Жаңалықтар

Қ.Сәтпаев. Өнегелі өмір

1943 жыл. Қыс айы. Қары еріп жатқан Алматының алабұлт, лайсаң күндерінің бірі. Әлемге апат алып келген герман фашистерінің зобалаңынан ығысып, Алматы қаласына уақытша тұрақтаған «Мосфильм», «Ленфильмдердің» Қазақстан жазушы-әдебиетшілерімен біріккен мәжілісі болады деп, қазіргі 8 март көшесіндегі «Қазақфильм» үйіне әдебиет-искусство жұртшылығы жинала бастады. Стол басында мәжіліс басқарушылар: орта бойлы, шалқақ кеуделеу келген жігіт ағасы адам Ленфильмнің бас режиссері Ф.М.Эрмлер, сол жағында сақал-мұрты қуқыл тартқан, толық денелі, жасы алпыстар шамасы, ақсары кісі отыр, оң жағында ұзын бойлы, қапсағай келген, жауырынды, орақ мұрынды жастау жігіт. Білетіндер шалды нұсқап, атышулы режиссер, сценарист С.М.Эйзенштейн де, Ф.М.Эрмлердің сол жағындағы мұрынды Н.А.Коварский десті жай сыбырлап. Кино жұлдыздарының бәрі де осында. Тек Черкасов, Жаровтардың өздері неге тұрады? Кинода талай рет сұқтана қараған халық қалаулыларының өздерін көрген қала жұртшылығы олардың жүріс-тұрысы, киім киістерін айтып жеткізе алмайды. Сырттай ғашық қыз-келіншектер былай тұрсын, шау тартқан сарқарын әйелдер де Жаровтарды әңгіме еткенде, ақ кірген шаштарын қол қырларын бір қопсытып қояды. Әсіресе мектеп оқушыларының қуаныштары қойнына сыймай, көрген жерде-ақ қамап алып жүргізбейді. Алды-артын орап, талай жерге дейін шығарып салады. Қай кезде болсын, өзінің ақ желең, ала қалжың мінезін тастамайтын Жаров, қылымкөзденіп, кішкентай көрермендерін бір күлдіріп кетеді. Халық артисінен бір сөз естісе, сан алуан қоспалармен жолдастарына жеткізетін сөзқуарлар да аз емес. Олар жайлы талай анекдоттар қаланы тегіс аралап та шықты. Екі студияда қырықтан аса лауреаттар бар екен. Қазір солардың көпшілігі осында. В.Б.Шкловский, Ю.М.Юзовский тәрізді кино мамандары өз алдына. Көпшілікті өзіне бағындыруда атақ пен даңқтың да құдіретті күші аз емес қой. Біреудің даңқы шықса, білетіндер ғана емес, білмейтіндер де оны қосыла мақтайды. Бір көре салып, «өзінің келбеті келген-ақ екен. Шалқаң-шалқаң жүрісінің өзі неге тұрады. Түсі-ақ кім  екенін айтып тұр» деп, шынымен беріле мақтайтын жорға мен жортақтарды өмірде аз кездестірмейміз. Ендеше, қырықтан аса лауреаты бар мекеменің беделі қандай болмақ? Оның үстіне екі студия да Қазақстанға келісімен үлкен-үлкен жұмыстар жүргізді. Ең алдымен Қазақстан жазушылары үшін киносценаристердің курсын ұйымдастырып, мерзімді сағатында келушілерге атақты мамандар, басы Эйзенштейн болып, ойдағыдай құнды лекциялар оқыды. Әр лекцияларын кино-кадрлар арқылы түсіндірді. Шет елдерде, әсіресе Америкада киноның жасалу әдістерімен таныстырды. Неше алуан кинофильмдер көрсетті. Кинорежиссер, оның маңында істеушілердің қайсысы болса да сөйлесе ала жөнеледі. Ескі Грек, Римдердің майталман шешендері тәрізді. Бірінен-бірі асып түседі. Логикалары мығым. Айтайын дегенін не әдемі образ, сезім қозғарлық сөз тіркестеріне бөлеп беруге ұста. Талайын естіп таңданған да, тамсанған да болатынбыз. Бүгін бұл шешендердің нешеуін тыңдарымызды кім білсін. Бірінші сөйлеуші Эйзенштейн бе, Эмлер ме бізге белгісіз. Ынтамен күтудеміз. Жазушылардан М.О.Әуезов, С.М.Мұқанов, Ғ.М.Мүсірепов, Ғ.М.Мұстафин, тағысын басқалар. Жұрт тегіс жиналып, жиналыс енді басталуға ыңғайланғанда, академик Қаныш Имантайұлы Сатпаев1 келіп кірді. Сәлем беріп, сәл ғана ұялыңқыраған пішін көрсетіп, өте бір сыпайы кішіпейілділікпен кешірім сұрады. Жиналыс бастығы Ф.М.Эмлер: - Жоқ, кешіккеніңіз жоқ, дәл келдіңіз, Қаныш Имантаевич, - деп қипалақтап қалды да, Эйзенштейннің қасындағы бос орындықты ұсынды. Үстінде мол пішілген қара костюмі, кіршіксіз ақ көйлек, қара галстук, өзінің зор денесін бостау ұстап, Қаныш Имантайұлы ешбір қысылу, қымтырылусыз көрсеткен орынға отырып, көпшілікпен бас изеп амандасты. Қай мезгілде болсын, ол кісіге ынтыға, сүйсіне қарайтын жастар жағы Қаныш Имантайұлынан көз айырмай, қыбы мен қымын көздерінен таса етпей, бақылаумен болды. Бірақ олар үлкен адамнан ешбір мін таба алған жоқ. Өйткені Қаныш Имантайұлы өзінің табиғи салмақты мінезін өзгертпестен, басқалар сықылды ол кісі де сөйлеушінің сөзін күткен кескінде жай, байсалды қалыпта отыр. Сөзді Ф.М.Эмлер бастады: - Жолдастар, біз соғыс қырсығынан Қазақстанға, сіздерге қонақ болып отырмыз. Қазақстан үкіметіне де, қазақ халқына да кино коллективі қатты риза. Қонақжай қазақ халқы бізді құшағын жая қарсы алып, әлдеқайда алыстан оралған, аңсап көрген ұл-қыздарындай қарсы алып отыр. «Жақсылыққа жақсылық», осыған бір орай жасауға біздер әзір екенімізді білдіріп, Қазақстан ірі өндірістері туралы кинофильм жасамақшы едік. Біз мұнда жаңа тұрғындармыз... Қазақ әдебиеті, искусствосында өндіріс жайлы не бар, не жоғын білмейміз. Қазақстан өндірісін, оның еңбек ерлерін жақсы білетін қазақ жазушыларымен бірлесе отырып, фильм жасағымыз келеді. Бүгінгі біріккен мәжілістің мақсаты - осы жайлы пікір алысу, ең алдымен ірі өндіріс туралы әдебиетте не бар, не жоқ, қандай еңбек ерлері бар, осыдан бастағанымыз жөн болар. Қалай қарайсыздар? - деп, Эрмлер сөзін аяқтады. Шешен қысқа сөйлесе де, тап басып, әдемілеп сөйледі. Не алуан көркем эпитет, теңеу, ұтымды күлдіргілер де оның сөздігінен мол орын алды.   1943 жылы Қ.И.Сатпаев СССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болатын. Бірақ жұрт оны академик деп атаушы еді.   Мұндай алқалы топ және даңқ пен бедел, шешендер мен шешендіктің түйіскен жерінде көсемсу кімге де болса қиын. Мәселе анық, нысана айқын болса да, жастар үлкендерге, үлкендер жастарға қарасты. Жұрт дағдарып қалды. Мұндайда іле жөнеліп, алғашқы адымында кібіртіктеп, булығыңқырап, сәлден кейін есе жөнелетін, мол қамтып, кең шолып, өз ойын бұлыңғырлата, тыңдаушыларының білетін жағын қалпи шаншып, білмейді-ау, осыған таныс емес-ау деген тарихи, әдебиеттік жайларды баса айтып, тереңге бұлқитын Мұқаң да, мәселенің негізіне дәл түсініп, қырламай да, сырламай да, барды бар, жоқты жоқша ашық, батыл сөйлеп, сөз арасында өз ауылында болған бір оқиға немесе қызықты бір анекдотты қоса сөйлеп, кейде жорта бір сөзді білмей қалған болып, білгішсінген біреу ол сөзді айтып жіберсе, «осындайды қайдан біле бересің?» деп оны әжуаға айналдыратын, өзінің келелі пікірлерін тыңдаушыларына қалжыңын араластыра сөйлеу арқылы жеткізетін, сол әдісімен тыңдаушыларын тез билеп алатын Сәбең де сөйлемеді. Аудитория тым-тырыс. Бір минут та болса, жұрт көңілсіздене қалды. Сөйлегісі келсе де, жүрексінген біреулердің беті қызарып, маңдайы терлей бастады. Тап осы кезде Қаныш Имантайұлы тамағын бірер кенеп алды да, Эрмлерге қайырылып, күліңкіреп сөйлеп: - Жазушы, әдебиет мамандары кейін сөйлер, оқушылар атынан бір-екі ауыз сөз айтуға лұқсат етіңіз, - деді. Отырған жұрт тегіс Қаныш Имантайұлына бет бұрды. Таңданған кескін білдірді. Академик-геолог әдебиет туралы не айтпақ деген ойға келгендей. Бәрі де аңырасып қалыпты. Ол алып денесін баяу қозғап орнынан тұрды да, тіп-тік қалыпта, «неден бастасам екен» дегендей сәл кідіріп, тағы бір рет «ым-ым» деп тамағын кенеп алып, сөзіне кірісті. Жазып келген еш нәрсесі жоқ екен. Әйтсе де, ол қысылған да, қымтырылған да жоқ. Таныс аудиторияға лекция оқыған кәнігі профессорларша жай бастап, жалпақ алдыра сөйледі. Қаныш Имантайұлы сөйлеген сайын жұрт ұйып тыңдады. Оның орысша тілінің тазалығына, логикасының мықтылығына, ойының терең, әр сөзінің мағыналылығына сұқтана қарасты. Үлкен зал үнсіз. Шыбынның ұшқаны естілердей. Біреу сөйлеп жатқанда, қолын қасындағылардың құлағына тосып, «пыш-пыштап» отыратын жыбырлақтардың да үндері өшкен. Бүкіл залда тек Қаныш Имантайұлының ғана қоңыр даусы естіледі. Мұндайда жай адамдарда жиі ұшырайтын мардымсу да, тыңдаушыларды өзіне бағындыру мақсатымен қолын ербеңдету, бетін құбылту ол кісіде болған жоқ. Аудиторияны ол сөздерінің мәнділігі, салмақтылығы, логикасының күштілігімен ұйытты. Айтатынын күні бұрын жазып алып, әбден тәкіралап оқыған адам да Қаныш Имантайұлының тап қазіргісіндей сөйлей алмас еді. Бір сөзінің не артық, не кемі жоқ - бәрі де орнында. Тек анда-санда ғана бір-екі рет «ым-ым» деп қояды. Ол өзіне жарасатын да сықылды. Түйдек-түйдегімен келіп жатқан сөз тізбектері әлдене бөгетке килігіп, сәл тоқтап қалғандай да, жаңағы бір дыбысты шығарғанда, бөгетін бұзған су ағыны тәрізді сөз артынан сөз келіп, ағытыла жөнелетінге ұқсайды. - Қазақстан территориясына, - деді ол бір кезде, - Англия, Франция, Испания, Австрия, Бельгия, Голландия, Дания тәрізді жеті мемлекетті орналастыруға болады. Ол тек өзінің шетсіз, шексіз кеңдігімен ғана емес, кен байлығымен де әлемді таңғалдырады. Қазіргі Қарсақпай, Жезқазған, Қоңырат, Қарағанды, Шымкент қорғасын заводы, Ақтөбе химкомбинаты - бүкіл одақ көлеміндегі алыптар сапында. Сонау Ұлы Отан үшін күрескен қан майданда жауға атылған ажал оқтарының оннан тоғызы Шымкент қорғасын заводында өндіріледі. Қазір фашистердің оғы өте алмайтын танктер соғысқа араласты. Ол табысқа да Қазақстан ортақ. Бұл тек үлкен істің бастамасы ғана... Қазақтың асқар Алатауы, бұйра құмы, кең байтақ жазығы - алтын мен күміс, жез бен мыс, көмір мен қорғасын. Бір кезде Бетпақтың шөлі атанған, «құстың қанаты, аттың тұяғы күйетін» құлазыған қу дала - қазір сарқылмас кен қазынасы. Бүкіл Одақ көлеміндегі сандаған ірі өндірістердің қазығы мен азығы болып отыр. Ел тағдыры таразыға түсіп, Герман фашистері «айдарлымызды құл, тұлымдымызды тұл етпек» болып, елімізді оққа байлап, жерімізді отқа беріп жатқан сұрапыл кезеңде Қазақстанның кен байлығы - ел тынысы, майдан жеңісі. Орыс ғылымының атасы М.В.Ломоносов бұдан екі ғасыр бұрын Россия жерінде сан жетпес байлық бар, жер-ана, оның сырын ашып, шырынын ала білу тек ғылымның ғана қолынан келеді десе, оның ұрпақтары, бүкіл совет халқының мақтаны, даңқты академиктер: А.Д.Архангельский, И.М.Губкин, В.А.Обручев, А.Е.Ферсман, проф. М.А.Усовтар, ескі Палеозой эрасынан бері қарай жер-анамыздың сатылап сақтаған асыл қазыналарын қалай танып, қалай табудың жолдарын көрсетті. Қазақстанда ашылып отырған кен байлықтар, келешегі мол ірі өндірістер, жыл санап қаулап өсіп келе жатқан қазақтың ғалым қайраткерлері жас мамандар - бәрі де орыс ғалымдарының ұлы еңбектеріне сүйенеді. Сол ғалымдардың жер сырын жете тексерулері негізінде ашылып отырған жаңалықтар арқасында, кешегі көшпелі ел, шексіз шөл Қазақстан бүгін ол - кен, ол - сан алыптар ірге тепкен ірі өндіріс, қайнаған еңбек, мың-мыңдаған жұмысшылар бар жаңа өмірдің ордасы. Қазіргі жеңіс тетігі - ертеңгі коммунизм құру істерінде Ұлы Отанымыздың мығым тіректерінің бірі. Бүгінгі қойылып отырған мәселеге біздер осы тұрғыдан келсек, толғағы жеткен, ғасырлар бойы аңсаған халықтың ұлы арманы мен бүгінгі ерен ерлігін, қызықты келешегін экранда көрсетуде қазақ өмірі, Қазақстанның ірі өндірістері мен онда істейтін сан мыңдаған еңбек ерлері - адам баласы тарихында бірінші рет кездесіп отырған және ол тек совет елінде ғана мүмкін үздік құбылыс. Сондықтан бұл дер кезінде қойылып отырған мәселе», - деп академик Қазақстан өндірістерінің сол кезде айтылуға тиіс тарихы мен табыстарына тоқтала келіп, сол жылдар даңқы жер жарған қарт шахтер Күзенбаевтан бастап, орыс, қазақ, тағы басқа ұлттардан шыққан көптеген еңбек ерлерін атады. Бір ғажабы, солардың барлығының аты-жөнін айта келіп, кімдердің қандай істермен еңбек ерлері болғандығын баяндай сөйледі. Қаныш Имантайұлының өндіріс, кен байлығын, онымен байланысты ғылымның әр алуан саласын терең білетіндігі, оның әр тарауымен шұғылданушы ғалымдардың зор еңбектер арқылы әртүрлі жаңалықтармен таныстығы, олардың аттарын үлкен бір ізет, терең сүйіспеншілікпен атауы өз алдына, жиналысқа қатысушыларды ерекше таңғалдырған нәрсе: соншама фактілер, сандаған еңбек ерлері, көптеген ғалымдардың өз аттары мен әкелерінің аттары есінде сақталуы. Екінші - академиктің мейлінше кішіпейілділігі. Қаныш Имантайұлы өзінің ең бір қызықты кезі жігіттік шағын Қарсақпай, Жезқазғанда өткізді. Ол студент кезінен (1921-1926) бастап-ақ рюкзагін иығына асып алып, тау-тасты кезумен болды. Өзіндей бозбалалар жаз демалысқа келгенде әсем киім, жақсы атты машығы етіп, ел аралап, бозбалалық құрса, ол тау аралап, тас терді. Неше алуан түсті тастардың сырын ашып, тегін тануға, қай тасты қандай текке жататындығын айырып, солардың негізінде жер астында не жатқанын білуді арман етті. Ол кейде сәтсіздікке де кездесті. Асылы - жай, қымбаты - арзан болып шыққан шақтары да болды. Әйтсе де, ол тас теруден жалықпады. - Сәтбайдың Қанышынан ештеңе шыға қоймас. Өйткені тау мен тастан басқа еш нәрсені білмейді. Тіпті білгісі де келе ме екен? - деп кекете сөйлеушілер де аз болған жоқ. Жаратылысында мінезге бай Имекең баласының осы бір істерін іштей ұнатпаса да, әлгідей қаңқу сөздердің талайын естісе де, еш нәрсе ұқпаған адамдай кескін білдіріп, баласына да, жұртқа да тіс жарып сөз айтпай, байсалды қалпында қала беретін. Әрбір жүріс-тұрысы, мінез-құлқынан жаны рақат табатын мейірімді ана Нұрым апай ұлының не үшін тасқа құмарлығын ұғынбаса да, бетіне жел болып тиген емес. Ол әрекеттерін ішінен балалықтың бір салдары шығар деп ойлайтын. Жұрт шырт ұйқыда жатқанда орнынан тұрып, рюкзагін ыңғайлай бастаған ұлымен ана бірге оянып: «Құлыным, Қанышжан-ау, тамақ ішсейші, қарның ашып қалар, қалқам», - деп, үйдегі дәмді тамағын аузына ұстап, жолына керек азықтарды рюкзактің қалталарына нығыздай салатын. «Болды, апа», - десе де тыңдамай: «Жарайды, жаным. Енді салмаймын», - деп аузы айтса да, жүрек әмірін орындаушы ана байғұстың қолы тағы да бірдемелерді рюкзакқа салып жатады. Мейлінше қатты сыйлайтын жақсы ананы ренжітіп алам ба деп, студент қарқылдап күледі де, рюкзагін иығына аса бастайды. Әрдайым үйден ас әкетіп, таудан тас әкелетін көнетоздау рюкзак - екеуінің де ескі танысы. Ол кезде талдырмаштау, кең маңдай, бұйра шаш, ұзын бойлы келген ақсары жас жігіт рюкзагін арқалап үйден шыққанда, ана байғұс көзімен ұзатып салып, ұзақ қарап тұратын-ды. Ананың не ойлап, не тілеп тұрғанын кім білсін? Ана жүрегі үлкен ғой. Әлде амандық, әлде табыс, әлде Қабдулғаниінің (Қаныш) үлкен адам болуын, әлде бәрін де тілеп тұра ма? Әйтеуір ұлы ұзап кеткенше, ол кісі үйге кіріп көрген емес. Шіркін, ана махаббаты түпсіз ғой? Кей кездерде тас терудің қызығына түсіп кетіп, ұлы екі-үш күндей келмей қалса, қорқынышы мен күдігі араласқан ана, өзінің сүр сақтайтын кебежесінен әр кезде Қанышжаны жинаған тастарды алып, оны не үшін жинайтындығын, ол тастарда не тылсым бар екенін ұқпаса да, асыл ана қолына тастарды алып, кейбіреулеріне сүйсіне қарайтын. Тіпті кейбір әдемі тастарды жүрегіне басып, сүйіп те қоятын. Өйткені ол тастарда Қанышжанының қолының ізі бар ғой. Қаныш Том қаласында (Томск) технологиялық институттың тау-кен факультетінің барлаушылық жүргізетін бөлімін бітіріп, тау инженері атағын алып, әуелі Атбасарға, кейін Қарсақпай, Жезқазғанға келгенде, ол өлкеде ескі өмірдің әлі қаймағы бұзылмаған, құлазып жатқан қу дала болатын. Таудай талап, ұлы арман, халқына қызмет етіп, пайдалы адам болсам, ғасырлар бойы сан байлықты ішіне бүгіп жатқан жер сырын біліп, кен көзін ашсам деген үміт пен институттан алып шыққан білімнен басқа оның қолында еш нәрсе жоқ. Сан қиындық көз алдында кесе көлденең тұрса да, ол таймай іске кірісті. Бетпақтың ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп, Қарсақпай, Жезқазғанның сарқылмас кен байлақтарын ашты. Сол еңбектері үшін оған (1942 жылы) геолого-минералогия ғылымдарының докторлық дәрежесі және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағы берілді. Ескі жолдасы рюкзагін арқасынан қалдырмай тас теріп, кен жыныстарының жылты бар топырақ, соларды талдау қорытындысында, Жезқазған, Қоңыраттардың кен байлығы ағылшын зерттеушілерінің айтқандарынан да әлдеқайда артық, әлдеқайда бай екендігін дәлелдеу үшін сегіз жыл бойы айтысып, ақыры дәлелдеп шыққан да, Серго Орджоникидзенің алдында Үлкен Жезқазған мыс қорыту комбинатын құру қажеттігін дәлелдеп, үкімет қаулысын шығартқан да, Қазақстанның басқа ірі өндірістеріне сарқылмас азық тауып берген де осы қарсы алдымызда сөйлеп тұрған ұзын бойлы, зор денелі ақсары адам. Оның сол тұрысының өзінен-ақ көз құмарың қанып, көңілің риза болғандай. Әрі ойлы, әрі мейірімді көзі, рақымдылық нұры орнаған жүзі, қарыс жарым кең маңдайы - бәрінде де ерекше бір жылылық бар. Әсіресе сонау қылау шалған әдемі қара бұйра шашы мен маңдайының түйіскен жерінің оң жағы сәл төменде, сол жағы биіктеп барып тоқтауы айрықша көз тартады. Басқаларда кездеспейтін осы бір кішкене ғана ерекшелік оның келісті келбетінің әдемілігін арттырып тұрғанға ұқсайды. Қай кезде көрсең де байсалды мінезінің бір қалыптан өзгермейтіндігі өзін сыйлатарлық, басқалардан әрдайым беделі жоғары тұратын топырағының ауырлығын көрсетсе, өзінен кіші адамдарға да «Сәке», «Қажеке», «Мәке» деп ізетпен сөйлейтін кішіпейілділігі ол кісіге деген басқалардың жүрек жылылығын арттыра түсетін тәрізді. Қазір ол трибунада, көпшілік алдында тұрса да, өзінің дағдылы мінезін зәредей де өзгерткен жоқ. Бар ынтасын сала ұйып тыңдаушы көпшіліктің абайы да, құрмет, ізеті де оны селт еткізе алмады. Үлкен адам өзінің ежелгі әдеті - кішіпейілдік қалпында қала берді. Жоғарғы айтылғандардай, талай ұлы еңбектерді өз қолымен істеп, өндіріске де, ғылымға да үлкен-үлкен үлестер қосса да, «мен», не «менің басқаруыммен» деу былай тұрсын, «қатысуыммен» деген сөз де ол кісінің аузынан шықпады. Ол Қазақстанның кен байлығын, өндірістерін өте бір жақсы білетін көлденең адам қатарында сөйледі. Жұрт Қаныш Имантайұлының сөздерін сүйсіне тыңдап, кішіпейілділігіне сұқтана қарады. Советтік Ұлы Отанның Қаныш Имантайұлындай ғалымдарына мақтанғандай кескін білдірді. Өнеге алар жас болса, үлгісі алдында тұр деген қорытындыға келді. Академик Қарсақпай, Жезқазған тарихы туралы шолуын аяқтады да, тамағын тағы бір кенеп алып, әдебиетке көшті. - Кино мамандарының, - деді ол, - жазушылармен бірлесе отырып сценарийлер жазу, заманымызға сай фильмдер жасау идеясы - құптарлық та, қуанарлық та жұмыс. Фольклор да, әдебиет те халықтың сан ғасырлар бойы жақсы өмір аңсаған ұлы адамдарының сәулесі. Олардан кино үшін үлкен идея да, қызықты оқиға желісі де, образдар да табылады. Қазақ, жалпы шығыс фольклорында, әдебиетінде тіпті сонау ескі замандардан үзілмей келе жатқан өзек, үлкен бір оптимистік идея бар. Ол - табиғаттың мылқау күштерінің сырын білу, оларды өз күштеріне бағындыру. Мысалы, Үнді халқының эпосы «Махабхаратаның» бас қаһарманы Рамана жер жаннаты Цейлон аралын жайлап алып, адам баласын аштық апатына ұшыратушы жын патшасына қарсы күрес ашып, өзінің ерен күші, айла, амалы арқылы жеңіп шығып, азап шеккен халықтың бақытқа қолын жеткізуі, жер жүзіндегі жауыз күштерді түгел адақтап, көк тәңіріне қарсы майдан ашатын «Осетин-нарт аңызының» денесі құрыштан жаралған геройы Батрадэ, жеті жыл жер астында болып, ен байлық, асыл қазынаға кездесетін, соның бір айғағы есебінде теңіз түбінен алтын қазанды атына өңгеріп шығатын қазақ аңызының бас образы Ер Төстік, мәңгі суды (живая вода) өзі ішіп тірі қалудың орнына, ол сумен елін, жерін көгертіп, дүние салған башқұрт аңызы «Урал батыр» - бәрі де халық армандарының сәулесі. Табиғат күштерін адам баласының жеңу, өзіне бағындыру идеясын меңзейді. Башқұрт аңызында Урал батырдың сүйегі асыл тас, алтынға, қаны мұнайға айналады. Қандай тамаша меңзеу! Бұл - біздің ғалымдарымыздың Урал тауындағы таусылмас кен байлықтарды ашудан әлденеше ғасыр бұрын туған аңыз. Ендеше, ауыз әдебиетіндегі ертегі әңгімелер мен эпостардағы ерліктердің бәрі бірдей қиял дүниесінің жемісі емес, олардың негізінде өмір шындығы, тіршілік тәжірибесі жатқандығы аңғарылады. Кинофильм жасаушыларға бұл жайттар, бізше, керекті де, пайдалы да. Ал қазіргі қазақ совет әдебиетінде киноның кәдесіне жарарлық не бар, не жоқ десек, ол туралы да көп нәрселер айтуға болады. Қазақ совет әдебиеті Совет өкіметі кезінде туып, онымен біте қайнап, бірге өсті. Партия мен үкіметіміз тарапынан жүргізілген саяси шаруашылық шараларды іске асырудағы халқымыздың қаһармандық қимылдарын жырлауға белсене ат салысып келеді. Жиырмасыншы жылдар  қазақ даласында құрыла бастаған өнеркәсіпті фабрика, заводты, қырды жаңғырықтырған машина, тракторларды тақырып етіп, ел өміріне ұлы өзгеріс кіруін ақындарымыз шабыттана, шаттана жырлап, техниканың тілін білу, таяқты қайлаға, тұлпарды машинаға айырбастауды үндеді. 30 жылдардан бастап бұл мәселеге ерекше бет бұрылды. «Жүйіткі, қара айғырым», «Көмір-коммунизм», «Құрылыс», «Турксиб түйіскенде», «Нефстан» тәрізді өлең, поэмалар, «Менің құрдастарым», «Завал», «Өмір не өлім», тағысын басқа повесть және көптеген қысқа әңгіме, очерктер әдебиетімізге елеулі үлес болып қосылып отыр. Өндіріс - қазақ ақын-жазушылары үшін жаңа өмір, жаңа тақырып. Оның өзіне тән ерекшеліктері бар. Ақын-жазушыларымызға бұрын таныс емес соны мәселені бір дегеннен неге баурап алмайсыңдар деу әділетсіздік болар еді. Бұл туындыларда өндіріс процесінің ішіне кіре алмай, тек сыртын суреттеп, өздерінің жақсы ниеттерін ғана машықтаушылар да жоқ емес. Сонымен қатар кинофильм жасауға негіз боларлық, оқиғасы қызық, өндіріс өмірінің кейбір жақтарын жақсы бейнелейтін, жаңа адам, жаңа ой-сезімді көрсетіп, ескілік пен жаңалықтың күресін, идеялық, психологиялық жайттарға құрған повесть, романдар да бар. «Өмір не өлім», «Менің құрдастарым» - автор мен режиссерлердің ынтымақпен істеулерін күтіп отырған бүгінгі күн тәртібіне сай келетін шығармалар тәрізді. Жаңа заманның жаңа адамдары, совет мектебінен коммунистік тәлім-тәрбие алып өскен Еркін, Рахмет, Лиза, Дәмелі, Алексей, Шәктібайлар - тек бүгіннің емес, келешектің де күрескерлері, коммунизм идеясының туын көтерушілер. Оларға қарсы Сойдақтіс, Лисициндар сықылды ұнамсыз образдар көшпелі дәуірдегі белгілі бір қоғамдық топтың келіссіз кескінін көрсететіндігі сөзсіз. Бірақ біз, оқушылар, әдебиетіміздегі бұл табыстарды жеткен жері осы-ақ екен деуден аулақпыз. Бұларды тек үлкен істің бастамасы ғана деп білеміз. Біздің Мұхтар Омарханұлы, Сәбит Мұқанұлы, Ғабит Махмудұлы сықылды жетекші, ірі таланттарымыз өндіріс тақырыбына әлі кіріскен жоқ. Олар келешекте өздерінің аттарына сай үлкен туындылар беретіндігіне оқушылардың сенімі мол. «Мосфильм», «Ленфильмдерде» істеуші бүкіл халқымыз сүйетін режиссер, сценарист, халық артистерінің Қазақстан жазушыларымен біріккен бүгінгі мәжілісі нәтижелі болуына біз тілектеспіз және солай болатындығына берік сенеміз, - деп, академик сөзін бітірді. Ол сөйлеген сайын демдерін ішінен алып, бар сезімдері құлаққа айналған халық терең сүйіспендіктерінің бұйыруымен еріксіз қол шапалақтап жіберді. Әркім қасындағы жолдастарына Қаныш Имантайұлы туралы өздерінің адамдық махаббат, жүрек жылылықтарын айтысып, жаңа ғана тым-тырыс отырған жұрт гуілдесіп, кейбіреулер таңдана бас шайқап, ризалық күліс кескінін аңғартты. Бір сағаттай жым-жырт боп, бір ауызды баққан аудитория енді қайта жанданды. Трибунадан түсіп, Қаныш Имантайұлы Эйзенштейннің қасына отыра бергенде, атышулы режиссер Қаныш ағайдың қолын қатты қысып, үлкен ризашылық, құттықтау ізетін көрсетті. Қаныш Имантайұлының беті сәл қызғылт тартып, өзінің шалқайыңқырап, рахаттана күлетін дағдылы әдетімен бір күліп алды да, Эйзенштейннің ізетіне алғыс айтып, оған өзінің әдебиет маманы емес екендігін, режиссердің сөзін тек көңіл делбеу қатарында ғана қабылдайтындығын ескертті. Гуілдеп, бет-бетімен жайыла бастаған көпшілікті жиылыс бастығы қаламымен графинді тықылдатып, тәртіпке шақырды. Жұрт тыныштала бастады. - Тағы кім сөйлейді? Ешкім сөз сұраған жоқ. Көпшілік қайта тынды. Осы дағдарысты пайдаланып, Қаныш Имантайұлы жиылыс бастығы Эрмлерге сыбыр ете түсті. Ол көпшілікке қайрылып, Қаныш Имантайұлының тығыз шаруасы барлығын, рұқсат сұрайтындығын жариялады да: - Жолдастар, жұмысының көптігіне, артық уақытының жоқтығына қарамастан, халықтың мәні зор мына иігілікті іске ат салысу үшін келуі және Қазақстан ірі өнеркәсібінің тарихы, өсу, дамуы, оның қазақ әдебиеті туралы аса бағалы пікірлер айтқандығы үшін академик Қаныш Имантайұлына біздің коллективтің және осы жиналысқа қатысушылардың атынан үлкен рақмет айтуға рұқсат етіңіздер! - деді. Жұрт тағы қол шапалақтады. Қаныш Имантайұлы жиылыс басқарушылармен қол алыса қоштасып, көпшілікке ерекше бір сыпайылықпен бас иіп, есікке қарай жүрді. Жиналыстағылар Қаныш Имантайұлына бет бұрып, көздерімен шығарып салды. Кімнің болсын мейлі, оған деген ризашылығы мен жүректеріндегі жылылықтары көз нұрларынан байқалғандай. Жарға жанамалатып қойылған орындықта отырған Мұқаң жан-жағына қарады да, сөйлейтін кісі жоғына көзі жетіп, қол көтерді. Жұрт тағы тына қалды. Өзінің дағдылы әдеті бойынша, «әп» дегенде Мұқаңның сөздері шашыңқы шығып, кібіртіктеніңкіресе де, сәлден кейін, есіле жөнелді. Жиналыстың мақсат, міндетін мол қамтып, кеңінен шолып, актуалды мәселе көтерушілерге алғысын айта келіп, Қаныш Имантайұлының сөзіне тоқталды. - Әдебиет маманы болмаса да, академик Сәтпаев жалпы әдебиетті, әсіресе өндіріс тақырыбына жазылған көркем туындыларды, меніңше, біздің жазушы, әдебиетшілерден кем білмейтіндігі көрінді. Қаныш Имантайұлының сөздерінен ол шығармалардың оқиғасының қызықтылығы, идеялық, мінез, тіпті психологиялық қақтығыстарының қиыннан қиысқан шиеленісулері мен адамдар арасындағы тартыстардың кинофильмдер жасауға ұтымды жақтарының молдығы да аңғарылды. Әсіресе шығыс фольклоры, эпостары туралы айтқан ойлары кино сценаристерін қызықтыратын аса бір құнды, айрықша көңіл аударарлық келелі пікір деп ұғамын. Академик Сәтпаев қазіргі әдебиетіміздегі табыстарымызға шын жүректен сүйсіне, кемістіктеріне күйіне сөйледі, біздердің де кемшіліктерімізді сынады. Әділ айтты. Мына Сәбит те, Ғабит те, мен де өндіріс тақырыбына әлі терең бара алғанымыз жоқ: әрқайсысымыздың әр кезде, әр жағдайға байланысты жазған қысқа әңгіме, желе жортқан очерктеріміз бар. Бірақ олар өзімізді де, оқушыларды да, заман тілегін де қанағаттандыра алмайды. Өндіріс тақырыбы - келелі тақырыптардың бірі. Емірене барып, етегіміз толып қайтарлық өміріміздің ең бай саласы. Ел тағдыры сонау ұлы майданда жан беріп, жан алған ерліктер арқылы шешілуде десек, оның тірегі тыл, елдегі фабрика, завод, өндіріс ерлерінің ерен қимылдарында. Ендеше олар туралы жазу - біздің өтелмеген парыз, келелі міндеттеріміз. Осы тұрғыдан бүгін мәселе қойып отыр. Бұл - әр жазушы, әрбір сценарист, режиссерлерді ойлантарлық та, толғантарлық та жайт. Қаныш Имантайұлы - Қазақстандағы өндіріс, әсіресе қазіргі соғыста шешуші орын алатын ірі өндірістердің тарихын да, өсу жолдарын да жақсы білетін, солардың құрылуына, дамуына белсене ат салысқан даңқты ғалымдардың бірі. Оның өндіріс туралы айтқан ойлы, өнегелі, ұтымды пікірлеріне біздің қосарымыз жоғы былай тұрсын, әдебиет жайлы да керекті мәселелерді толық қамтыды. Өз басым академик Сәтпаевтың әдебиет туралы айтқандарына толық қосыламын және құптаймын, - деді. Басқа жазушы, әдебиетшілер де: - Дұрыс. Біз де солай ұғамыз, - десті. Мұқаң сөзін қайта жалғастырып, өндіріс тақырыбына фильмді қалай жасау жөніндегі өзінің ойларына, творчестволық жоспарларына тоқталды. Онан кейінгі шешендердің бәрі де желпінбелерін Қаныш Имантайұлының сөздерін, ойын жалғастырудан бастап, сөз аяғын ол кісіге үлкен алғыс айтумен бітірді. Әдебиетшілердің ешқайсысы желпініске шыққан жоқ. Қатты қадір тұтатын ғалым ағаның ел сынарлық, ер сынарлық алқалы жерде үстеріндегі өте бір ауыр жүкті күшті иығына салып арқалап кеткендігі үшін өздерін бақытты санады. Мол қамтып, терең бойлай байымдаған Қаныш Имантайұлының сөзінен кейін мамансынған әдебиетшілердің сөйлеуінің қажеті болмай қалды. Сондықтан да ешкім сөз сұраған жоқ. Жиылыс бітіп, жұрт үйді-үйге тарады. Олар Қаныш Имантайұлының өзін ойларында, сөздерін саналарында сақтап, өздерімен бірге ала кетті. Москва, Ленинград адамдары орталықтан шалғай жатқан қазақ даласынан шыққан мына тәрізді энциклопедиялық білімді ғалымның бар екендігін өз көздерімен көріп, әрі таңданған, әрі Совет елінде болу мүмкіндігіне шәк келтірмес сеністік сезімде болса, ол кісіні бұрыннан жақсы білетіндер, осындай замандасы, ағасы, әкесі алдында тұрғанда, «төсі жайлау, төбесі қыстау» тәрізденді. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деген ескіден келе жатқан мәтел бар. Қазір секундына пәлен километр алатын ұшқыштармен салыстырғанда, көңілдің, қиялдың жүйріктігін көк дөненмен салыстыру - күлкі. Бірақ ол - өз кезінің жемісі. Бұдан жүз жыл бұрын қазақ даласында көк дөненнен жүйрік не болмақ?! Әр нәрсенің өз жағдайы, өз кезі бар. Заманына қарай адамы. Әр адам өз халқының бір кішкентай бөлшегіне ұқсас. Біреу оның жақсы жағын, біреу жаман жағын бейнелеуі мүмкін. Менің қиялымда Қаныш аға қазақ халқының кеңпейілдік, жомарттық, ақжарқын аңғалдық, сабыр салмақтылық, бір нәрсеге берілсе, құлай берілушілік, еңбек сүйгіштік сықылды жақсы қасиеттерін түгел қамтып, орыс, батыс, шығыс мәдениеттеріне де емірене барып, етегі толып қайтқан, олардың да тек жақсы жақтарын өз бойына сіңірген және осы қасиеттерін коммунизм құрушы халықтар иігілігіне жұмсауға өзіне-өзі іштей серт етіп, іске бел буған ұлы адамның бейнесін көзге елестетті.   Әдеби әлем
18.11.2013 05:36 8462

1943 жыл. Қыс айы. Қары еріп жатқан Алматының алабұлт, лайсаң күндерінің бірі. Әлемге апат алып келген герман фашистерінің зобалаңынан ығысып, Алматы қаласына уақытша тұрақтаған «Мосфильм», «Ленфильмдердің» Қазақстан жазушы-әдебиетшілерімен біріккен мәжілісі болады деп, қазіргі 8 март көшесіндегі «Қазақфильм» үйіне әдебиет-искусство жұртшылығы жинала бастады.

Стол басында мәжіліс басқарушылар: орта бойлы, шалқақ кеуделеу келген жігіт ағасы адам Ленфильмнің бас режиссері Ф.М.Эрмлер, сол жағында сақал-мұрты қуқыл тартқан, толық денелі, жасы алпыстар шамасы, ақсары кісі отыр, оң жағында ұзын бойлы, қапсағай келген, жауырынды, орақ мұрынды жастау жігіт.

Білетіндер шалды нұсқап, атышулы режиссер, сценарист С.М.Эйзенштейн де, Ф.М.Эрмлердің сол жағындағы мұрынды Н.А.Коварский десті жай сыбырлап.

Кино жұлдыздарының бәрі де осында. Тек Черкасов, Жаровтардың өздері неге тұрады? Кинода талай рет сұқтана қараған халық қалаулыларының өздерін көрген қала жұртшылығы олардың жүріс-тұрысы, киім киістерін айтып жеткізе алмайды. Сырттай ғашық қыз-келіншектер былай тұрсын, шау тартқан сарқарын әйелдер де Жаровтарды әңгіме еткенде, ақ кірген шаштарын қол қырларын бір қопсытып қояды. Әсіресе мектеп оқушыларының қуаныштары қойнына сыймай, көрген жерде-ақ қамап алып жүргізбейді. Алды-артын орап, талай жерге дейін шығарып салады.

Қай кезде болсын, өзінің ақ желең, ала қалжың мінезін тастамайтын Жаров, қылымкөзденіп, кішкентай көрермендерін бір күлдіріп кетеді. Халық артисінен бір сөз естісе, сан алуан қоспалармен жолдастарына жеткізетін сөзқуарлар да аз емес. Олар жайлы талай анекдоттар қаланы тегіс аралап та шықты. Екі студияда қырықтан аса лауреаттар бар екен. Қазір солардың көпшілігі осында. В.Б.Шкловский, Ю.М.Юзовский тәрізді кино мамандары өз алдына.

Көпшілікті өзіне бағындыруда атақ пен даңқтың да құдіретті күші аз емес қой. Біреудің даңқы шықса, білетіндер ғана емес, білмейтіндер де оны қосыла мақтайды. Бір көре салып, «өзінің келбеті келген-ақ екен. Шалқаң-шалқаң жүрісінің өзі неге тұрады. Түсі-ақ кім  екенін айтып тұр» деп, шынымен беріле мақтайтын жорға мен жортақтарды өмірде аз кездестірмейміз. Ендеше, қырықтан аса лауреаты бар мекеменің беделі қандай болмақ? Оның үстіне екі студия да Қазақстанға келісімен үлкен-үлкен жұмыстар жүргізді. Ең алдымен Қазақстан жазушылары үшін киносценаристердің курсын ұйымдастырып, мерзімді сағатында келушілерге атақты мамандар, басы Эйзенштейн болып, ойдағыдай құнды лекциялар оқыды. Әр лекцияларын кино-кадрлар арқылы түсіндірді. Шет елдерде, әсіресе Америкада киноның жасалу әдістерімен таныстырды. Неше алуан кинофильмдер көрсетті.

Кинорежиссер, оның маңында істеушілердің қайсысы болса да сөйлесе ала жөнеледі. Ескі Грек, Римдердің майталман шешендері тәрізді. Бірінен-бірі асып түседі. Логикалары мығым. Айтайын дегенін не әдемі образ, сезім қозғарлық сөз тіркестеріне бөлеп беруге ұста. Талайын естіп таңданған да, тамсанған да болатынбыз. Бүгін бұл шешендердің нешеуін тыңдарымызды кім білсін. Бірінші сөйлеуші Эйзенштейн бе, Эмлер ме бізге белгісіз. Ынтамен күтудеміз.

Жазушылардан М.О.Әуезов, С.М.Мұқанов, Ғ.М.Мүсірепов, Ғ.М.Мұстафин, тағысын басқалар.

Жұрт тегіс жиналып, жиналыс енді басталуға ыңғайланғанда, академик Қаныш Имантайұлы Сатпаев1 келіп кірді. Сәлем беріп, сәл ғана ұялыңқыраған пішін көрсетіп, өте бір сыпайы кішіпейілділікпен кешірім сұрады. Жиналыс бастығы Ф.М.Эмлер:

- Жоқ, кешіккеніңіз жоқ, дәл келдіңіз, Қаныш Имантаевич, - деп қипалақтап қалды да, Эйзенштейннің қасындағы бос орындықты ұсынды.

Үстінде мол пішілген қара костюмі, кіршіксіз ақ көйлек, қара галстук, өзінің зор денесін бостау ұстап, Қаныш Имантайұлы ешбір қысылу, қымтырылусыз көрсеткен орынға отырып, көпшілікпен бас изеп амандасты.

Қай мезгілде болсын, ол кісіге ынтыға, сүйсіне қарайтын жастар жағы Қаныш Имантайұлынан көз айырмай, қыбы мен қымын көздерінен таса етпей, бақылаумен болды. Бірақ олар үлкен адамнан ешбір мін таба алған жоқ. Өйткені Қаныш Имантайұлы өзінің табиғи салмақты мінезін өзгертпестен, басқалар сықылды ол кісі де сөйлеушінің сөзін күткен кескінде жай, байсалды қалыпта отыр. Сөзді Ф.М.Эмлер бастады:

- Жолдастар, біз соғыс қырсығынан Қазақстанға, сіздерге қонақ болып отырмыз. Қазақстан үкіметіне де, қазақ халқына да кино коллективі қатты риза. Қонақжай қазақ халқы бізді құшағын жая қарсы алып, әлдеқайда алыстан оралған, аңсап көрген ұл-қыздарындай қарсы алып отыр. «Жақсылыққа жақсылық», осыған бір орай жасауға біздер әзір екенімізді білдіріп, Қазақстан ірі өндірістері туралы кинофильм жасамақшы едік. Біз мұнда жаңа тұрғындармыз... Қазақ әдебиеті, искусствосында өндіріс жайлы не бар, не жоғын білмейміз. Қазақстан өндірісін, оның еңбек ерлерін жақсы білетін қазақ жазушыларымен бірлесе отырып, фильм жасағымыз келеді. Бүгінгі біріккен мәжілістің мақсаты - осы жайлы пікір алысу, ең алдымен ірі өндіріс туралы әдебиетте не бар, не жоқ, қандай еңбек ерлері бар, осыдан бастағанымыз жөн болар. Қалай қарайсыздар? - деп, Эрмлер сөзін аяқтады.

Шешен қысқа сөйлесе де, тап басып, әдемілеп сөйледі. Не алуан көркем эпитет, теңеу, ұтымды күлдіргілер де оның сөздігінен мол орын алды.

  1943 жылы Қ.И.Сатпаев СССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болатын. Бірақ жұрт оны академик деп атаушы еді.

  Мұндай алқалы топ және даңқ пен бедел, шешендер мен шешендіктің түйіскен жерінде көсемсу кімге де болса қиын. Мәселе анық, нысана айқын болса да, жастар үлкендерге, үлкендер жастарға қарасты. Жұрт дағдарып қалды.

Мұндайда іле жөнеліп, алғашқы адымында кібіртіктеп, булығыңқырап, сәлден кейін есе жөнелетін, мол қамтып, кең шолып, өз ойын бұлыңғырлата, тыңдаушыларының білетін жағын қалпи шаншып, білмейді-ау, осыған таныс емес-ау деген тарихи, әдебиеттік жайларды баса айтып, тереңге бұлқитын Мұқаң да, мәселенің негізіне дәл түсініп, қырламай да, сырламай да, барды бар, жоқты жоқша ашық, батыл сөйлеп, сөз арасында өз ауылында болған бір оқиға немесе қызықты бір анекдотты қоса сөйлеп, кейде жорта бір сөзді білмей қалған болып, білгішсінген біреу ол сөзді айтып жіберсе, «осындайды қайдан біле бересің?» деп оны әжуаға айналдыратын, өзінің келелі пікірлерін тыңдаушыларына қалжыңын араластыра сөйлеу арқылы жеткізетін, сол әдісімен тыңдаушыларын тез билеп алатын Сәбең де сөйлемеді.

Аудитория тым-тырыс. Бір минут та болса, жұрт көңілсіздене қалды. Сөйлегісі келсе де, жүрексінген біреулердің беті қызарып, маңдайы терлей бастады.

Тап осы кезде Қаныш Имантайұлы тамағын бірер кенеп алды да, Эрмлерге қайырылып, күліңкіреп сөйлеп:

- Жазушы, әдебиет мамандары кейін сөйлер, оқушылар атынан бір-екі ауыз сөз айтуға лұқсат етіңіз, - деді.

Отырған жұрт тегіс Қаныш Имантайұлына бет бұрды. Таңданған кескін білдірді. Академик-геолог әдебиет туралы не айтпақ деген ойға келгендей. Бәрі де аңырасып қалыпты.

Ол алып денесін баяу қозғап орнынан тұрды да, тіп-тік қалыпта, «неден бастасам екен» дегендей сәл кідіріп, тағы бір рет «ым-ым» деп тамағын кенеп алып, сөзіне кірісті.

Жазып келген еш нәрсесі жоқ екен. Әйтсе де, ол қысылған да, қымтырылған да жоқ. Таныс аудиторияға лекция оқыған кәнігі профессорларша жай бастап, жалпақ алдыра сөйледі. Қаныш Имантайұлы сөйлеген сайын жұрт ұйып тыңдады. Оның орысша тілінің тазалығына, логикасының мықтылығына, ойының терең, әр сөзінің мағыналылығына сұқтана қарасты. Үлкен зал үнсіз. Шыбынның ұшқаны естілердей.

Біреу сөйлеп жатқанда, қолын қасындағылардың құлағына тосып, «пыш-пыштап» отыратын жыбырлақтардың да үндері өшкен. Бүкіл залда тек Қаныш Имантайұлының ғана қоңыр даусы естіледі.

Мұндайда жай адамдарда жиі ұшырайтын мардымсу да, тыңдаушыларды өзіне бағындыру мақсатымен қолын ербеңдету, бетін құбылту ол кісіде болған жоқ. Аудиторияны ол сөздерінің мәнділігі, салмақтылығы, логикасының күштілігімен ұйытты. Айтатынын күні бұрын жазып алып, әбден тәкіралап оқыған адам да Қаныш Имантайұлының тап қазіргісіндей сөйлей алмас еді. Бір сөзінің не артық, не кемі жоқ - бәрі де орнында. Тек анда-санда ғана бір-екі рет «ым-ым» деп қояды. Ол өзіне жарасатын да сықылды. Түйдек-түйдегімен келіп жатқан сөз тізбектері әлдене бөгетке килігіп, сәл тоқтап қалғандай да, жаңағы бір дыбысты шығарғанда, бөгетін бұзған су ағыны тәрізді сөз артынан сөз келіп, ағытыла жөнелетінге ұқсайды.

- Қазақстан территориясына, - деді ол бір кезде, - Англия, Франция, Испания, Австрия, Бельгия, Голландия, Дания тәрізді жеті мемлекетті орналастыруға болады. Ол тек өзінің шетсіз, шексіз кеңдігімен ғана емес, кен байлығымен де әлемді таңғалдырады. Қазіргі Қарсақпай, Жезқазған, Қоңырат, Қарағанды, Шымкент қорғасын заводы, Ақтөбе химкомбинаты - бүкіл одақ көлеміндегі алыптар сапында. Сонау Ұлы Отан үшін күрескен қан майданда жауға атылған ажал оқтарының оннан тоғызы Шымкент қорғасын заводында өндіріледі. Қазір фашистердің оғы өте алмайтын танктер соғысқа араласты. Ол табысқа да Қазақстан ортақ. Бұл тек үлкен істің бастамасы ғана...

Қазақтың асқар Алатауы, бұйра құмы, кең байтақ жазығы - алтын мен күміс, жез бен мыс, көмір мен қорғасын. Бір кезде Бетпақтың шөлі атанған, «құстың қанаты, аттың тұяғы күйетін» құлазыған қу дала - қазір сарқылмас кен қазынасы. Бүкіл Одақ көлеміндегі сандаған ірі өндірістердің қазығы мен азығы болып отыр. Ел тағдыры таразыға түсіп, Герман фашистері «айдарлымызды құл, тұлымдымызды тұл етпек» болып, елімізді оққа байлап, жерімізді отқа беріп жатқан сұрапыл кезеңде Қазақстанның кен байлығы - ел тынысы, майдан жеңісі.

Орыс ғылымының атасы М.В.Ломоносов бұдан екі ғасыр бұрын Россия жерінде сан жетпес байлық бар, жер-ана, оның сырын ашып, шырынын ала білу тек ғылымның ғана қолынан келеді десе, оның ұрпақтары, бүкіл совет халқының мақтаны, даңқты академиктер: А.Д.Архангельский, И.М.Губкин, В.А.Обручев, А.Е.Ферсман, проф. М.А.Усовтар, ескі Палеозой эрасынан бері қарай жер-анамыздың сатылап сақтаған асыл қазыналарын қалай танып, қалай табудың жолдарын көрсетті. Қазақстанда ашылып отырған кен байлықтар, келешегі мол ірі өндірістер, жыл санап қаулап өсіп келе жатқан қазақтың ғалым қайраткерлері жас мамандар - бәрі де орыс ғалымдарының ұлы еңбектеріне сүйенеді. Сол ғалымдардың жер сырын жете тексерулері негізінде ашылып отырған жаңалықтар арқасында, кешегі көшпелі ел, шексіз шөл Қазақстан бүгін ол - кен, ол - сан алыптар ірге тепкен ірі өндіріс, қайнаған еңбек, мың-мыңдаған жұмысшылар бар жаңа өмірдің ордасы. Қазіргі жеңіс тетігі - ертеңгі коммунизм құру істерінде Ұлы Отанымыздың мығым тіректерінің бірі.

Бүгінгі қойылып отырған мәселеге біздер осы тұрғыдан келсек, толғағы жеткен, ғасырлар бойы аңсаған халықтың ұлы арманы мен бүгінгі ерен ерлігін, қызықты келешегін экранда көрсетуде қазақ өмірі, Қазақстанның ірі өндірістері мен онда істейтін сан мыңдаған еңбек ерлері - адам баласы тарихында бірінші рет кездесіп отырған және ол тек совет елінде ғана мүмкін үздік құбылыс. Сондықтан бұл дер кезінде қойылып отырған мәселе», - деп академик Қазақстан өндірістерінің сол кезде айтылуға тиіс тарихы мен табыстарына тоқтала келіп, сол жылдар даңқы жер жарған қарт шахтер Күзенбаевтан бастап, орыс, қазақ, тағы басқа ұлттардан шыққан көптеген еңбек ерлерін атады. Бір ғажабы, солардың барлығының аты-жөнін айта келіп, кімдердің қандай істермен еңбек ерлері болғандығын баяндай сөйледі.

Қаныш Имантайұлының өндіріс, кен байлығын, онымен байланысты ғылымның әр алуан саласын терең білетіндігі, оның әр тарауымен шұғылданушы ғалымдардың зор еңбектер арқылы әртүрлі жаңалықтармен таныстығы, олардың аттарын үлкен бір ізет, терең сүйіспеншілікпен атауы өз алдына, жиналысқа қатысушыларды ерекше таңғалдырған нәрсе: соншама фактілер, сандаған еңбек ерлері, көптеген ғалымдардың өз аттары мен әкелерінің аттары есінде сақталуы. Екінші - академиктің мейлінше кішіпейілділігі.

Қаныш Имантайұлы өзінің ең бір қызықты кезі жігіттік шағын Қарсақпай, Жезқазғанда өткізді.

Ол студент кезінен (1921-1926) бастап-ақ рюкзагін иығына асып алып, тау-тасты кезумен болды. Өзіндей бозбалалар жаз демалысқа келгенде әсем киім, жақсы атты машығы етіп, ел аралап, бозбалалық құрса, ол тау аралап, тас терді. Неше алуан түсті тастардың сырын ашып, тегін тануға, қай тасты қандай текке жататындығын айырып, солардың негізінде жер астында не жатқанын білуді арман етті. Ол кейде сәтсіздікке де кездесті. Асылы - жай, қымбаты - арзан болып шыққан шақтары да болды. Әйтсе де, ол тас теруден жалықпады.

- Сәтбайдың Қанышынан ештеңе шыға қоймас. Өйткені тау мен тастан басқа еш нәрсені білмейді. Тіпті білгісі де келе ме екен? - деп кекете сөйлеушілер де аз болған жоқ.

Жаратылысында мінезге бай Имекең баласының осы бір істерін іштей ұнатпаса да, әлгідей қаңқу сөздердің талайын естісе де, еш нәрсе ұқпаған адамдай кескін білдіріп, баласына да, жұртқа да тіс жарып сөз айтпай, байсалды қалпында қала беретін.

Әрбір жүріс-тұрысы, мінез-құлқынан жаны рақат табатын мейірімді ана Нұрым апай ұлының не үшін тасқа құмарлығын ұғынбаса да, бетіне жел болып тиген емес. Ол әрекеттерін ішінен балалықтың бір салдары шығар деп ойлайтын. Жұрт шырт ұйқыда жатқанда орнынан тұрып, рюкзагін ыңғайлай бастаған ұлымен ана бірге оянып: «Құлыным, Қанышжан-ау, тамақ ішсейші, қарның ашып қалар, қалқам», - деп, үйдегі дәмді тамағын аузына ұстап, жолына керек азықтарды рюкзактің қалталарына нығыздай салатын. «Болды, апа», - десе де тыңдамай: «Жарайды, жаным. Енді салмаймын», - деп аузы айтса да, жүрек әмірін орындаушы ана байғұстың қолы тағы да бірдемелерді рюкзакқа салып жатады.

Мейлінше қатты сыйлайтын жақсы ананы ренжітіп алам ба деп, студент қарқылдап күледі де, рюкзагін иығына аса бастайды. Әрдайым үйден ас әкетіп, таудан тас әкелетін көнетоздау рюкзак - екеуінің де ескі танысы. Ол кезде талдырмаштау, кең маңдай, бұйра шаш, ұзын бойлы келген ақсары жас жігіт рюкзагін арқалап үйден шыққанда, ана байғұс көзімен ұзатып салып, ұзақ қарап тұратын-ды. Ананың не ойлап, не тілеп тұрғанын кім білсін? Ана жүрегі үлкен ғой. Әлде амандық, әлде табыс, әлде Қабдулғаниінің (Қаныш) үлкен адам болуын, әлде бәрін де тілеп тұра ма? Әйтеуір ұлы ұзап кеткенше, ол кісі үйге кіріп көрген емес. Шіркін, ана махаббаты түпсіз ғой?

Кей кездерде тас терудің қызығына түсіп кетіп, ұлы екі-үш күндей келмей қалса, қорқынышы мен күдігі араласқан ана, өзінің сүр сақтайтын кебежесінен әр кезде Қанышжаны жинаған тастарды алып, оны не үшін жинайтындығын, ол тастарда не тылсым бар екенін ұқпаса да, асыл ана қолына тастарды алып, кейбіреулеріне сүйсіне қарайтын. Тіпті кейбір әдемі тастарды жүрегіне басып, сүйіп те қоятын. Өйткені ол тастарда Қанышжанының қолының ізі бар ғой.

Қаныш Том қаласында (Томск) технологиялық институттың тау-кен факультетінің барлаушылық жүргізетін бөлімін бітіріп, тау инженері атағын алып, әуелі Атбасарға, кейін Қарсақпай, Жезқазғанға келгенде, ол өлкеде ескі өмірдің әлі қаймағы бұзылмаған, құлазып жатқан қу дала болатын.

Таудай талап, ұлы арман, халқына қызмет етіп, пайдалы адам болсам, ғасырлар бойы сан байлықты ішіне бүгіп жатқан жер сырын біліп, кен көзін ашсам деген үміт пен институттан алып шыққан білімнен басқа оның қолында еш нәрсе жоқ. Сан қиындық көз алдында кесе көлденең тұрса да, ол таймай іске кірісті. Бетпақтың ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп, Қарсақпай, Жезқазғанның сарқылмас кен байлақтарын ашты. Сол еңбектері үшін оған (1942 жылы) геолого-минералогия ғылымдарының докторлық дәрежесі және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағы берілді.

Ескі жолдасы рюкзагін арқасынан қалдырмай тас теріп, кен жыныстарының жылты бар топырақ, соларды талдау қорытындысында, Жезқазған, Қоңыраттардың кен байлығы ағылшын зерттеушілерінің айтқандарынан да әлдеқайда артық, әлдеқайда бай екендігін дәлелдеу үшін сегіз жыл бойы айтысып, ақыры дәлелдеп шыққан да, Серго Орджоникидзенің алдында Үлкен Жезқазған мыс қорыту комбинатын құру қажеттігін дәлелдеп, үкімет қаулысын шығартқан да, Қазақстанның басқа ірі өндірістеріне сарқылмас азық тауып берген де осы қарсы алдымызда сөйлеп тұрған ұзын бойлы, зор денелі ақсары адам. Оның сол тұрысының өзінен-ақ көз құмарың қанып, көңілің риза болғандай.

Әрі ойлы, әрі мейірімді көзі, рақымдылық нұры орнаған жүзі, қарыс жарым кең маңдайы - бәрінде де ерекше бір жылылық бар. Әсіресе сонау қылау шалған әдемі қара бұйра шашы мен маңдайының түйіскен жерінің оң жағы сәл төменде, сол жағы биіктеп барып тоқтауы айрықша көз тартады. Басқаларда кездеспейтін осы бір кішкене ғана ерекшелік оның келісті келбетінің әдемілігін арттырып тұрғанға ұқсайды. Қай кезде көрсең де байсалды мінезінің бір қалыптан өзгермейтіндігі өзін сыйлатарлық, басқалардан әрдайым беделі жоғары тұратын топырағының ауырлығын көрсетсе, өзінен кіші адамдарға да «Сәке», «Қажеке», «Мәке» деп ізетпен сөйлейтін кішіпейілділігі ол кісіге деген басқалардың жүрек жылылығын арттыра түсетін тәрізді.

Қазір ол трибунада, көпшілік алдында тұрса да, өзінің дағдылы мінезін зәредей де өзгерткен жоқ. Бар ынтасын сала ұйып тыңдаушы көпшіліктің абайы да, құрмет, ізеті де оны селт еткізе алмады. Үлкен адам өзінің ежелгі әдеті - кішіпейілдік қалпында қала берді. Жоғарғы айтылғандардай, талай ұлы еңбектерді өз қолымен істеп, өндіріске де, ғылымға да үлкен-үлкен үлестер қосса да, «мен», не «менің басқаруыммен» деу былай тұрсын, «қатысуыммен» деген сөз де ол кісінің аузынан шықпады. Ол Қазақстанның кен байлығын, өндірістерін өте бір жақсы білетін көлденең адам қатарында сөйледі.

Жұрт Қаныш Имантайұлының сөздерін сүйсіне тыңдап, кішіпейілділігіне сұқтана қарады. Советтік Ұлы Отанның Қаныш Имантайұлындай ғалымдарына мақтанғандай кескін білдірді. Өнеге алар жас болса, үлгісі алдында тұр деген қорытындыға келді.

Академик Қарсақпай, Жезқазған тарихы туралы шолуын аяқтады да, тамағын тағы бір кенеп алып, әдебиетке көшті.

- Кино мамандарының, - деді ол, - жазушылармен бірлесе отырып сценарийлер жазу, заманымызға сай фильмдер жасау идеясы - құптарлық та, қуанарлық та жұмыс. Фольклор да, әдебиет те халықтың сан ғасырлар бойы жақсы өмір аңсаған ұлы адамдарының сәулесі. Олардан кино үшін үлкен идея да, қызықты оқиға желісі де, образдар да табылады. Қазақ, жалпы шығыс фольклорында, әдебиетінде тіпті сонау ескі замандардан үзілмей келе жатқан өзек, үлкен бір оптимистік идея бар. Ол - табиғаттың мылқау күштерінің сырын білу, оларды өз күштеріне бағындыру.

Мысалы, Үнді халқының эпосы «Махабхаратаның» бас қаһарманы Рамана жер жаннаты Цейлон аралын жайлап алып, адам баласын аштық апатына ұшыратушы жын патшасына қарсы күрес ашып, өзінің ерен күші, айла, амалы арқылы жеңіп шығып, азап шеккен халықтың бақытқа қолын жеткізуі, жер жүзіндегі жауыз күштерді түгел адақтап, көк тәңіріне қарсы майдан ашатын «Осетин-нарт аңызының» денесі құрыштан жаралған геройы Батрадэ, жеті жыл жер астында болып, ен байлық, асыл қазынаға кездесетін, соның бір айғағы есебінде теңіз түбінен алтын қазанды атына өңгеріп шығатын қазақ аңызының бас образы Ер Төстік, мәңгі суды (живая вода) өзі ішіп тірі қалудың орнына, ол сумен елін, жерін көгертіп, дүние салған башқұрт аңызы «Урал батыр» - бәрі де халық армандарының сәулесі. Табиғат күштерін адам баласының жеңу, өзіне бағындыру идеясын меңзейді.

Башқұрт аңызында Урал батырдың сүйегі асыл тас, алтынға, қаны мұнайға айналады. Қандай тамаша меңзеу! Бұл - біздің ғалымдарымыздың Урал тауындағы таусылмас кен байлықтарды ашудан әлденеше ғасыр бұрын туған аңыз. Ендеше, ауыз әдебиетіндегі ертегі әңгімелер мен эпостардағы ерліктердің бәрі бірдей қиял дүниесінің жемісі емес, олардың негізінде өмір шындығы, тіршілік тәжірибесі жатқандығы аңғарылады. Кинофильм жасаушыларға бұл жайттар, бізше, керекті де, пайдалы да.

Ал қазіргі қазақ совет әдебиетінде киноның кәдесіне жарарлық не бар, не жоқ десек, ол туралы да көп нәрселер айтуға болады.

Қазақ совет әдебиеті Совет өкіметі кезінде туып, онымен біте қайнап, бірге өсті. Партия мен үкіметіміз тарапынан жүргізілген саяси шаруашылық шараларды іске асырудағы халқымыздың қаһармандық қимылдарын жырлауға белсене ат салысып келеді.

Жиырмасыншы жылдар  қазақ даласында құрыла бастаған өнеркәсіпті фабрика, заводты, қырды жаңғырықтырған машина, тракторларды тақырып етіп, ел өміріне ұлы өзгеріс кіруін ақындарымыз шабыттана, шаттана жырлап, техниканың тілін білу, таяқты қайлаға, тұлпарды машинаға айырбастауды үндеді.

30 жылдардан бастап бұл мәселеге ерекше бет бұрылды. «Жүйіткі, қара айғырым», «Көмір-коммунизм», «Құрылыс», «Турксиб түйіскенде», «Нефстан» тәрізді өлең, поэмалар, «Менің құрдастарым», «Завал», «Өмір не өлім», тағысын басқа повесть және көптеген қысқа әңгіме, очерктер әдебиетімізге елеулі үлес болып қосылып отыр.

Өндіріс - қазақ ақын-жазушылары үшін жаңа өмір, жаңа тақырып. Оның өзіне тән ерекшеліктері бар. Ақын-жазушыларымызға бұрын таныс емес соны мәселені бір дегеннен неге баурап алмайсыңдар деу әділетсіздік болар еді. Бұл туындыларда өндіріс процесінің ішіне кіре алмай, тек сыртын суреттеп, өздерінің жақсы ниеттерін ғана машықтаушылар да жоқ емес. Сонымен қатар кинофильм жасауға негіз боларлық, оқиғасы қызық, өндіріс өмірінің кейбір жақтарын жақсы бейнелейтін, жаңа адам, жаңа ой-сезімді көрсетіп, ескілік пен жаңалықтың күресін, идеялық, психологиялық жайттарға құрған повесть, романдар да бар. «Өмір не өлім», «Менің құрдастарым» - автор мен режиссерлердің ынтымақпен істеулерін күтіп отырған бүгінгі күн тәртібіне сай келетін шығармалар тәрізді. Жаңа заманның жаңа адамдары, совет мектебінен коммунистік тәлім-тәрбие алып өскен Еркін, Рахмет, Лиза, Дәмелі, Алексей, Шәктібайлар - тек бүгіннің емес, келешектің де күрескерлері, коммунизм идеясының туын көтерушілер. Оларға қарсы Сойдақтіс, Лисициндар сықылды ұнамсыз образдар көшпелі дәуірдегі белгілі бір қоғамдық топтың келіссіз кескінін көрсететіндігі сөзсіз.

Бірақ біз, оқушылар, әдебиетіміздегі бұл табыстарды жеткен жері осы-ақ екен деуден аулақпыз. Бұларды тек үлкен істің бастамасы ғана деп білеміз. Біздің Мұхтар Омарханұлы, Сәбит Мұқанұлы, Ғабит Махмудұлы сықылды жетекші, ірі таланттарымыз өндіріс тақырыбына әлі кіріскен жоқ. Олар келешекте өздерінің аттарына сай үлкен туындылар беретіндігіне оқушылардың сенімі мол. «Мосфильм», «Ленфильмдерде» істеуші бүкіл халқымыз сүйетін режиссер, сценарист, халық артистерінің Қазақстан жазушыларымен біріккен бүгінгі мәжілісі нәтижелі болуына біз тілектеспіз және солай болатындығына берік сенеміз, - деп, академик сөзін бітірді.

Ол сөйлеген сайын демдерін ішінен алып, бар сезімдері құлаққа айналған халық терең сүйіспендіктерінің бұйыруымен еріксіз қол шапалақтап жіберді. Әркім қасындағы жолдастарына Қаныш Имантайұлы туралы өздерінің адамдық махаббат, жүрек жылылықтарын айтысып, жаңа ғана тым-тырыс отырған жұрт гуілдесіп, кейбіреулер таңдана бас шайқап, ризалық күліс кескінін аңғартты. Бір сағаттай жым-жырт боп, бір ауызды баққан аудитория енді қайта жанданды. Трибунадан түсіп, Қаныш Имантайұлы Эйзенштейннің қасына отыра бергенде, атышулы режиссер Қаныш ағайдың қолын қатты қысып, үлкен ризашылық, құттықтау ізетін көрсетті. Қаныш Имантайұлының беті сәл қызғылт тартып, өзінің шалқайыңқырап, рахаттана күлетін дағдылы әдетімен бір күліп алды да, Эйзенштейннің ізетіне алғыс айтып, оған өзінің әдебиет маманы емес екендігін, режиссердің сөзін тек көңіл делбеу қатарында ғана қабылдайтындығын ескертті.

Гуілдеп, бет-бетімен жайыла бастаған көпшілікті жиылыс бастығы қаламымен графинді тықылдатып, тәртіпке шақырды. Жұрт тыныштала бастады.

- Тағы кім сөйлейді?

Ешкім сөз сұраған жоқ. Көпшілік қайта тынды. Осы дағдарысты пайдаланып, Қаныш Имантайұлы жиылыс бастығы Эрмлерге сыбыр ете түсті. Ол көпшілікке қайрылып, Қаныш Имантайұлының тығыз шаруасы барлығын, рұқсат сұрайтындығын жариялады да:

- Жолдастар, жұмысының көптігіне, артық уақытының жоқтығына қарамастан, халықтың мәні зор мына иігілікті іске ат салысу үшін келуі және Қазақстан ірі өнеркәсібінің тарихы, өсу, дамуы, оның қазақ әдебиеті туралы аса бағалы пікірлер айтқандығы үшін академик Қаныш Имантайұлына біздің коллективтің және осы жиналысқа қатысушылардың атынан үлкен рақмет айтуға рұқсат етіңіздер! - деді.

Жұрт тағы қол шапалақтады. Қаныш Имантайұлы жиылыс басқарушылармен қол алыса қоштасып, көпшілікке ерекше бір сыпайылықпен бас иіп, есікке қарай жүрді. Жиналыстағылар Қаныш Имантайұлына бет бұрып, көздерімен шығарып салды. Кімнің болсын мейлі, оған деген ризашылығы мен жүректеріндегі жылылықтары көз нұрларынан байқалғандай.

Жарға жанамалатып қойылған орындықта отырған Мұқаң жан-жағына қарады да, сөйлейтін кісі жоғына көзі жетіп, қол көтерді. Жұрт тағы тына қалды.

Өзінің дағдылы әдеті бойынша, «әп» дегенде Мұқаңның сөздері шашыңқы шығып, кібіртіктеніңкіресе де, сәлден кейін, есіле жөнелді. Жиналыстың мақсат, міндетін мол қамтып, кеңінен шолып, актуалды мәселе көтерушілерге алғысын айта келіп, Қаныш Имантайұлының сөзіне тоқталды.

- Әдебиет маманы болмаса да, академик Сәтпаев жалпы әдебиетті, әсіресе өндіріс тақырыбына жазылған көркем туындыларды, меніңше, біздің жазушы, әдебиетшілерден кем білмейтіндігі көрінді. Қаныш Имантайұлының сөздерінен ол шығармалардың оқиғасының қызықтылығы, идеялық, мінез, тіпті психологиялық қақтығыстарының қиыннан қиысқан шиеленісулері мен адамдар арасындағы тартыстардың кинофильмдер жасауға ұтымды жақтарының молдығы да аңғарылды. Әсіресе шығыс фольклоры, эпостары туралы айтқан ойлары кино сценаристерін қызықтыратын аса бір құнды, айрықша көңіл аударарлық келелі пікір деп ұғамын.

Академик Сәтпаев қазіргі әдебиетіміздегі табыстарымызға шын жүректен сүйсіне, кемістіктеріне күйіне сөйледі, біздердің де кемшіліктерімізді сынады. Әділ айтты. Мына Сәбит те, Ғабит те, мен де өндіріс тақырыбына әлі терең бара алғанымыз жоқ: әрқайсысымыздың әр кезде, әр жағдайға байланысты жазған қысқа әңгіме, желе жортқан очерктеріміз бар. Бірақ олар өзімізді де, оқушыларды да, заман тілегін де қанағаттандыра алмайды. Өндіріс тақырыбы - келелі тақырыптардың бірі. Емірене барып, етегіміз толып қайтарлық өміріміздің ең бай саласы. Ел тағдыры сонау ұлы майданда жан беріп, жан алған ерліктер арқылы шешілуде десек, оның тірегі тыл, елдегі фабрика, завод, өндіріс ерлерінің ерен қимылдарында. Ендеше олар туралы жазу - біздің өтелмеген парыз, келелі міндеттеріміз. Осы тұрғыдан бүгін мәселе қойып отыр. Бұл - әр жазушы, әрбір сценарист, режиссерлерді ойлантарлық та, толғантарлық та жайт.

Қаныш Имантайұлы - Қазақстандағы өндіріс, әсіресе қазіргі соғыста шешуші орын алатын ірі өндірістердің тарихын да, өсу жолдарын да жақсы білетін, солардың құрылуына, дамуына белсене ат салысқан даңқты ғалымдардың бірі.

Оның өндіріс туралы айтқан ойлы, өнегелі, ұтымды пікірлеріне біздің қосарымыз жоғы былай тұрсын, әдебиет жайлы да керекті мәселелерді толық қамтыды. Өз басым академик Сәтпаевтың әдебиет туралы айтқандарына толық қосыламын және құптаймын, - деді. Басқа жазушы, әдебиетшілер де:

- Дұрыс. Біз де солай ұғамыз, - десті.

Мұқаң сөзін қайта жалғастырып, өндіріс тақырыбына фильмді қалай жасау жөніндегі өзінің ойларына, творчестволық жоспарларына тоқталды. Онан кейінгі шешендердің бәрі де желпінбелерін Қаныш Имантайұлының сөздерін, ойын жалғастырудан бастап, сөз аяғын ол кісіге үлкен алғыс айтумен бітірді.

Әдебиетшілердің ешқайсысы желпініске шыққан жоқ. Қатты қадір тұтатын ғалым ағаның ел сынарлық, ер сынарлық алқалы жерде үстеріндегі өте бір ауыр жүкті күшті иығына салып арқалап кеткендігі үшін өздерін бақытты санады. Мол қамтып, терең бойлай байымдаған Қаныш Имантайұлының сөзінен кейін мамансынған әдебиетшілердің сөйлеуінің қажеті болмай қалды. Сондықтан да ешкім сөз сұраған жоқ.

Жиылыс бітіп, жұрт үйді-үйге тарады. Олар Қаныш Имантайұлының өзін ойларында, сөздерін саналарында сақтап, өздерімен бірге ала кетті.

Москва, Ленинград адамдары орталықтан шалғай жатқан қазақ даласынан шыққан мына тәрізді энциклопедиялық білімді ғалымның бар екендігін өз көздерімен көріп, әрі таңданған, әрі Совет елінде болу мүмкіндігіне шәк келтірмес сеністік сезімде болса, ол кісіні бұрыннан жақсы білетіндер, осындай замандасы, ағасы, әкесі алдында тұрғанда, «төсі жайлау, төбесі қыстау» тәрізденді.

«Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деген ескіден келе жатқан мәтел бар. Қазір секундына пәлен километр алатын ұшқыштармен салыстырғанда, көңілдің, қиялдың жүйріктігін көк дөненмен салыстыру - күлкі. Бірақ ол - өз кезінің жемісі. Бұдан жүз жыл бұрын қазақ даласында көк дөненнен жүйрік не болмақ?! Әр нәрсенің өз жағдайы, өз кезі бар. Заманына қарай адамы. Әр адам өз халқының бір кішкентай бөлшегіне ұқсас. Біреу оның жақсы жағын, біреу жаман жағын бейнелеуі мүмкін. Менің қиялымда Қаныш аға қазақ халқының кеңпейілдік, жомарттық, ақжарқын аңғалдық, сабыр салмақтылық, бір нәрсеге берілсе, құлай берілушілік, еңбек сүйгіштік сықылды жақсы қасиеттерін түгел қамтып, орыс, батыс, шығыс мәдениеттеріне де емірене барып, етегі толып қайтқан, олардың да тек жақсы жақтарын өз бойына сіңірген және осы қасиеттерін коммунизм құрушы халықтар иігілігіне жұмсауға өзіне-өзі іштей серт етіп, іске бел буған ұлы адамның бейнесін көзге елестетті.

 

Әдеби әлем

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға