Жел сөз
Бірі - Мысық мұрт, бірі - Жалтыр бас, осы екі жігітті ел күнде көреді. Күнде ерсілі-қарсылы жүреді де қояды. Өздері арақ ішіп, қисалаңдап, аузына келгенді айтатын көп еркектерге ұқсамайды. * * * - Қатыным қайтыс болғалы екі жылдан асты, - деді Мысық мұрт Жалтыр бас досына сыр аша. - Осы екі жыл ішінде әбден шаршадым. Жалғыздықтан шаршадым. Жұмыста да сүреңсіз бір тірлік, үйге келсем - жалғыздық... - Ой, сен неге жалғыз болуың керек, - деді Жалтыр бас. - Қайта рахат өмір сенікі емес пе. Айналаң толы қыз-келіншек. Қалағаныңмен күл, ойна. Бетіңнен қағатын кім бар, қане! - Бетімнен қағатын пенде жоқ екені рас, - деді Мысық мұрт. - Бірақ оны еркіндік деуге бола ма. Еркіндік деген тек қана ешкім көрмейтін, құлақ естімейтін алыс аралда ғана болады. Әйтпесе, әрбір қадамың сөз, гу-гу әңгіме... - Ол қандай әңгіме? - Қандай әңгіме болсын. Өсек сөз... Осы өткен айда бір келіншекпен кішкене сөйлесіп, әмпей-жәмпей бола бастап ем, әңгіме гу-у ете түсті. «Ойбай, несін айтасың, ол екеуі ашына екен» деп. Ашына болған түгіміз де жоқ. Жәй, сыр бөлісу... Жалтыр бас күлді. - Әйел мен еркек достығы дегенді түсінбеймін. Әрине, ел дұрыс айтады. Екеуің де басы бос адамсыңдар. Енді... өзгесі табиғат заңы. Мысық мұрт азар да безер. - Әні, сен де солай ойлайсың. Біз жәй достармыз. Ойымыз ұқсас. Сөзіміз жарасады. - Ой жарасса, сөз жарасса, одан артық не керек. Одан әрісі белгілі емес пе. - Жоқ! - деп Мысық мұрт кесіп айтты. - Жоқ! Еркек пен әйел жәй дос бола алмайды деген теріс ұғымнан қашан құтыласыңдар сендер. Не деген топассыңдар-р... - Өмір заңы бойынша... - деп, Жалтыр бас тағы да сөз жалғай беріп еді, анау әрі қарай сөйлетпеді. - Өмірде заң жоқ! - деді Мысық мұрт. - Өмір заңы деп ойдан шығарып жүрген біздер. - Е, онда өзің біл. Менікі жәй сөз арасындағы әңгіме... Ал, енді... осылай соқа басың сопайып жүре бересің бе? Қыз-қырқын көп қой осы күні... - Ойым бар. - Ол кім? Менен жасырасың ба? - Жоқ, жасырмаймын. - Онда айтсаңшы. - Әлгі министрлікте істейтін сары шашты келіншек бар ғой. Соны ұнатып... Жалтыр бас оған «осыны шын айтып тұрсың ба» дегендей, сұраулы жүзбен қарады. - Неменеге маған бақырайып қарайсың? Ойым сол. Сен айт дедің... - Жоқ, шын сырыңды айтқаныңа емес, жаңағы сары шашты келіншекті ойлап тұрғаным... - Е, оның несі бар? Сырын білуші ме ең? - Ептеп... - Сонда-а... - Жеңілтектеу. - Оны қайдан білесің? - Естігем. - Кімнен? - Бір танысымнан. - Ол не деді? - Ол... қысқасы, сары шашқа жоламай-ақ қой. - Сен айтты екен деп неге қашуым керек. Естігеніңнің бәрі өсек болса ше... - Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. - Бүйте берсек, әңгімеге ілінбеген қыз-келіншек табыла ма? - Мүмкін, бар шығар. Іздеу керек. - Қашанғы іздеймін. Шаршадым. - Онда өзің біл. - Жоқ, сен досым емессің бе! Әлгі сары шаш келіншек туралы не естідің? Айтсаңшы ашып... - Мені одан әрі қинама. - Жоқ, қинаймын. Айт расын. - Ол өзі... жеңіл жүріске үйреніп алған келіншек. Кімдермен қатынас жасайтынын да білем. Демек, сенің де көзіңе шөп салуы ықтимал. Әдет қой. Мысық мұрт үнсіз қалды. Қапалы. Ренжулі. - Әй, осы... - деді сосын. - Бұ дүниеде жаны пәк, жүрегі таза, ойы орнықты қыз да, келіншек те қалмай бара жатқаны ма? Енді не істеймін! Қу тіземді құшақтап өтем бе бұ дүниеден-н... Мысық мұрт пен Жалтыр бас, әне, тағы да өзара сөйлесіп, әлденеге дауласып, тағы да бірге кетіп барады. * * * Ел айтады: «Жел сөзге ермейтін еркек болмайды!» Елес айтады: «Ер екенсің, жел сөзге ермей, өзіңше әрекет етіп көр-р...» Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы
Бірі - Мысық мұрт, бірі - Жалтыр бас, осы екі жігітті ел күнде көреді. Күнде ерсілі-қарсылы жүреді де қояды. Өздері арақ ішіп, қисалаңдап, аузына келгенді айтатын көп еркектерге ұқсамайды. * * * - Қатыным қайтыс болғалы екі жылдан асты, - деді Мысық мұрт Жалтыр бас досына сыр аша. - Осы екі жыл ішінде әбден шаршадым. Жалғыздықтан шаршадым. Жұмыста да сүреңсіз бір тірлік, үйге келсем - жалғыздық... - Ой, сен неге жалғыз болуың керек, - деді Жалтыр бас. - Қайта рахат өмір сенікі емес пе. Айналаң толы қыз-келіншек. Қалағаныңмен күл, ойна. Бетіңнен қағатын кім бар, қане! - Бетімнен қағатын пенде жоқ екені рас, - деді Мысық мұрт. - Бірақ оны еркіндік деуге бола ма. Еркіндік деген тек қана ешкім көрмейтін, құлақ естімейтін алыс аралда ғана болады. Әйтпесе, әрбір қадамың сөз, гу-гу әңгіме... |
- Ол қандай әңгіме?
- Қандай әңгіме болсын. Өсек сөз... Осы өткен айда бір келіншекпен кішкене сөйлесіп, әмпей-жәмпей бола бастап ем, әңгіме гу-у ете түсті. «Ойбай, несін айтасың, ол екеуі ашына екен» деп. Ашына болған түгіміз де жоқ. Жәй, сыр бөлісу...
Жалтыр бас күлді.
- Әйел мен еркек достығы дегенді түсінбеймін. Әрине, ел дұрыс айтады. Екеуің де басы бос адамсыңдар. Енді... өзгесі табиғат заңы.
Мысық мұрт азар да безер.
- Әні, сен де солай ойлайсың. Біз жәй достармыз. Ойымыз ұқсас. Сөзіміз жарасады.
- Ой жарасса, сөз жарасса, одан артық не керек. Одан әрісі белгілі емес пе.
- Жоқ! - деп Мысық мұрт кесіп айтты. - Жоқ! Еркек пен әйел жәй дос бола алмайды деген теріс ұғымнан қашан құтыласыңдар сендер. Не деген топассыңдар-р...
- Өмір заңы бойынша... - деп, Жалтыр бас тағы да сөз жалғай беріп еді, анау әрі қарай сөйлетпеді.
- Өмірде заң жоқ! - деді Мысық мұрт. - Өмір заңы деп ойдан шығарып жүрген біздер.
- Е, онда өзің біл. Менікі жәй сөз арасындағы әңгіме... Ал, енді... осылай соқа басың сопайып жүре бересің бе? Қыз-қырқын көп қой осы күні...
- Ойым бар.
- Ол кім? Менен жасырасың ба?
- Жоқ, жасырмаймын.
- Онда айтсаңшы.
- Әлгі министрлікте істейтін сары шашты келіншек бар ғой. Соны ұнатып...
Жалтыр бас оған «осыны шын айтып тұрсың ба» дегендей, сұраулы жүзбен қарады.
- Неменеге маған бақырайып қарайсың? Ойым сол. Сен айт дедің...
- Жоқ, шын сырыңды айтқаныңа емес, жаңағы сары шашты келіншекті ойлап тұрғаным...
- Е, оның несі бар? Сырын білуші ме ең?
- Ептеп...
- Сонда-а...
- Жеңілтектеу.
- Оны қайдан білесің?
- Естігем.
- Кімнен?
- Бір танысымнан.
- Ол не деді?
- Ол... қысқасы, сары шашқа жоламай-ақ қой.
- Сен айтты екен деп неге қашуым керек. Естігеніңнің бәрі өсек болса ше...
- Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды.
- Бүйте берсек, әңгімеге ілінбеген қыз-келіншек табыла ма?
- Мүмкін, бар шығар. Іздеу керек.
- Қашанғы іздеймін. Шаршадым.
- Онда өзің біл.
- Жоқ, сен досым емессің бе! Әлгі сары шаш келіншек туралы не естідің? Айтсаңшы ашып...
- Мені одан әрі қинама.
- Жоқ, қинаймын. Айт расын.
- Ол өзі... жеңіл жүріске үйреніп алған келіншек. Кімдермен қатынас жасайтынын да білем. Демек, сенің де көзіңе шөп салуы ықтимал. Әдет қой.
Мысық мұрт үнсіз қалды. Қапалы. Ренжулі.
- Әй, осы... - деді сосын. - Бұ дүниеде жаны пәк, жүрегі таза, ойы орнықты қыз да, келіншек те қалмай бара жатқаны ма? Енді не істеймін! Қу тіземді құшақтап өтем бе бұ дүниеден-н...
Мысық мұрт пен Жалтыр бас, әне, тағы да өзара сөйлесіп, әлденеге дауласып, тағы да бірге кетіп барады.
* * *
Ел айтады: «Жел сөзге ермейтін еркек болмайды!»
Елес айтады: «Ер екенсің, жел сөзге ермей, өзіңше әрекет етіп көр-р...»
Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы
