Жаңалықтар

Жас лақ жас бала секілді...

- Ал, бала дайындал! - деді Қалекең иығындағы мылтығына қол жүгірте беріп "Аққолтығың" да алыс қалмады, мына дөңнің асты ғой... Қос ауызды қолыма алдым. Екеуміз ентелеп, қыр басына шыға бердік. Айналасы ат шаптырым кең жазықтың ішінде еш нәрсе көрінбейді. Тек әр жерде шоқат-шоқат болып, ақ қар жамылған жыңғыл бұталар көзге ұрады. - Мұнда жоқ-ау, сірә!.. - Жоқ секілді ғой... - Онда былай болсын, - деді Қалекең маған жүзін бұрып, "шешінген судан тайынбас" дейді ғой. Нар тәуекел кел деп анау-у қырақа шығып қайтайық. Ар жары үлкен жыра болушы еді, ол бөкенсіз болмауға тиіс. - Қарсылық жасамадым. Екеуміз солай қарай тарттық. Бар ойым: осы бір жұдырықтай қария көңілді болса екен деп тілеймін; бала күннен сәби жүрегімде қимас кісі болып орын тепкен осы бір кішкентай қара шалға көңіл шуағын тілеймін; таяуда ғана үлкен ұлы қайтыс болып, жатып қалып, тірлікке араласқанына да санаулы-ақ күн болған. Бүгінгі сапарға бастаушы да өзі. Мақсатымыз - көңіл көтеру ғана... Күртік қарды күрт-күрт басып жүріп келеміз, жүріп келеміз. Қыратқа жеткенше менен де, атайдан да тіс жарған сөз болмады. Қыраттың дәл түбіне тақағанда барып атай тоқтап, тымағын алып, жіпсіген мандайын алақанымен сипады. - Ал, жеттік! - деді сосын, - енді сақ болайық бала. Ақбөкен дегеніңіз өте сақ аң. Иіс сезсе-ақ, зытып отырады. Қалабай қарт алда, мен артта -  екеуміз кішкене қыратқа қиялай, тырмысып өрлеп келеміз. Кенет Қалекең отыра қалды. Қолын да төмен сілкіп үлгерді сол сәт. "Бұқ" дегені-ау. Ұға қойдым. Ерекше сақтықпен қолын бұлғап, мені шақырды. Еңбектеп қасына тақадым. Жәй сыбырмен: - Көп екен! - деді атай. Көз нұры ойнап шыға келіпті. - Кемі жиырма-отыз бар-ау. Сезіп қалмады ма екен бізді?! - Қайдам ?! -          Кәне, кідірмейік. Біріміз мына жырамен еңбектеп отырып (сұқ саусағымен кішкене арықшаны нұсқап), жыраның иегіне жетейік. Сосын қашып үлгерем дегенше, басып та үлгереміз. Әйткенмен аңшыға тән аса сақтық керек екені рас. Барамысың, әлде... -  Сіз барыңыз.... - Мейлі ендеше. - Қалабай кішкене арықшамен жер бауырлап жылжи жөнелді. Қимылында ерекше бір ширақтық бар. Кезінде осы аумаққа аты шыққан аңшы еді-ау бұл кісі де. Ол жайлы үлкен кісілер жыр етіп айтып отырар еді. Әне, төмен қарай құлдилады. Жерге сіңіп бара жатқандай. Ортадағы төбешік қалқалап, жоқ болып кетті. Ендігі үміт - мылтық даусы ғана, соны ға­на күтуім керек. Сонда ғана қозғаламын. Әлден уақытта мылтық даусы шаңқ ете қалды. Таңғы ауамен жаңғырып шықты. Атып тұрдым. Кідірмей, адымдап жүгіре жөнелдім. Атай мылтық атқан орнынан қозғалар емес. Біреуін жатқызған-ау! Өзгелері тым-тырақай қашып барады. Бірақ... атай қозғалмайды. Ақбөкенді қоя тұрып, Қалекеңе жақындадым. Мылтығына сүйеніп әлі отыр. Үлкен кісінің болмашыға (қайта қуанатын жағдайға) қамыққан бейнесін алғаш көруім бұл. Шошып кетіп: - Қалеке, мұныңыз не?! - дедім абыржып. Ол үндеген жоқ. Қос жанардан ытқып шыққан қос тамшы әжімді бетке жол салып, қау сақалға енді де, жоқ болды. Көз алдыма әлгінде тышқанға атылғалы жылжыған кәнігі мысық секілді қарт елестеді. Мынау жанары суланған кісі тіпті ол еместей, өзге жан, ала бөтен кісідей... - Қалеке!.. - Бейшараны неге аттым екен!.. - Толқулы үнмен алғаш рет тіл қатты,- өзгесі болса бір сәрі, жап-жас лағы екен. Егер жас бала шетінесе, адам ғой, қандай қайғырар еді. Жас лақ та жас бала секілді... Көңілімді толқытып, ойыма қайдары-жайдарыны түсіргенін көрмеймісің!.. Мүмкін ана топта мына лақтың енесі де еңізтеңіз жылап бара жатқан шығар. Қарғап бара жатқан шығар бізді!..  Даусы дірілдеп, сөзін бітіре алмады. Кенет "анаң қара" деді, қолын шошан, еткізіп. "Кетіп бара жатыр, кетіп бара жатыр!.." Жалт қарасам әлгінде ғана қыбырсыз жатқан жас лақ оқтай зулап зытып бара жатыр екен, бөктерде.  Дәл осы мезет бөкендер жайлы әкем айтқан бір әңгіме еріксіз есіме түсті. "Бөкендер өте сезімтал, бірақ барынша қорқақ келеді. Тосыннан шыққан айқай, не мылтық даусына жатып қалуы да мүмкін. Бұл әсіресе бөкендердің жас шағына тән қасиет",- деген еді әкем. Соған енді ғана көзім жеткендей болды.  Әлгіндегі сөздерге көңілім босап кеткен екен. Не күлерімді, не жыларымды білмей тұрып қалдым мен...
19.11.2013 04:31 3287

- Ал, бала дайындал! - деді Қалекең иығындағы мылтығына қол жүгірте беріп "Аққолтығың" да алыс қалмады, мына дөңнің асты ғой...

Қос ауызды қолыма алдым. Екеуміз ентелеп, қыр басына шыға бердік.

Айналасы ат шаптырым кең жазықтың ішінде еш нәрсе көрінбейді. Тек әр жерде шоқат-шоқат болып, ақ қар жамылған жыңғыл бұталар көзге ұрады.

- Мұнда жоқ-ау, сірә!..

- Жоқ секілді ғой...

- Онда былай болсын, - деді Қалекең маған жүзін бұрып, "шешінген судан тайынбас" дейді ғой. Нар тәуекел кел деп анау-у қырақа шығып қайтайық. Ар жары үлкен жыра болушы еді, ол бөкенсіз болмауға тиіс. - Қарсылық жасамадым. Екеуміз солай қарай тарттық. Бар ойым: осы бір жұдырықтай қария көңілді болса екен деп тілеймін; бала күннен сәби жүрегімде қимас кісі болып орын тепкен осы бір кішкентай қара шалға көңіл шуағын тілеймін; таяуда ғана үлкен ұлы қайтыс болып, жатып қалып, тірлікке араласқанына да санаулы-ақ күн болған. Бүгінгі сапарға бастаушы да өзі. Мақсатымыз - көңіл көтеру ғана...

Күртік қарды күрт-күрт басып жүріп келеміз, жүріп келеміз. Қыратқа жеткенше менен де, атайдан да тіс жарған сөз болмады. Қыраттың дәл түбіне тақағанда барып атай тоқтап, тымағын алып, жіпсіген мандайын алақанымен сипады.

- Ал, жеттік! - деді сосын, - енді сақ болайық бала. Ақбөкен дегеніңіз өте сақ аң. Иіс сезсе-ақ, зытып отырады.

Қалабай қарт алда, мен артта -  екеуміз кішкене қыратқа қиялай, тырмысып өрлеп келеміз. Кенет Қалекең отыра қалды. Қолын да төмен сілкіп үлгерді сол сәт. "Бұқ" дегені-ау. Ұға қойдым.

Ерекше сақтықпен қолын бұлғап, мені шақырды. Еңбектеп қасына тақадым. Жәй сыбырмен:

- Көп екен! - деді атай. Көз нұры ойнап шыға келіпті. - Кемі жиырма-отыз бар-ау. Сезіп қалмады ма екен бізді?!

- Қайдам ?!

-          Кәне, кідірмейік. Біріміз мына жырамен еңбектеп отырып (сұқ саусағымен кішкене арықшаны нұсқап), жыраның иегіне жетейік. Сосын қашып үлгерем дегенше, басып та үлгереміз. Әйткенмен аңшыға тән аса сақтық керек екені рас. Барамысың, әлде...

-  Сіз барыңыз....

- Мейлі ендеше. - Қалабай кішкене арықшамен жер бауырлап жылжи жөнелді. Қимылында ерекше бір ширақтық бар. Кезінде осы аумаққа аты шыққан аңшы еді-ау бұл кісі де. Ол жайлы үлкен кісілер жыр етіп айтып отырар еді. Әне, төмен қарай құлдилады. Жерге сіңіп бара жатқандай. Ортадағы төбешік қалқалап, жоқ болып кетті. Ендігі үміт - мылтық даусы ғана, соны ға­на күтуім керек. Сонда ғана қозғаламын.

Әлден уақытта мылтық даусы шаңқ ете қалды. Таңғы ауамен жаңғырып шықты. Атып тұрдым. Кідірмей, адымдап жүгіре жөнелдім.

Атай мылтық атқан орнынан қозғалар емес. Біреуін жатқызған-ау! Өзгелері тым-тырақай қашып барады. Бірақ... атай қозғалмайды. Ақбөкенді қоя тұрып, Қалекеңе жақындадым. Мылтығына сүйеніп әлі отыр. Үлкен кісінің болмашыға (қайта қуанатын жағдайға) қамыққан бейнесін алғаш көруім бұл. Шошып кетіп:

- Қалеке, мұныңыз не?! - дедім абыржып. Ол үндеген жоқ. Қос жанардан ытқып шыққан қос тамшы әжімді бетке жол салып, қау сақалға енді де, жоқ болды.

Көз алдыма әлгінде тышқанға атылғалы жылжыған кәнігі мысық секілді қарт елестеді. Мынау жанары суланған кісі тіпті ол еместей, өзге жан, ала бөтен кісідей...

- Қалеке!..

- Бейшараны неге аттым екен!.. - Толқулы үнмен алғаш рет тіл қатты,- өзгесі болса бір сәрі, жап-жас лағы екен. Егер жас бала шетінесе, адам ғой, қандай қайғырар еді. Жас лақ та жас бала секілді... Көңілімді толқытып, ойыма қайдары-жайдарыны түсіргенін көрмеймісің!.. Мүмкін ана топта мына лақтың енесі де еңізтеңіз жылап бара жатқан шығар. Қарғап бара жатқан шығар бізді!..

 Даусы дірілдеп, сөзін бітіре алмады. Кенет "анаң қара" деді, қолын шошан, еткізіп. "Кетіп бара жатыр, кетіп бара жатыр!.." Жалт қарасам әлгінде ғана қыбырсыз жатқан жас лақ оқтай зулап зытып бара жатыр екен, бөктерде.

 Дәл осы мезет бөкендер жайлы әкем айтқан бір әңгіме еріксіз есіме түсті. "Бөкендер өте сезімтал, бірақ барынша қорқақ келеді. Тосыннан шыққан айқай, не мылтық даусына жатып қалуы да мүмкін. Бұл әсіресе бөкендердің жас шағына тән қасиет",- деген еді әкем. Соған енді ғана көзім жеткендей болды.

 Әлгіндегі сөздерге көңілім босап кеткен екен. Не күлерімді, не жыларымды білмей тұрып қалдым мен...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға