Жаңалықтар

І БӨЛІМ

… Бұл өзі аяқ-астынан болды. Түсте жұмыстан үйге келсем әкем төсегінде гөй-гөйлеп жатыр.   -Не болды, аға?  Әкемді “аға” деймін.  -Ыранымды ауыртып алдым, - деп оң аяғын алдына өңгеріп алыпты. Денесінде тыртық көп-ақ. Шашын кейде маған алдырады. Қақ төбесі оймыш-оймыш, шор-шор жамалған, кесілген терілер ұстараға кірш-кірш түсіп, ығыр қылады.   -Бомбының әскөлкесінен ғой бұл, - дейтін оны. Сол “әскөлкесінің” бірі оң аяғына тиіпті. Ойран топан соғыс жүріп жатқан кезде уақыт тар, дереу операция жасапты. Иненің жасуындай қыр жіліншігіне кіріп тұрып қалған “әскөлке” ұшқынын көрген дәрігер:   -Ештеңе етпейді, кейін жөндеп, қаратып аларсың – деп, госпитальдан шығарып жіберіпті. Күн бұлттанса осы “әскөлкесі” құрғыр бебеу қақтыратын.   -Не болды, аға?  Қайталап қойған сұрағыма әкем қабағын кіржите, аяғын нұсқады. Етігін суырып шешіп алып едім, тобық тұсының бармақтай жері көкпеңбек.   - Жаңа абайсызда тайып жығылып, әскөлкемді тасқа ұрып алғаным.   Ойбайлап отырып шай ішкесін, дәрігер шақырудан азар да безер қашты. Кешке келсем тыншыпты, түк болмағандай жұмысына баруға қамданып, қара тері тонының белін қайыс белдікпен буынып жатыр.   Арада апта өткеннен кейін қайта “әскөлкесін” айтып, ауырсына бастады. Шешіп қарасам баяғы көкпеңбек жері көлкілдеп тұр. Неге екенін қайдам әкем дәрігерге көрінуден тағы қашты. Аяғын ауылдағы Асықбай шалға қаратыпты: көп жүрмеу керек, өзі қайтып кетеді деген соң, үйде жатып алды.   Дәл сол тұста Қаншеңгелге он күнге іссапарға кете қалдым. Онда бүкіл аудан қойы қыстатылды, соның жай-күйін біліп келуге арнайы жіберді.   Қайта үйге жеткенше асықтым, ащы суы жақпады ма, жоқ жол жөнекей жеген салқын тамағымыздан ба, асқазаным бұзылып, науқастанып қайттым.   Қаңтардың аязы сүйекті шағып, бетті қарып, брезент жапқан аңғал-саңғал ескі “Газ-69” машинасының ішінде көгеріп жаурап үйге әрең жеттім.  Есікті тақылдатып сыртта біраз дірдектеп тұрып қалдым. Әудем уақытта барып іштен, әкемнің ауыр ыңыранғаны, сосын тырп-тырп басып ілгекті ашқаны естілді. Қалың буға орана кіріп бардым.   -Келдің бе, балам. Мен өлетін болдым.   Қызыл көрпені үстіне суықтан қармана қымтанып жатып, жігерінен айырылған әлсіз қарлығыңқы дауыспен әкем тура осылай деді. Даусы құмығып, көзіне шық тұра қалыпты, аз күнде еті қашып ажып, шүйдесі шодырайып, серейген құр сүйектері санап аларлық.   -Мына әскөлкі ажалыма жетті. Дәрігеріңе де бардым. Ай-шай жоқ аяғыңды қара саннан кесеміз дейді. Бой бермедім. Енді пайғамбар жасына келгенде шолақ атанып… Күлиманның жанына баратын болдым, балам. Қарлығыңқы үнмен айтқан бұл сөзі мені есік көзіне шегеше қадады. Тастай сілейіп тұрып қаппын. Сенер-сенбесімді білмеймін. Оң аяғының балтырдан төменгі тұсын түп-түгел ақ дәкемен байлап тастаған. Күні кеше ғана ойында түк жоқ, жайраң қағып, өзімізге шешеміз қайтқалы бел тұтып жүрген арыстай әкеміз енді әр аттауы мұң болып, қара аспанды жаудырып, өмірден түңіліп ыңырсып жатыр міне.   -Не істеймін, аға?  -Ешнәрсе де істей алмайсың. Тек әйтеуір көр ақымды жақсылап берші… Еңбек солардыкі.  Әкеме жедел қой дей бастадым, өлімді аузыңа алма дедім, мына балаң тұрса ертең бар дәрігер біткенді аяғынан тік тұрғызады, қайтсе де андағы “әскөлкенің” өзін жұлып алып, шауып кететіндей істейді.   -Әй, қайдам, балам… Ғұмырынан, мына жарық дүниеден біржола көңілін қалдырып, күдерін үзген пішін. Мен тірлігінде бұ дүниеден дәл осылай безінген кісіні тұңғыш рет көріп отырмын.   Көрер таңды ұйқысыз атырдық. Сынап сәулелер тарар-тарамаста көршіміз хирург Абрекке бардым. Төсегінен суырып, дігірлеп үйге әкелдім. Ол алай-бұлай қарады да:  -Ата, қатты асқынып барады екен. Тәуекел деп кестірсеңізші, деген кесімге келді.   -Бәленбай жыл соғыстан келген екі аяғым көрде де өзіммен бірге жатсын. Айттым ғой дәрігер-сәрігерің керегі жоқ деп.   Әкем шала бүлініп, тарс ашуланып, теріс қарап жатты да алды.   Абректі жеке шығарып алып, “Бұл қандай пәлекет-кесел? Шыныңды айтшы, аяғы қалай болады” дедім. Ол мүдірді. Көңіл жетім қалған құлындай кісінеп қоя берді, адам жаман ойға тез жориды. “Мал болмайды дегенге келтірді ақыры, енді тіпті кестіруге де кеш, жоғарылап кетіпті” деді.   Сонда, қалай мына екі көзі жапақтап, кереуеттен ары жүре алмай қалған мұңлық әкем шыныменен-ақ біздерді мына төңірегін тастап жөнеп кете бермек пе сол бармақтай пәле үшін.   Тумысынан қақ-соқта ісі жоқ, тұйық мінезді, көп сөзге шорқақ әкем анда-мұнда ішіп қалса, “мен-менделеп” кеудесін соққылайтыны бар. Ол кісі жылына арақты екі мәрте тәуір ішеді. Бірі - Совет Армиясы күні - ақпанның 23-і, екінші рет - Жеңіс күні. Бұл күндері әкем құланиектен тұрады да сандықтың түбінен былғары етігін, қара костюмін алып, тазалай бастайды. Шаштаразға барып, шашын ұстарамен тықырлатып қырғызып иіссу септіріп, мұнтаздай болып көшеге шығар еді.   Бұл күндері әкем, өзінің бар-жоғы дүкенге күзетші ғана екенін, өмірін қой мен сиыр бағумен өткізгендігін, бәрін-бәрін ұмытады, кеудесін көтере, өктемдеу сөйлеп, өр көкіректеніңкіреп кететін. Қара костюмінің омырауындағы екі орден мен жеті медалін жалтырата тазартып, сыңғыр-сыңғыр еткізіп, мақтанған кейіпте жүреді.   Кешке үйге қызулау оралады, бетінің екі ұшы албырай қызарып, көзінің жанарын қаймақ-мұнар көлеңкелей бастағанын, сылти басатынын да ұмытып екпіндей адымдайды.   Сонда айтушы еді:  -Ала көздеріңмен қарамаңдаршы. Бүгін біздің той ғой.  Кейде масайып алса, екі иығы түсіп еңкілдей жылайтын.   -Сендер күлесіңдер ғой. Мейлі. Ал мен соғыста өлген марқұмдарды ойлап көңілім босап отыр. Солар үшін, соларды еске алып іштім, - дейтін. Мұндай жағдай жылына екі-ақ мәрте болатын. Екі-ақ мәрте… Әдеби әлем
18.11.2013 04:47 2903

… Бұл өзі аяқ-астынан болды. Түсте жұмыстан үйге келсем әкем төсегінде гөй-гөйлеп жатыр. 

 -Не болды, аға? 

Әкемді “аға” деймін.

 -Ыранымды ауыртып алдым, - деп оң аяғын алдына өңгеріп алыпты. Денесінде тыртық көп-ақ. Шашын кейде маған алдырады. Қақ төбесі оймыш-оймыш, шор-шор жамалған, кесілген терілер ұстараға кірш-кірш түсіп, ығыр қылады. 

 -Бомбының әскөлкесінен ғой бұл, - дейтін оны. Сол “әскөлкесінің” бірі оң аяғына тиіпті. Ойран топан соғыс жүріп жатқан кезде уақыт тар, дереу операция жасапты. Иненің жасуындай қыр жіліншігіне кіріп тұрып қалған “әскөлке” ұшқынын көрген дәрігер: 

 -Ештеңе етпейді, кейін жөндеп, қаратып аларсың – деп, госпитальдан шығарып жіберіпті. Күн бұлттанса осы “әскөлкесі” құрғыр бебеу қақтыратын. 

 -Не болды, аға?

 Қайталап қойған сұрағыма әкем қабағын кіржите, аяғын нұсқады. Етігін суырып шешіп алып едім, тобық тұсының бармақтай жері көкпеңбек. 

 - Жаңа абайсызда тайып жығылып, әскөлкемді тасқа ұрып алғаным. 

 Ойбайлап отырып шай ішкесін, дәрігер шақырудан азар да безер қашты. Кешке келсем тыншыпты, түк болмағандай жұмысына баруға қамданып, қара тері тонының белін қайыс белдікпен буынып жатыр. 

 Арада апта өткеннен кейін қайта “әскөлкесін” айтып, ауырсына бастады. Шешіп қарасам баяғы көкпеңбек жері көлкілдеп тұр. Неге екенін қайдам әкем дәрігерге көрінуден тағы қашты. Аяғын ауылдағы Асықбай шалға қаратыпты: көп жүрмеу керек, өзі қайтып кетеді деген соң, үйде жатып алды. 

 Дәл сол тұста Қаншеңгелге он күнге іссапарға кете қалдым. Онда бүкіл аудан қойы қыстатылды, соның жай-күйін біліп келуге арнайы жіберді. 

 Қайта үйге жеткенше асықтым, ащы суы жақпады ма, жоқ жол жөнекей жеген салқын тамағымыздан ба, асқазаным бұзылып, науқастанып қайттым. 

 Қаңтардың аязы сүйекті шағып, бетті қарып, брезент жапқан аңғал-саңғал ескі “Газ-69” машинасының ішінде көгеріп жаурап үйге әрең жеттім.

 Есікті тақылдатып сыртта біраз дірдектеп тұрып қалдым. Әудем уақытта барып іштен, әкемнің ауыр ыңыранғаны, сосын тырп-тырп басып ілгекті ашқаны естілді. Қалың буға орана кіріп бардым. 

 -Келдің бе, балам. Мен өлетін болдым. 

 Қызыл көрпені үстіне суықтан қармана қымтанып жатып, жігерінен айырылған әлсіз қарлығыңқы дауыспен әкем тура осылай деді. Даусы құмығып, көзіне шық тұра қалыпты, аз күнде еті қашып ажып, шүйдесі шодырайып, серейген құр сүйектері санап аларлық. 

 -Мына әскөлкі ажалыма жетті. Дәрігеріңе де бардым. Ай-шай жоқ аяғыңды қара саннан кесеміз дейді. Бой бермедім. Енді пайғамбар жасына келгенде шолақ атанып… Күлиманның жанына баратын болдым, балам.

Қарлығыңқы үнмен айтқан бұл сөзі мені есік көзіне шегеше қадады. Тастай сілейіп тұрып қаппын. Сенер-сенбесімді білмеймін. Оң аяғының балтырдан төменгі тұсын түп-түгел ақ дәкемен байлап тастаған. Күні кеше ғана ойында түк жоқ, жайраң қағып, өзімізге шешеміз қайтқалы бел тұтып жүрген арыстай әкеміз енді әр аттауы мұң болып, қара аспанды жаудырып, өмірден түңіліп ыңырсып жатыр міне. 

 -Не істеймін, аға?

 -Ешнәрсе де істей алмайсың. Тек әйтеуір көр ақымды жақсылап берші… Еңбек солардыкі.

 Әкеме жедел қой дей бастадым, өлімді аузыңа алма дедім, мына балаң тұрса ертең бар дәрігер біткенді аяғынан тік тұрғызады, қайтсе де андағы “әскөлкенің” өзін жұлып алып, шауып кететіндей істейді. 

 -Әй, қайдам, балам…

Ғұмырынан, мына жарық дүниеден біржола көңілін қалдырып, күдерін үзген пішін. Мен тірлігінде бұ дүниеден дәл осылай безінген кісіні тұңғыш рет көріп отырмын. 

 Көрер таңды ұйқысыз атырдық. Сынап сәулелер тарар-тарамаста көршіміз хирург Абрекке бардым. Төсегінен суырып, дігірлеп үйге әкелдім. Ол алай-бұлай қарады да:

 -Ата, қатты асқынып барады екен. Тәуекел деп кестірсеңізші, деген кесімге келді. 

 -Бәленбай жыл соғыстан келген екі аяғым көрде де өзіммен бірге жатсын. Айттым ғой дәрігер-сәрігерің керегі жоқ деп. 

 Әкем шала бүлініп, тарс ашуланып, теріс қарап жатты да алды. 

 Абректі жеке шығарып алып, “Бұл қандай пәлекет-кесел? Шыныңды айтшы, аяғы қалай болады” дедім. Ол мүдірді. Көңіл жетім қалған құлындай кісінеп қоя берді, адам жаман ойға тез жориды. “Мал болмайды дегенге келтірді ақыры, енді тіпті кестіруге де кеш, жоғарылап кетіпті” деді. 

 Сонда, қалай мына екі көзі жапақтап, кереуеттен ары жүре алмай қалған мұңлық әкем шыныменен-ақ біздерді мына төңірегін тастап жөнеп кете бермек пе сол бармақтай пәле үшін. 

 Тумысынан қақ-соқта ісі жоқ, тұйық мінезді, көп сөзге шорқақ әкем анда-мұнда ішіп қалса, “мен-менделеп” кеудесін соққылайтыны бар. Ол кісі жылына арақты екі мәрте тәуір ішеді. Бірі - Совет Армиясы күні - ақпанның 23-і, екінші рет - Жеңіс күні. Бұл күндері әкем құланиектен тұрады да сандықтың түбінен былғары етігін, қара костюмін алып, тазалай бастайды. Шаштаразға барып, шашын ұстарамен тықырлатып қырғызып иіссу септіріп, мұнтаздай болып көшеге шығар еді. 

 Бұл күндері әкем, өзінің бар-жоғы дүкенге күзетші ғана екенін, өмірін қой мен сиыр бағумен өткізгендігін, бәрін-бәрін ұмытады, кеудесін көтере, өктемдеу сөйлеп, өр көкіректеніңкіреп кететін. Қара костюмінің омырауындағы екі орден мен жеті медалін жалтырата тазартып, сыңғыр-сыңғыр еткізіп, мақтанған кейіпте жүреді. 

 Кешке үйге қызулау оралады, бетінің екі ұшы албырай қызарып, көзінің жанарын қаймақ-мұнар көлеңкелей бастағанын, сылти басатынын да ұмытып екпіндей адымдайды. 

 Сонда айтушы еді:

 -Ала көздеріңмен қарамаңдаршы. Бүгін біздің той ғой. 

Кейде масайып алса, екі иығы түсіп еңкілдей жылайтын. 

 -Сендер күлесіңдер ғой. Мейлі. Ал мен соғыста өлген

марқұмдарды ойлап көңілім босап отыр. Солар үшін, соларды еске алып іштім, - дейтін. Мұндай жағдай жылына екі-ақ мәрте болатын. Екі-ақ мәрте…

Әдеби әлем

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға