Жаңалықтар

І БӨЛІМ

      Ауыл үстіндегі қара аспан қабағы түксиіп, таң атқалы сырын ішіне бүгіп, түртіп қалсаң жарылып кетердей тосын мінез танытып тұрғанды. Әшейінде бей-жай тіршілік енді оқыс серпіліп, аспанның алабұртқан мінезін бағып қалғандай еді. Аспан да қырсық бала іспетті. Балалар болады, әлденеге көңілі толмаған кезде сазарып тырс етпей тұрып алады. Ал жарылса, бірақ жарылады. Енді бір сәтте зор гүріл естілді, жер-жаһанды тітіркендіріп жіберді: көкте найзағай ойнады. Артынша нөсерлетіп, ағыл-тегіл жауын жауды. Ақ нөсер көктем исі аңқыған баурайлары жуып жүре берді. Аулақта жайылып жүрген бір топ қозылақ ауылға қарай жарыса жөнеліп, жаман кепені паналады. Қозылақтан Иманбайдың кәрі қара есегі де қалатын емес, арқасы жауыр-жауыр, ауыр еңбекке жарамсыз болып қалған шағы. Иманбайдың он жыл отымен кіріп, күлімен шықса да алған сыйы осы. Күні кеше ертұрманын сыпырып алды да, "қайда барсаң, онда бар" деп қорасынан айдап шықты. Кәрі есек тырс-тырс басып, бәкенелеу ескі кепенің ішіне кіре беріп еді, ар жақтан:       - Арам қатқыр, әрі жүр! - деп, біреу айқай салды. Сол мезет жұп-жұмыр темір қақ маңдайынан тарс ете түсті. - Қарашы мұны. Моторға түсіп өлсең ғой, ертен Иманбайға мен жауап берем. Жоғал, жоғал, әрі сайтан... Барып, лақтырған темірін қайтадан алып келді. Со­сын маңдайының терін сүртіп, май сасыған төсегіне отыра кетті. Аздап демін алмақ. Бәрібір түнімен дәл осылай жаңбыр жауса, моторды оталдырудың қажеті шамалы. Қатты селдетіп жауын жауғанда, не болмаса дауыл тұрғанда электр жарығын пайдалану қауіпті. Кітапта солай деп жазылған. Молықбай оны оқымады деймісің. Ескі темір кереуеттің астынан қарманып жүріп аузы ашылған жартылық шишаны алды. Түбінде ғана қалыпты. Қырлы стақанға құймақшы болып оқталды да, оң қолын бір сілтеп, бөтелкені өңешке төңкере салды. Со­сын бір ауық тыжырынып отырды. Тістейтін нәрсе іздеп әуреленбеді. Сәлден соң арақ бойын сергітіп, Молықбайды көңілдендіріп жіберді. Ыңылдап өзінің сүйікті әнін айтты. Моторшы Қыраттағы Молықпаймын. Қарсы келсе, жауыздан да қорықпаймын. Жақсыға әрқашанда жақтасамын, Пасықтық, арамзалық... Оны ұқпаймын, ей-й... Өзі шығарған. Ән айтуға икемі болмаса да оқта-текте көңілі көтерілгенде, осы төрт жолды ынты-шынтысымен орындайтын. Оның бұл сырын білетін әріптестері бас қосуларында Молықбайды қолқалап "Молеке, шығарған әлгі өлеңің бар ғой, соны шырқап жіберші" деп қиылады. Молекең қолпаштауды жаны сүйеді. "Енді ыңғайсыздау, дегенмен көрейін..." деп барылдақ даусымен барқырай жөнелгенде елдің көмейіне күлкі кептеліп, жер шұқитын. Кейбір қу тілді жігіттер "Молеке, әрі қарай, ар жағын айтыңызшы" десе, әлгі шумақты тағы бір қайталап шығады. Молықбайдың құлағы аздап ауырлау. Бірақ, өзі жайлы өсекті деп-демде, бірден қағып ала қояды. Сол сырын білетін жеңгелері "бұ шіркіннің керең екені өтірік" деп әжуалаушы еді. Молықбай әке-шешеден жалғыз. Әкесі ертеректе қайтыс болған. Бір үйде шешесі екеуі ғана тұрады. Шешесі қашан келін әкелесің деп таңертең де, кешке де. Молықбайдың құлағының құрт етін жейді кеп. "Ту-у, апа-ай, әлі жаспыз ғой. Жұрттың мен қатарлы балалары, көжесін жылап ішеді" деп сылтау айтқанда, Сарқасқа кемпір саңқ етіп:    - Әй-й! Жиырмадан асқан жігіт те жаспын дей ме екен. Мен сонау бір жылдары сенің әкеңе тигенде он үштен он төртке қараған едім. Ал әкең болса он тоғызға толмаған өрімдей жас болды. Сонда да салихалы жанұя  құрып, ел қатарлы енбек еттік. Еркеліктің  де өз уақыты болмас па.. - дейтін ағыл-тегіл сөйлеп. Зады Сарқасқа көп сөйлемейді, ал бір бастаса, жуық арада тоқтау жоқ. Өзі шешен, әрбір айтқан сөзін шегелеп, дәлелмен жеткізеді. Ондай кісіге қарсы дау айтып көр. Молықбай анық естісін деп даусын азырақ көтергенде, жарықшақтанып, көлденең тыңдаушының зәре-құтын алардай еді. Баласы ондайда үндемей құтылады. Келіншек алмайын деп жүр деймісің, алғысы да бар.. Бірақ кімге үйлене қоймақ. Мектеп бітірген ана бір жылы Қаракөкірек аулының Жаңылсай есімді акқұба қызына ойы кетіп, жаман "ПВЗ" велосипедін салдыратып, айлар бойы  оңаша шығар сәтін аңдығаны бар. Қыз шіркін де үйкүшік болып алған ба, күн батты дегенше қыбыр етіп, тысқа шыға қоймайды. Күндердің  бір күнінде, ауылдағы жалғыз азық-түлік дүкені бар емес пе, сонда қант алуға келгенде өзімен тілдесті. Тілдескенде не десін. Құлағының аздап мүкістеу екенін ел-жұрттан жасырам деп-ақ талай опық жеді. Анасы "сенің  мінезің дөң" дейді. Мұндай мінезбен жұртқа жақпайсың дейді. Мәселе мінезде емес, бар пәле құлақта болып тұр ғой. Жәй сөйлесе айтқанды түсінбей қалып күйінеді, ал қатты сөйлесе, нақа бір өзін мұқатып тұрғандай сезінеді. Міне, дөң мінездің сыры осында...
19.11.2013 05:04 2930

      Ауыл үстіндегі қара аспан қабағы түксиіп, таң атқалы сырын ішіне бүгіп, түртіп қалсаң жарылып кетердей тосын мінез танытып тұрғанды. Әшейінде бей-жай тіршілік енді оқыс серпіліп, аспанның алабұртқан мінезін бағып қалғандай еді. Аспан да қырсық бала іспетті. Балалар болады, әлденеге көңілі толмаған кезде сазарып тырс етпей тұрып алады. Ал жарылса, бірақ жарылады.

Енді бір сәтте зор гүріл естілді, жер-жаһанды тітіркендіріп жіберді: көкте найзағай ойнады. Артынша нөсерлетіп, ағыл-тегіл жауын жауды. Ақ нөсер көктем исі аңқыған баурайлары жуып жүре берді. Аулақта жайылып жүрген бір топ қозылақ ауылға қарай жарыса жөнеліп, жаман кепені паналады. Қозылақтан Иманбайдың кәрі қара есегі де қалатын емес, арқасы жауыр-жауыр, ауыр еңбекке жарамсыз болып қалған шағы. Иманбайдың он жыл отымен кіріп, күлімен шықса да алған сыйы осы. Күні кеше ертұрманын сыпырып алды да, "қайда барсаң, онда бар" деп қорасынан айдап шықты. Кәрі есек тырс-тырс басып, бәкенелеу ескі кепенің ішіне кіре беріп еді, ар жақтан:

      - Арам қатқыр, әрі жүр! - деп, біреу айқай салды. Сол мезет жұп-жұмыр темір қақ маңдайынан тарс ете түсті. - Қарашы мұны. Моторға түсіп өлсең ғой, ертен Иманбайға мен жауап берем. Жоғал, жоғал, әрі сайтан...

Барып, лақтырған темірін қайтадан алып келді. Со­сын маңдайының терін сүртіп, май сасыған төсегіне отыра кетті. Аздап демін алмақ. Бәрібір түнімен дәл осылай жаңбыр жауса, моторды оталдырудың қажеті шамалы. Қатты селдетіп жауын жауғанда, не болмаса дауыл тұрғанда электр жарығын пайдалану қауіпті. Кітапта солай деп жазылған. Молықбай оны оқымады деймісің.

Ескі темір кереуеттің астынан қарманып жүріп аузы ашылған жартылық шишаны алды. Түбінде ғана қалыпты. Қырлы стақанға құймақшы болып оқталды да, оң қолын бір сілтеп, бөтелкені өңешке төңкере салды. Со­сын бір ауық тыжырынып отырды. Тістейтін нәрсе іздеп әуреленбеді. Сәлден соң арақ бойын сергітіп, Молықбайды көңілдендіріп жіберді. Ыңылдап өзінің сүйікті әнін айтты.

Моторшы Қыраттағы Молықпаймын.

Қарсы келсе, жауыздан да қорықпаймын.

Жақсыға әрқашанда жақтасамын,

Пасықтық, арамзалық... Оны ұқпаймын, ей-й...

Өзі шығарған. Ән айтуға икемі болмаса да оқта-текте көңілі көтерілгенде, осы төрт жолды ынты-шынтысымен орындайтын. Оның бұл сырын білетін әріптестері бас қосуларында Молықбайды қолқалап "Молеке, шығарған әлгі өлеңің бар ғой, соны шырқап жіберші" деп қиылады. Молекең қолпаштауды жаны сүйеді. "Енді ыңғайсыздау, дегенмен көрейін..." деп барылдақ даусымен барқырай жөнелгенде елдің көмейіне күлкі кептеліп, жер шұқитын. Кейбір қу тілді жігіттер "Молеке, әрі қарай, ар жағын айтыңызшы" десе, әлгі шумақты тағы бір қайталап шығады. Молықбайдың құлағы аздап ауырлау. Бірақ, өзі жайлы өсекті деп-демде, бірден қағып ала қояды. Сол сырын білетін жеңгелері "бұ шіркіннің керең екені өтірік" деп әжуалаушы еді.

Молықбай әке-шешеден жалғыз. Әкесі ертеректе қайтыс болған. Бір үйде шешесі екеуі ғана тұрады. Шешесі қашан келін әкелесің деп таңертең де, кешке де. Молықбайдың құлағының құрт етін жейді кеп. "Ту-у, апа-ай, әлі жаспыз ғой. Жұрттың мен қатарлы балалары, көжесін жылап ішеді" деп сылтау айтқанда, Сарқасқа кемпір саңқ етіп:

   - Әй-й! Жиырмадан асқан жігіт те жаспын дей ме екен. Мен сонау бір жылдары сенің әкеңе тигенде он үштен он төртке қараған едім. Ал әкең болса он тоғызға толмаған өрімдей жас болды. Сонда да салихалы жанұя  құрып, ел қатарлы енбек еттік. Еркеліктің  де өз уақыты болмас па.. - дейтін ағыл-тегіл сөйлеп. Зады Сарқасқа көп сөйлемейді, ал бір бастаса, жуық арада тоқтау жоқ. Өзі шешен, әрбір айтқан сөзін шегелеп, дәлелмен жеткізеді. Ондай кісіге қарсы дау айтып көр. Молықбай анық естісін деп даусын азырақ көтергенде, жарықшақтанып, көлденең тыңдаушының зәре-құтын алардай еді. Баласы ондайда үндемей құтылады. Келіншек алмайын деп жүр деймісің, алғысы да бар.. Бірақ кімге үйлене қоймақ. Мектеп бітірген ана бір жылы Қаракөкірек аулының Жаңылсай есімді акқұба қызына ойы кетіп, жаман "ПВЗ" велосипедін салдыратып, айлар бойы  оңаша шығар сәтін аңдығаны бар. Қыз шіркін де үйкүшік болып алған ба, күн батты дегенше қыбыр етіп, тысқа шыға қоймайды. Күндердің  бір күнінде, ауылдағы жалғыз азық-түлік дүкені бар емес пе, сонда қант алуға келгенде өзімен тілдесті. Тілдескенде не десін. Құлағының аздап мүкістеу екенін ел-жұрттан жасырам деп-ақ талай опық жеді. Анасы "сенің  мінезің дөң" дейді. Мұндай мінезбен жұртқа жақпайсың дейді. Мәселе мінезде емес, бар пәле құлақта болып тұр ғой. Жәй сөйлесе айтқанды түсінбей қалып күйінеді, ал қатты сөйлесе, нақа бір өзін мұқатып тұрғандай сезінеді. Міне, дөң мінездің сыры осында...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға