Жаңалықтар

Қойлыбай

Талмаусырап барып төсекке қисайғандықтан ба, түс те көрген жоқ, таң атқанша еш нәрсені елең қылмай тыриып ұйықтай беріпті. Тек таң алдында ғана бойы тоңазып, жаурай бастағанда көзін ашты. Екі аяғы ағаш секілді серейіп-серейіп, тізесіне дейін ашылып қалған екен. Қатып қалыпты" Атаңа мың нәлет-ай, менің түбіме осы есектің тоқымындай ескі құрама көрпе жетер. Басыңды бүркесең - аяғың, аяғыңды жапсаң - басың ашылып қалатын осыдан өзгесі жоқ па екен бұл үйде!" деп, ішінен кейіп қойды. Мұнысы - әйеліне ашуланғаны. Шынтуайтқа келіп, шындық алдына жүгінер болса, бұлай ашу шақыратын да ешбір реті жоқ. Әйелінде не кінә бар, жағатұғын отын табылса темір пешке толтыра салып, гүрілдетіп тұрып сырты қызғанша, қызуы сыртына тепкенше жақса, көрпенің құны көк тиын болмас па. Бұрнағы күні жаман тырылдақ мотоциклімен осында келіп кеткен Сары ақсақалдың баласынан орталыққа хабар жіберген. "Отын таусылды, тездетіп көлік жіберсін" деп, қатты-ақ дайындаған сықылды еді. Әлі бұлай қарай қыбырлаған бір жан жоқ. Былшықтанып қалған қой көзін сығырайта ашып, әйелі жаққа бұрылды. Ол да аяқ-қолын бауырына алып, бір уыс болып бүрісіп қалыпты. Балалары да... Қайтсін, үй болса азынап тұр. Енді Қойлыбай бастыққа іштей кейістік білдірді. "Ау, мұндағы жұртты қыра ма, қыбырсыз қалғандары несі, шіркіндердің!.." Кенет оқыс бір ой келді оған. Құрама көрпені шыбын құрлы көрмей аяғымен серпіп тастап, орнынан ұшып түрегелді. Сонан соң түнде қалай болса солай тастай салған жұмыс киімдерін әр жерден іздеп тауып алып, киіне бастады. Әйелі қимылдады. "Байғұс тоңып жатыр-ау" деп мойнын бұрып қарап еді, көкпеңбек екі көзі мұның тұла бойын тінтіп жүр. Ерні жыбырлап, болар-болмас бір нәрсені күбірлейтін сияқтанады.    - Не дейсің ей?! Түс көріп жатырмысың? -  Нақа бір міндеті бар кісідей зілмен айтты. - Шауып қойдым деген отыныңды есекпен болса да там-тұмдап жеткізсеңші. Құдайдың күні мынау, қатып өлерміз. - Өзім де соны ойлап, ерте жиналып жатқан жоқпын ба? - деп тағы бір зекіре жөнелмекші болды да, өзін-өзі тежеді. Үн-түнсіз тонын, тымағын киіп, тысқа беттеді. Есікке жете беріп, кідіріп, әйеліне: - Малды кешіктірмей қорадан шығарыңдар, Еркебайға айт, алысқа жайып жүрмесін. "Айкөлдің" бергі бетінен ұзамағаны дұрыс. Шойын жолдың арғы жағына өтем деп, малды жүйткіп келе жатқан пойыздың астына түсіріп, қырып алып, масқара болып жүрмейік, - деді де, шығып кетті. Тысқа шыққан соң, аз-кем кідірді. Шағыр көз, қайқы бел атына мінгені дұрыс па, әлде сұр есекті ерттеп алғаны жөн бе?..  Асылы, есек дұрыс болар. Көнбіс жануар емес пе. Байғұс шағыр көз ат та бір мезет тыныстасын. Онсыз да мініс аз болып жатқан жоқ. Жоқ қараса да соған мінеді, орталыққа барып қайтса да соған мінеді.  Обал-ақ. Тілік құлақ сұр есекті ерттеді.  Жүрер алдында еш нәрсе ұмыт қалмады ма деп кішкене кібіртіктеп тұрып, онысы дұрыс болды, ауыздағы үйдің босағасындағы ілулі тұрған арқанды қыстыра кетті. "Жыңғыл байлауға керек болар" деп, жол-жөнекей үш-төрт сым темір қосты да, есегіне мініп, Әзірет Сұлтан кесенесін бағытқа алып, сол беткейдегі тоғайға қарай тепеңдетіп бара жатты. Тоғай дарияның жағасында, бір бүйіріне қалталанып орын тепкен. Дәл осы тұста Сырдария тым жіңішке, бірақ ағыны ерен күшті. Көбік шашқан асау толқындар бір-бірімен қуыспақ ойнағандай, жүгірісіп-жүгірісіп алады. Қанша қарасаң да көз тойдыру қиын. Енді бір пәсте сол қуыспақ ойнаған төбе толқындармен араласып неше түрлі нәрселер аударылып-төңкеріліп ағып бара жатады. Оның арасында не жоқ дейсің! Бір шеті ғана қылаң етіп қылтиып, кейде соның өзі де шым батып, ұзақ уақытқа дейін жоқ болып кетеді, ағып бара жатқан әлгіні бір қарағанда айыра алмайсың. Әне бір жолы Қойлыбай дарияның жайпауыттау бір жеріне құйрығын қойып, көтеріліп-басылып, көтеріліп-басылып, жөңкіліп жатқан ағысқа қарап, демалып отырған. Жүгірген толқындармен жарыса, оқта-текте көкке тік атылып, шоршып түсетін қылыш балықтардың қылығын қызықтау үстінде ойда-жоқта бір батып, бір шығып келе жатқан адамды көрді. Кәдімгі адам! Дарияның дәл ортасымен төмен қарай ағып бара жатыр. Қойлыбай орнынан ұшып түрегеліп жалма-жан жейдесін, шалбарын шеше бастады. Бейшара бейбақ өледі ғой енді. Жүзіп барып жағаға сүйреп шығарайын. Әне-әне қарашы, дыбыс беруге де шамасы жоқ, оқтын-оқтын терең суға шым-м батып, әзер дегенде басын қылтитады. Сол сәтте, шамасы, аузын толтыра бір-ақ рет демалып үлгеретін болар. Сорлы, құлаштап сермеп, су бетімен сумаңдап жүзе жөнелмесе де, ел құсап, ең болмаса малтуды да білмегені... Терең суға атыла секіріп кетті де, зым-зия жоғалып, бір ауық судың беті түк болмағандай жайбарақат ағысына басқанда, ана тұстан су жыландай сумаң ете қалды. Қойлыбай кішкентайынан осы дарияға шомылып өскендіктен, жүзудің неше түрін білетін, қазір сонысы кәдеге жарады. Ол ә дегенше жаңағы шалажансар денені қуып жетіп те алды. Соңғы рет бір сүңгіп барып, басын шығарса, о керемет, әлгісі тұп-тура адам бейнесінен айнымайтын кеспелтек бөрене екен. Енді өзінен-өзі қарқылдап тұрып күлсін. Күлемін деп дарияның кенеттен ұрған асау толқынына оранып, су жұтып қойды. Сосын құлашын созып, тез-тез сермеп, жағаға жетуге асықты... Оның әкесі бар ғұмырын осы дария бойында өткерген көрінеді. Ертеректе, Кеңес өкіметіне дейін, байдың малын бақса, бертін келе топ-топ болып, артельдер ұйымдастырылып жатқанда, өз еркімен келгендердің бірі де сол кісі екен. Бұның әкесі екен. - Қойлыбайым қой бағады, бар байлық, бар береке енді малда, -  деп отырады екен ол. Сол айтқаны айнымай келді. Қойлыбай бұл күндері Қырат аулының қоралы қойының иесі. Қойшы болғанда анау-мынау емес, бақандай жиырма жыл өмірін арнапты осынау қара тобырдан оқшау кәсіпке. Бүгіндері біреуге жол сілтемесе, өзі барып біреуден ақыл сұрамақ емес. Қара қойдың соңына табаны күректей жиырма жыл түссең, түсінбейтін түйткілі, ашылмайтын құпиясы қалушы ма еді сірә да. Міне, бұл тұста Қойлыбайдың мақтанар да, масаттанар да реті бар. Қойлыбай әлі қара қойдың қамын жеп келеді, балалары соның нанын жеп келеді. Әкесі біліп айтты-ау, асылы. Қара қой - байлық ол. Қойың болса, тойың да болады дер еді бұл. Жамауының жөнделіп, жыртығының бітелгені осы қойдың арқасы. Оның несін жасырады. Кедей әкеден көсеп алар дүние қалмады. Қойлыбай барлығын да өз алақанымен, өз маңдай терімен тірнектей жүріп жинады. Құдайға шүкір, бұл күнде бес бірдей бала өсіріп отыр. Есігінің алдында екі сиыры, бір биесі, азын-аулақ уақ малы бар. Мұның бәрі де өзіне тиесілі. Қыз ұзатып көрсе де, келін түсіре қойған жоқ әлі. Ә-ә, оның да күні туар. Оған дайындық, әзірлік қажет. Кімнің қызы тегін жатыр дейсің. Түк берме дегеннің өзінде сый-сияпаты бар, той-томалағы бар, бірер ірі қараң мына жерде кетпей ме! Бұл жағы да ойында. Соңғы кездері қыста қыстаулас, жазда жайлаулас қойшылар бұны "сен де осы дүние-қоңыз болып бара жатқан жоқсың ба" деп келеке етіп жүр. Тірнектеп жимаса, тіріде дүниенің басы құралар деймісің. Күле берсін. Ит үрген, керуен бәрібір көше берген. Оның үстіне... шалқақтар уақыт па, заман күннен-күнге мың құбылып барады. Әттең, ана қызыл сиыр аман-есен бұзауласа, оның бұзауы ұрғашы болып шықса... Мал басының өсуі деген сол... Ол тілік құлақ ескектің үстінде қалғып-мүлгіп отырып, тоғайға қалай жеткенін де сезбей қалды. Тоғай жүрер аяққа қыстаудан әудем жер. Енді сұр есекті өткен жолы арнайы келіп, ағаш қырқып, жинап кеткен жерге қарай бұрды. Дәл осы сәтте оған оқыстан жаман ой келді. "Отын іздеп, қаңғырып жүрген біреулер басып әкетпеді ме екен?! Сөйтіп аузымды аңқитып кетпесе жарар еді..." Жоқ!.. Аман екен. Отын орнында. Ол енді есектен түсіп, сым темірмен жыңғыл бууға кірісті.  "Ақыры әуре болып келдім ғой" деп, жуан-жуан етіп төрт бау жасады. Бірақ азап сонан соң басталды, төртеуін кендір арқанмен мықтап байластырған соң есектің үстіне арту жалғыз кісіге оңай тимеді. Қалай ойласа да, айласы да аспады, күші де жетпеді. Алдында таңғы шыңылтыр аязға жауырыны құрыстанып, денесі мұздаған сықылданып еді, мынаны есекке артам деп, маңдайынан шып-шып тер шықты. Жіптің бір ұшын есектің мойнынан әрі асырып, бергі тұсынан көтеріп жүріп артты-ау, әйтеуір!.. Сонан соң маңдайының терін сүртті, аз-мұз демалды. Бұл тойымсыздық дегенді қойсаңшы. Төрт бау отын есекке аз жүк емес екенін біле тұрса да, үстіне тағы да жуан кеспелтек ағаштан бес-алтауын тастады. Енді есекке міну жоқ. Үйге отынды-ақ жеткізіп алсын. Арқанның артылған ұшын есектің үстіне лақтырып тастап, жолға салды. Есек ә дегенде орнынан жылдам қозғалды да, үстіндегі жүктің жеңіл емес екендігін сезді білем, сәлден кейін-ақ аяғын сылти басып, кібіртектеп қалды. Қойлыбайға мұнысы ұнамады. Қолындағы қамшымен есекті екі-үш рет осып-осып жіберді. Жанына батқан соң, ол аяғын жылдам-жылдам басты. Қойлыбай мұнан кейін қайтып ұрған жоқ, аяды. Жүкті де сол көтеріп, дүрені де сол алатындай не жазығы бар бейшараның! Біраз жүрген соң, бағанағы қамшының ащы ізі есінен шыққан болуы керек, сұр есек тағы да баяу қалпына түсті. Тіпті әрі-беріден соң Қойлыбайдың ашуын келтірді, "мейлі, бір жетерміз" деп басқа бір нәрселер ойлағысы келсе де болмады. Содан кейін қамшысын қолына алды да, тағы да екі-үш рет аяусыз осқылады. Қиқар мінез есек те осыны күткендей Қойлыбайға оқыс мінез көрсетті. Жалт беріп, жол жиегінде қалың ағаштың арасына қойып кетпекші болған. Бірақ арасына кіруге үстіндегі жыңғыл кедергі жасады. "Әй, мына иттің малы қайтеді, а!" дегенше болмады, бір-екі жұлқынғанда үстіндегі төрт баулы бір буда жыңғыл жерге ауып түсуге шақ қалды. Бағанағы азапқа енді қайтып кезігем деп ойламап еді, міне, тағы да аяқ астынан тап болды. Есекті қақпайлап, бері алып шығайын десе, үстіндегі жыңғыл жерге түсіп кеткелі тұр, сол орнында түземекші еді, онысы оңайлықпен келе қоймады. Жыңғылдың ауып кеткен жағына иығын төсеп, бар күшін сала, ышқына, күш бере көтерді, қолымен де демеді, бәрібір болмады. Ауған жүк орнына келе қояр емес, әбден титықтауға айналды. Терлегеннің көкесі осы жерде басталды. Есек болса, өзіңе де осы керек дегендей, жайбарақат демалып түр. Қойлыбай енді бірақ, кіжініп, іштен тынғаннан басқа түк те істей алмады. Оны түртіп қалсаң, отын алаңсыз жерге топ етіп түскелі тұр. Сөйтіп, әудем уақыт бойы әуреге түсті, сөйте-сөйте айласын тауып, әрең деп, бір уақытта ауған жыңғылды қайта қалпына келтірген сияқты болды-ау. Енді қыстауға жеткенше тағы бір жағына жантая кетпесе екен деп аллаға мың мәрте жалбарынумен келеді. Ең үстіндегі жуан кеспелтек ағаштың бәрін де әлгінде лақтырып тастады. Онсыз да төрт бау жыңғылдың күйігі жанына аяздай батып барады. Бағанағы төрт өрме қамшының заманы өтті, оны есек те сезген сияқты. Жолға түскен соң аяғын самарқау басты. Қойлекең соңынан ілбіп, еріп келеді. Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы
19.11.2013 05:29 3942

Талмаусырап барып төсекке қисайғандықтан ба, түс те көрген жоқ, таң атқанша еш нәрсені елең қылмай тыриып ұйықтай беріпті. Тек таң алдында ғана бойы тоңазып, жаурай бастағанда көзін ашты. Екі аяғы ағаш секілді серейіп-серейіп, тізесіне дейін ашылып қалған екен. Қатып қалыпты" Атаңа мың нәлет-ай, менің түбіме осы есектің тоқымындай ескі құрама көрпе жетер. Басыңды бүркесең - аяғың, аяғыңды жапсаң - басың ашылып қалатын осыдан өзгесі жоқ па екен бұл үйде!" деп, ішінен кейіп қойды.

Мұнысы - әйеліне ашуланғаны. Шынтуайтқа келіп, шындық алдына жүгінер болса, бұлай ашу шақыратын да ешбір реті жоқ. Әйелінде не кінә бар, жағатұғын отын табылса темір пешке толтыра салып, гүрілдетіп тұрып сырты қызғанша, қызуы сыртына тепкенше жақса, көрпенің құны көк тиын болмас па. Бұрнағы күні жаман тырылдақ мотоциклімен осында келіп кеткен Сары ақсақалдың баласынан орталыққа хабар жіберген. "Отын таусылды, тездетіп көлік жіберсін" деп, қатты-ақ дайындаған сықылды еді. Әлі бұлай қарай қыбырлаған бір жан жоқ.

Былшықтанып қалған қой көзін сығырайта ашып, әйелі жаққа бұрылды. Ол да аяқ-қолын бауырына алып, бір уыс болып бүрісіп қалыпты. Балалары да... Қайтсін, үй болса азынап тұр. Енді Қойлыбай бастыққа іштей кейістік білдірді. "Ау, мұндағы жұртты қыра ма, қыбырсыз қалғандары несі, шіркіндердің!.."

Кенет оқыс бір ой келді оған. Құрама көрпені шыбын құрлы көрмей аяғымен серпіп тастап, орнынан ұшып түрегелді. Сонан соң түнде қалай болса солай тастай салған жұмыс киімдерін әр жерден іздеп тауып алып, киіне бастады. Әйелі қимылдады. "Байғұс тоңып жатыр-ау" деп мойнын бұрып қарап еді, көкпеңбек екі көзі мұның тұла бойын тінтіп жүр. Ерні жыбырлап, болар-болмас бір нәрсені күбірлейтін сияқтанады.

   - Не дейсің ей?! Түс көріп жатырмысың? -  Нақа бір міндеті бар кісідей зілмен айтты.

- Шауып қойдым деген отыныңды есекпен болса да там-тұмдап

жеткізсеңші. Құдайдың күні мынау, қатып өлерміз.

- Өзім де соны ойлап, ерте жиналып жатқан жоқпын ба? - деп тағы бір зекіре жөнелмекші болды да, өзін-өзі тежеді. Үн-түнсіз тонын, тымағын киіп, тысқа беттеді. Есікке жете беріп, кідіріп, әйеліне:

- Малды кешіктірмей қорадан шығарыңдар, Еркебайға айт, алысқа жайып жүрмесін. "Айкөлдің" бергі бетінен ұзамағаны дұрыс. Шойын жолдың арғы жағына өтем деп, малды жүйткіп келе жатқан пойыздың астына түсіріп, қырып алып, масқара болып жүрмейік, - деді де, шығып кетті.

Тысқа шыққан соң, аз-кем кідірді. Шағыр көз, қайқы бел атына мінгені дұрыс па, әлде сұр есекті ерттеп алғаны жөн бе?..  Асылы, есек дұрыс болар. Көнбіс жануар емес пе. Байғұс шағыр көз ат та бір мезет тыныстасын. Онсыз да мініс аз болып жатқан жоқ. Жоқ қараса да соған мінеді, орталыққа барып қайтса да соған мінеді.  Обал-ақ. Тілік құлақ сұр есекті ерттеді.  Жүрер алдында еш нәрсе ұмыт қалмады ма деп кішкене кібіртіктеп тұрып, онысы дұрыс болды, ауыздағы үйдің босағасындағы ілулі тұрған арқанды қыстыра кетті. "Жыңғыл байлауға керек болар" деп, жол-жөнекей үш-төрт сым темір қосты да, есегіне мініп, Әзірет Сұлтан кесенесін бағытқа алып, сол беткейдегі тоғайға қарай тепеңдетіп бара жатты.

Тоғай дарияның жағасында, бір бүйіріне қалталанып орын тепкен. Дәл осы тұста Сырдария тым жіңішке, бірақ ағыны ерен күшті. Көбік шашқан асау толқындар бір-бірімен қуыспақ ойнағандай, жүгірісіп-жүгірісіп алады. Қанша қарасаң да көз тойдыру қиын. Енді бір пәсте сол қуыспақ ойнаған төбе толқындармен араласып неше түрлі нәрселер аударылып-төңкеріліп ағып бара жатады. Оның арасында не жоқ дейсің! Бір шеті ғана қылаң етіп қылтиып, кейде соның өзі де шым батып, ұзақ уақытқа дейін жоқ болып кетеді, ағып бара жатқан әлгіні бір қарағанда айыра алмайсың. Әне бір жолы Қойлыбай дарияның жайпауыттау бір жеріне құйрығын қойып, көтеріліп-басылып, көтеріліп-басылып, жөңкіліп жатқан ағысқа қарап, демалып отырған. Жүгірген толқындармен жарыса, оқта-текте көкке тік атылып, шоршып түсетін қылыш балықтардың қылығын қызықтау үстінде ойда-жоқта бір батып, бір шығып келе жатқан адамды көрді. Кәдімгі адам! Дарияның дәл ортасымен төмен қарай ағып бара жатыр. Қойлыбай орнынан ұшып түрегеліп жалма-жан жейдесін, шалбарын шеше бастады. Бейшара бейбақ өледі ғой енді. Жүзіп барып жағаға сүйреп шығарайын. Әне-әне қарашы, дыбыс беруге де шамасы жоқ, оқтын-оқтын терең суға шым-м батып, әзер дегенде басын қылтитады. Сол сәтте, шамасы, аузын толтыра бір-ақ рет демалып үлгеретін болар. Сорлы, құлаштап сермеп, су бетімен сумаңдап жүзе жөнелмесе де, ел құсап, ең болмаса малтуды да білмегені...

Терең суға атыла секіріп кетті де, зым-зия жоғалып, бір ауық судың беті түк болмағандай жайбарақат ағысына басқанда, ана тұстан су жыландай сумаң ете қалды. Қойлыбай кішкентайынан осы дарияға шомылып өскендіктен, жүзудің неше түрін білетін, қазір сонысы кәдеге жарады. Ол ә дегенше жаңағы шалажансар денені қуып жетіп те алды. Соңғы рет бір сүңгіп барып, басын шығарса, о керемет, әлгісі тұп-тура адам бейнесінен айнымайтын кеспелтек бөрене екен. Енді өзінен-өзі қарқылдап тұрып күлсін. Күлемін деп дарияның кенеттен ұрған асау толқынына оранып, су жұтып қойды. Сосын құлашын созып, тез-тез сермеп, жағаға жетуге асықты...

Оның әкесі бар ғұмырын осы дария бойында өткерген көрінеді. Ертеректе, Кеңес өкіметіне дейін, байдың малын бақса, бертін келе топ-топ болып, артельдер ұйымдастырылып жатқанда, өз еркімен келгендердің бірі де сол кісі екен. Бұның әкесі екен.

- Қойлыбайым қой бағады, бар байлық, бар береке енді малда, -  деп отырады екен ол.

Сол айтқаны айнымай келді. Қойлыбай бұл күндері Қырат аулының қоралы қойының иесі. Қойшы болғанда анау-мынау емес, бақандай жиырма жыл өмірін арнапты осынау қара тобырдан оқшау кәсіпке. Бүгіндері біреуге жол сілтемесе, өзі барып біреуден ақыл сұрамақ емес. Қара қойдың соңына табаны күректей жиырма жыл түссең, түсінбейтін түйткілі, ашылмайтын құпиясы қалушы ма еді сірә да. Міне, бұл тұста Қойлыбайдың мақтанар да, масаттанар да реті бар.

Қойлыбай әлі қара қойдың қамын жеп келеді, балалары соның нанын жеп келеді. Әкесі біліп айтты-ау, асылы. Қара қой - байлық ол. Қойың болса, тойың да болады дер еді бұл. Жамауының жөнделіп, жыртығының бітелгені осы қойдың арқасы. Оның несін жасырады. Кедей әкеден көсеп алар дүние қалмады. Қойлыбай барлығын да өз алақанымен, өз маңдай терімен тірнектей жүріп жинады. Құдайға шүкір, бұл күнде бес бірдей бала өсіріп отыр. Есігінің алдында екі сиыры, бір биесі, азын-аулақ уақ малы бар. Мұның бәрі де өзіне тиесілі. Қыз ұзатып көрсе де, келін түсіре қойған жоқ әлі. Ә-ә, оның да күні туар. Оған дайындық, әзірлік қажет. Кімнің қызы тегін жатыр дейсің. Түк берме дегеннің өзінде сый-сияпаты бар, той-томалағы бар, бірер ірі қараң мына жерде кетпей ме!

Бұл жағы да ойында.

Соңғы кездері қыста қыстаулас, жазда жайлаулас қойшылар бұны "сен де осы дүние-қоңыз болып бара жатқан жоқсың ба" деп келеке етіп жүр. Тірнектеп жимаса, тіріде дүниенің басы құралар деймісің. Күле берсін. Ит үрген, керуен бәрібір көше берген. Оның үстіне... шалқақтар уақыт па, заман күннен-күнге мың құбылып барады.

Әттең, ана қызыл сиыр аман-есен бұзауласа, оның бұзауы ұрғашы болып шықса... Мал басының өсуі деген сол...

Ол тілік құлақ ескектің үстінде қалғып-мүлгіп отырып, тоғайға қалай жеткенін де сезбей қалды. Тоғай жүрер аяққа қыстаудан әудем жер. Енді сұр есекті өткен жолы арнайы келіп, ағаш қырқып, жинап кеткен жерге қарай бұрды. Дәл осы сәтте оған оқыстан жаман ой келді. "Отын іздеп, қаңғырып жүрген біреулер басып әкетпеді ме екен?! Сөйтіп аузымды аңқитып кетпесе жарар еді..."

Жоқ!.. Аман екен. Отын орнында. Ол енді есектен түсіп, сым темірмен жыңғыл бууға кірісті.  "Ақыры әуре болып келдім ғой" деп, жуан-жуан етіп төрт бау жасады. Бірақ азап сонан соң басталды, төртеуін кендір арқанмен мықтап байластырған соң есектің үстіне арту жалғыз кісіге оңай тимеді. Қалай ойласа да, айласы да аспады, күші де жетпеді. Алдында таңғы шыңылтыр аязға жауырыны құрыстанып, денесі мұздаған сықылданып еді, мынаны есекке артам деп, маңдайынан шып-шып тер шықты.

Жіптің бір ұшын есектің мойнынан әрі асырып, бергі тұсынан көтеріп жүріп артты-ау, әйтеуір!.. Сонан соң маңдайының терін сүртті, аз-мұз демалды. Бұл тойымсыздық дегенді қойсаңшы. Төрт бау отын есекке аз жүк емес екенін біле тұрса да, үстіне тағы да жуан кеспелтек ағаштан бес-алтауын тастады. Енді есекке міну жоқ. Үйге отынды-ақ жеткізіп алсын. Арқанның артылған ұшын есектің үстіне лақтырып тастап, жолға салды. Есек ә дегенде орнынан жылдам қозғалды да, үстіндегі жүктің жеңіл емес екендігін сезді білем, сәлден кейін-ақ аяғын сылти басып, кібіртектеп қалды. Қойлыбайға мұнысы ұнамады. Қолындағы қамшымен есекті екі-үш рет осып-осып жіберді. Жанына батқан соң, ол аяғын жылдам-жылдам басты. Қойлыбай мұнан кейін қайтып ұрған жоқ, аяды. Жүкті де сол көтеріп, дүрені де сол алатындай не жазығы бар бейшараның!

Біраз жүрген соң, бағанағы қамшының ащы ізі есінен шыққан болуы керек, сұр есек тағы да баяу қалпына түсті. Тіпті әрі-беріден соң Қойлыбайдың ашуын келтірді, "мейлі, бір жетерміз" деп басқа бір нәрселер ойлағысы келсе де болмады. Содан кейін қамшысын қолына алды да, тағы да екі-үш рет аяусыз осқылады. Қиқар мінез есек те осыны күткендей Қойлыбайға оқыс мінез көрсетті. Жалт беріп, жол жиегінде қалың ағаштың арасына қойып кетпекші болған. Бірақ арасына кіруге үстіндегі жыңғыл кедергі жасады. "Әй, мына иттің малы қайтеді, а!" дегенше болмады, бір-екі жұлқынғанда үстіндегі төрт баулы бір буда жыңғыл жерге ауып түсуге шақ қалды.

Бағанағы азапқа енді қайтып кезігем деп ойламап еді, міне, тағы да аяқ астынан тап болды. Есекті қақпайлап, бері алып шығайын десе, үстіндегі жыңғыл жерге түсіп кеткелі тұр, сол орнында түземекші еді, онысы оңайлықпен келе қоймады. Жыңғылдың ауып кеткен жағына иығын төсеп, бар күшін сала, ышқына, күш бере көтерді, қолымен де демеді, бәрібір болмады. Ауған жүк орнына келе қояр емес, әбден титықтауға айналды. Терлегеннің көкесі осы жерде басталды. Есек болса, өзіңе де осы керек дегендей, жайбарақат демалып түр. Қойлыбай енді бірақ, кіжініп, іштен тынғаннан басқа түк те істей алмады. Оны түртіп қалсаң, отын алаңсыз жерге топ етіп түскелі тұр. Сөйтіп, әудем уақыт бойы әуреге түсті, сөйте-сөйте айласын тауып, әрең деп, бір уақытта ауған жыңғылды қайта қалпына келтірген сияқты болды-ау. Енді қыстауға жеткенше тағы бір жағына жантая кетпесе екен деп аллаға мың мәрте жалбарынумен келеді. Ең үстіндегі жуан кеспелтек ағаштың бәрін де әлгінде лақтырып тастады. Онсыз да төрт бау жыңғылдың күйігі жанына аяздай батып барады. Бағанағы төрт өрме қамшының заманы өтті, оны есек те сезген сияқты. Жолға түскен соң аяғын самарқау басты. Қойлекең соңынан ілбіп, еріп келеді.

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға