қалған екеуі үрпиісіп қалды. Қолайсыз үнсіздікті Ділдәнің өзі бұзды.

- Басқа пәле - тілден деген, шырағым. Сен сөзге жылдам бала екенсің, соныңнан да сөз естіп қалып жатырсың. Жарайды... Артық айтсам, кешір...

- Жигули деген тау бар екенін мен де білмеуші едім, апа, - деп жасқаншақтай тіл қатты Алма, - ол қай жерде?

- Е-е, шырақтарым, сендер  мектеп мұғалімінің қадірі кеткен заманда оқыдыңдар ғой. Қайдан білесіңдер. Бағана мына Ләйла Саян дегенді темекінің атауы деуінің бір ұшығы сонда жатыр. Дұрысында ол - еліміздің шығысындағы әсем таудың аты, шырақтарым. Біздің халық ұл-қызына ат қойғанда таудай биік болсын,  айдай сұлу болсын, гүлдей нәзік болсын деп ырымдап қояды. Соны біле жүріңдер.

Ал Жигули - Еділ өзенінің бойындағы ежелгі, қазыналы тау. Табиғаты ғажайып көркем, жыл сайын саяхатшылар топ-тобымен барып жататын жер. Бұл таудың сұлулығы қаншама ақынға шабыт беріп, орыс жерінің інжу-маржаны деп те, сол аттас қаланы қоңыраулары симфония ойнайтын қала деп те жырға қосылған. Таудың ежелгі, көне атауы Қыз тауы екен. Зерттеушілердің бірі таудың сұлулығына қарай солай атаған десе, екіншілері ол жерді батыр қыздар мекен еткендіктен қойылған деген жорамал айтады. Бәлкім рас та шығар... Он бесінші ғасырда өмір сүрген Фра-Мауро деген итальян саяхатшысы өз еңбектерінде бұл тауды "Амазония" деп атағаны да белгілі.

Біраз еңбектерде «жигули» деген сөз түркінің «жегулі» деген сөзінен шыққан деп түсіндіріледі. Түрлі көтеріліске қатысушылар, бурлактар, Степан Разиннің жауынгерлері аттарын қаңтарып қойып, таудың қойнау-қойнауында бой тасалап, күш жинаған деген аңыз бар...  Соның рухынан да болар, бұл таудың қойнауында туған ұл балалар ержүрек, намысқой, батыр болып өседі дейді халық аңызы.

*   *   *

Осылай деп әңгімесін аяқтаған Ділдә купедегілерге күлімсірей қарады:

- Жаман адам сырын айтам деп шынын айтады деген, апаларыңның сонша ақтарылғанын айып етпеңдер, шырақтарым. Өткен өміріміз сендерге өнеге болсын деген тілектен туған жай ғой. 

- Дұрыс-дұрыс, еш сөкеті жоқ, - деп Шәкизат бірінші тіл қатты, - өзің әңгімеші екенсің ғой, құрдас.

- Да, классно! Мен тура апашкамның ертегісіндей тыңдадым,- деп Ләйлә да қоштап қойды.

- Әңгіме жол қысқартады деген рас екен. Шуға келіп қалғанымызды білмей де қалдық, - деді Алма терезеге үңіліп.

- А-а, енді білдім, адамдары «ал, ал» деп шулап жүгіріп  жүрген соң станцияның атын солай қойған ғой, - деді Ләйлә жерден жеті қоян тапқандай қуанып. - Ділдә апа, солай ма? 

Ділдә басын шайқап күліп:

- Саған дауа жоқ екен! Олай емес! Ертеде осы өңірде елінің қорғаны болған Шу атты батыр өмір сүріпті... - дей беріп еді, Алма апасына қиыла қарады: 

- Ділдә апа, тағы бір тамаша әңгіме басталғалы тұрған сияқты. Оны поезымыз жүрген соң айтыңызшы. Қазір жерге түсіп, ауа жұтып келейік...  

- Ол да жөн екен, балам. Жүріңдер, қасиетті жердің саф ауасымен тыныстап қайтайық...

Осылай десіп, арада өткен үш-төрт сағат, сол кезде айтылған жүрек тебірентер әңгіме жақындастырып, туыстастырып жібергендей болған купедегі төртеу қаздай тізіліп сыртқа беттеді.

29.10.2004

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға